Жылдағы дәстүрмен театр басшылығы БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, жаңа маусымның жаңалығымен бөлісті. Биылғы маусым театр үшін де берекелі, мерекелі жыл болмақ. Бұған дейін театр ұжымы екі бірдей қойылымды сахналауға өз үлестерін қосты. Оның бірі – Астана төрінде өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Мәңгілік ел» театрландырылған қойылымы болса, екіншісі – Тараз төрінде өткен дүбірлі тойда көрсетілген Жабал Ерғалиевтың «Қилы жол» драмасы. Екі қойылым да театр ұжымының мерейін асырған шоқтығы биік туындылар.
Бұл – театр тарихындағы тоқсаныншы күз, тоқсаныншы көктем болмақ. Театр қойылымдарын асыға күтетін көрермен үшін де бұл маусымның бәсі жоғары. Өйткені, тоқсаныншы шымылдығын түрген театрдың тарихы тым тереңде жатыр. Бұл сахнада қазақ өнерінің саңлақтарының ізі қалған. Талғамы жоғары көрермен Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков, Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Фарида Шәріпова және тағы басқа кіл мықтылардың өнерін ұмытқан жоқ.
Биылғы маусымның жаңалығы не? Театр директоры Ерлан Біләл көрерменге ұсынылар жақсы қойылымдардың көп екенін айтады. «Қазақ «арық айтып, семіз шық» демей ме? Алдағы уақытта жасалатын дүниелердің көбі көркемдік кеңестің талқылауына салынып, әбден пісіп-жетілгеннен кейін ғана көрермен назарына ұсынылатын болады. Көрерменнің сұранысына ие спектакльдер жалғасын таба бермек. Он-он бес жыл бойы үздіксіз ұсынылып келе жатқан спектакльдер бар. Бұл спектакльдер әлі де мән-маңызын жоғалта қоймаған. «Қандай спектакльдер репертуардан түсіп қалды?» деген мәселеге келсек, – біз оны көркемдік кеңеспен ақылдаса отырып, шешетін боламыз. Репертуардан түсіп қалған қойылымдардың орнын жаңа пьесалар басады», – дейді директор.
Театр басшылығы өздері қалаған пьесаны сахнаға шығаруға мүмкіндігі бар ма? Әрине, ол үшін ең алдымен демеуші табу қажет. «Театрға демеушілік танытқысы келетін жомарт жандар болса, міндетті түрде спектакльді шығаруға болады. Қаржылай ыңғайымыз келіп тұрса, көрермен талабына сай келетін кез келген шығарманы сахналауға болады», – дейді театр басшылығы.
Театрдың жаңа маусымды «Абай» спектаклімен ашуының да өзіндік маңызы бар. «Жаңа заман туар, жаңа ұрпақ келер. Заман өзгереді. Ол заманды мен көре алмаспын, бірақ көре алмасам да, сол заманға сәлем деңдер, сәлем деңдер, достарым» деп Абай тегін аманат еткен жоқ. Театрдың әр заманда өз Абайы болған. 1940 жылы Асқар Тоқпанов, 1960 жылы Әзірбайжан Мәмбетов, 90-жылдары Жанат Хаджиев, Болат Атабаев, 2010 жылдан бастап, Есмұхан Обаевтың «Абайы» қойылды. Әр режиссер, әр актер ақын жанын әр қырынан ашты. Әрі әр заманның өз көрермені болды. Сондықтан әр заманға өз Абайы керек.
Бүгінгі «Абайды» сомдау – М.Әуезов театрының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләлге бұйырыпты. Сонымен бірге «Абай» трагедиясында өнердің жілігін шағып, майын ішкен театр саңлақтары өнер көрсетті. Әйгерімнің рөлінде – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіп, Айдар бейнесінде – «Серпер» Жастар одағы сыйлығының лауреаты Алмас Шаяхметов, Ажар – «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері Назгүл Қарабалина, Мағауия – Ж.Байсалбеков, Әбдірахман – Б.Айтжанов, Оразбай бейнесінде – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айдос Бектемір, Жиренше рөлінде – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс, Керім рөлінде – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда өнер көрсетті.
“Айқын” газеті