БАҚ біз туралы

МАХАББАТЫ МҰҢҒА АЙНАЛҒАН МЕДЕЯ

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры ежелгі грек драматургі Еврипидтің «Медея» атты трагедиясына қанат қақтырды. Біздің дәуірімізге дейінгі 431 жылы Афины сахналарында көрермен назарына ұсынылған бұл қойылым әлемнің әйгілі театрларында сахналанған. Адамзат тарихынан қаншама дәуір өтсе де махаббат, сатқындық, билік туралы бұл қойылым әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалтпаған. Биыл «Театр көктемі-2016» фестивалінде өзіндік жұмыс ретінде қойылған спектакль қарашаңырақтың кіші залында сахналанды. Көрерменге жол тартқан қойылым жүректі өртеген махаббат кейде адамды зұлымдыққа итермелеп, бақытсыздыққа апаратыны жайлы баяндайды. Жандүниесін қара түнек торлаған, махаббаты мұңға айналған Медея жұмбаққа толы адамзат жаны жайлы ойландырады. «Адам жаны – таулы шатқал, алуан-алуан қыры бар» деген ақын Мұхтар Шахановтың сөздерін еріксіз есіңізге түсіреді. «Мың құбылған қуаныштан, дерттерден, Қиын не бар, адам жанын зерттеуден? Қымбат не бар, адам сырын білуден? Адамдарды зерттей алмай жүрмін мен, Оны зерттеу мүмкін емес, білдім мен…» деген ақын Мұқағали Мақатаевтың сөздеріне көрермендердің көзін жеткізді. 
Сан ғасыр өтсе де құндылығын жоғалт­паған қойылым көрерменді аты аңызға айналған ежелгі дәуірлердегі Грек еліне ендіреді. Негізінен, бос кеңістікте сахна­ланған спектакльде Медея, Ясон, Креонт және Хабаршы тәрізді төрт кейіпкер ғана бар. Қойылымның басты кейіпкері – Медеяны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дария Жүсіп, Ясонды – Қайрат Нәбиолла, Креонтты – Бауыржан Манжі­гітов, Хабаршыны – Әсел Сайлауова сом­дады. Дүние жүзіне белгілі трагедияны қа­зақ тіліне аударған – Қ.Жұмағалиев. Кө­рермендерге жол тартқан қойылымға жан бітірген қоюшы-режиссер – Алена Қаб­дешова. Шығармашылық ұжым қойы­лым­ды сахналауға үш ай бойы қызу дайын­далған. Айта кетерлігі, «Медея» спек­таклі Дария Жүсіп пен Алена Қабде­шо­ва­ның екінші шығармашылық жұмысы болып табылады. Олардың алғашқы еңбегі – аме­рикалық драматург Т.Уильямстың «Шы­ны хайуанат» атты драмасы өте сәтті шық­қандығына кезінде көрермен куә бол­ған.
Махаббаты үшін ештеңеден тайын­байтын Медея рөлінде ойнаған Дария Жүсіп кейіпкерінің табиғатын түсіну мүмкін емес екендігін атап өтті.
– Осы уақытқа дейін сомдаған талай кейіпкерімнің арасында Медея мен үшін бөлек бір белес. Медеяның мінезі мен бойындағы қасиеттерін зерттеп білу, таби­ғатын түсіну мүмкін емес. Себебі, ол – күр­делі кейіпкер. Премьерадағы Медея мен екі жылдан кейінгі Медеяның арасында үлкен айырмашылық болады. Уақыт өте келе бұл рөл менімен бірге өсіп, дамиды. Қанша репетиция болса да, бұл кейіпкер үшін өте аз. Болашақта бұл рөлмен мен өсе де біле­мін, біраз жетістіктерге жетемін деп сенемін. Бұл трагедияны таңдап алған соң, бір күні түнде мен қатты қиналдым. Бірақ, жоғары қабаттағы тұрғын үйден өз перзен­тін лақ­тырып жіберген жантүршік­тіретін жағдай орын алған кезде ондай әйелдер арамызда әлі де бар екенін білдім. Алайда, оларды айыптауға хақымыз жоқ. Мен, әрине, оларды түсінбеймін. Себебі, әйелдің өмірдегі ең басты мақсаты – ана атану. Әйел – жарық әлемдегі тіршілікті жалғас­тыру үшін жаратылған жан. Әйел затының құпиясын ешкім аша алмаған. Дүниеге әкелген перзенттерін өзі өлтірген Медеяның бұл әрекеті әлі күнге дейін маған құпия. Алена Қабдешова актерлермен ерекше жұмыс істейді, сахнада актердің барлық мүмкін­дігін көрсетуге тырысады. Ол ешқашан ізденуден жалықпаған, біз де ол кісімен жұмыс істеуден жалықпаймыз. Ол – өзінің көздеген мақсатына жететін режиссер­лердің бірі, – деді Дария Жүсіп.
Ал Медеяның махаббаты – Ясонды сомдаған Қайрат Нәбиолла спектакльде жарының өз баласын өлтірген сәтті сезінуі қойылымның ең қиын тұсы болғандығын тілге тиек етті.
– Театрға жаңадан келген жас актер­лердің бірі болғандықтан, мен үшін бұл жауапкершілігі мол ең басты рөлімнің бірі. Әрине, бұл көп актердің арманы деп айтуға болады. Мен – екі перзенттің әкесімін. Қойы­лымдағы сомдаған кейіпкерім Ясон­ның да екі баласы бар. Өзімнің бала-шағам бар болғандықтан, трагедияда ананың өз балаларын өлтіргені жаныма қатты батты. Шынын айтқанда, рөлде ойнаған кезде маған ең қиыны — сол сәтті елестету, соны сезіну болды, – деді жас актер.
Махаббат тақырыбын арқау еткен спек­тальдің қоюшы-режиссері Алена Қабде­шова өз сөзінде қойылымның құндылығына тоқталды.
– Махаббат, билік тақырыбы қоғамда әрқашан өзекті орын алады. Біле білсек, өмірде өз махаббатыңыздан, өз перзен­тіңізден артық ештеңе жоқ. Бұл қойылым арқылы өз отбасыңызды, махаббатыңызды сатпаңыздар деген астарлы ойды көрер­менге жеткізгіміз келді. Өмірде адам ешкім­ді, ешқашан сатпау керек. Кезінде Медея Эллиндер еліне өзінің отбасын, елін сатып, ағасын өлтіріп келген адам. Бірақ, бірнеше жыл өткеннен кейін өзінің істеген қыл­мысы өз басына келеді. Медея өз Отанын тастап, бөтен елге келіп, ханның қызы бола тұра қолайсыз тұрмыстық жағдайларда өмір сүріп, қорлыққа шыдап, ғашық жары үшін барлығын құрбан етеді. Алайда, Ясонды таққа құмарлық қызық­тырады. Осылайша, сүйген жары билік үшін Медеяны тастап кетуден тайынбайды. Бірақ, Ясон бәрібір Медеяны өте қатты сүйеді. Алайда, ол қиялындағы елес болған арманы үшін өз махаббатын сатып кетеді. Қойылымда Ясонды жауыз адам кейпінде көрсеткіміз келмеді. Біз оны өз отбасынан айрылып, қатты қиналған адам кейпінде көрсетуге тырыстық. Әрбір актриса мен әрбір режиссердің өз Медеясы бар. Әрбір актриса махаббатты өзінше сезініп, өзінше бастан өткізеді. Режиссердің мақсаты – актерлердің ішкі дүниесін аша білу. Олар режиссердің ойын ұғып, жеткізе білуі тиіс. Актерлерге одан артық талап қоймаймын, – деді қойылымның режиссері.
Махаббатын бәрінен биік қойған, тұла-бойын Ясонға деген құмарлық билеп алған Медея Креонт патшаның қызына үйленбек болған сүйген жарының сатқындығын қа­былдай алмайды. Махаббаты көзсіз кек­ке айналған Медея жарының жаңа қалың­ды­ғына уланған көйлек пен тәжді тарту етіп, өз күндесінің көзін жояды. Бұл аздай, сат­қындыққа шыдамаған тәкәппар Медея Ясоннан кек қайтару үшін өз қаны мен жа­­­­­ны­нан жаратылған перзенттерін өз қо­лы­­мен өлтіруге дейін барады. Спектак­льдің соңы ғаламат махаббаты зұлымдыққа ай­налған кейіпкерлердің өлімімен аяқта­лады. Көрерменнің сезімін селт еткізген махаббат хақындағы хикаяны алматылық өнерсүйер қауым демін ішіне тартып тамашалады. Сүйіс­пеншілік сезімі жайлы спектакль сәтті шықты. Кейіпкерлерді сомдаған әр­тістердің құшағы гүлге, көңілі қуанышқа толды. Жан-дүниесін махаббат оты өртеген Медея­ны көрермен қошеметпен қабыл­дады.
Айта кетерлігі, әкемтеатр ұжымы биылғы 90-маусымның шымылдығын жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» драмасымен жауып, өнерсүйер қауымға тағы бір тамаша тарту етпек.

Балнұр АХМЕТ

"Алматы ақшамы" газеті.