БАҚ біз туралы

«Дала заңы» солай бұйырады...

"Башқұрт ұлттық әдебиетінің көрнекті өкілі Мұстай Кәрімнің атақты «Ай тұтылған түн» пьесасының жетпіс жылға жуық уақыт бедеріндегі тағдыры бақытты әрі мағыналы. Алпысыншы жылдары жазыла сала бірден сахнаға беттеді, содан бері бұл туынды классикалық драматургия жауһары санатына еніп, жүзден астам театрдың сахнасында маңдайы жарқырап, табыспен қойылды",- деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті. 
Театрмен бірге кино өнеріне де сапалы материал ретінде қызмет етті. фильм түсіріліп, кеңестік кір­пияз көрермен назарының кіш­кентай ғана башқұрт еліне қа­рай бұрылуына септігін тигізді. Клас­сиканың бір-ақ заңдылығы бар – ол уақыт үстемдігіне бағын­байды, өміршеңдігі өлмейді, жа­сампаздығы жойылмайды. Ай­боз Әбіш Кекілбайұлының аудар­масындағы «Ай тұтылған түн» трагедиясын қазақ әдебиеті мен өнері де жылы қабылдады. М.Әуезов атындағы академиялық драма теа­тры көзсіз табынып, сөзсіз орындайтын салт-дәстүрдің де озығы мен тозығы болатынын сахна әдебімен әдемілеп көрсетіп, ұзақ жыл бойы өз репертуарындағы таңдаулы қойылымдар қатарында көрерменге ұсынып келді. Даңқты драматургтің тартымдылығын жоғалт­паған осы пьесасын Алма­тыдағы Бәйте Омаров атындағы «Жас сахна» театры қайта қолға алып, коронавирусқа байланыс­ты карантин басталмас бұрын «Да­ла заңы» атты жаңа атаумен сах­насүйер қауымға қайыра бір тарту жасаған еді.
Ажалдың алдында да сезіміне адалдығын сақтап қалатын ұлы махаббат күші туралы аңыз бар­лық ұлттың таным-тарихынан табылады. ХVІІ ғасырдың оқи­ғасын баяндайтын «Ай тұтыл­ған түн» де махаббат пен адал­дық, ешқандай қара күшке бағын­байтын адам рухының еркін­дігі туралы әңгімелейді. Спек­такль­дің салған жерден көзге ілік­кен ұтымды тұсы – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік ака­­де­миялық драма театрының бел­­ді актрисасы, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Шы­нар Жанысбекованың Таңқа­би­кенің рөліне арнайы шақы­рылғаны. «Жас сахнаның» кілең жастардан тұратын әртістер құ­ра­мын кәсіби білігі жоғары Ш.Жа­нысбекованың талайға арман болған Таңқабикенің рөлі арқы­лы толықтыруға келгені театр­дың өзі үшін де үлкен тәжі­рибе екені анық.
Спектакльдің өзегі – қайғы-мұң жамылған қаралы ана Таң­қабике. Күйеуінің өлімінен кейін әулетті келіншегі Таңқабике бас­­қарады. Қаралы ана Шапақ ке­­лінімен бірге майданға кеткен үлкен ұлын күтіп жүр. Бірақ тұңғыш ұлының өлімі әп-сәтте барлығының күл-талқанын шы­ғарады. Қалған балаларының тағ­дырын шешу үшін Таңқабике ақсақалдар кеңесін шақырады. Әмең­герлік заңы бойынша ортаң­ғы ұлы Ақжігіт өзінің жеңгесіне, ал Ақжігіттің ғашығы Зүбәржат үйдің кәмелет жасына толмаған, 11 жастағы кенжесі Ішмұрзаға қо-с­ылуы тиіс. Бабадан келе жат­қан дәстүрге баланың қарсы тұруға хақысы жоқ. Дала заңы солай бұйырады. Таңқабикенің алдын­да үлкен таңдау тұр. Екі ғашықты екі жаққа айыру немесе дала заңына қарсы шығып, аналық мейіріммен екі ғашықтың басын қосу.
Шынар Жанысбекованың шы­ғармашылығына тән кейіпкер кейпіне ену шеберлігі назар ауда­рарлық: қасіретті ананың ұл­дарының ғашықтық сезімін тү­сіне тұрып, ақсақалдар шеші­мі­не де қарсы шыға алмай, екі оттың ортасында қиналған сәті аянышты-ақ. Толғанысқа толы бұл образда Шынар жан-жүрегі езіле тұра, қайғысын ішіне жинаған қатал әйел бейнесінде көрінеді. Ойы шолақ әйел дегенге келмейді, жан-жағын кең пішіп, парасатпен пайымдайды. Солай бола тұра, балаларына деген махаббатын тұншықтыруға мәжбүр, мейірімнен гөрі, ақсақалдардың ақылын құп көрген қаталдығы басым. Трагедияның тереңдігі Таңқабикенің ішкі сезімінен, жылдар бойы жүрек түбіне сақ­таған күнәға толы жан сырымен астасып жатыр. Спектакльде екі желі қатар өріліп отырады, бірі ақсақалдармен арадағы тартыс болса, екіншісі – Таңқабике мен Диуана тартысы.
Келешектің аяғына тұсау са­лып, адымын аштырмайтын ха­лықтың көнерген дәстүрі мен өркениет үйлесімі жоқ салтына жеккөрушілік пьесаны драмалық жағынан шиеленістіре түседі. Режиссер Ұланмырза Ка­рып­баев автордың ойын, әдеби-дра­матургиялық сапасы жоғары пьесаның түпкі идеясын терең түсініп қана қоймай, өзінің заманауи ізденісімен одан әрі ба­йытып, сахнаға мол жаңалық әкелген. «Жас сахнаның» 70 орын­дық аядай залының алақан­дай сахнасын Ұланмырза көркем тәсілдің түр-түрін қолдана отырып, шеберлігімен шыр айнал­дырды. Әр әртіске жеке құрыл­ған мизансцена, ықшам монолог, толып жатқан тұспал мен емеурінді кәсіби сахна тілімен шешкен хореограф шеберлігі, плас­тикалық сахналар, галло­графиялық көріністер көз алдыда өрістеп жатқан оқиғаның осыдан төрт ғасыр бұрын болып өткенін ойлауға мұрша бермейді. «Заманмен үйлесімі жоқ ескі салттарды соқыр сеніммен ұлық­тап, бұлжытпай орындау ха­лық­ты құрдымға жіберіп, бақыт­сыз­дық­қа ұрындырмақ, ал дү­ние дамуы қарапайым адами құн­ды­лықтарды құрметтеуден басталады» деген ойды режиссердің кө­рерменге барынша жеткізуге тырысқанын сезінбеу мүмкін емес. Бұл тұрғыда әсіресе сол дә­уір­дің тыныс-тіршілігін, құн­ды­­лық қақтығыстарын бимен тұ­жырымдай білген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шұғыла Сапарғалиқызының шеберлігін сахна өнеріне қосқан таңдаулы еңбек ретінде атап өтуге болады.
Спектакльдің жетістігі, бір-біріне қарама-қарсы екі топтың ара-жігінің айқын болуында. Таразы басының бір жағындағы адамдар өз тәкаппарлығының, өзім­шіл салты мен ескірген дәс­түрінің, зұлымдықтың құлы болса, ал екінші басында күштіге бас ұруға, даланың әділетсіз за­ңына қарсылық танытқан еркін ойлы, өр мінезді топ тұр. Осы­лардың ортасында іші толған қа­раулық пен сатқындық бола тұра, көрерменге періште кейпінде көрінетін Диуананың екіжүз­ділігі қойылым бояуын қоюлата түседі. Әулеттің ары мен ұяты ақсақалдар емес, Диуана сияқты, жымысқылық жасырынып жалт-жұлт жайнаған көздерінде ашу ара­лас кек тұнған екіжүзділер адам сезімі мен еркіне иелік етпек. Кекті көздердің жұмбағы көп ұзамай ашылады. «Құдайға қызмет қылып жүрмін» деп Мек­кеден келе жатқан Диуананың мақсаты – ақсақалдар әмеңгер­лікке бұйырып отырған Ақжігітті өлтіріп, жастай жесір қалған Шапақты қайтсе де өзіне қарату. Көшпенді халықтың пейілінің кеңдігін, аңғалдығын білетін ол, «көрдіңдер ме, сендерге құдай қа­һарын төгіп жатыр» деп ай тұ­тылған түнді өз мүддесіне пай­даланбақ болады. Данияр Әрі­повтің кейіптеуіндегі Диуана көрерменді әр сөзімен, әр әреке­ті­мен жирендіреді. Тілінен иман төгіліп, әрекеті аярлыққа құрыл­ған ол қарама-қарсы екі мінезге, жан өзгерісіне бірден ауысып отырады. Екіжүздінің рөлін ойнай тұра, екіұштылыққа салынбайды, мақсаты айқын, образы қанық.
Жас актерлердің қай-қайсы­ның да рөлі арнайы сөз етуге тұ­рар­лық, күткен нәтижеге қол жет­кізу үшін ізденгені, еңбектенгені байқалады. Бақтияр Байсеріктің ойынындағы Ақжігіт, Жанел Серғазина жасаған Шапақ бейнесі, Ақниет Орынтайдың Зүбәржаты, Жасұлан Көпбергеннің Ішмұр­засы – шағын болса да, мінез сіңген, жинақталған толық бейнелер. Еңгезердей толық, ақыл-есі дұрыс жетілмей, сөзі де, ісі де сәби кейпінде қалып қойған Дәруіш образы Әшім Ахметовтің ойынында жанды. Анасы белгісіз, әкесі беймәлім, дала кезіп, ел адамдарына еркелеуді ғана білетін әңгүдіктеу Дәруіш – Таңқабикенің өзінің, Құдайдың, күйеуі мен үш ұлының алдындағы кешу бермес зор күнәсі. Драмалық шиеленісті шарықтата келе, режиссер Таң­­­­қа­бике оқиғасын басқаша шеш­ті. Дәруіш – Таңқабике мен Диуа­наның ортақ баласы, бақытсыз тағдырға Дәруіш бекер ұрын­баған, өзегінде адалдығы жоқ ұрлық махаббаттың қасіреті қар­тайған шағында Таңқабикенің өзін келіп ұрды...
Пьеса атауының айдың тұты­луына байланысты аталуы­ның өзінде халық санасын қараң­ғы­лықпен тұмшалаған қажетсіз дәс­түр жарқыраған болашақтың бе­тін жабады деген салмақты ойды тұспалдағанын түсіну қиын емес. «Ай тұтылған түнде» қойылымының көрерменге айтары – махаббатқа, адам тағдырына немқұрайлы қарау, өмірдегі кез келген жағдайда салт-дәстүрге сүйене беру трагедиямен аяқ­талу қаупін туғызады. «Олар қаты­гездікпен, қорқынышпен, фана­тизммен, қарғыс арқылы әлем­ді билеп отыр. Жын-перінің өздеріне кіріп кеткенін байқамай, біз үшін шешім қабылдайды», дейді спектакльден соң өз ойымен бөліскен режиссер Ұланмырза Карыпбаев. «Адамды соқыр се­німге еліктіріп, қараңғылыққа сіңіп, жоқ болып кетуден сақта, Құдай. Айдың беті ашық болсын!» сахна көрерменнің соңынан сауға сұрап қалғандай...

АЛМАТЫ