БАҚ біз туралы

«БЕЙБАРЫС СҰЛТАН» – ДРАМАЛЫҚ ДАСТАН

Осыдан екі-үш жыл бұрын қазақтың М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры қазақтың көрнекті қаламгер, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан» пьесасын сахналаған болатын. Қысқа ғана уақыт ішінде өзінің толыққанды көрерменін тапқан, жиі айналымға кірген қойылым ретінде танылды. Біз аталған спектакльдің драматургиясы, режиссурасы және актерлік шеберліктері туралы шығармашылық топпен әңгімелесіп қайтқанбыз.

Ерлан Біләл,
актер, театр директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері:
– Ерлан аға, әңгімені сізден бастасақ. Қыпшақ даласында туып, Каирды билеген ұлы бабамыз атақты Бейбарыс сұлтан туралы қаншама шығарма жазылып, кинокартиналар түсіріліп, бейнелер жасалынбады. Кинодағы атақты Жантөриннің рөлінің өзі неге тұрады? Сіздер қазақтың бас театрында Юрий Ханинга-Бекназаровтың режиссерлігімен жазушы-драматург Р. Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан» пьесасын сахналадыңыздар. Бейбарыс сұлтан күрделі һәм тарихи, тағдырлы тұлға. Бұл тақырыпқа қалай бардыңыздар?
– Алдымен айтарым, «Бейбарыс сұлтан» былтыр Белоруссияда өткен Халықаралық фестивальге қатысып қайтты. Одан соң Түркияның Конья қаласында өткен Халықаралық фестивальге жолдама алды. Беларусь көрермендері де, түркиялық бауырлар да өте жақсы қабылдады. Бұл өзі біздің ағылшын тілінде тұңғыш қойған спектакліміз. Мұны қазақ театр өнерінде ұлы жаңалық деп білемін. Бейбарыс сұлтан дегенде еске түседі, қайбір жылдары Каирға барған бір сапарда оны білмейтін араб жоқ екеніне куә болып қайтқанбыз.
Бұл елде Бейбарыс сұлтанның даңқы ұрпақтан-ұрпаққа кеткен ғой. Ол Мысырды азат еткен сұлтан. Бұл – біздің мақтанышымыз. Бұл – біздің ұлттық портретіміз. Дүниені дүрілдеткен қазақ қанды сондай қаһарманның шығуы халқымыздың тектілігінен хабар береді. Біз кімдермен мақтанамыз дегенде, осындай тұлғаларымызбен мақтанамыз. Қазақтың белгілі қаламгері Р.Отарбаевтың осындай тарихи тұлғаға қалам тартуы, әрине, тегіннен-тегін емес. Осы тұрғыдан алғанда бұл спектакльді кез келген шет елдің көрермені жаңа, жасампаз дүние ретінде қабылдайтыны анық. Өйткені, ол біздің театрдың паспортына айналды.
Есмұхан Обаев,
Қазақстанның халық артисі, режиссер:
– Есмұхан аға, осы пьесаның сахналануына өзіңіз қамқор болды деп естідік.
– Рахымжанды мен алғаш прозалық шығармалары арқылы танып-білген кісімін. Драматургияға соңғы жылдары атсалысып келеді. «Бейбарыс сұлтанға» дейін ол «Нашақор жайлы новелла», «Абай – сот», «Мұстафа Шоқай», «Айна – ғұмыр», «Әбутәліп әпенді», «Актриса» сынды пьесалар жазды. Мен айтқан бұл пьесалар республика театрлары мен қырғыз театрларында қойылып жүргенін жақсы білесің. Рахымжан өзі Каспийдің бойында өскен Атырау жақтың жігіті. Онда мен өзің бас сұғып отырған қазақтың бас театрында театр басшысы және көркемдік кеңестің төрағасы едім. Бұл пьеса бізге театрдың көркемдік кеңесіне түскеннен кейін оқып көрдім де, қызығушылығым артып, қоюға кірістім. Бірақ сол кезде аяқ астынан тығыз жұмыстар көбейіп кетті де режиссер алмастыруға тура келді. Сонымен, Астанадан Юрий Ханинга-Бекназаровты шақырдым. Ол өзі бірнеше жақсы қойылым қойған талантты жігіт.
– Қойылымның режиссурасы туралы айтыңызшы…
– Бейбарысты «менікі» дейтіндер көп, бұл – бір. Енді бірі – оған дейін Бейбарыстың киносы шығып, атақты Нұрмұхан ағаларың (Жантөринді айтамын) Бейбарыс бейнесін жасап қойған болатын. Енді бұл пьеса бізді, дұрысын айтқанда, мені несімен қызықтырды деп ойлайсың. Отарбаевтың әлемі, оның шығармашылығы, оның драматургиясы, оның суреткерлік қыры, ұшқыр ойлары мен нысанаға дәл тиетін мергендігі мен өткірлігі. Оның әлемі ерекше тұратын өзгеше әлем. Рахымжанның мінезі де бөлек, жүріс-тұрысы да бөлек, ұстанымы да бөлек. Қазақтың, не басқаның көп қаламгерлерімен салыстырғанда, бұл кісінің кейде икемге келмес тік мінезі бар. Онда кімге ұнайды, кімге ұнамайды деген позиция жоқ. Біріншіден – драматург болу үшін осындай тартысты қаламгер болу керек. Ойында да, қолында да тартыс тұруы керек. Осы жағынан келгенде Отарбаев тарихи тақырыпқа, үлкен тақырыпқа барар жолда, яғни Бейбарыс сұлтанға барар жолда меніңше көп ізденген. Өйткені, сахнада әрбір айтылған сөз үшін ертең ел алдында жауап беретінін жақсы білетін жігіт. Сахна – адам тағдыры. Сахна – адамның кеңдігі, ұлылығы, оның жауыздығы, оның босбелбеулігі, оның сатқындығы, бір сөзбен айтқанда, сахна – адамның тағдыры. Оны көрермен көреді. Сонда ғана оны біз сахнада спектакль етіп береміз. Драматургтың жазған пьесасына көптеген өзгерістер енуі мүмкін. Шығармадағы идея тартысы үшін, өтіп жатқан суреттерді көрерменге нақты жеткізу үшін қимыл, әрекет басым болса деген ойға келдік. Қимыл-әрекет басым болмаса Бейбарыстың ішкі әлемін (мәселенки, батырлығын), көркемдік әлемін (поэтикасын), ой тереңдігін бір диалогпен не бір монологпен жеткізу қиын. Бұл өзі қимыл, қозғалыстағы дүние. Театрда қанша адам бар, соның бәрі осы спектакльге тартылды. Көрерменнің өзін магнитше тартатын фильмдер болады ғой. Біз де сондай көрерменді еріксіз жаулайтын дүние қойдық. Оны қою үшін әрбір қимыл-қозғалысты, әрекетті образды түрде бейнелей алатын режиссер керек. Міне, осы тұрғыдан келгенде біздің шығармашылық топ жақсы бір шешім тауып, қойылымды қозғалысқа, ойға, музыкаға, пластикаға, тартысқа келтірді. Мұның ішінде бітпес тақталас та бар. Мұның ішінде адам жанын түршіктіретін соғыс та бар. Міне, осының бәрі шынайы болуы ләзім. Ол қымбатқа түсетін нәрсе және көп тер төгуді қажетсінеді. Соған қарамастан осындай жанрды алып шықтық. Осыдан оншақты жыл бұрын «Бейбарыс сұлтанды» Астанадағы Горький атындағы академиялық орыс драма театры сахналады. Оны да жақсы режиссер қойды. Бірақ оның бәрі сөзге, монологқа құрылды.
Біздің қойылымның ерекшелігі неде? Біздің қойылымдағы басты ерекшелік сол – қайталап айтамын, қимыл-әрекетке, тартысқа құрылғандығында. Бейбарыстың арманындағы бейнелер ана, жусан, ел, Ақжайық болып келеді. Ол өзі сұлтан болған Египет тәуелсіздігі үшін, адам теңдігі үшін күрескен тұлға. Дүниеде атаққұмарлық, таққұмарлық, ынсапсыздық адамды адамдығынан айырады, адамды жындандырады, айналасын апатқа ұшыратады. Солай, шырағым.
– Көрерменнің көңіл-күйіне тоқтала кетсеңіз?
– Бізде қарапайым монологист драматургтер көп. «Монологист» деген сөзді жазуыңызды өтінемін . Әйтпесе, ай сайын бір пьеса жазатын жігіттер бар. Атын атап қажеті жоқ. «Бейбарыс сұлтанда» көрермен жылап отырады. Өйткені, мағынасы, рухы сондай күшті. Елі мен жерінен айырылып, сатылып келген құлдарды көрген кезде, олардың ұмтылысын, рухын, үмітін көрген кезде намысың оянады. Қысқа ғана екі-үш жылда өзінің толыққанды көрерменін тапқан спектакль. Онда халықтық ұғым басым. Мәселенки, Бейбарыс және оның жауынгерлері. Тартысқа, жауынгерлік рухқа, батырлық сезімге құрылған емес пе?
Ал, Рахымжан… Өз спектаклі шетелдерде қойылып, атақ, абыроймен оралып жатыр. Тіпті, ағылшынша да қойылу үстінде. Ең болмаса, қуанып бір келіп кетсе-ші. Жоқ! Қарасын көрсетпейді. Айттым ғой, дерский адам деп. Бұл неткен төзім?! Маған осынысымен де ұнайды. Сондықтан да бұл шығарма драмалық дастан дәрежесіне көтерілді. Әрине, бұл алдымен автордың талантының арқасы. Ізденісі де, төккен тері де ақталды.
Білесің бе, «Бейбарыс» фильмінде үш сағаттай монолог оқылады. Ұлы артистің арқасында! Бұл ұлы Жантөриннің арқасында фильм болып тұрған фильм. Нұрмұхан ағаның қаны да, жаны да жақын Бейбарысқа. Екеуі де бір топырақтың ірі тұлғасы. Ал Рахымжанда…
Азамат Сатыбалды,
актер, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты:
– Азамат мырза, сіз қойылымда сұлтанның образын сомдадыңыз. Бейбарысқа қалай кірдіңіз? Бейбарыстың тағды­рын, екінші тілмен айтқанда, сол арқылы мәмлүктер өмірін қалай аштыңыз?
– Пьесада Рахымжан Отарбаев Бейбарыстың мінезін өте жақсы жеткізген. Кейбір пьесалар болады, ойнап жатқан роліңді қай жағынан келеріңді түсінбейсің. Өте күрделі етіп, болмаса жеңіл жазады. Ал, бұл драматург қай жағынан келсең де кейіпкерге кіре алуға, оның ерекшелік­терін ұстап алуға мүмкіндік берген. Мәселен, ұлы Шекспирдің Гамлетін алып қараңыз, миллион есе қоюға болады. Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтаны» дәл сондай дүние деп білемін.
– Осы рөліңіз сіздің актерлік талантыңызды жарқырата ашты десек артық айтпаспыз. Ұлы тұлғаны сомдау оңай соқпаған шығар?
– Маған Бейбарыс сұлтанның рөлі берілгеніне, әрине, қуандым. Онымен бірге менде қорқыныш та болды. Өйткені, оны атақты Нұрмұхан Жантөрин ойнаған. Осыдан кейін Бейбарыс сұлтанды сомдау оңай ма? Іздене келе, оқи келе Бейбарысқа біртіндеп кіре бастадым. Рөл дегеннің өзі үлкен бір ғылыми жоба сияқты ғой. Мысалы, Абайды ойнасаң Абайдың кезін зерттей­сің. Бейбарыс сұлтанды ойнасаң ХІІ-ХІІІ ғасырдағы араб тұрмысына, әлеу­мет­тік, саяси жағдайына үңілесің. Маған Бейбарыстың қай тұсы керек болды? Ол кісінің көсемдігі ме, батырлығы ма, жоқ әлде, дипломаттығы ма, көрегендігі ме?.. Соның бәрін жан-жақты ойластыра келе, Германияның бір ғалымының еңбегін оқыдым. Жалпы, қолға түскен құлдар корабльдің түбін­де өмір сүреді екен. Небәрі бір жарым жыл. Одан артыққа төзбейді. Өлге­сін суға тастай береді. Түрлі жыртқыштар мен акулаға жем етіп. Тарихта бәріне шыдаған бір адам бар екен. Ол – бала Бейбарыс. Корабльдің түбінде 9 жыл өмір сүріп, содан аман-сау шыққан. Сонда өзіңіз ойлап қараңыз, бұл оның өжеттігін, өмірге құштарлығын тіпті, кереметтігін көрсетпей ме? Сол жағынан алып қарадым. Пьесаны тереңдеп оқи келе, Бейбарыстың батыр­лы­ғын алуға тырыстым. Өйткені, бір жарым сағаттың ішінде Бейбарыс сұлтан­ның барлық қырларын ашу мүмкін емес. Бейбарыс сұлтан 17 жыл Мысырды билеп, сол бір аумалы-төкпелі қиын заманда әлемнің 54 елімен дипломатиялық қарым-қатынас жасап, жан-жағының бәріне бейбіт өмір сыйлаған адам. Жаңа Есмұхан аға айтқандай, ол адамның теңдігі үшін, бостандығы үшін күресті. Оның қазақы дархан мінезі мен намысы маған ұнады. Сөйтіп, мен Бейбарыстың баладан данаға айналғанын, құлдан көсемге айналғанын көрсетуге тырыстым.
Сырым Асқаров,
режиссер:
– Қойылымды ағылшын тілді көрермендер қалай қабылдады?
– Пьесаны ағылшын тіліне Абылай хан атындағы шет тілдері университетінің оқытушылары аударды. Біз артистерді ағылшын тіліне үйретіп, күнделікті дайындық жасадық. Ағылшын тілінде сахнаға шыққанда Еуропалық театрларға тән эстетика пайда болды. Мен режиссурасына үлкен өзгеріс енгізгенім жоқ. Тек қана актерлардың ағылшын тілінде сөйлеу мәнеріне ғана басымдық бердім. Жалпы, ағылшын тілді көрермендер өте жылы қабылдады. Мұны біздің шығармашылық ұжымның ортақ еңбегінің нәтижесі деп білемін. Қойылымға басқа да шет елдерден шақырулар түсіп жатыр деп естідім.
Шынар Жанысбекова,
актриса:
– Шынар ханым, сіз мұнда Фатиманы ойнадыңыз. Бұл рөл несімен ерекшеленеді?
– Мен мұнда бұл әйелдің таққұмарлығын көрсеткім келді. Ол өте әдемі әйел. Рөлдің астарында мен оны жылан іспеттес етіп көрсеттім. Мен оны жылан деп түсіндім. Жылан секілді сусылдап, дегенін жасататын мықты әйел. Күйеуі өлгеннен кейін өзінің үстемдігін жүргізу үшін көңілдесін алып
келіп, таққа отырғызғысы келеді. Бұл рөл несімен ерекшеленеді дейсіз бе? Бұл рөл өзіме ұнайды. Кішкентай болса да өзінің рухы, ішкі мені бар кейіпкер. Мен оны бірнеше жобада пайымдап көрдім. Білесіз бе, жыланмен де өзімді шаққызғым келді. Жалпы, мүмкіндігімше ашуға тырыстым. Бұл өзі ерекше қойылым. Автордың ойы «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде…» деген идея.
– Бұл пьесаны Түркияға апарып қойып қайтқан сапардан сіз ерекше әсермен оралдыңыз. «Конья рухани қала» деп жаздыңыз интернет парақшасында.
Коньядағы фестиваль – исі түркі халықтары театр өнері саңлақтарының достық фестивалі. Бәйгеге Түркияның бес театры қатысты және одан бөлек он мемлекеттің артистері бас қосты. Қазақстанның атынан «Бейбарыс сұлтанды» ұсындық. Біздің спектакль бір ауыздан «фестивальдің ең үздік спектаклі» атанды.
Ең алдымен, өз театрым үшін және өз елім үшін қуандым. Еліміздің өркендегені, дамығаны Түркияға барғанда ерекше сезілді. Бізге деген, Қазақстанға деген, Елбасыға деген құрмет мәртебемізді өсірді.
Біз сахнаға шығып өнер көрсететін күні ойынымызды жан-жақтан арнайы келіп көрген адамдар болды. Өйткені, ол фестивальде Қазақстанның театр өнеріне қызығушылық басым болды. Спектакль соңында көрермен тарқай алмай, аң-таң кейіпте, өң мен түстей халде ұзақ тұрып қалды. Сосын он минуттай ала дауыл көтерген шапалақ жаңғырығы бір басылмады. Шығып сөйлеген сыншылар, қазылар таңданысын, әсерін жасыра алмады. Оны естіген біздің төбеміз көкке екі елі жетпей тұрды. Сондай-ақ, бұл фестивальден біздің театрларымызда жоқ дүниенің бар екенін көріп, біз де таңданып қалдық. Түріктің бір актрисасы бір спектакльде төрт бірдей образды кейіптеді. Төрт рөлі – төрт түрлі. Бір-біріне ұқсамайды. Таңдай қағасың. Нағыз актриса!

Салтанат Мақсотқызы,
театрдың Баспасөз қызметінің жетекшісі:
– «Бейбарыс сұлтан» пьесасына тағы да қандай шақырулар болып жатыр?
– Келесі жылы тағы да Түркия қалаларында өтетін фестивальдерге шақыру алдық. Тағы да «Бейбарыс сұлтанды» апармақшымыз. Өйткені, спектакль соңында күллі көрерменді тік тұрғызып, жібермей қошемет көрсеттірген Азамат Сатыбалды, Бекжан Тұрыс, Бауыржан Қаптағайлардың озық шеберлігі түркі жұртының көзайымына айналса керек. Сонымен бірге, бұл спектакльді Қытайдың Бейжің, Үрімжі қалаларында да қоюды жоспарлап отырмыз. Соған қатысты жұмыстар жасалып жатыр. Биыл күзде Атырауда «Рахымжан Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалі» өтпекші. Бейбарыс туған топырағына тағы бір тағзым етіп қайтса дейміз.
P.S.: Қазақы рух, ұлттық намыс пен жігер, Алаштық айбын атойлаған бұл спектакль рухани өмірімізге еркін енді. Пейіштен ескен самалдай боп жаныңды баураған домбыра үні мен күңіренген қобыз даусы, әсем би мен әсерлі пластика Бейбарыстың сахналық тұлғасын тіпті де көріктендіре түскен. Алыс-жақынды бірдей тәнті еткен бұл қойылым жайлы әйгілі Асанәлі аға Әшімов: «Бейбарыс сұлтан» қатарынан қырық жыл қойылса да, маңызын жоймайды. Өйткені, мен қазақпын деген әр адамға рух беретін ғажайып туынды», – деп еді. Бұл сөзге біздің де алып-қосарымыз жоқ.

«Дөңгелек үстелді» жүргізген

Сержан Тоқтасынұлы

“Қазақ әдебиеті” газеті.