БАҚ біз туралы

Әуезов театрында бірден 4 жаңа қойылымның тұсауы кесілді

Осы аптада Н.Дубстың «Екеуміз...» драмасы, А. Шариповтың «Оң қол» хоррор драмасы, Н.Жұманиязовтың «Барымен базар» комедиясы және Е.Кәрібаевтың «Туған күн» монодрамасы көрермен назарына ұсынылады.
Аталған театрдың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек бұл премьералардың барлығы 2020 жылға жоспарланғанын, алайда карантиндік шараларға байланысты биылға қалғанын жеткізді. 
Бұл төрт қойылым да былтырғы жылдың жұмыс жоспарында бекітілген. Театр ашылатын шығар, халық көптеп келетін шығар деп күтумен келдік. Дегенмен қазір көрермен залы 30 пайыздық толтырумен жұмыс істетуге болады деген қаулы шықты, соған сәйкес 230-ға жуық көрерменді қабылдай аламыз. Қойылымдардың ішінде монодрама бар, онда жалғыз актер 1,5 сағат бойы көрерменді ұстап отырады. Бұл актерлік шеберліктің арқасында болатын құбылыс,-дейді Е. Жуасбек. 
Режиссер Ерлан Кәрібаев «Туған күн» монодрамасында қозғалған өзекті тақырып жалғыздық, тастанды балалар мәселесі екенін айтады.
Монодраманың идея авторы Назгүл Қарабалина. Мәселен, спектакльде көптеген адаммен жұмыс істейсің, ал монодрамада жалғыз адаммен жұмыс істеу қиын. Бұл жерде актердің тәжірибесі маңызды. Қазір Назгүл Қарабалина өз шығармашылығының шарықтау шегінде жүр деп есептеймін. Бұл жерде актер ешқандай көмексіз, жалғыз өзі көрерменмен бетпе-бет қалады және ол үшін үлкен сын. Қойылым көрерменнің көңілінен шығады деген ойдамын,-дейді режиссер. 
«Екеуміз...» драмасы: Драматург О.Жанайдаровтың пьесасы жастар арасындағы желік сезім, стереотиптік көзқарастар, әлеуметтік мәселелер және отбасылық құндылықтар жайында. Жеке адамның өзін-өзі тани білуі, өзгенің жанын, жақынының жанын сезіне алуы, тыңдай-көре білуінің, түсінісу мен жарасымның, кешірімнің қаншалықты маңыздылығын ұғындыратын сәттерге куә етеді. 
«Оң қол» хоррор драмасы: Жазушы Т.Әбдіктің «Оң қол» пьесасының оқиға желісі адам мен қоғам қатынасын əрдайым басты назарда ұстайды. Басты кейіпкер — Алманың бойындағы үздіксіз жүріп жатқан үрей мен қорқыныш, өмір мен өлім арасындағы арпалыс, жан толғанысы кеңінен суреттеліп, қатерлі дерттің себеп-салдарын ашып көрсетуге талпыныс жасалады. 
«Барымен базар» комедиясы: Тынымбай Нұрмағанбетов – комедия жанрында жазып жүрген драматургтер ішіндегі бірегейі. Автордың бұрын еш жерде сахналанбаған бұл туындысында қазіргі қоғамда болып жатқан өзекті мәселелер ащы сатирамен мысқылданып, көрермендерді күлдіре отырып ойға батырады. 
«Туған күн» монодрамасы: Ата-ананың ыстық құшағы мен аялы алақанын сезінбей, балалар үйінде тәрбиеленген, бойжеткен шағында сүйген, сенім артқан адамынан сатқындық көріп, үміті кекке ұласқан, тағдыр тәлкегіне түскен әйелдің жан драмасы туралы.

Әділет МҰСАХАЕВ

Фото: автордан

https://baq.kz/news/othernews/auezov-teatrynda-birden-4-zhana-koyylymnyn-tusauy-kesildi/