Фестивальге бақ сынауға Қазақстан, Қырғызстан,Түркіменстан, Башқұртстан, Өзбекстан, Түркия елдерінің театрлары қатысады. Мәдени шара Орталық Азия елдері мен Қазақстанның театр өнері саласындағы әріптестікті нығайту, театр өнерін дамыту және осы сала мамандарын шығармашылық бастамаларға ынталандыру, сондай-ақ жұртшылықтың назарын театр үрдісінің жаңа, заманауи үлгілеріне аудару мақсатында өткізіледі.
Бүгін шымылдығы ашылған фестивальде аталған 6 мемлекеттің бас театрларының 11 қойылымы көрермен назарына ұсынылады. Алдымен Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры «Айман-Шолпанды» қояды. Сәрсенбіде «Дариға-ай» жастар театры «Ричард III» қойылымын ұсынып, артынша мамандар талқы өткізеді. Фестивальдың артықшылығы да сол – талдау жасалып, кем-кетік пен артықшылықтар айшықталады.
1 қарашада «Қазақстан мен Орта Азиядағы білім беруді, мәдениетті және өнерді ұлттық сананың кемелденуіндегі бірегей тәжірибе ретінде жаңғырту» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп, кешке көрермен «Театр-28» ұжымының «Войцек» қойылымын тамашалайды. Жұмада күндіз Алп Арслан атындағы Түркімен Ұлттық жастар театры «Көроғлы және Агаюнусты», кешке ресейлік М.Гафури атындағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театры «Іздеп таптым сені…» қойылымын тарту етеді.
Сенбі күні Түркия республикасынан келген Хасан Ажар өндірістік театрының ұжымы «Пирайе» атты пьесаны көпшілікке ұсынады. Осы күні кешке Б.Қыдыкеева атындағы Қырғыз Мемлекеттік жасөспірімдер театрының актерлері «Қасқыр ұлыған түнді» сахналайды. «Ана – Жер – Ана» қойылымын Өзбекстанның Сырдария облыстық музыкалық драма театры актерлерінің орындауында көре аламыз. Жексенбіні осы спектакльмен бастап, артынша Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры ұжымы ұсынған «Нарком Жүргеновты» тамашалауға болады.
5 қараша күні С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақ музыкалық драма театры «Қарагөзді», елордалық Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «Қорғансыздың күнін» сахналайды. Сейсенбіде, яғни 6 қарашада фестивальдің жабылу салтанаты өтеді. Айта кетейік, аталмыш фестиваль Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының жаңа және ескі ғимаратында өтеді. Қойылымдарды Талдықорған қаласының тұрғындары мен қонақтары тегін тамашалай алады.
Айша ЕРСҰЛТАН