БАҚ біз туралы

«АҚТАСЫНА ОРАЛҒАН АХИКО»

Бүгінгі таңда тарих пен шежіренің қайта қаралып, барымыз бен жоғымыз саналы түрде сарапқа салынған тұста тарихи пьесалардың маңызы зор. Қазақ халқының ғұмырындағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-моральдық тұрғыда бастан кешкен зобалаң кезеңдері ұлттық драматургияның төрінен орын алуы заңды құбылыс.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жапония Парламентінде сөз сөйлегенде Ахико Тецуроның өмірінен қызықты деректер айтқан болатын.
Қоғамдық дүмпулер мен ереуіл-қақтығыстар тақырыбы негізінде кезінде көптеген тұшымды дүниелер жарыққа шықты және сол үрдіс жалғасып қана қоймай қарқынды дамып жатқаны қуантады. Сондай шығармалардың бірі – М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік драма театрының сахнасында жүріп жатқан Мадина Омарованың «Ақтастағы Ахико» драмасы жапон елінің азаматы Ахико Тецкуро туралы әңгімелегенімен бірінші кезекте өз еліміздің басынан өткізген қиын-қыстау кезеңін баяндайды.
Бүгінгі таңда Қарағанды облысының Ақтас ауылының тұрғынына айналған Ахико ақсақалдың басынан кешкен оқиғасы Отанымыздың талай отбасының тағдыры. Дегенмен де, драматургтің өз пьесасының кейіпкері ретінде өз отандасымызды, ұлты қазақ азаматын емес, Қазақстандағы «соңғы самурайды» алуының да астары түсінікті. Ахиконың бүкіл ғұмыры Қазақстанда өтіп, Ақтастың тұрғындары туғандарына айналуының арқасында, өкімет тарапынан тек жақсылық көрген қарияның туған топырағына оралмай кең байтақ қазақ жеріне өз жүрегін арнауы да көпұлтты еліміздің әр тұрғыны үшін үлкен үлгі боларлықтай.
Пьесада еліміздің Кеңес Одағының зардабын тартқан 1940-50 жылдар оқиғасына драматург бүгінгі күннің көркемдік танымымен келген. Жазушылардың өткен тарихи құбылысқа өздерінің философиялық және көркемдік талғамымен келуі – бүгінгі ұлттық драматургияға ортақ ерекшелік. Осы тақырыпқа жазылған өзге драмалық шығармаларға қарағанда Мадина Омарованың «Ақтастағы Ахикосы» қазақ драматургиясына репрессия тақырыбын меңгерудегі өзіндік үнімен, өзіндік көркем ой-тұжырымымен келген шығарма. Мұнда кешегі репрессия кезіндегі қарапайым адамдардың өз амандағын, отбасының бүтіндігін сақтап қалу үшін күнделікті қажырлы күресі, ешқандай қиындыққа мойымай, зұлым саясаттың конвеерінің иірімінде айналған ауыр да, бірақ шынайы патриоттық сезімге толы әрекеттері суреттелген. Осындай бір қиын-қыстау тұста қарапайым жандардың азаматтық борышын терең түсінуі, адамгершілік сипаты, еліне деген сүйіспеншілігі, біріне-бірінің сенімділігі мен бірлігі пьесада нанымды ашылған. Мұндағы басты кейіпкер Ахико Тецуро өмір белестерінің күрделі сатыларынан өтеді. Өз өмірін аман сақтап қалып, мұхиттың ар жағында қалған әкесі мен шешесімен табысу сынды өз мақсат-мүддесіне жету жолында небір қиыншылық пен талас-тартыстарды басынан кешіреді. Мұның барлығы Ахико бейнесін шиеленіскен тартыс үстінде ашуға, мінез ерекшеліктерінің қалыптасу диалектикасын көрсетуге мүмкіндік берген. Спектакльді көрерменнің жылы қабылдауы да осы көркемдік-идеялық мазмұнына байланысты болғаны анық.
Қойылымның режиссері Асхат Маемиров пен жас суретші К.Құрманбекова шығарманың ерекшелігіне қарай сахналық алаңды толық пайдалануға, кейіпкерлердің еркін әрекет жасауына көңіл аударған. Шымылдық ашылғанда сахна ортасындағы сакура ағашы мен артқы экрандағы Фудзияма мен жапондық пагодалардың сұлбасы, бозбала Ахико мен оның ата-анасының бақытты өмірі – бәрі де көрерменге басты кейіпкеріміздің туған жеріндегі жайма шуақ бақытты балалық шағынан елес беріп өткендей. Әкесінің қолынан қылыш алып алғашқы әскери жаттығуларын жүргізген Ахико мен киелі ағашты қоршап билеген жапон қыздарының бақытты өмірін қызыл әскер адамдары мен Сахалин аралының Кеңестер құрамына кіруі туралы жарлық бұзады. Бұл – екінші дүниежүзілік соғыста Жапонияның жеңілісі Сахалин аралдарының Кеңестер құрамына кіруіне әкелген 1946 жыл еді. Осы сәттен бастап спектакльдің оқиғалары шапшаң түрде өрби бастайды.
Театр труппасының жетекші актерлерінің бірі – Дулыға Ақмолда бас кейіпкер бейнесін жасауда мол шығармалық нәтижеге жеткен. Ол өзінің тамаша орындаушылық өнерімен тұтас спектакль ой-тұжырымын тереңдете түскен. Қойылымның көркемдік сипаты Ахиконың сахналық кескіндеуіне тікелей байланыстылығын толық ескерген.
Абыр-сабыр сахнада кішкентай әскери кадет Ахико (Елжан Тұрыс) жүгіріп жүрген кезде сахнаның екінші бұрышынан орта жастағы Ахико (Дулыға Ақмолда) шығады. Екі жастағы бір кейіпкерді сахнаға шығару арқылы режиссер уақыт таразысымен бірге қазақ жерінде жапа шеккен шетел азаматы мен туған жерінде бақытты балалық шағы өткен жас жапондықтың арасындағы айырмашылықты да көрсеткендей. Әсіресе, бала Ахико бозбалалық шаққа тән қайсарлықпен «Берілме!» деген сөзіне Карлагтағы Ахиконың жауабы, көз алдында өтіп жатқан зұлымдықтарды суреттеуі жантүршігерліктей аянышты. Ал Кеңестер Одағының 10 жылға бас бостандыған айыру туралы шығарған үкімі естілген сәтте оның елін, ата-анасын көруге соңғы үміті үзілгендей, сол жақта қалған өмірмен осы жақтағы өмірді қақ бөлгендей темір шымылдықтың түсуі өте әсерлі көріністердің бірі болды. Бері жақта түрме мен белгісіздік, ал гүлдеген сакурасы бар Жапонияда аңыраған ата-анасы қала береді…
Ахико – Д.Ақмолда кеңес идеологиясының барлық қыспағынан өтіп сыналған адамның өз болмысын жоғалтпай, аса бір қайраттылығын таныта алды. Спектакль Ахико өмірінің қиын-қыстау кезеңдерін, оның адамдық тұлғасының қалыптасуын баяндағанымен, негізгі тақырып – халқымыз басынан кешкен дәуір тынысы, уақыт құбылыстары әлеуметтік тұрғыдан бейнелеу тапқан.
Карлагтағы сахнада Ахико – Д.Ақмолда өз өмірін сақтап қалу үшін Степанның ырқына көніп ән айтуы, оның адамды өлтіріп сурет салып жатқанынан қорықса да дауыс шығара алмай өз сөресінде бүктісіп отыруы, ал қанішер суретші шығып кеткенде жалмажан төсенішін ақтарып тығып қойған нанын тауып алып асығып, қақалып-шашалып оны жей бастауы абақтының ауыр күндерін көз алдымызға әкелді. Темір шымылдыққа өрмелеп шығып, түсуі актердің физикалық мүмкіндіктерінің көптігін байқатты. Актер Ахиконың шыдамдылығымен қатар туған жеріне, ата-анасына деген сағынышын ақырын ғана өз ұлтының әнін айтуы, өзі айтқандай әке-шешесімен «іштей әңгімелесуі», темір шымылдықтың жоғары жағына өрмелеп шығып, көзін алыстағы көкжиекке тігіп қарауы арқылы ғана жеткізіп отырады. Ахмет ақынның «қарашы, күн шығып келеді» төбеге шақырғанда, күн сәулесін көрген Ахико – Д.Ақмолданың көзі жайнап, тіршілік жанын көргеніне қуануы, тордың ар жағындағы өмір сәулесіне үміт пайда болуы өте әсерлі әрі нанымды шыққан.
Режиссердің тергеу сахнасында үш кеңістікті бірден қолдануы өте әсерлі шешілген сахналардың бірі. Сахнаның ортасында төбеден түскен шамның астында тергеліп отырған Ахико, оның үстінде қол-аяғы шырмалып соққыға жығылған Ахмет ақын, ал төменгі планда «жапон шпиондары» деп жапонның не, кім екенін білмеген қарапайым халық атылып жатыр. Карлагтың қабырғасында өтетін сахнада театрдың бар мүмкіндіктерін пайдаланған А.Маемировтың техникалық қауіпсіздік атқарып тұрған темір шымылдықпен сахнаны жауып тастауы да тамаша табылған шешімі болды. Актерлердің авансценада ойнауы, олардың мүшкіл халі мен бүкіл сахна кеңістігіне төндіріп тұрған шымылдық концлагерьдің суық та темірдей қатты тұрмысын бейнеледі.
Осы сахнада көрерменнің есінде қалған кейіпкерлердің бірі – Степан. Адамды шімірікпей өлтіре салып, оның қанымен түрме қабырғасына өз «шедеврлерін» салатын қанішер «суретшінің» бейнесін Азамат Сатыбалды сомдады. Степанның дөрекі қимыл-қозғалысы, ашу қысқанда өзін-өзі ұстай алмай, қарсы келгенді жерге қағып жіберетіндей дойыр мінезі, зорлық пен зұлымдыққа бет қаратпайтын дүлейлігі көрерменге ауыр әсер етеді. Қайдағы бір тұтқын суретшінің түрмедегі адамдарды қорқыныш пен үрейге бөлеп ұстап отыруы шындыққа келмейді дегендер бар шығар. Бірақ бұл жерде автор мен режиссер Степанның бейнесі арқылы бүкіл КСРО-ның қанішер жүйесін көрсетіп отыр. Адамның өмірінің құнсыздығын, еріккеннің ермегіне айналғанын Степанның образы арқылы ашып отыр.
Спектакльде осындай жиынтық бейне-символдар баршылық. Мәселен, автор мен режиссердің қоғам қайраткері, орыс-қазақ мектебін ашып жастарды білімге, өнерге баулыған Ақайдың Қасенін енгізуде де үлкен мән жатыр. Бекжан Тұрыс сомдауындағы ақсақалдың бейнесі арқылы бүкіл қазақ халқының бетке шыққан қаймағын қалқып алып қырып тастаған сұм заманның трагедиясын көрсетті. Актер өз кейіпкерін ақылдылығымен қоса нағыз сәуегей мол даналықтың иесі етіп суреттеген. Карлагқа түскен қарт ақсақалды абақтының арнаулы киімінмен емес, ұлттық шапанда шығаруы, қалтасындағы құртын қарны ашқан тұтқындарға таратуы, дінсіз заманның заңдылығына мойынсұнбай намазын оқуының өзі қазақ халқының қажымас қайратын, сынбас рухын көрсеткендей. Мұны Ақайдың Қасені – Б.Тұрыстың намаз оқуына Степанның кедергілеріне шыдамдықпен төзіп, еш жауап қайтармай, өз ісін ары қарай жалғастыруынан да байқауға болады. Ұлты, тілі, діні бөлек Ахикоға тіл қатқанда актердің үнінде жұмсақтық пен тазалық байқалып, әр сөзінен, түр келбетінен даналық пен ақылдылық еседі.
Дәл сондай жиынтық бейненің бірі – Данагүл Темірсұлтанова орындаған ел анасы – Ақтамақ. Жалғыз баласын күтуден жалықпаған, бүкіл елдің баласына туған балаларына қарағандай қамқорлығын еш аямайтын кейуана. Жетім қалған балаларды, түрмеден аман шыққан бозтайлақтарға аналық мейірімін, сағынышын, күйініші мен уайым-қайғысын жеткізуге актриса көп еңбектенген. Ақтамақ – Д.Темірсұлтанова тек қазақ балаларына ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің де анасы. Осындай аналардың арқасында ел көгеріп, ұрпақ жалғасады.
Ал Ахмет ақын – Алаштың ардақты ұлдары – Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, т.б. жиынтық бейнесі болып көрініп отыр. Абзалбек Асхатұлы арманына жете алмай, жастай кеткен ақиық ақынның трагедиясын жеткізуге бар мүмкіншілігін аямаған. Әсіресе, Ахикоға анасы туралы айтып, еліне шақырғанда көздерінде үміт оттары пайда болып, бірақ қайда, неге жүргені есіне түскенде сол үміт отының өшуін нанымды жеткізеді. Қойнындағы өлең дәптерін Ахикоға аманат қылып ұстатуы да өзінің санаулы күндерін сезгеннен еді. Ажалын Степанның пышағынан тапқаны да – тоталитарлық жүйенің гильотинасын елестетеді.
Бұл жерде тарихи прототиптер мен оқиғалардың логикалық шежіресін іздеу міндетті емес. Өйткені тарихи көркем шығармада көркем қиялдың орын алуы әбден ықтимал. Әрбір драматург тарихи тақырыпқа қалам тарту арқылы өткен заман оқиғаларын суреттей отырып, өзі өмір сүріп отырған кезеңнің болмысын, ұлттың рухын кейінгі ұрпаққа жеткізуді көздеген, бүгінгі қоғамның дамуына, ұлт болашағына, мемлекеттің ертеңіне тигізетін кеселге көрерменнің ой-санасын кешегіні айту арқылы бұрып отырған. Сонымен қатар көптеген адамдардың тарихи санасының қалыптасуы көбінесе көркем шығармалардың әсерінен болатынын есімізден шығармауымыз керек. Сахна құдіреті – тарих ғылымында ашылмай қалған жеке адамның ішкі байлығын, ерекшелігін ашып көрсетуімен құнды. Сондықтан театр өнері көрермендердің өткен тарихқа деген қызығушылығына, тарихи фактілер мен тұлғаларға деген көзқарасының қалыптасуына ықпал жасайды.
Спектакльдің тағы бір үлкен жетістігі – пьесаның психологиялық рухына сай құрастырылған әуенінде. Музыка әрекеттердің алмасуын, адамдардың көңіл-күйін, психологиялық толғанысын ашуға, оқиға мазмұнын тереңдетуге бағытталған. Әсіресе, шымылдық ашылғандағы жапондық әуеннің өзі спектакльдің экспозициясы сияқты көрерменді сахнада өтетін оқиғаға ынтықтырып, бейне бір басқа әлем дүниесіне сапар шегіп бара жатқандай сезіндірді.
Асхат Маемиров режиссурасының басты ерекшелігі – автор идеясын, өзінің ой-тұжырымын актер ойыны арқылы жүзеге асыруында. Спектакльге қатысқан актерлер сөзді таза сөйлеумен бірге, оның астарын ашу, екінші планды сезіне алуларымен көрінді. Сондықтан спектакльде актерлік ансамбль, сахналық тұтастық болды. Шытырман оқиғалар мен драматизмге толы, күрделі тартыстарға құрылған бұл қойылым философиялық терең ойларға жетелейді. Режиссер қитұрқы заманның заңдылығына мойынсұнбаған, сынбаған ел бірлігін, халық достығын бүгінгі ұрпаққа жолдаған ақ ниетін жұртшылыққа жеткізе алды. «Ақтастағы Ахико» қойылымы тарихи тақырыпты көтеруімен қатар идеялық-көркемдік мазмұнымен, ұтымды мизансценаларымен және әдемі де ойлы, тың режиссерлік шешімдерімен құнды.
Басты мәселе ғасырларға созылған қазақ халқының тәуелсіздік үшін күресін режиссер жинақтылықпен суреттеп, негізгі концепциясын айқын құра алған. Сондықтан еліміздің тәуелсіздік алғанына жиырма бес жыл толған мерейтойына шыққан «Ақтастағы Ахико» М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының шығармашылық ізденісіндегі үлкен жетістік деп білеміз.
 

Анар ЕРКЕБАЙ, театртанушы, халықаралық театр сыншылары ассоциациясының мүшесі (IATC)

https://aikyn.kz/2018/08/17/64524.html