Өмірде өнердің биігіне қанат қағуды армандайтын Даниярдың актерлік өнерге қызығушылығы кішкентай кезінде теледидардан көрген мультфильмдер мен кино кейіпкерлерінің бейнесін сомдаудан бастап пайда болған. Күнде кешке ата-анасы жұмыстан келгеннен кейін ол күндіз көрген мультфильмдері мен ертегі кейіпкерлерінің келбетін кескіндеп, қызықты қылықтарымен үйіндегілерді күлдіріп отырған. Кейіннен №118 мектеп-гимназиясында өткен мерекелік мәдени іс-шараларға белсене қатысқан баланың өнер әлеміне, сахнаға сүйіспеншілігі арта түскен. 9-сыныптан соң биыл Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжіне түскен ол қазір «Актер шеберлігі» мамандығы бойынша білім алып жүр. Мұхтар Әуезов театрында жақында сахналанған «Анна Каренина» спектаклінде өнер көрсеткен өрен өзінің отбасымен бірге «Алатау» ауданында тұрады. Биыл 1-курс студенті атанған Данияр өзінің үлкен театр сахнасына қалай шыққаны туралы бізге ерекше әсермен әңгімелеп берді.
– Біз қазан айында ұстазымызбен және колледж студенттерімен бірге Әуезов театрына КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімұлының шәкірттері қойған «Қарагөз» спектаклін тамашалауға барған едік. Сол кезде Асанәлі Әшімұлын көрдік. Театрға бізбен бірге барған ұстазымыз Ұлбосын Тәжібаева қойылымның алдында мені аты аңызға айналған Асанәлі Әшімұлымен таныстырды. Бір қызығы, дәл сол күні «Қарагөзді» көруге Назгүл Қарабалина да келген екен. Сол бір сәтті күні мен бұрын тек теледидардан көрген өмір жолы өнегеге толы Асанәлі Әшімұлымен және Назгүл Қарабалинамен таныстым. Сол сәттегі көңілімдегі қуанышым шексіз болды. Анна Каренинаны бейнелеген Назгүл апай маған: «Сен спектакльде Сережа деген баланың бейнесін сомдауға керексің» деп айтып, телефон нөмірімді жазып алды. Ертеңіне хабарласып, театрға шақырды. Келесі күні театрға барғанда қойылымның режиссері Есмұхан Обаевпен таныстым. Ол маған Сережаның рөлін ойнайтынымды айтқан соң, кейіннен қойылымның дайындығына қатыстым. Әлемге әйгілі театр тарландарымен танысқаным өмірімдегі ешқашан ұмытылмайтын қуанышты сәт болды. Есімі елімізге белгілі талантты әртістермен бір сахнада өнер көрсеткеніме алғашқы кезде өзім іштей сене алмай жүрдім. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Қойылымдағы бұл рөл театрға, сахнаға деген ықыласымды арттырғандықтан, болашақта өмірімді театрмен, сахнамен байланыстырғым келеді, – дейді Данияр.
«Анна Каренина» спектаклінде өзіне баланың рөлі бұйырғаны Даниярды ерекше қуантады. Спектакль сахналаудағы дайындық кезі, актерлердің өзара қарым-қатынасы, сахна сыртында әйгілі әртістермен танысуы, премьерадағы сахна шымылдығының ашылуы, жұдырықтай жүректің тебіренісі, алғаш рет сахнаға шығу сәті, көрермен алдындағы көңілдегі сезімі, қойылым кезіндегі кейіпкерлердің іс-әрекеті, спектакльдің соңы, көрермендердің қошеметі – бәрі-бәрі өнер әлеміне алғаш рет имене қадам басқан баланың кіршіксіз көңілінде ерекше әсер қалдырды. Театрдағы Данияр қатысқан қойылымды ерекше ықыласпен тамашалаған оның анасы, ата-әжесі, ұстаздары, достары мен сыныптастары оның өнердегі алғашқы қадамына қуанып, шығармашылық табыс тілеген. Отбасы мен ұстаздарын өзінің өнерімен қуантқан жасөспірім спектакль соңында көрермендер берген гүлдерді аяулы анасына сыйлап, ана құшағын гүлге толтырған.
Ақкөңіл, адамдармен тез тіл табысатын, мінезі ашық, алғыр, ақылды Данияр бойының қысқалығы ағзадағы өсу гормонының аздығына байланысты екендігін айтты. Бірақ бұл оның актер болу туралы асқақ арманына қол жеткізуіне ешқандай кедергі келтіре алмайтындығын атап өтті. Оның айтуынша, алғашында кішкентай бала деп ойлап қалатын айналадағы адамдар онымен танысып, сөйлескеннен кейін Даниярдың 16 жастағы жасөспірім екендігіне анық көз жеткізетін көрінеді.
Айта кетерлігі, Даниярды «Хабар» телеарнасындағы «Детектив әже» телехикаясы мен әнші Ғалымжан Молданазардың бейнеклипіндегі кішігірім көріністерден көруге болады. Сондай-ақ, ол ресейлік режиссер Михаил Плисконың фестивальдік фильміне түскен.
Балнұр АХМЕТ
http://almaty-akshamy.kz/on-alty-zhasta-y-akterdi-segiz-zhasta-y-kejipkeri/