БАҚ біз туралы

Мағжанның қилы тағдыры

Өңірімізге гастрольдік сапармен келген М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының әртістері Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында көрермендерге жазушы Дулат Исабековтың “Жүз жылдық махаббат” пьесасын ұсынды.
Қызылжарлық көрерменмен қауышпас бұрын сахна иелері С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада баспасөз конференциясын өткізді. Алматылық өнерпаздар гастрольдік сапар туралы айтып, 6 күн бойы қызылжарлықтардың назарына ұсынатын қойылымдарға қысқаша тоқталды. Сахна майталмандары біздің өңірде соңғы рет осыдан 20 жыл бұрын болған екен.
– Пандемияға байланысты жастары егде тартқан актер аға-апаларымызды алып келе алмадық. Ол кісілер сіздерге ыстық сәлемін жолдады. Өнер десе ішер асын жерге қоятын қызылжарлық көрерменге таңдаулы деген спектакльдерімізді алып келдік, – деді М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры директорының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жалғас Толғанбай.
Содан кейін Н.Погодиан атындағы облыстық орыс драма театрында Алаш қайраткері, ақын, жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың өмірінен сыр шертетін “Жүз жылдық махаббат” қойылымы көрермен назарына ұсынылды.Залда көрермендердің қауіпсіздігі үшін барлық санитарлық талаптар сақталғанын айтып өткен жөн. Аталмыш қойылымда Мағжан Жұмабаевтың өмірі ғана емес, аяулы жары Зылиханың бастан кешірген қиыншылығы да кеңінен суреттеледі. Сахна саңлақтары бұл қойылымды алғаш рет алматылық көрерменге осыдан 5 жыл бұрын ұсынған. “Халық жауы” деп нақақтан-нақақ айыпталып, 2 рет қамауға алынып, қырық төрт жыл ғұмырының 10 жылын қапаста өткізген ақынның қасіретті тағдыры көрерменді бей-жай қалдырмады. Мағжанның рөлін сомдаған Алмас Шаяхметов жерлес ақынның бейнесін көрсету үшін архив құжаттарын зерттеп, тарихшылармен сұхбаттасқан.
– Сахнадағы әрбір эпизод мен үшін әсерлі. Қойылымда Мағжан тар қапаста Зылихамен бірнеше мәрте кездеседі. Ақынның “Зылиха, сен маған енді келмей-ақ қойшы. Осымен 14-ші рет келіп отырсың”, – деп айтқанының астарында бір сыр бүгіп жатқандай.
Ол кезде ақынның қандай халде болғаны, қандай күй кешкені айтпаса да түсінікті ғой. Сүйген жарының есінде мәңгі жастық бейнесі қалсын деген шығар, – деді ол.
Спектакльде ақынның жастық шағы, албырт сезімі ерекше бейнеленеді. Жергілікті көрермен бұл кеште ұлы Мағжанмен қайта қауышқандай күй кешті. Риза болған қызылжарлықтар орындарынан тұрып құрмет көрсетіп, ұзақ қол шапалақтады. Қойылым соңында өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан өнерпаздарға ықылас гүлі тарту етіліп, облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов Алатаудың баурайынан келген сахна саңлақтарына алғыс білдірді.
Майгүл СЕЙІЛБЕК.

http://www.soltustikkaz.kz/index.php/explore/17307-ma-zhanny-ily-ta-dyry