Осыдан екі жыл бұрын қазанда «Таланның» түсірілім тобымен танысып, тілдесіп қайтқан едік. Фильм Райымбек ауданына қарасты Құрметі ауылының маңында түсірілді. Бұл жақтың қысы тұрмақ, күзі қатал. Өйткені сол күнгі сапарда аяқты қарыған суық әлі естен кеткен емес. Бұл ретте осы фильмнің жарыққа шығуына ат салысқан көпшіліктің жанкештілігін атап өту керек. Табиғаттың түрлі тосынсыйларына қарамастан, толықметражды туынды бүгін жарық көрді. Басты рөлдерді танымал актриса Шынар Жанысбекова, осыған дейін қосалқы рөлдерден төбе көрсетіп жүрген Асан Мәжит, режиссердің ауылдан жүрген жерінен тауып алған актері Жасұлан Әйтенов сомдайды. Сонымен бірге, Ұлан Нүсіпәлі, Ерік Жолжақсынов, Ержан Нұрымбет пен Оңдасын Бесікбасов сынды актерлер де картинада бой көрсетіп, бекітілген рөлдерін алып шығуға атсалысты.
Туынды 1932 жылдың көрінісінен басталады. Алаңсыз асыр-салып, сарышұнақ аулап жүрген Тағай мен Керімнің шамамен 9-10 жас кездері. Жыраға түсіп кеткен Керім ауылдас ағайындарының өлі сүйектерін көреді. Жас баланың жүрегі шайлықпай қайтсін, сол сәттен бастап тілден қалып, фильм аяқталар тұста бір сөйлейді. Терең психологиялық туынды жан ауыртар көріністерден ғана тұрмайды. Мұнда адам тағдыры жан-жақты суреттеледі. «Талан» сөзінің мәні де – тағдыр. Пенденің пешенесіне жазылғанын әр қырдан көру арқылы сол заманға еріксіз еніп кеткендей боласыз. Ауылды түгел жалмаған аштық, одан қала берді төбеден төнген НКВД адамдарының сұсты қарастары бірталай мәселенің басын ашты. Шекара асқанды бүгінде бірі сатқын, бірі қашқын десе, картинада олардың қимас сезімі мен ертеңге алаңдауы анық көрсетіледі. Керімнің әжесі көшіп бара жатып: «Керім, балам, мына көріністі жақсылап қарап ал. Әр тауы мен тасын есіңде сақта» дейді. Жанардағы жас, көңілдегі мұң, амалдың жоғы – айқын. Үкімет адамдарының жолды кес-кестеп, түрлі әдіс-айламен Таласбектің көшін кері итергенімен қоймай, түгел қырып, қала берді мүрделерін суға ағызып жібереді. Кішкентай Керім апанда жападан жалғыз қалып, сол мезеттен бері тауды кезіп, жабайы күн кешеді. Тағайды Қастек ақсақал бала қылады.

Арада 13 жыл өтіп, сұрапыл соғыс кезеңі басталды. Майданда жаумен шайқасқан арғы көріністер көрсетілмей, ауылдың бергі жағы көбірек баян етілген. Жалғызын жау қолына жіберіп, бір хабарын күткен ана, күйеуі өліп, жесір қалған әйел, баласын соғысқа жібермеудің бар амалын жасаған әке… Тарихи туынды болмаса да, тарихтан терең сыр шертеді. Көркем фильмде махаббат та бар. Жесір әйел мен жас жігіттің арасындағы ынтық сезім сынға ұшырауы да ықтимал. Өйткені анайы көріністерді қабылдау қазақ көрермені үшін қиын. Десек те, режиссердің айтуынша, «Табиғат өз дегенін алады. Бәріне махаббат керек. Ондай көріністерден ұялудың қажеті жоқ». Актриса Шынар Жанысбекова «Ұл мен қыз тәрбиелеп отырған ана ретінде ашық сахнаға түсу оңай болмады. Басында қарсы екенімді айттым. Дегенмен ойлана келе, ол жерде Шынардың емес, сол замандағы Бибісараның тағдыры көрсетіліп жатқанын ұқтым. Ол да сезімге шөліркейді, бәлкім ана болғысы келген болар. Күйеуден жесір қалған әйелдің махаббатты аңсауы – заңдылық» дейді.
Керім мен Тағай фильм соңында кездесіп, 13 жыл өтсе де бір-бірін жазбай таниды. Соңы жақсылықпен аяқталар деп отырған көрерменнің көңілі түсер сәт те – осы. Милиционердің қолынан қаза тапқан жолдасын Тағай кілемге орап, суға ағызады. Керімнің соңғы тілегі осындай еді. «Әке-шешем осы өзенмен ағып кеткен, осы жерде есейдім, мені осында қалдыр» деп өтініш айтады.
Фильм түсіріліп жатқан кезде Ермек Тұрсыновтың «Жат» туындысымен сарындас деген пікір тараған. Киноны көрген адам бұл сөздің бекер екенін түсінеді. Ашаршылық жылдары мен адамдардың ауыр тағдыры ұқсайды демесеңіз, екеуі тіптен екі бөлек. Жүсіпбек Қорғасбек «Қасқыр адамды» осыдан отыз жылдай бұрын жазған. «Ермекті режиссер ретінде өте сыйлаймын. Мұндай арандататын пікірлерге тоқтау қою керек. Тұрсынов – киноны өнер деп көретін адам. Әр туындысын ерекше ұсына біледі. «Жат» пен «Талан» ұқсамайды» дейді режиссер. Фильмді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ өндіріске жіберген. Әлемдік премьерасы Ирандағы «Фаджр» фестивалінде өткен. Бүгінде басқа да байқауларға қатыстыру үшін арнайы топ жұмыс істеп жатыр.
Жадыра АҚҚАЙЫР