СМИ о нас

Әкемтеатр

Қай ел, қай мемлекеттің де рухани болмысын танытатын символдары болады. Қазақ елі үшін осындай символдардың бірі –құрылғанына 90 жыл толып отырған Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры. Қарашаңырақ театр өзінің осы 90 жылдық тарихында үлкен белестерден өтіп, елімізбен бірге дамыды, өзі де өсті, қоғамды да өсірді.Ұлттық рухани игіліктеріміздің, имандылық-адамгершілік ұстындарының сақталуына, іргетасы шайқалмауына ерен үлес қосты, қаншама буынды сұлулық, ізгілік әлеміне жол салып, тәрбиеледі. Бұл — бүгінде бақилық алыптардың, одан кейінгі бірнеше буын өкілдерінің, олардың дәстүрін жалғастырып келе жатқан қазіргі өнер қайраткерлерінің қалтқысыз да қажырлы еңбектерінің нәтижесі. Осы елеулі мереке кезінде қалың оқырманға қарашаңырақ театрдың жүріп өткен жолына көз жүгіртіп, берекелі бүгіні туралы азды-кемді сөз айту парыз.

Қазақ өнерінің қара шаңырағы, қазақтың тұңғыш кәсіби театрының М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының шымылдығы 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылорда қаласында ашылды. Алғашқы қойылымдары Қ.Кемең­герұлының «Алтын сақина» пьесасы мен М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзінді болды. Театр шаңырағын көтеруге С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, Қ.Бадыров, Қ.Жандарбеков, тағы да басқа «самородок сары алтын» актерлер атсалысты, ал, алғашқы режис­серлері С.Қожамқұлов, Ж.Шанин, Қ.Қуаныш­баев еді.
Қоғамдық құрылым өзгеріп, жаңа өмірге біртіндеп бейімделе бастаған бұқараны тәрбиелеуде өнердің рөлі үлкен болды. Өткен ғасырдың 20-30-жылдарында үлкен нәубетке ұшыраған қазақ халқы үшін білім мен мәдениет, өнердің аса зор маңызын қазақ зиялылары да қатты түсінді, сондықтан да қазақ театрының ашылып, еңсе тіктеуіне көптеген қайраткер ат­салысты. Олардың қата­рында сол кездегі Қазақстан Халық ағарту комиссариаты­ның бастығы С. Садуақасов, ал, театрдағы шығармашы­лық-шаруашылық ұйымдастыру жұмыстарында ерекше көзге түскен алғашқы директоры Д. Әділов, тағы басқалар болды.
1926 жылдың 5 қазанынан театр директоры әрі көркемдік жетекшісі болған Ж.Шанин театрдың шығарма­шылық қалыптасуына аса көп еңбек сіңірді.Төкпе ақын И.Байзақов, атақты әнші Ә.Қашаубаев, палуан Қ. Мұ­ңайт­пасов жоғарыда есімдері аталған театр саңлақтарымен бірге болды. Сондай-ақ, театр өміріне З.Атабаева, Ш.Байзақова, О.Қашаубаева, М.Шамова, Ж.Шанина, Д.Оңғарбаевалар белсене араласты.
1928 жылы театр республиканың жаңа астанасы Алматыға қоныс аударып, 1930 жылдар белесінде ұжымға жаңа шығармашылық күш қосылды. Бұл қатарда Қ.Бай­сейітов, К. Байсейітова, Қ.Бейісов, Ш.Жиенқұлова, М.Ер­жанов, Ж.Елебеков, Қ.Қармысов, Қ.Әділшінов, Ж.Өгіз­баев, Р.Қойшыбаева, Ш.Айманов, С.Майқанова, Г.Сыз­дықова, т.б. атауға болады.
1933-34-жылдары театрдан музыкалық студия бөлініп, ұжымдағы әншілік таланты басым актерлер сонда ауысты. Бүгінгі таңда республикамыздағы іргелі өнер ордалары болып отырған Абай атындағы опера-балет театры мен Республикалық Жамбыл атындағы филармония, «Қазақ­концерт» сол кезде М.Әуезов театры құрамынан бөлініп шыққан музыкалық театр негізінде құрылған өнер ұжым­дары.
1937 жылы театрға академиялық деген атақ берілді.
1930-1940 жылдары театрда орыстың кәсіби режиссерлері М.Н.Соколов, М.Б.Насонов, И.Б.Боров, М.А.Соколовскийлер, ал, 1950 жылдары М.И.Гольдблат, 1960 жылдары А.Мадиевский табысты жұмыс істеді.
Қара шаңырақ сахнада қазақ театр режиссурасының екінші буыны деп атауға болатын А.Тоқпанов, Ә.Ыс­майылов, Н.Бейсековтер қызмет етті. Ал, 40-жылдары көптеген романтикалық бейнелерді Х.Бөкеева, Ш.Жандар­бекова, Б.Римова сынды актрисалар сомдаса, осы сахнада Ш.Аймановтың актерлік, режиссерлік жан-жақты таланты жарқырай көрінді. 50-жылдар белесінде театр Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, З.Шәріпова, Т.Жайлыбеков сынды талантты буынмен толықты.
1946 жылы, құрылғанына 20 жыл толуына орай театр «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
1952 жылы «Абай» спектаклі үшін режиссер Ш.Айманов, суретші В.В.Голубович және театр әртістері — Қ.Қуа­нышбаев, Қ.Бадыров, Х.Бөкеева, С.Қожамқұлов, Р.Қой­шыбаева, Е.Өмірзақов КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды.
1961 жылы 10 тамызда Қазақ КСР Министрлер кеңе­сінің қаулысымен Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрына ұлы суреткер М.Әуезовтің есімі берілді. 
1932-1938 жылдары осы театрда әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеген М.Әуезовтің қара шаңырақтың іргесі бекіп, керегесі кеңеюіндегі еңбегі теңдессіз. Көркем пьесалары өз алдына, мақалаларында да ұлттық театрдың бағыт-бағдарын айқындауға үлкен үлес қосқан суреткер әлемдік драматургия жауһарларынан аударып, репертуарды байытуда да көп жұмыс жасады.
Жалпы, ұлттық драматургияның қалыптасып, дамуын­дағы кезең-кезең жетістіктер аз емес. М.Әуезов заман­дастары, Қ.Ке­меңгеров, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ш.Хұсайынов, Ә.Тә­жібаев, Ә.Әбішевтер, олардан кейінгі буын Қ.Мұхамед­жанов, Т.Ахтанов, Ә.Тарази, Қ.Ысқақ, С.Жүнісов, О.Бодықов, Е.Домбаев, одан беріректе А.Сүлейменов, О.Бөкей, Б.Мұқайлар, бүгінгі таңда Т. Нұр­мағамбетов,  Д.Исабеков, Т.Әбдік, С.Балғабаев, Иран-Ғайып, сондай-ақ, кейінгі буын драматургтер — Е.Аманша, Р.Мұқа­нова, Е.Жуасбек, Д.Амантай, тағы басқалардың шығармашылық табыстары осы үлкен театр тарихымен тығыз байланысты. Ал, театрдың драматургтер тобында қызмет ете бастаған М.Омарова мен Ә.Бағдаттарды заманауи драматургиядағы жарқын жаңа есімдер аталар күн алыс емес.
60-жылдардан бастап ұлттық режиссураның өркендеу кезеңі басталды. Бұл ретте де М.Әуезов театрының орны ерекше. Өйткені, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері А.Тоқпанов бастаған режиссерлер шоқжұлдызының бұл театрға түгелдей дерлік қатысы бар. А.Тоқпанов, Б.Омаров, Ә.Мәмбетов, Ж.Омаров, Р.Сейтметов, Қ.Жетпісбаев, А.Пашков, В.Пұсырманов, сондай-ақ, Е.Обаев, М.Байсер­кеновтердің шеберлік қыр-сырлары да қара шаңырақ театр сахнасында бекем қалыптасты.
1976 жылы театр құрылғанына 50 жыл толуына байланысты «Халықтар Достығы» орденімен марапатталды.
Бұл тұста көрнекті театр режиссері, өнер қайраткері, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің есімін ерекше атау керек. Шығармашылық жолы сонау атақты 60-жылдар белесінде басталған, М.Әуезов театрына 40 жылға жуық көркемдік жетекшілік жасаған Мәмбетовтің сол кезеңде қойған атақты «Ана-Жер-ана» (Ш.Айтматов, сахналық нұсқа Б.Львов-Анохин), «Қан мен тер» (Ә.Нұрпейісов), «Қарагөз», «Қара қыпшақ Қобыланды», «Абай» (М.Әуезов), «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» (Ғ.Мүсірепов), «Менің сүйікті ағатайым» («Ваня ағай», А.Чехов, ауд.Ә.Кекілбаев), «Көктөбедегі кездесу» (Ш.Айтматов, Қ.Мұхамеджанов), «Біз періште емеспіз» (Қ.Мұхамеджанов), «Кориолан» (Шекспир, ауд. Х.Ерғалиев), «Эдип патша» (Софокл, ауд.Х.Ерғалиев), тағы да басқа спектакльдері ұлттық режиссураға жаңа мазмұн мен форма беріп, ұлттық сахна өнерін жаңа сапалық белеске көтерді. Мәдени кеңістігімізде «Мәмбетов театры», «Мәмбетов дәуірі» деген ұғым қалыптасты. Сол кезеңде Әуезов театры Франция, Иран елдерінде фестивальдік сапарларға шығып, Мәскеуде бірнеше рет гастрольде болды. Бішкек, Ташкент, Нүкіс, Уфа, Қазан сияқты ірі қалалар халқы театр өнеріне аса үлкен ырзашылықпен қол соқты. Ал, республикамызда М.Әуезов театрының гастрольде болмаған облысы мен ауданы жоқтың қасы. Тап осы кезеңде К.Қармысов, Ы.Ноғайбаев, Н.Жантөрин, Ә.Молдабеков, Ф.Шәріпова, М.Сүртібаев, С.Майқанова, Б.Римова, Ш.Жандарбекова, С.Телғараев, Е.Жайсаңбаев, Р.Әуезбаева, Ғ.Сүлейменов, Ж.Медетбаев, Ә.Боранбаев, Ә.Кенжеев, У.Сұлтанғазиндер; сондай-ақ, А.Әшімов, С.Оразбаев, Н.Мышбаева, Т.Тасы­бекова, Қ.Тастанбеков, Т.Жаманқұлов, Б.Жанғалиева, Ш.Ах­метова, бүгінде Астана театрында еңбек етіп жүрген Г.Әспетова, Т.Мейрамов, Ж.Мейрамова, Н.Тәшімова, Л.Әбзелбаева, М.Омар, А.Омар, тағы да басқа өнер иелері сан қырынан жарқырай көрінді.
1964 жылы «Ана-Жер-ана», 1970 жылы «Ленин 18-жылы» қойылымдары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы, 1978 жылы «Қан мен тер» қойылымына КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.
1976 жылы театр «Халықтар достығы» орденімен марапатталды.
*  *  *
Еліміз егемендігін алған 90-жылдары академиялық театр төл тарихымызды, қоғамдық құбылыстарды жаңаша көркем зерделеуге белсенді атсалысты. Белгілі өнер қайраткері Тұңғышбай Жаманқұлов басшылық жасаған кезеңде театрда әртүрлі көркемдік-эстетикалық бағытта ізденістер жүрді. Режиссерлер: Ә.Рахимовтің «Ситуациялар» триптихі: «Төрт тақта – жайнамаз», «Жетінші палата», «Қыздай жесір – штат қысқарту» драма-диалогтары бойынша қойылған, сондай-ақ, «Ақымақ болған басым-ай!» (Мольер, ауд.А.Сүлейменов), «Қилы заман» (М.Әуезов, сахналық нұсқа Н.Оразалин), «Тойдан қайтқан қазақтар», «Ғашықсыз ғасыр» (С.Балғабаев), сол жылдары театрда жемісті еңбек еткен Б.Атабаевтың «Қос мұңлық» (Б.Римова), «Шыңғыс хан» (Иран-Ғайып), «Соқырлар» (М.Метерлинк, ауд.Ә.Тәжібаев), «Кебенек киген арулар» (А.Тасымбеков, Қ.Ысқақ), «Мәңгілік бала-бейне» (Р.Мұқанова), «Шағала» (А.Чехов, ауд. А.Тоқ­панов) сондай-ақ, өмірден ерте кеткен үлкен талант иесі Қ.Сүгірбековтің «Соңғы сезім» (А.Бекбосынов), «Шолпан­ның күнәсі» (М.Жұмабаев, сахналық нұсқа Ә.Тарази), «Құбылыс» (Ф.Кафка, сахналық нұсқа Е.Аманша), «Сәләмәтсің бе, Қоңыр мұң!» (Д.Амантай), «Қуыршақ үй» (Г.Ибсен), «Махаббат дастаны» (Ғ.Мүсірепов) және Т.әл-Таразидің «Турандот ханшайым» (К.Гоцци, ауд. М.Ахмет-төре), «Тұзды шөл» (М.Ғапаров), т.б. әртүрлі стильдегі қойылымдары көрерменнің мәдени құнарын арттыра түскені анық.
1996 жылы режиссер Ә. Рахимов сахналаған «Ситуа­циялар» триптихі үшін жазушы-драматург А.Сүлейменов ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
ХХІ ғасырда театр репертуары, шығармашылық байланыстар аясы кеңейе түсті. Ұжымға тәжірибелі сахнагер Есмұхан Обаев жетекшілік жасаған кезеңде театр көрермені молайды, ұжым жүйелі түрде гастрольдік сапарларға шықты. Көркемдік жетекші классикадан М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясы мен «Абай» трагедиясын, Н.Гогольдің «Парасын» («Ревизор»), сондай-ақ, қазіргі драматургиядан «Жаужүрек» («Балуан Шолақ», Д.Исабеков), Т.Аралбаймен бірігіп қойған «Сыған серенадасы» (И.Сапарбай), «Үміт үзгім келмейді» (Н.Келімбетов), жас режиссер Е.Нұрсұлтанмен бірге сахналаған «Ұры мен ұлы» (Т.Әбдіков) сынды қызғылықты қойылымдарды шығарды.
Бұл кезеңде әлемдік классикадан — «Ымырттағы махаббат» (Н.Гауптман, ауд.Қ.Ысқақ, реж. Р.С.Андриа­сян), «Гамлет» (Шекспир, ауд. Х.Ерғалиев, реж. Ю.Ха­нинго-Бекназар), «Ромео мен Джульетта» (Шекспир, ауд.Ә.Кекілбаев, реж.О.Салимов), «Фархад-Шырын» (Н.Хикмет, реж.А.Әшімов), «Үйлену» (Гоголь, ауд. О.Қый­қымов, реж.В.Захаров), «Аршын-Мал алан» (У.Гаджи­беков, ауд. Қ.Мұхамеджанов, реж.Т.Әл-Тарази) тарихи тақырыпта — «Мөлдір махаббат» (С.Мұқанов, реж. Ә.Рахимов), «Қамар сұлу» (С.Торайғыров, сахналық нұсқа Шахимарден),  «Томирис» (Шахимарден), «Қазақтар» (Қ.Ысқақ, Шахимарден, реж. Т.әл-Тарази); бүгінгі күн драматургиясынан — «Сұлу мен суретші» (Т.Ахметжан, реж.Н.Жақыпбай), «Қожанәсір тірі екен…» (Т.Нұрмағам­бетов), «Тендерге түскен келіншек (М.Сәрсеке, реж. О.Кенебай), «Күлеміз бе, жылаймыз ба?»(Е.Жуасбек, реж.М.Ахманов), «Көшкін» (Ж.Жуженоғлы, ауд. О.Қый­қымов, реж. А.Кәкішева), «Империядағы кеш» (С.Асыл­беков, реж. А.Кәкішева), «Сағыныш пен Елес» (С.Балға­баев, реж. Ә.Рахимов), «Шәкәрім» (автор және реж. Ә.Рахимов),тағы да басқа көптеген спектакль көрерменнің әрқилы тобының көңілінен шықты. Жалпы, М.Әуезов театрында Тәуелсіздік жылдары республикадан және алыс-жақын шет елдерден режиссерлер шақырып отыру дәстүрі қалыптасты. Театрда спектакль қойған Ж.Хаджиев, Х.Әмір-Темір, Н.Жақыпбай, Ю.Коненкин, Қ.Қасымов, Н.Өтениязов, М.Ахмановтар, сондай-ақ, түркімен режиссері К.Ашир, өзбек режиссері С.Олимов, орыс драматург-режиссері Н.Птушкина және литвалық Й.Вайткус­тардың әртүрлі қолтаңбалары актерлер үшін жақсы тәжірибе болғаны анық.
Уақыт қашанда өз талаптарын алға тартады. Жұмыс жандана түсу үшін заманауи менеджмент қажеттілігі туды. Театр басшылығына 2013 жылдың көктемінде келген белгілі өнертанушы, драматург Еркін Жуасбек жұмысты осы бағытта жүргізді. Республика Мәдениет министр­лігінің пәрменімен театрлардағы директор мен көркемдік жетекші қызметтерінің бөлінуіне байланысты М.Әуезов театрының көркемдік жетекшілігіне Асанәлі Әшімов тағайындалды. Көрнекті актер, режиссер, тәжірибелі сахнагер Әшімовтің театрдың шығармашылық бағытын айқындаудағы рөлі аз емес. Театр халықаралық жобалар жасауды қолға алды. Бұл бағыттағы алғашқы тәжірибелер – ресейлік белгілі драматург, режиссер Н.Птушкина дәстүрлі классикалық сипатта сахналаған «Отелло» (Шекспир, ауд.М.Әуезов, сахналық нұсқа Ә.Бөпежанова) мен литвалық көрнекті режиссер Й.Вайткус Қорқыт бейнесін жаңаша зерделеткен «Қорқыттың көрі» (Иран-Ғайып) қойылымдары болды. Заманауи технологиялық жетістіктер еркін қолданылған соңғы спектакль 2015 жылы Қазанда өткен халықаралық фестивальда халықаралық Қазылар алқасы тарапынан жоғары баға алды. Театр репертуары басқа да сүбелі қойылымдармен толықты. Атап айтқанда, ұлттық драматургиядан — «Таңсұлу» (Ғ.Есім, реж.А.Кәкішева), «Қас-қағым» (Ж.Ерғалиев, реж.Е.Нұр­сұлтан), «Өйтпесе Мағжан бола ма?!.» (Д.Исабеков, реж.А.Кәкішева), «Ай мен Айша» (Ш.Мұртаза, сахналық нұсқа Е.Жуасбек, реж. Т.Әл-Тарази), әлемдік классикадан — «Апалы-сіңлілі үшеу» (А.Чехов, ауд. Ә.Бөпежанова, реж.Р.Андриасян), «Шыны хайуанат» (Т.Уильямс, ауд. А.Сүлейменов, реж. А.Қабдешова), «Дон Сезар де Базан» (Ф.Дюмануар мен А.Д.Эннери, ауд. және реж. Ә.Рахимов) дүниелерді сахналады.
2015 жылдың сәуірінде қара шаңырақ театр дирек­торлығына өнер жолын 1993 жылы осы сахнадан бастап, кәсібиліктің биігіне көтерілген сахна шебері Ерлан Біләл келді. «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасына сәйкес жаңа мазмұнды Қазақстанды өркендету аясында театрдың стратегиялық бағыттағы жұмыстарын жемісті жүзеге асыра бастады. Бұл реттегі үлкен жоба — Қазақ хандығының 550 жылдығына Тараздағы мереке күндері ашық аспан астында 500 адамның қатысуымен көр­сетілген «Қилы жол» (Ж.Ерғалиев) қойылымы. Тарихи-патриоттық тақырыптағы бұл алаңдық қойылым еліміздің сахна өнері тарихындағы ғана емес, рухани тәжірибесі орайынан да аса сәтті мегажоба деуге әбден болады.
Театрдың соңғы жаңа қойылымдары — театрдың көр­кемдік жетекшісі А.Әшімов сахналаған «Қаза мен жаза» (И.Вовнянко), режиссер А.Маемиров қойған «Қоштасқым келмейді!..» (А.Володин) спектакльдерін көрермен жылы қабылдады. Ал, режиссер А.Кәкішева сахналаған «Алмас қылыш» спектаклі Қазақ хандығының 550 жылдығына және көрнекті жазушы І.Есенберлиннің 100 жылдығына лайықты тарту болып отыр. Театр репер­туары басқа да мағыналы, жасампаз шығармалармен толыға түседі.
Қазіргі кезеңде театрдың шығармашылық әлеуеті жоғары. Кәсіби режиссерлер тобы, кәсіби актерлік труппа, сондай-ақ, жоғары білікті, шығармашыл мамандар – суретшілер, дизайнер, балетмейстер, концертмейстер, т.б. тұратын қойылымдық-көркемдік бөлім жұмыс жасайды. Көркем спектакль үшін басқа да көптеген цех қызметкер­лері аянбай еңбек етеді.
Театрдың негізгі тұлғасы, әрине, актер. Бүгінгі таңда, яғни, 90-маусымда театрда белгілі өнер шеберлері — А.Әшімов, С.Оразбаев, Н.Мышбаева, Т.Тасыбекова, С.Қожақова, Б.Имашева сынды үлкен буын өкілдерімен бірге Ғ.Байқош­қарова, Қ.Тастанбеков, Р.Машурова, Т.Жаман­құлов, О.Кенебай, Ш.Ахметова, М.Өтекешова, Ш.Мең­диярова, Ғ.Әбдінәбиева, Б.Жанғалиева, Р.Хаджиева, Т.Аралбаев, С.Мерекеұлы, М.Нұрәсіл, Б.Қожа, Г.Жақып, А.Бектемір, А.Сейтметов, Д.Темірсұлтанова, Б.Қаптағай, Б.Тұрыс, Ж.Маханов, О.Қыйқымов, Ж.Әміров, М.Омар­бекова, Ү.Сейтімбет секілді талантты топ табысты еңбек етуде. Ал, бүгінде кәсібилігі жоғары орта буын — Е.Біләл, Д.Ақмолда, А.Боранбай, Ж.Толғанбай, Д.Жүсіп, Ш.Ас­қарова, Ш.Жанысбекова, Г.Тұтова, К.Шаяхметова, Н. Бексұлтанова, А.Сұрапбай, Н.Қарабалина, Б.Айтжанов, З.Көпжасарова, Б.Қажнәбиева, А.Сатыбалдиева, А.Бөкен­бай; бұлардан кейінгі буын Н.Жекенова, Е.Дайыров, Л.Қалдыбекова, Г.Шыңғысова, Р.Сенкебаев, Д.Мұсаев, Т.Сағынтаев, А.Шаяхметов, Ж.Байсалбеков, Б.Жақып­бекова, А.Өмірова, Н.Әбілов, С.Құлымбетова, Е.Тұрыс, Е.Бектасов, С.Бақаева, З.Карменова, А.Бақытжанова, Ғ.Оспанов, М.Мұхтарұлы, тағы да басқалар театр репертуарының негізгі жүгін ойдағыдай көтеріп келеді. Ал, соңғы маусымдарда театрдың актерлік құрамы талантты жастармен тағы да толығып, олар қазірдің өзінде жасына лайық басты рөлдерді сәтті орындай бастады. Қара шаңырақ театр актерлері ірі киножобалардың, көптеген телесериалдардың, концерттік жобалардың сәнін кіргізіп, мәнін тереңдетіп жүргені де талассыз.
Бүгінгі таңда театрда — 1 КСРО халық артисі, 10 — Қа­зақстанның халық артисі, 11 — Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, 1 — ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, 21 — Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері; 1— КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, 3 — ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, 3 — «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 3 — Қазақ­стан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, 15 — «Серпер» Жастар одағы сыйлығының лауреаты, 1 — Ха­лық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, 2 — Жалпыұлттық тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты; 3 — «Отан» орденінің иегері, 1 — «Барыс» орденінің иегері, 7 — «Па­расат» орденінің иегері, 16 — «Құрмет», 1 — «Достық» орденінің иегер­лері, сондай-ақ, 6 — профессор, 9 — доцент қызмет етеді.
Қазіргі репертуарында ұлттық, шетелдік классикадан және бүгінгі драматургиядан елуден аса қойылым бар. Жалпы, репертуардың 70 пайызы қазіргі заман тақы­рыбындағы пьесалар. Ай сайын стационарда (үлкен және кіші зал) 30 шақты спектакль ойналады. Мұның сыртында ұжым облыс, аудандарға тақырыптық шағын гастрольдерге шығады.
Ең алғашқы республикадан тыс гастроліне 1928 жылы шыққан театр Ташкент қаласында жиырма күндей өнер көрсеткен. Ал, 1937 жылы академиялық атағын алғалы бері шыққан гастрольдік сапарларында есеп жоқ. Театр актерлері Ұлы Отан соғысына өнер адамдарының арнайы бригадалар құрамында да өнер көрсетті. Кеңестік кезеңде республика облыстары мен аудандарының барлығын дерлік аралап өнер көрсеткен, сондай-ақ, сол кездегі КСРО рес­пуб­ликаларының көбінде, сондай-ақ, шет елдерде сапарда болған. Бірнеше рет Мәскеуде табысты гастроль өткізген.
М.Әуезов театрының тәуелсіздік кезеңіндегі, әсіресе, осы ғасыр басынан бергі гастрольдік карта географиясы тым ауқымды. Ұжым Республика Мәдениет министрлігі қолдауымен, сондай-ақ, арнайы шақырулармен де Ресейдің Омбы қаласы мен облысында, Ташкентте және республика облыстары мен елордамыз Астанада, сондай-ақ, Елбасы­мыздың шағын қалаларды мәдени қызметпен қамту бағдар­ламасы аясында соңғы үш-төрт жыл ішінде еліміздің 7-8 шағын қаласында өнер көрсетті. Сондай сапар­лары­ның бірі — театр 2013 жылдың желтоқсанында Жаңаөзен қаласына барып, арнайы спектакль қойғанын, қалың көпшіліктің ерекше ықыласпен қарсы алғанын атап өту орынды.
Театр 1995 жылдан бастап жыл сайын жаңа қойы­лымдарының фестивалін Наурыз мерекесі және Халық­аралық театр күніне орай өткізіп келеді. Биыл 21-рет болатын, республикамызда осы форматтағы бірден-бір бұл өнер мерекесі  жаңа идеяларды рухани айналымға түсіріп, жаңа есімдерді ашуымен бағалы. 24-27 наурызда өтетін биылғы қазақ өнерінің көзі тірі аңызы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Хабиба Елебекованың 100 жасқа толуына арналады. 27 наурызда кешке театрдың 90 жылдық мерейтойына арналған салтанат өтеді. Театр залдары әдеттегідей лық толарына күмән жоқ. Өйткені, алматылық көрермендер мен қала қонақтары мәдени-рухани тыны­сымызда, жас ұрпақты ізгілікке тәрбиелеуде атқаратын рөлі елеулі мұндай кештерге, бенефистерге, премьераларға, жалпы спектакльдерімізге үлкен ықыласпен келеді.
Алматыдай үлкен мегаполис, мәдениет пен өркениет ордасын қазақ өнерінің қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы академиялық драма театрынсыз елестету, әрине, мүмкін емес. Театрдың Алматының мәдени өркендеуіне үздіксіз үлес қосып келе жатқанына 88 жылдың жүзі бо­лыпты. Театр ұжымы көптеген Алматы қаласының жо­ғары оқу орындарымен, колледж, мектептермен, Алматы облысы аудандарымен, қаладағы біраз компаниялармен тығыз байланыста. Алдағы уақытта да қаламен, әріптестік, серіктестік те жалғасады деп білеміз. Театр ұжымы Қазақ­стан Республикасының Мәдени саясатының тұжырымда­масына сай «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы» кластері аясында жұмыстар жүргізіп, үлес қосуға мүдделі.
*  *  *
Театрдағы сан-салалық шығармашылық жұмыстар бүгінгі күн тынысы болса, күні ертең ол тарихқа айналады. Қара шаңырақ театрдың өткен өнер жолы, рухани-қоғамдық жолы, сахна қайраткерлерінің елімізге сіңірген еңбегі бүгінгі ұрпаққа жақсы үлгі-өнеге болары анық. Бұл тұрғыда М.Әуезов атындағы академиялық драма теат­рының үлкен бір ерекшелігі – 1968 жылдан бері Театрдың музейі жұмыс жасап келеді. Біздің музейде еліміз өнерінің тарихы үшін аса бағалы, өте құнды тарихи экспонаттар сақ­талған. Кәсіби маман Н.Асанжанова жетекшілік жасайтын музей қызметкерлері театр тарихын жүйелеу, құжаттарды сұрыптау, әртүрлі фестивальдар, кештер, мерейтойлар, өзге да шараларда арнайы көрмелер ұйым­дастыру, қажет кездерінде республикадағы өзге театр музейлеріне әдістемелік-шығармашылық көмек көрсету жұмыстарымен айналысады. Музей 2014 жылы күзде, театрдың 89 маусымының ашылуында өз жұмыс аясын кеңейтіп, көрермендер үшін арнайы ашық залда қызмет көрсете бастады. Ғылыми-танымдық стендтер мен экспонаттар театр тарихынан қызғылықты сыр шертеді. Көрермендер спектакль басталардан бірер сағат ерте келіп, музейді аралайды, экспонаттармен, музей тарихымен танысады. Біздің музей Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясы студенттері үшін тәжірибелік-танымдық, ғылыми-ақпараттық база болып отырғанын атап айту да орынды. Театр жанынан «Сырласу» клубы және фан-клубтың ашылуы да театрдың қалың көпшілікпен тығыз байланыс жасауының және мемлекеттік идеологияны қалың бұқара арасына кеңінен насихаттаудың да жақсы жолы.
Театр ұжымы, сахна қайраткерлері сахнада және қоғамдық өмірде де тәуелсіз еліміздің мұраттарын ардақ тұтады. Бұл тұста сахна қайраткерлерінің кітап жазу, кітап шығару саласындағы еңбектері бір төбе. Театр алыптарының дәстүрін жалғастырып, көрнекті режиссер Е.Обаевтан бастап көрнекті актерлер — А.Әшімов, С.Оразбаев, Т.Жаманқұлов, театр шежірешісі Х.Елебекова, белгілі актриса Т.Тасыбекова, режиссерлер — Ә.Рахимов, О.Кенебай, сыншы Ә.Бөпежановалардың кітаптары қалың оқырман игілігіне айналды. Театрда дүние кешкен көрнекті актерлердің шығармашылығын жинастырып, кітап шығару дәстүрі қалыптасқан. Бұл тұста «Әйгілі адамдар» сериясымен «Ф.Шәріпова», «Ә.Молдабеков», «Е.Жайсаң­баев» кітаптарының, сондай-ақ, Р.Әуезбаева, Ж.Медетбаев, Ә.Боранбаев туралы естелік жинақтардың және Ш.Айманов, Ә.Мәмбетов, Ы.Ноғайбаев, Ә.Молдабеков, Е.Жайсаңбаев, А.Әшімов, Н.Мышбаеваның көркем альбомдары жарық көріп, көпшілік игілігіне айналды. Қоғам үшін өзекті мәселелер және өнер тыныс-тіршілігі туралы театр режиссерлері, актерлері үнемі республикалық және шетелдік БАҚ пен ЭБАҚ-та ой-пікірлерін білдіріп отырады. Бұл ретте театр тарландары мен мың жасаған шаһардың шамшырағы — «Алматы ақшамы­ның» шығар­машы­лық байланысы тұрақты. Көрнекті сахнагерлер С.Оразбаев, А.Әшімовтердің газет беттерінде жарық көрген қызғылықты материалдарын «Алматы ақшамы» жинақ етіп шығарған жақсы дәстүрі жалғасын табары анық. Ал, қазір оқырман газеттің әр сенбілік нөмірінен көрнекті режиссер Е.Обаевтың естеліктерін қызыға оқуда.
Қара шаңырақ театрдың ұжымдық өнері, жекелеген сахнагерлер өнері театртану ғылымында тұрақты зерделеніп отырады. Бұл ретте ұжым қара шаңырақ театрдың тарихын алғаш рет ғылыми жүйелеп, үлкен еңбек жазған мәскеулік ғалым Н.Львов, театрдың тарихы мен даму жолын зерттеуде үлкен еңбек жасаған көрнекті театртанушы ғалым Б.Құн­дақбаев, сондай-ақ, көрнекті сыншылар — Қ.Қуандықов, Ә.Сығай есімдерін құрметпен еске алады. Театр, жекелеген актерлер шығармашылығы туралы аға буын К.Нұрпейісов, кейінгі буын театртанушылар — С.Қабдиева, Б.Нұрпейіс, А.Мұқан, А.Еркебай, Ж.Сұлтанова, М.Жақсылықова, З.Исламбаева, М.Тәшімова­лардың зерттеулері мен мақа­лаларының өнерсүйер қауымға берері аз емес. М.Әуезов театрының сахнагерлері туралы жинақтар шығарған, қойылымдары туралы кезінде өнімді жазған аға буын ақын-жазушы, өнертанушылар — Қ.Уәлиев, А.Нысаналин, М.Қожахметова, С.Латиева, сондай-ақ, қаламы қазір де қарымды А.Ар­цишевский, Қ.Сәрсенбай есімдерін мерей­той тұсында атау парыз. Қара шаңырақ ұжымы үлкен дос­тары – жаңа қойылымдарымыз, игі жетістіктер, жаңалық­тарымызды оқырман-көрермендеріне сүйіншілей жеткізе­тін БАҚ пен ЭБАҚ-қа, журналистер қауымына, сондай-ақ, «Театрkz» журналының ұжымына ырзашылы­ғын білдіреді.
М.Әуезов театрының өнерін республика көрермендері ғана емес, алыс-жақын шет елдер көрермендері де тамаша­лап, жоғары бағалайды. Театр өзінің биік өнерін Қазақстан мен Орталық Азия театрларының халықаралық фестива­лінде, сонымен қатар шет елдерде өтетін халықаралық фестивальдарда да паш етіп, жүлделі оралып келеді. Әрі-арыға бармай-ақ, соңғы жүлделерден атасақ, қара шаңы­рақ театр өткен жылдың өзінде ғана «Сұлтан Бейбарыс» спектаклімен Түркияның Конья қаласында өткен VІІІ «Мың тыныс және бір дауыс» атты Түркі халықтары театр фести­валінде табысты өнер көрсетсе, Атырау қаласында өткен Р.Отарбаев атындағы Халықаралық театр фестива­лінде Бас жүлдені жеңіп алды. Ал, талантты жас режиссер Е.Нұр­сұлтан сахналаған «Қас-қағым» қойылымы Қырғызстан Бішкегінің мәдени тұмарындай «Арт-Ордо» халықаралық фестивалінде Бас жүлдені иеленді. Мәртебесі мен беделі жоғары осындай фестивальді Алматы қаласында да жүйелі түрде ұйымдастыруға әбден болар еді.
Алматыдай үлкен мегаполис, мәдениет пен өркениет ордасын қазақ өнерінің қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы академиялық драма театрынсыз елестету, әрине, мүмкін емес. Театрдың Алматының мәдени өркендеуіне үз­діксіз үлес қосып келе жатқанына 88 жылдың жүзі бо­лыпты. Театр ұжымы көптеген Алматы қаласының жоғар­ы оқу орындарымен, колледж, мектептермен, біраз компа­нияларымен, Алматы облысы аудандарымен тығыз бай­ланыста. Театр ұжымы Қазақ­стан Республикасының Мәдени саясатының тұжырымдамасына сай «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы» кластері аясында жұмыстар жүргізіп, үлес қосуға мүдделі. Бұған екіжақты серіктестік байланыстар керек. Алдағы уақытта Алматымен әріптестік, серіктестік нығаяды деп білеміз.
Қара шаңырақ — Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры, жоғарыда атап өткеніміздей, өзінің осы 90 жылдық тарихында үлкен белестерден өтіп, ұлттық өнердің символына айналды. Ұлттық рухани игіліктеріміздің іргетасы шайқалмауына, имандылық-адамгершілік ұстындарының сақталуына ерен үлес қосты. Бұл — бүгінде бақилық алыптардың, одан кейінгі бірнеше буын өкілдерінің, олардың дәстүрін жалғастырып келе жатқан қазіргі өнер қайраткерлерінің қалтқысыз да қажырлы еңбектерінің нәтижесі. Және де ұжым Елбасымыздың «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы айна­ласында жүзеге асуы тиіс — биік көркем өнер, жаңа тұрпат­ты мәдениет жасау, заманауи талаптарға сай, жаңа заман адамын қалыптастыру; әлемдік мәдени-рухани кеңістікке еркін еніп, ұлттық өнерімізді таныту жолында қызмет ете береді.

Әлия Бөпежанова,

театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» сыйлығы иегері

“Алматы ақшамы” газеті