БАҚ біз туралы

«ӨМІР. ӨНЕР. ЖАРАСЫМ»

27 қараша күні Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында актер, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Айдос Бектемірдің 70 жасқа және актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Жібек Бектемірдің 60 жасқа толуына арналған «Өмір. Өнер. Жарасым» атты шығармашылық кеші өтті.

Кеш қонақтары сағат 16:00-де театр фойесінде ұлттық театр мұражайы ұйымдастырған Айдос Бектемір мен Жібек Бектемірдің сомдаған атақты рольдеріне киген костюмдері, театр сахнасындағы фотостуреттері қойылған көрмеге қатысып, көзайым болды.



Шығармашылық кеш мерейтой иесі Айдос Бектемірдің өзі сахналаған «Абай-Тоғжан» драмасымен шымылдығын түрді. Бұған дейін Абай, Құнанбай, Оразбай рольдерімен көрермен жүрегінен орын алған актердің бүгінгі өнеріне де дән риза болып, құрмет-қошеметін арнады. Қойылымнан соң М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театр артистері өнер көрсетті.




Халық ықыласына бөленген өнердегі жарасымды жұптың мерейтойына құттықтауы мен сый-сияпатын арнай келген қонақтар ортаға шығып, тілек-құрметін білдірді. Театрдың шығармашылық жөніндегі орынбасары Толғанбай Жалғас Қонысбайұлы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Райымқұлова Ақтоты Рахметоллақызының құттықтау хатын жеткізді.


Актердің туған жері – Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Махмұтұлы Қасымбектің атынан құттықтау хаты мен сый-кәдесін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алпысов Ермек Амантайұлы табыстады.



Алматы қаласының әкімі Сағынтаев Бақытжан Әбдірұлының құттықтау хатын Алматы қаласының Мәдениет басқармасының басшысы Майлыбаев Ғани Айдарұлы жеткізіп, Айдос Бектемірді «Алматы қаласына сіңірген Еңбегі үшін» медалімен марапаттады.



Сондай-ақ, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры Есболов Тілектес Исабайұлы да мерейтой иелеріне ыстық ықыласын арнады.


⠀⠀⠀⠀Құттықтаулар легін ұлттық театрымыздың абыз ақсақалы, көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан және Кеңестер Одағының Халық артисі, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімов бастаған М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ұжымы, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Азамат Сатыбалдының құттықтау сөзі мен ықылас гүлін тарту еткен театр директорының орынбасары Жуасбек Ерлік Тілеуқұлұлы бастаған театр ұжымы қорытындылады.