БАҚ біз туралы

Зәмзәгүл

Осыдан алпыс жыл бұрын Мұхтар Әуезовтің тілімен айтсақ, Зәмзәмді бүкіл жас дәурені өткен ұлттық сахна өнеріміздің киелі қарашаңырағына – Әуезов театрына жүрек қалауы алып келген-ді. Сүйінбай бабасы мен Жамбыл атасы ақындық шабыттың көрігін қыздырған қасиетті топырақта кіндігі кесілген ол Ұзынағаштағы жеті жылдық мектеп-интернатында оқып жүген кездің өзінде-ақ зеректігі әрі алғырлығымен ұстаздардың назарына ілігіп, он бес жасында-ақ өнер өрісіне шығуға асықты. Өзіне құпия дүниенің тылсым тереңіне бойлауға талпынған Зәмзәгүлдің жүрегінде тұтанған арман оты Алматыға алып келді. Осындағы екі жылдық киноактерлікке тәрбиелейтін мектепте қарапайым мінезімен, көпшілдігімен құрбыларының көңілінен шыққан балауса бойжеткен көзге түспей қалмады. Тәрбиешілерінің ақыл-кеңесіне құлақ асқан ол филармониядағы Б.Байқадамов жетекшілік ететін хор бөлімінен білім алуға ұмтылды. Туған топырақтан нәр алған бойдағы тарыдай талант көркемөнер үйірмесінде жүрген шақта-ақ бүршік атып, жапырағын жая бастаған. 
Мұғалімдердің көмегімен оқушылар қойған М.Әуезовтің «Сын сағатта» пьесасындағы Рәш рөлін таза да жарқын балаң көңілмен сомдағаны әлі есінде. Оның талантын ерте-ақ аңғарған ұстаздар оған халық ертегілері мен батырлар жырынан үзінділер оқытуға құмар болатын. Оның үстіне өзі де қолы қалт етсе қазақ қаламгерлерінің көркем шығармаларын іздеп жүріп оқитын әдеті бар. Бұл Зәмзәгүлдің рухани толысуына, сөздің мәні мен мағынасын терең түсінуге игі әсер еткені анық. Үнінің мөлдірлігіне, айқындығына, тазалығына сүйсінген киностудияның басшылары оқуын енді ғана тәмамдаған Зәмзәгүлді дуб­ляж жасауға қолқалап шақырады. Соғыс аяқталса да жаңғырығы әлі еңсені көтертпей тұрған кезең болатын. Көрпесіне қарай көсілген заман ғой кинофильмдер де сирек түсірілетін. Осы кезде ол Қазақ радиосына да жетеді. Мұндағылар бірден радиоспектакльдерге қатыстырып, балаларға арналған дүниелерді оқуға тартады. Сол кезде мына біз де радио алдынан шықпай, М.Әуезовтің, С.Сейфулиннің, Иса Байзақовтың балаларға арналған көркем шығармаларын майын тамыза оқыған жанның бойымызға шымырлап сіңген мақамын жете ұғынбасақ та оқыған ертегісіне беріліп, «қап, әттең, бітіп қалды ғой» деп өкініп жата­тынбыз. Біздің жанымызды осындай сезімге бөлеген актрисамен араға жылдар салып Қазақ родиосының дыбыс жазатын студиясында кездесемін деп кім ойлапты.
Зәмзәгүл Шәріпованың өмірлік ұстаханасы – М.Әуезов атындағы академиялық театр. Өткен ғасырдың елу екінші жылы қазақ драма өнерінің осы киелі қарашаңырағының босағасын атаған тал шыбықтай бұралған қыз бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан сахнаның абыз анасы. Уақыттың жүйріктігіне сірә, көз ілескен бе? «Әне-міне дегенше алпыс жылға жуық мерзім зымырап өткенін тіпті байқамай да қалыппын» дейді таңданысын жасыра алмаған актриса. Бір мезет ойға шомған ол: «Неге екені қайдам, алғашқы рөлім Степановтың «Порт Артурындағы» Куань-Санның есіме түсіп отырғаны. Сондағы қатты толқығаным, аяқ-қолым дірілдеп, абыржығаным. Сөздерімді бірден айта алмай шатасқаным бәрі-бәрі санамда жаңғырып тұр. Бірақ, бір құдіретті күш «актриса болам» деген арман мені сонда біртүрлі қанаттандырып жібергендей болып еді» деп толқып кетті. Осылай туған жер топырағынан нәр алған Зәмзәгүл Б.Майлиннің «Майданындағы» Пүлішті, Т.Ахтановтың «Сәулесіндегі» Айшаны, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановындағы» Айжанды сахна төрінде қайта тірілтті. «Әлемдік, отандық классикалық шығармалардың тоқпан жіліктей қойылымдарының сүбелі қаһарман­дарының өзіндік болмыс-бітімін жасауда өзінің дара жолын тапқан актриса» дегенді замандастарының аузынан жиі естимін. Өзі жасаған кейіпкердің ішкі дүниесіне, тыныс-тіршілігіне, ой-өрісіне, жүріс-тұрысына, сөйлеу мәнеріне терең талдау жасап барып, оның сахналық тұлғасын жасауға кірісетін өзіндік бұлжымас әдеті бар. Одан әсте адасқан емес. Көркемдік әдіс-тәсілдерді меңгеру уақытпен бірге келген, жүре келіп, көре жүріп бойы­на жинаған байлығы. Зәмзәгүлдің таланты жүрегінің жылуы, жанының нәрі, еңбегінің жемісі. Сол себептен болар ұлттық драматургиямыздағы інжу-маржан дүниелердің көбіндегі басты рөлдер біздің кейіпкеріміздің үлесіне жиі тиетін көрінеді. Оны кезінде Әзірбайжан Мәмбетов: «Зәмзәгүл жасаған бейне көрерменнің есінде ұзақ сақталып қалатынына ешбір күмән жоқ. Оған негіз де жоқ емес. Өйткені ол өзін мүлде ұмытып, кейіпкерінің әлеміне бар болмысымен еніп, соған айналып кетеді. Одан актрисаны ажыратып алу мүлде қиын» деп еді. З.Шәріпованың түсінік пайымы, талғам, көзқарасы басқа актрисаларда кездесе бермейтін сирек құбылыс. Сахна – өнер майданы, онда нашар жауынгер жоқ. Осындай ортада шеберлік биігінен көрініп жүрген ол үнінің әуезділігімен, маңдайдан төгілген ащы терімен дараланып, құрметке бөленіп жүрген бірегей тұлға. Хас шебердің жүрегінің жібегіне оранып, тотыдай түрленіп шыққан Айман, Ақтоқты, Қарлығаш бейнелері әр қойылым сайын жаңа қырынан көрініп, сезім түйсігіңізді қытықтайтындай әсерге бөлейтінін екінің бірі біле бермес. Әсіресе, Мұхаңның «Қаракөзінің» актриса өміріндегі орны ерекше екенің білеміз. Кезекті дайындық кезінде Қаракөзді ойнаған Зәмзәгүлді көргенде Мұхаң; «Пәлі, керемет деген осы! Енді бұдан былай Қарагөзді тек Зәмзәгүл ойнасын. Түрі де, дене бітімі де, дауыс мақамы да менің кеудемдегі, менің ойымдағы, менің қиялымдағы Қаракөзді қайта тірілткендей, мен онымен қауышқандай күй кештім. Зәмзәгүлдің зәмзәм даусы бойымды сиқырлап алды» деп тебіренсе керек. Ұлы қаламгерді толқытқан сонда табиғат берген таланттың құдіреті болар. Ал, Мұхаңның «Айман-Шолпан» сазды ойнақы туындысындағы бетінен қақпай өскен бай қызының тәкәппарлығын актриса табиғи түрде бейнелейді, бірде-бір жасандылық жоқ десек ешкім таласа қоймас. Өткелі жоқ жерден ақылын қайық қылып өтіп кететін кейіпкердің тапқырлығы, алғырлығы, адалдығы – Зәмзәгүлдің бойындағы тума болмыспен өзектесіп, дара жаратылысынан бастау алып жатқандай әсерге бөлейді көрерменді. Актрисаның мамырлата тамылжытып салған әні дауыс әдемілігімен әрленіп, түрленіп, қазақ қызына жарасатын биязы мінездің бояуы­на малынып, инабаттылықтың өресін танытып тұрғанын аңғару қиын емес. Бұл тек Зәмзәгүлге тән, соның қолынан келетін көрініс. Әлібек, Арыстан, Жарас немесе Көтібармен арада болған маңызды ой орамдары мен кейіпкердің жанына шоқ боп түскен жанрының нұры сахнаға қайталанбас құбылыстай көрік берген. Осындай ерекшеліктер комедияның жанрлық болмысын аша түскенін аңғарамыз. Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклі акт­рисаны сахналық өнердің тың өрісіне бастағандай әсер еткенін өзі де сол кездері айтып жүрді. «Мен Ақтоқтының бейнесінен бұрын-соңды болмаған адами мінездерді, оның қаға беріс көлеңкелерін, сүйіспеншілік сезімнің нәзік жібек жібіндей үлбіреген, серіні құлай сүюдің трагедиялық тағдырын өз басымнан кешкендей күй кештім. Сол жанға айналып кеткендей сезімде болдым. Мен оны бар жан-тәніммен сезіндім» деп еске алады Зәмзәгүл.
Зәмзәгүл жасаған бейнелер қазақ киноөнерінің тарихында мәңгіге қалды. Олар болашақ ұрпақтың рухани-адамдық қасиеттерін қалыптастыруға септігін тигізері, оларды көрген жасқа өзіндік игі әсері болары сөзсіз. Тек өткенімізді ұмытып кетпесек болды. Бүгінде қазақ сахнасының абыз анасына айналған Зәмзәгүл әлі аттан түскен жоқ. Көңіл құтысына жиған-терген білімін, тәлімін, тәжірибесін, өмірден үйренгенін, шеберлігін, сахнаның қадір-қасиетін ардақтауды жас өскін өнерпаздардың жүрегіне ұялату жолында еңбектеніп жүр. «Зәмзәгүл театр есігін ашса, кейінгі толқын жастар аяулы анасы келгендей бір марқайып, арқа-жарқа болып қалады. Өнердің өміршендігі де, актриса талантының құдіреті де міне осында» дейді қазақ театрының ақсақалы, Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаев.

Орынбасар ДӨҢҚАБАҚ

"Ана тілі" газеті.