БАҚ біз туралы

Көременін тәнтті еткен – «Қас-қағым»

Авторы Жабал Ерғалиев, Қоюшы-режиссері Елік Нұрсұлтан. 
Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиевтің «Қас-қағым» метафизикалық трагедиясының премьерасы жүріп жатыр. 
– Режиссер ретінде негізгі мақсатым осы спектакль арқылы ауру қоғамның өзінде махаббаттың бар екендігін көрсету. Себебі, қазіргі қоғамда сол ұлы сезім жоғалып бара жатыр… Адамдардың арасында қатыгездік, қаттылық белең алып, адамға тән қасиеттер азайып барады. Сол махаббатқа зәру, ауру қоғамның көрінісін осы қойылымда көрсеткім келді, – дейді спектакльдің қоюшы-режиссері Елік Нұрсұлтан. 
Қойылымның жанры – трагедия, ол сезімсіз, имансыз, сенімнен жұрдай қоғамның қорқынышты болмысын зерделейді деседі. Шым-шытырыққа толы спектакльде басты рөлде танымал актер Азамат Сатыбалды ойнайды. Өнер иесінің өзі «Қас-қағым» туралы:
– Пьесаны оқыған кезде оған бірден ғашық болдым. Шыны керек, осы кейіпкерім өзгелерге ұқсамаса екен деп көп іздендім. Өйткені, маған көптеген сын айтылып жатады ғой. Бұл – Елік Нұрсұлтанмен жасап отырған екінші жұмысым. Спектакль гауһар сияқты қашалған сайын нәр беретін, өң беретін әдемі дүние болады деп үміттенемін.

Айбек СЕРІКҰЛЫ

(Материал aynaline.kz сайтынан алынып,

толықтырылып жарияланды)