БАҚ біз туралы

АЛМАТЫ ТЕАТРЫНЫҢ ГАСТРОЛЬДІК САПАРЫ

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, алматылық Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры Арқалық тұрғындарына тарту жасады. Жергілікті жұртшылықтың назарына қазақтың лиро-эпостық жауһар жыры «Қыз Жібек» ұсынылды. Шаһар тұрғындары қойылымды ыстық ықыласпен қабылдап, рухани серпіліп қалғандарын айтты.
«Қыз Жібек» сазды драма – қазақ операсының даму қадамын нықтаған ұлттық шығармалардың бірегейі. 1934 жылдан бері сахнадан түспей келе жатқан қойылымға әр театр өзінше үн қосып келеді. Ал, басты рөлдерді сомдау – әрбір әртіске арман. 
Арқалық қаласындағы театр сахнасында спектакль алғаш рет қойылмаса да, тамашалауға келген көрерменнің қарасы көп. Жарты ғасырдан бері көгілдір экран мен сахнадан түспей келе жатқан халқымыздың төл лирикасы бұдан кейін де сахналана берсе, халықты жалықтырмас, сірә?! Өйткені, қазақ опера өнерінің дамуына септігін тигізен бұл қойылымның орны ерекше.
Ел бірлігі мен тұтастығы идеясы қатар өріліп, халықтың ой-арманы мен аңсары танылатын, бояуы жарқын қойылымда ұлттың өмірі мен тығыз байланысты дәстүрлер де жақсы көрініс тапқан. Театрға келген облыс әкімі осылай деп атап өтті.
Шара соңында облыс әкімі Әуезов атындағы өнер ордасының тарландарын марапаттады. Қостанайдағы сапарынан кейін, ұжым алдымен Астанаға аттанады. Онда елорданың 20 жылдығына арналған ауқымды театр фестивалі өтеді. 
http://kostanaytv.kz/kz/news/ruhanizhangyru/almaty-teatrynyn-gastroldik-sapary