СМИ о нас

Махаббат мұңы

                 Мағжан. Қазақ поэзиясының шолпан жұлдыздарының біріне айналған ақын. Талантты ақынның есімі Кеңес өкіметі тұсында қазақ әдебиеті тарихынан жазықсыз сызылып, оның маржан жырлары идеологиялық қудалауға ұшыраған болатын. Халқының тәуелсіз ел болғанын көруді аңсаған ол, өмірінің аса ауыр сәттерін бастан өткерді. Алайда өміршең жырлары кейінгі ұрпаққа өлмес мұра болып қалған Мағжан Жұмабаевты бүгінгі жұрт біле ме екен? Өлеңдерін халқының, ел-жұртының тағдырына арнаған лирик, сыршыл ақынның жары Зылиханы бүгінгі қауым қаншалықты біледі? Міне, осы жайттар жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» атты пьесасына арқау болды. Аталмыш қойылымның жуықта М.Әуезов атындағы Мемлекеттік драма театрында тұсауы кесілген болатын. Режиссері – Алма Кәкішева. Жиналған дүйім жұрт жазушының Мағжанды жаңаша қырынан танытқысы келгенін ұғынып, қойылымды тағатсыздана күтті.
              Сахна шымылдығы Мағжанның жары Зылиханың үнсіздікте отырған сәтімен ашылды. Қоғам мен адамның, өмір мен өлімнің бітіспес арпалысы Зылиханың көз жанарынан байқалады. Алайда ішінде қаншама теңіз дауылындай толқулар жатса да, жұрт Зылиханың ішкі мұңын түсінбес. Басты рөлді сомдаған актриса Дария Жүсіптің шеберлігі де осында болар. Дарияның жүріс-тұрысы мен сөз сөйлеу мәнері – бәрі-бәрі үйлесіп тұрды.
Екі актіден тұратын қойылымның алғашқы бөлімінде Зылиханың үйіне Мадина есімді жас актриса келіп, одан оның өмірі туралы білгісі келетінін айтады. Мадинаны сомдаған актриса Ләззат Қалдыбекова  кейіпкер бейнесін көрерменіне жеткізе білді. Мадина үшін Зылиха сынды Алаш ардақтысының жарымен танысу бүкіл ғұмырлық арманы болатын. Сондықтан Мадина әрбір қимылы мен әрбір сөзіне аса бір сақтықпен қараса да жастығынан болар, Зылиханы ренжітіп алады.
              Алғашында Мадина үйге кірісімен «Мағжан мен Зылиха туралы қойылым қойғалы жатырмыз» дегенінде Зылиханың ажарынан қуаныш сезімі білінген болатын. Алайда сол Зылиханы Мадина өзі ойнаймын дегенін естігенде, қуанышы су сепкендей басылды. Өмірге тереңнен қарайтын Зылиха сүргіні көп сұм заманнан гөрі, қулығы көп қазіргі қоғамға ренжулі. Оны «кеше ақынға тас атқан жандар бүгінде мағжаншыл болып алған» деп екіжүзділікті сынаған сөзінен аңғарамыз. Ұяттан қалып бара жатқан қоғамды тағы бір рет ащы сынайды. Сонымен бірге бүгінгі күннің ажырасу, баспана жайы сынды әлеуметтік мәселелерді де тілге тиек ете кетеді. Бүгінгі күннің шындығын сахна төрінен сынай айтатын Зылиханың бұл мінезі бүгінгі ұрпақ үшін өнеге. Зылиха қойылымды сахналауға үзілді-кесілді қарсылығын білдіргенімен, Мадина Зылиханың көңіл кілтін тапқандай болады. Бұл қойылымнан әр заманның өз сұрқылтайы бар екенін, қанша заман өзгерсе де, пешенесіне ауыр тағдыр жазылған жандар болатынын және бұл оларды одан бетер өмір сүруге құштарлығын арттыратынын ұғынғандай болдық. Оқиға желісі ақынның жары Зылиханың жалындаған жастық шағында «халық жауы» болып ұсталып, он жылын қапас түрмеде өткізген Алаш ардақтысының қасіретке толы тағдыры жайлы естелік әңгімесі арқылы өріледі. Мағжан ақынның өшпес бейнесі жүрек түкпірінде сақталып, күндіз-түні рухымен тілдесіп, махаббат дертіне шалдыққан Зылиха мен Мадина арасындағы диалог бір сағаттан аса жүреді.
Қойылымның екінші бөлімі Мағжан за­манының тынысынан сыр шертті. Жас Мағжанның рөлін ойнаған Алмас Шаяхметов, Валерий Брюсов рөліндегі — Жасұлан Байсалбеков, Кәжен рөліндегі — Талғат Сағынтаев, Гүлсім рөліндегі — Анар Бөкенбайлар өздері сомдаған кейіпкерлерінің мінезін ашуда көп еңбектенгені, дайындықтан өткені байқалады.                    Сахнада Мағжанның өлеңдеріне тәнті болған қатарластары бірінен соң бірі оның өлеңдерін оқи бас­тайды. Сол сәтте  Мағжан Зылиханы кездестіреді. Зылиханың күйеуі Кәженмен дуэльге шығып, Зылиханың ары таза екенін дәлелдейді. Міне, осы тұстан біз Мағжанды тек ақын ретінде ғана емес, батыл да шыншыл азамат ретінде танимыз. Иә, расында Мағжанның махаббаты да ерекше, ешкімге ұқсамайтын махаббат. Өзі үйленгелі жатқан кезінде Зылиханы келіп қолынан жетектеп айдалаға алып кету – ол сөзсіз ерлік. Оқиға осы сәттен бастап өрши түседі. Мағжан «халық жауы» ретінде екі рет ұсталады. Қаншама жылын түрмеде өткізеді. Сонда да ел тағдыры, ұлт тағдыры Мағжанды бейжай қалдырмайды. Себебі ол үшін халқынан ардақты, халқынан қастерлі дүние жоқ еді. Өмірінің соңына дейін «Халқым, жұртым…» деп жыр жырлаған ақын болмысы екінші бөлімде толықтай ашыла түседі. Сол қиын-қыстау уақытқа, небір кедергілерге қарамай, ерінің соңынан іздеп сан рет барған, өмір бойы Мағжан рухын ардақтап, өзінің соңғы демі біткенше ұлы ақын жырларының кейінгі ұрпаққа жетуіне бар-күш жігерін салған Зылиха бейнесі де қайсарлықтың бейнесі іспеттес еді. Ал олардың сыйластығы – кейінгі сан ұрпаққа өнеге. Мағжан ақынның жастық шағы мен Зылиха арасындағы сыйластықты сахналау арқылы Алаш ардақтысының бейнесін жасаудағы режиссерлік шешім де ұтымды шыққан.
Қойылымның безендірілуі де сәтті. Әр эпизод ерекше көркемдігімен ерекшеленді. Мәселен, қойылымның екінші бөлімінде Зылиха Мағжаннан айырылып, өзінің ішкі мұңын өлеңмен өрбіткен сәтте көрермен назары жұлдызға толы аспанға түсері анық. Бүгінгі заманның жаңа әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы айлы аспанды, дауылды күнді сахналап, көрерменіне жеткізе білу театрдың ізденісін көрсетсе керек.

Ақбота ИСЛӘМБЕК,

“Ана тілі” газеті