БАҚ біз туралы

Сыған серенадасы

Музыка әлеміндегі Шәмшінің рөлін бүгінде саралап, салмақтап жатудың қажеті жоқ. Оның төрдегі орнын халқы өзі сайлады. «Вальс королі» атанған сазгер – бүгінде Қазақстан Республикасының гимінің авторы. Міне, қазақ сахнасындағы Шәмші Қалдаяқовқа кеш болса да, еш жақсыға бөлеп берген алтын баға осы. Таудай талабымен алтын кесек дүниелерді қазақ қоржынына еншілеп кеткен асыл азаматтың бар бейнесін, өткен жолын, шығармашылығын, әсіресе, жастарға жақсылап жеткізу – бүгінгінің парызы.
Осыған орай, «Театр апталығы 12 жылдық мерейтойына арнап Қазақ академиялық драма театры «Сыған серенадасы» атты композитордың шынармашылығына арналған поэтикалық-музыкалық драмасын сахналады. Қойылымға деген астаналық ағайындардың ықыласын орын жетпесе де, спектакльдің соңына дейін сахнаға телмірген жандардың легінен байқауға болады.
Спектакльдің алғашқы шымылдығы консерваториядан шығарылып қалған Шәмші тағдырындағы түнекті сәттен басталады. Қамыққан, намысқа берілген азаматқа осы бір сәтте «ұшарын жел, қонарын сай» білетін сығандар тобыры кездесе кетеді. Ой жетегінде жүрген Шәмшіні алғашында тобырдың азаттығы мен өнерге деген құштарлығы қызықтырады. Мұнда ән де, сән де бар.

Сергелдеңге түсірген сезім

Бүгінде тарих, кешегі шынайы оқиға сығандар тобыры Шәмші Қалдаяқов өміріне өзінше әсер қалдырды. Ол осы ортада жүріп сыған қызы Изольдаға ғашық болды. Кейін аз ғана ғұмырына серік болған тобырға деген сағыныш пен қимастық өмірге жаңа әннің жол тартуына себепші еді.
Сыған қызы Изольда да махаббаттың шоғын үрлеп, Шәмшінің ойын да, бойын да билеп алады. Ғашықтарды әлдилеген махаббат бесігі, сүйіспеншілік оты осылайша әйгілі «Сыған серенадасы» әнін дүниеге әкеледі. Әлбетте, шынай әсерсіз, шынай тағдырсыз өміршең шығарманың дүниеге келуі де екіталай. Бұл қағида тұрғысынан қарағанда «Сыған серенадасы» - шынайы, мөлдір махаббаттың құрсағын жарып шыққан керемет дүниеге, ғажайып туынды. Әннің бүгінде халық аузында жатталып қалуы, өміршендігі осыны айғақтап отырса керек.

Изольданың болашақты болжауы

Спектакльге сығандар Шәмшіні жолықтырған бойда болашағын айтып береді. Оның қолын ұстаған сыған қызы шым-шытырық сызықтарға зер сала әнші екенін дөп басып айтқан Изольданың тапқырлығына таңғалса да, оның еңбегін бағалайды дегенге аса мән бермейді. Сығандар тобырымен бірге жүрген кезінде Шәмшінің тек композитор ғана емес, бірде ақыл-ойы толысқан өр мінезді азамат, енді бірде қазақы әзілге басатын ерек қасиетін байқауға болады. Тартысқа толы шытырман ортаның ортасында сезімнің сергелдеңіне түскен сазгер ең соңында тобырға еріп кете бермейді. Жаны ауырса да, Изольдаға қазақтар ер жігіт ел-жерін қорғайтын азамат, ата-баба аманатын аттап кетпейтін айтады. Бұл композитордың Отанға деген сүйіспеншілігін, тағы бір ерек қырын аша түседі.

Өнердің өрелі бесігі

«Сыған серенадасы» поэтикалық-музыкалық драмасының авторы – Исраил Сапарбай. Ал спектакльдің бас қоюшы-режиссері – Қазақстан Республикасының халық артисі, профессор, аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі Есмұқан Обаев. Шәмшінің рөлін сомдаушы артист, бүгінде ел арасында Ақылбай шал («Ұят болмасын»), Қырманбай шал («Бес бойдаққа бір той») сияқты кейіпкерлер есімімен танылған актер – Бекжан Тұрыс. Біз осы уақытқа дейін артистің сахнада қара домбырасын күмбірлетіп, қоңыр даусымен ән әуелететін тағы бір қырын білетін едік. Ендеше атақты композитордың өмір жолын сомдауда Бекжан Тұрыстың таланты мен талабы жеткілікті. Спектакльдің өн-бойы композитордың елге танымал көп музыкаларымен әрленген. Спектакльді әрлеуші – Ақтоты Райымқұлова.
Ал енді қазақ өнерінің қарашаңырағы, ұлттық мәдениетіміздің мақтанышы М.Әезов атындағы академиялық драма театрына келетін болсақ, бүгінде оны білмейтіндер сирек. Ол қазақтың тұңғыш кәсіби театры ретінде 1926 жылы 13 қаңтарда республиканың сол кездегі астанасы Қызылорда қаласында шымылдығын ашты. Алғашқы қойылымдары Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы мен М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзінді болды.
Бүгінгі таңда театрда белгілі өнер шеберлері А.Әшімов, С.Оразбаев, Х.Бөкеева, Х.Елебекова, З.Шәріпова, Ф.Шәріпова, Н.Мышбаева, Т.Тасыбекова, С.Қожақова, Б.Имашева сыңды үлкен буын өкілдері еңбек сіңіріп келеді. ал Қазақстанның халық артисі, профессор, Есмұқан Обаевтың режиссерлігімен «Абай», «Айман-Шолпан», «Пара», «Ескі үйдегі кездесу» және тағы басқа да қызықты қойылымдар өз көрермендеріне жол тартқан еді.

 Серікгүл Сұлтанқажы

«Астана» газеті 10 шілде 2010 жыл