БАҚ біз туралы

ӨНЕРІ – ӨНЕГЕ, КӨКІРЕГІ – ШЕЖІРЕ

Қазақстанның Халық артисі Сәбит ОРАЗБАЕВ 85 жаста

 
Бізде бүкіл ғұмырын театрға арнаған майталмандар аз емес. Солардың бірі – қазақ театрының абызына айналған белгілі актер, Қазақстанның халық артисі Сәбит Оразбаев.


Ертең – театр тарланының туған күні. Соған орай, мерейтой иесіне хабарласып, сұхбаттасқан едік.

 – Сәбит аға, туған күніңіз құтты болсын! Көңіл күйіңіз қалай?
– Рақмет, айналайын! Көңіл-күйіміз жақсы. Қазіргі жүріс-тұрысымызға қарап, аздап көңіліміз толмайды, бірақ жасымызға қарай осының өзі жарасымды екен. Құдайдың берген жасын жасап, еліңнің, халқыңның ортасында, өз жеріңде емін-еркін шалқып өмір сүргенге не жетсін. Домбырамен өлең айтып, халықпен кездесіп, сан рет көпшіліктің шапағатымен шабытымыз ашылып, қошеметіне бөлендік. Осының бәрі маған қуат берді, осы жасқа жеткізді. Қазіргі заманда 85 деген соншалықты қартайып тұрған жас емес. Қаусайтын жасқа әлі жеткеніміз жоқ. Өйткені, біздің жеріміз жақсы, ауамыз таза. Құдайға шүкір, жері шұрайлы, даласы кең бақытты елміз. Бүгінде атқамінер азаматтарымыз мүмкіндіктерінше халықтың жағдайын жасап жатыр. Барлығына рақмет! 85-ке келгенде барлығы жан-жақтан жапатармағай құттықтайды деп ойлаған жоқ едім.
– Бүкіл ғұмырыңызды театрға арнадыңыз. Қазіргі театр өнері жайлы айта отырсаңыз?
– Өмірімнің 66 жылын театрда өткізіппін. Есептеп, жазып жүргендер айтып жатыр ғой, осы уақытқа дейін жүзден астам бейнелер жасаппын. Театр – халықтың айнасы, бет-бейнесі. Ұлттың негізгі киесі театрдан басталады. Театрдағы қойылымдар – халықтың өмірі, тағдыры, тағылымы. Біздің М.Әуезов атындағы драма театры – сонау Кеңес одағының кезінен бері әлемдік деңгейде алдыңғы орындарға ие болып, марапатталып келе жатқан өнер ордасы. Театр өзінің жоғары деңгейінен түспейді деп ойлаймын. Бүгінде өсіп келе жатқан талантты жастар жетерлік, олардың арасында театр өнеріндегі аға буынның өнерін көріп, тәлімін алғандар да бар. Біз де өзімізге үлгі болған театр корифейлерінің мектебінен өттік. Кейіннен соңымыздан ерген жастарға көрген-білгенімізді үйретуге, үлгі болуға тырыстық. Біз әлі күнге ата-бабаларымыздың бізге аманат етіп қалдырған театр өнеріне кір келтірмей, абыройын асқақтатуға тырысып, сол үшін қызмет етіп келеміз.
– Аға, осыдан бірнеше жыл бұрын жарық көрген «Өмірдің өзі – театр» кітабыңызда қазақ театрының іргетасын қалаған ұлы тұлғалар жайлы көптеген естеліктер жаздыңыз. Қазір қандай шығармашылық дүниелермен айналысудасыз?
– Аяқталмаған дүниелерді айтқаным қалай болар екен?! Қарап отырмаймыз, әрине! Театрымыздағы спектакльдерге пікірімізді білдіріп, ақылымызды қосып отырамыз. Жаңадан қосылып жатқан актерлерге, әртістерге өнеге болсын деп бұрынғы бабаларымыздың жасаған бейнелерін талқылап, жеткізуге тырысып жүрген жайымыз бар, жеткізіп те жатырмыз. Газет беттеріне де біраз дүниелеріміз шығып жатыр. Қазіргі біздің тіршілігіміз осы ғой. Театрдың тарихын өзімізден кейінгілерге жеткізу. Бізді осындай дәрежеге жеткізген ұстаздарымыздың арқасында таңдаулы деген актерлердің қатарына іліндік. Ендігі біздің міндет – жас буынға бағыт беру. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғысы солай жүреді» деген қазақта. Біздің алдымыздағы арбаның бәрі мықты болды. Қазіргі таңда театрға келіп жатқан жастар көп, оларға да оңай емес. М.Әуезов атындағы театрда қызмет етудің жауапкершілігі жоғары. Мұнда біздің ең алдымен ана тіліміздің қадірі, қасиеті көрінуі керек. Ана тіліміздің абыройын жастарымыз ту қылып ұстаса екен деймін.




Асанәлі ӘШІМОВ,  КСРО-ның және Қазақстанның Халық артисі:
Сәбит – жолы болған актер

 Сәбит Оразбаев, Райымбек Сейтметов үшеуміз айырылмастай дос болдық. Жастығымыз бірге өтті. Достығымыз бүгінге дейін жалғасып келеді. Сәбит жайлы айтар сөз көп қой. Күнделікті өмірімізде, өнерде басымыздан өткен естеліктер, ойнаған рөлдер жетерлік. Үйлену, үй болу, балалы-шағалы болу, барлығын бірге өткеріп келеміз. Менен бір жас үлкендігі бар. Соны пайдаланып Сәке деймін. Бірақ енді құрдаспыз, сахналаспыз ғой. Екеуміздің өнердегі мектебіміз бір. Сонау Қалибектердің, Серағаңдардың, Шәкеңдердің үлкен мектебінен өттік. Олар бізді арнайы оқытқан жоқ. Бірақ біз солардың жүріс-тұрысынан, әрбір іс әрекетінен үлгі алдық, өтірік айтпауды, шыншыл болуды үйрендік. Сәбит жолы болған актер! Ол әріптестерінің, отбасының, достарының арасында да өте беделді. Көргені, түйгені мол замандасыма денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін.    



Бекжан ТҰРЫС, актерҚазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
 Домбырасын сыйға тартты
 Сәбит ағамыз кешегілерден қалған көз, қасиетті қара шалдардың бәрін көрген, өнердің киесі дарыған біртуарлардың қолына су құйған кісі ғой. Олардың айтқандарын көкейге тоқыған, көп әңгімесін білетін адам. Сәбит ағам өзі де айтқыш, кезіндегілердің аузынан шыққан тағылымды әңгіменің бәрін өзінен кейінгілерге жеткізіп келе жатыр. «Бекжан, бұрынғылар жайлы сөз қозғағанда Елубай ағаңды айтып қана қоймай, сол кездегі қара шалдардың бәрін бірдей ата, біреуін айтып, біреуі қалып кетпесін», – деп ескертуден жалықпайды. Өйткені, өзі ешқашан көзін көрген үлкендерді бөліп-жармайды.

Ол кісі де жас кезінде «Қан мен терде» Сүйеу қартты ойнады. Ауылдағы өзі көрген қариялардың болмысын көңіліне түйіп өскендіктен ол кісінің Сүйеу қарты мүлде бөлек, ерекше болып шыққан. Сәбит ағамен менің табиғатым ұқсас, ол кісі – керемет жыршы, мен де әнге құмармын. Сәбит ағаның жыршылығын көп адам біле бермейді. Өкінішке қарай, бүгінгі жастар үлкен кісіден бірдеңе алып қалуға, бірдеңе үйреніп қалуға енжар. Ондай енжарлық өзімде де бар. Бір жағынан, дайындықта жүріп уақыт таппаймын. Ал кейде жасы үлкен кісі болғандықтан орынсыз әурелегім келмейді. Сәбит ағаның өмірде де, өнерде де салмақты, сабырлы, біртоға қалпын сақтап, әдемі қартайған болмысына қызығамын. Кісі сыйлауды да, айналасына өз басын сыйлатуды да Сәбит ағадан үйренгеніміз жөн. Театрдың бүгінгі күнгі абызына, қазыналы қартына, аузы дуалы ақсақалына айналған Сәбит аға маған домбырасын сыйлаған болатын. Көнелердің көзіндей, қазақтың өзіндей болған қасиетті домбыра әрі тәбәрік, әрі Сәбит ағамның жолын берсін деп іштей ырымдағандықтан ең бір құнды дүние ретінде бойтұмардай болып шаңырағымда тұр.



"Өмірдің өзі-театр"

 (Сәбит Оразбаев кітабынан естеліктер)


Серағаңның мұрны
Мәскеуге «Қобыланды» спектаклін апардық. Ол кезде біздің театрдың дүркіреп тұрған кезі. Бас режиссеріміз – Ә.Мәмбетов. Серағаңның (Серке Қожамқұлов, – ред.) өзі ешкімге ұқсамайтын. Мінезі де шатақ болатын. Бетін әрлеп жатқан. Бәріміз қатар отырғанбыз. Бір жастау режиссер Серағаңның қасына келіп: «Вот такой нос не годится», – деді. Серағаң ала көзімен бір қарады да бетін бояй берді. Әлгі жігіт: «Теледидарға көп бояудың қажеті жоқ» деді де кетіп қалды. Серағаң ол кеткесін: «Жаңағы бала не деп кетті. Нос деп кетті ғой», – деді. «Ол бірдеңені түсінбеген ғой» дедім мен. Бір кезде әлгі режиссер қайтып келді де, Серағаңның қасында тұрып алып, «Я же вам на русском языке говорил. Вот такой нос не годится. Половину надо убрать?», – деді. Серағаңның көздері шатынап кетті. Орнынан тұрды да: «Это мой собственный нос», – деп мұрнын қолымен періп жіберді. Мұрны дір-дір етіп барып тоқтағанда, әлгі режиссер жігіт шалқасынан құлады. «Ой, пожалуйста, извините», деп қайта-қайта жалынып бәйек болды. Бұл енді кішкентай ғана деталь.
Баяғыда Құрекең Серағаң спектакльдердің кестесін оқып тұрғанда: «Әй, Серке, мұрныңды жинашы, біз өтіп кетейік», – деп қалжыңдайды екен.
«Сен ойна, не мен ойнайын!»
Сахнаға Қодар шыққан кезде жұртшылық та шулап кетеді. Халықтың ұғымында ол өте жауыз адам ғой. Әсіресе, Қозы мен Қодардың қылыштасатын жері бар. Енді кездеспеуге серттесіп, екеуі екі жаққа кетеді. Сөйтсе залда отырған бір көрермен шал: «Әй, атаңа нәлет, Қодар, ақыры соның түбіне жетесің-ау», – деп қайта-қайта айқайлап отыратын көрінеді. Бір кезде шыдамы таусылған Нұрмұхан Жантөрин сұсты көзін шалға қадап, «Әй, ақсақал, не сен ойна, не мен ойнайын. Неменеге менімен жағаласа бересің?», – дейді. Шал: «Ойнай бер, ойнай бер, бірақ бәрібір түбіне жетесің ғой», – деп қоймайтын көрінеді. Ақырында Қозыға пышақ салып, өлтіріп жатқанда Қозының: «Баян, Баян! Арманда кеттім-ау, Баян!» деп шалқасынан құлайтын жері бар ғой, соған келгенде әлгі шал орнынан атып тұрып: «Атаңа нәлет, Қодар, ақыры өлтіріп тындың ба?», – дейді бар даусымен. Жұрт қой десе қоймайды. Сонда Нұрмұхан қолында пышағы бар, тура әлгі шалға қатулы қабағымен қараған ғой. Әлгі шал: «Айттым ғой, бұл енді мені өлтіреді», – деп сыртқа қарай тұра қашыпты.
«Бұл қандай әртіс?»
Асқар Сүлейменов қалай болса, солай болбыр сөйлемейтін. Бекерге сөз айтпайтын. Әр сөзінің өзі қорғасындай болатын. «Мынау не?» дейді, оны айта бастасаң, «білем» дейді. Сондай бір қайырып тастайтын сөздері бар еді.
Бірде театрда қойылатын спектакльдердің кестесін оқып тұрса, қасына Сүртібаев келеді арғы жағынан. «Бүгін не болады екен, ертең не болады екен, кімдер ойнайды екен?» деп сұрақты үстін-үстін қойып, Асқарды иығымен итеріңкіреген ғой. Бергі жағында Әубәкір тұр екен. «Мені итеріп жатқан мынау кім?» деп Әубәкірден сұрапты. «Бұл Мүлік Сүртібаевич қой», – дейді. «Мүлік, сонда қалай болды, өзі мүлік болса, әкесінің аты Сүртібай болса, бұл қандай әртіс?», – дейді. Мұны естіген Мүлік ашуланып кетіп қалыпты.

Әзірлеген Айнұр СЕНБАЕВА.


Ақпарат: https://almaty-akshamy.kz/neri-nege-k-kiregi-shezhire/