БАҚ біз туралы

«ҚАРАШАҢЫРАҚ – 2021» театр фестивалінің жабылуы

2021 жылдың 14 желтоқсанында М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Қарашаңырақ-2021» театр фестивалінің жабылу салтанаты өтті. Жиында фестиваль аясында көрсетілген 5 спектакльдегі шығармашылық құрамның үздік жұмыстары арнайы номинациялармен марапатталды.

Ендеше, фестиваль қорытындысы төмендегідей:
• «Үміт» жүлдесімен «Екеуміз» спектакліндегі рөлі үшін – Әділет Базарбай мен «Пері қатын» спектакліндегі Балауса рөлі үшін Индира Құлмағанбетова;
• «Екеуміз» спектакліндегі кәсіби жетістігі үшін –  Ғалымбек Оспанов пен Мадина Келгенбай; 
• «Пері қатын» спектакліндегі кәсіби жетістігі үшін – Аспаз рөліндегі Асан Мәжит пен Ақ Бикеш рөліндегі Лейла Тілеуова;
• «Үздік ер адам бейнесі» жүлдесімен «Пері қатын» спектакліндегі Дінбасы рөлі үшін – Бауыржан Қаптағай;
• «Үздік әйел адам бейнесі» жүлдесімен «Пері қатын» спектакліндегі Пері қатын рөлі үшін – Данагүл Темірсұлтанова марапатталды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қарашаңырақ-2021» фестивалінің атаулы жүлде иегерлерімен таныс болыңыздар!
• «Серке Қожамқұлов» атындағы жүлдемен «Пері қатын» спектакліндегі Әскербасы рөлі үшін – Төлеубек Аралбай;
• «Әшірәлі Кенжеев» атындағы жүлдемен «Барымен базар» спектакліндегі Зарық рөлі үшін – Жұмағали Маханов;
• «Фарида Шарипова» атындағы жүлдемен – «Туған күн» спектакліндегі рөлі үшін – Назгүл Қарабалина;
• «Рахия Қойшыбаева» атындағы жүлдемен «Барымен базар» спектакліндегі Төлбасы рөлі үшін – Гүлшат Тутова;
• «Зәмзәгүл Шарипова» атындағы жүлдемен «Барымен базар» спектакліндегі Күміс рөлі үшін – Шынар Жанысбекова;
• «Марфуға Байзақова» атындағы жүлдемен «Барымен базар» спектакліндегі Кеней рөлі үшін – Нұржан Бексұлтанова;
• «Қайрат Сүгірбеков» атындағы жүлдемен «Пері қатын» спектакліндегі үздік режиссура үшін – Елік Нұрсұлтан;
• «Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл» арнайы сыйлығымен Үсіпхан Сейтімбет пен Гүлнар Сейтімбет,
• «Драматургиядағы алғашқы қадамы» үшін – Баян Қажынәбиева марапатталды.
Сондай-ақ, театрымыз ұйымдастырған «ТикТок Бәйге» жеңімпазы – Қуаныш Бейсағалиев атанды.

Фестивальдің алғашқы күні пресс конференцияда театрымыздың директоры Еркін Жуасбек өз сөзінде: «Бұл фестивальдің мәні – бір жылда жасалған жұмыстардың қорытындысын, нәтижесін шығару. Әсіресе, сахнадағы процесс – актерлік, режиссура өнері, сценография сынды салаларға көңіл қою. Біз биыл осы айтулы шарамызды Тәуелсіздіктің 30 жылдығына бағыштап өткізгелі отырмыз. Әрине, жасаған жұмыстарымыздың бәрі керемет деуден аулақпыз. Біздегі мақсат – не істедік, қандай қателік жібердік, қандай жетістікке жеттік – осыны саралау, істелген жұмысымызға кәсіби мамандардың назарын бұру», - деп көрсеткен еді.
Ендеше, діттеген мақсатқа жеттік деп есептейміз!
Жеңімпаздарды театр ұжымы атынан шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық зор табыс тілейміз!

Баспасөз қызметі