БАҚ біз туралы

«Тендерге түскен келіншек»

Аты қызық бұл спектакльдің маусымның 25-і күні Әуезов драма театрында премьерасы өтті. Бастапқыда барған адамға түсініксіз, қалайша тендер, неге келіншек… әлбетте атының өзі интрига туғызарлық.
Драма көлігімен жол бойында тұрған кісіні қағып кеткен жалғыз ұлдарын пара беріп соттан алып қалмақ болған ерлі-зайыпты Сағила мен Таубай жайлы. Баласын құтқармақ болып тергеуші талап еткен 100 мың долларды табу үшін Сағила жас кезінде артынан қалмай жүгірген бай досы Мырзабекке қарызға сұрауға барады. Қарыздың қайтарымы: «Күйеуіңнен ажырасып, маған әйел болып ти» деген талап. Сағила мүгедек күйеуі Таубаймен ажырасып, баласын түрмеден аман алып қалады. Ал Таубай ұрысқақ келіні мен ұлының бай өкіл әкесіне баули бастағанын көтере алмай кезбеге, яғни БОМЖ-ға айналады. Жалғыз немересін сағынып, құлазыған сәтте өзіне қол жұмсамақ болған жерінен немересі іздеп келіп, аман қалады.
Былайынша өмірде болмайтын, абсурд қиял сияқты. Алайда дардай баласының жауапкершілігін өз мойындарына артатын ата-аналар аз емес, режиссердің айтар басты мақсаты да осы болар. Қойылым авторы — Медеу Сәрсеке, қоюшы-режиссер Оразхан Кенебаев, қоюшы-суретші – Ерлан Тұяқов.
Басты рөлдердегі Сағиланың рөліндегі Дария Жүсіп, отағасы Таубайды Бекжан Тұрыс, ұрысқақ келіні Айнагүлдің рөліндегі Салтанат Бақаева, тергеушімен үй-іші арасындағы делдал Жорабекті сомдаған Азат Сейітметов, ал Таубайдың тағы бір кезбе досы Сергейдің рөліндегі Жанат Тиынбаев сол күні көрерменнің зор ықыласына бөленді.
Спектакльдің ғұмыры ұзақ болып, театрдың алтын қорына енер деген үміттемін.

Anarka Must

on.kz/