БАҚ біз туралы

ТАЛДЫҚОРҒАНДА САФ ӨНЕРДІҢ САРАЙЫ АШЫЛДЫ

Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнердің өрісі кеңіді. Театр тарландары қайта түледі. Рухани жаңғырды. Дәл қазір тұрпаты тотыдай түрленген, көркі көктемдей бүрленген Талдықорған шаһарында мамырдың майда лебіндей қуаныш лебі есуде. Ол қуаныш - жалпы халыққа ортақ той - жаңа драма театры ғимаратының ашылу салтанаты. Саф өнер сарайының ашылу салтанатына орай «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты Орталық Азия елдерінің VII Халықаралық театр фестивалінің алауы тұтанғанды.
Аталмыш игі шараның шымылдығын облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ құттықтау сөзбен ашты. Ол:
- Өнер - ұлт жаны. Қашанда қазақ руханиятына, өнеріне қолдау керек. Біз нәсілі асыл елдің қасиетті құндылықтарын биік көтеріп, әлемге таныту мақсатында жұмыс жасап келеміз. Соның жанды көрінісі - бүгін ашылып отырған Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының жаңа ғимараты, - деді. Сонымен қатар, облысымыздағы атқарылып жатқан игі істерді атап өткен өңір басшысы осындай жетістіктердің төркінінде парасатты Президентіміздің нақты тапсырмалары мен міндеттері жатқанын да атаусыз қалдырмады.
Өз кезегінде сөз алған КСРО Халық әртісі, қазақ кино өнерінің феномені Асанәлі Әшімов:
- Армысыздар, өнерсүйер ағайын! Бүгін бүкіл халық үшін үлкен мереке. Бұл - ұлы той. Қазақ кино және театр өнерінің өркендеуіне, қарыштайтындығына осындай кезде илана түсеміз. Сол үшін Елбасыға, Президент тапсырмасын орындап жүрген Амандық Ғаббасұлындай бауырымызға алғыз айтуымыз керек. Бұл ел игілігі үшін жасалған ғажайып тарихи оқиға, - деді.
Одан кейін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Құттықтау хаты оқылды. Ал жиынды тамашалаған жетісулық қауым ақеділ пейілін арнап, ұлы тойдың куәсі болған осы күнді аспаннан шуға жауған сәт деп тебірене толғанды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, облыс әкімдігі мен ҚР Театр одағы қауымдастығы ұйымдастырған халықаралық театр фестивалі осынау қуаныш үстінде шымылдығын түрді.
Айта кетелік, дүбірлі өнер фестивалі Астана қаласының 20, Темірбек Жүргеновтың туғанына 120 жыл толуына орайластырылып өтуде. Шара аясында бірқатар өнер қайраткерлері "Серпер" сыйлығымен марапатталды. Жаңа ғимараттың сахнасы әйгілі "Айман-Шолпан" пьесасымен ашылды. Театр 510 адамға лайықталған. Екі қабатты. Рухани орданың облыс орталығынан бой көтеруіне Елбасының өзі қолдау білдірген.
Талдықорғандағы театр фестиваліне Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Белоруссия сынды бірқатар мемлекеттің және еліміздегі республикалық, өңірлік театр ұжымдары қатысуда. Қазан айының 30-нан қарашаның 6-шы жұлдызы аралығында өтетін аталмыш ірі байқауда 20-дан астам қойылым көрестілмек деп күтілуде. Сондықтан да, театрсүйер халық пен көзі қарақты көрерменге айтулы тойды тамашалаудан қапы қалмаңыз дегіміз келеді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

http://zhetysu-gazeti.kz/news/cat-12/3479/