Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан бұл фестивальдің негізгі мақсаты: театрдың бір жыл ішінде жұртшылық назарына ұсынылған спектакльдерінің көркемдік деңгейін айқындап, театрдың шығармашылық процесіне барлау жасау, репертуар түзудегі, сахнаға шығарма таңдаудағы эстетикалық талап-талғамын бағамдау. Осы тұрғыдан саралайтын болсақ, бір жылдың ішінде театр репертуарына Д.Исабековтың «Жаужүрек», М.Әуезовтің «Қилы заман» (сахналық нұсқасын жасаған Н.Оразалин), М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек», С.Асылбекұлының «Империядағы кеш» және И.Сапарбайдың «Қыз мұңы» лирикалық драмасы қосылды.
Осы шығармаларға қарап-ақ қазақ сахна өнерінің қара шаңырағына айналған өнер ордасының ұстанған бағыт-бағдарын аңғару қиын емес. Ең бастысы, театр өзінің академиялық деген статусына лайық репертуар саясатын дұрыс түзіп, замандастарымыздың көркемдік-эстетикалық таным-талғамын ұштауда белсенділік көрсетіп келеді.
Фестиваль күндері барлық спектакльдерде аншлаг болып, көрермендер үлкен ықыласпен тамашалады. Фестиваль шымылдығын ашқан Д.Исабековтың «Жаужүрек» драмасының сахна төрінен орын алуының маңызы зор деп есептейміз. Балуан Шолақтай «сегіз қырлы, бір сырлы» ел ардақтыларын бүгінгі ұрпақтың жадынан өшірмеу үрдісі өз жалғасын таба беруі тиіс. Сонау 1926 жылы кәсіби театр шаңырақ көтерген кезде режиссер Жұмат Шаниннің «Арқалық батырды» сахнаға шығаруы тегін емес еді. Сол режиссерімізден басталған дәстүр бүгінгі күнге дейін жалғасып жатқаны құптарлық іс.
Шығарманың идеялық мазмұнын, көркемдік ерекшеліктерін, жанрлық түрін терең түсінген режиссер ғана оның өзіне лайық пішінін табады. Е.Обаев «Жаужүректі» қаһармандық драма үлгісінде шешіп, кең масштабты, эпикалық спектакль жасап шығарды. Спектакльдің табысты болуына Е.Біләл (Балуан Шолақ), А.Боранбай (Долгоносов), Д.Жүсіп (Елизавета), Д.Ақмолда (Троицкий), Н.Қарабалина (Екатерина), Цирк директоры –Б.Маңжігітов, т.б. актерлер үлкен үлес қосты.
М.Әуезовтің «Қилы заман» туындысының репертуарға қайтадан келіп қосылуы да бүгінгі жас ұрпақ үшін аса қажет демекпіз. Қойылымда аса үлкен қоғамдық-саяси әлеуметтік мәселелер кеңінен қамтылған. Ә.Рахимов туындының идеялық мазмұнына барынша бойлап, 1916-шы жылғы қазақ даласында болған ұлт-азаттық көтерілістің мән-мағынасын ашумен бірге, халқымыздың туған ел, туған жер қадірі туралы ойларын алға тартты. Ресей басқыншыларының отаршылдық саясатына қарсы шығып, өзінің елі мен жерін, тілі мен дінін қорғау жолындағы күрес – спектакльдің үзілмес желісі, идеялық түйіні болды.
Спектакльде Жәмеңке рөлін ойнаған Б.Тұрыс, Ұзақ батыр – С.Мерекеұлы, Хлыновский – Ш.Үркімбаев, Рахымбай –
Ж.Толғанбаев, Қара жаулықты ана – К.Шаяхметова, Нүке – М.Нұрәсілов өз кейіпкерлерінің психологиялық тебіреністерін, сезім иірімдерін иланымды шығарды.
Поэзия әлемінің қыр-сырын жетік білетін И.Сапарбайдың желтоқсан тақырыбына арнап «Қыз мұңы» деп аталатын лирикалық драма жазуы құптайтын жәйт. Себебі, ұлт мүддесі мен ел Тәуелсіздігі жолында мерт болған қазақ жастарының трагедиясын қозғайтын пьесалар қазақ драматургиясында тым аз. Театр ұжымының аталмыш драмаға қол созуының түпкі мақсаты да, тақырыптың өзектілігімен ұштасып жатқандығында болды.
Спектакльдің көрермендерге ой салары сөзсіз. Дегенмен де, пьеса драма шарттылықтарына бағындырылмаған. Оқиғасында тұтастық жоқ, барлығы бөлшектеніп кеткен. Кейіпкерлердің даралық қасиеттері ашылмаған. Пьеса олқылығы режиссер Т.Аралбайдың көсіле жұмыс жасауына кедергі келтірген. Атап айтар болсақ, сахнадағы оқиғалар бір-бірімен байланыспай қалған. Әсіресе, түнгі клубта өткізілетін Сағыныштың (Г.Шыңғысова), туған күн кеші жасанды шықты. Тойға жиналған жастардың әрекеті нанымсыз, қолдан қиыстырылған. Спектакльдің музыкалық партитурасында жанр табиғатына лайық үндестіктер болғанымен де, фонограммамен айтылатын әндер тым көп. Бұл спектакльдің ырғақ-екпінін бәсеңдетіп, уақытын тым ұзартып жіберді.
Спектакльдің басты кейіпкері Ғазизді (А.Сұрапбаев) тергейтін сахнада ғана аласапыран заманның лебі сезіледі. Бірақ бұл көріністің өзі де тым созылып, нақтыланбай қалған.
Генерал рөлін ойнаған Е.Біләлов кез-келген заманға бейімделгіш, екіжүзді, арсыз адамның құбылмалы мінезін айнытпай жасады. Театр алдағы уақытта пьесалардың көркемдік сапасына деген талғамдарын күшейте түссе көп ұтары даусыз.
Бүгінгі замандастардың келбетін көрсетуге деген ұмтылыс «Тендерге түскен келіншек» және «Империядағы кеш» спектакльдерінде көрініс тапты. М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» драмасын қойған О.Кенебаев спектакль оқиғасының шарықтау шегіне жетіп, отбасының күйреуіне дейінгі аралықты бір желіге бағындырып, кейіпкерлердің мінезіне дұрыс трактовка жасаған.
Машинамен кісі қағып кеткен жалғыз ұлдарын пара беріп соттан құтқармақ болған ерлі-зайыптылардың ақша таппай шарасыз күй кешулері Сағила – Д.Жүсіп пен Таубай – Б.Тұрыс ойындарында эмоциялық дәлдікпен берілген. Баласының жолында басын құрбандыққа байлаған Сағила амалсыздан жас кезінде өзіне ғашық болған, қазіргі мықты кәсіпкердің бірі Мырзабектің айтқанына көніп, күйеуінен ажырасып, соған тұрмысқа шығады. Өмір бойы нанын адал еңбекпен тауып жүрген Таубай өмірден түңіліп, тентіреп кетеді.
Спектакльдің негізгі идеясы – жеке бастың пайдасы үшін ұлттық құндылықтарды белден басып, адамдардың ұсақталып бара жатқанын көрсету.
Осы қойылыммен үндес, келесі «Империядағы кеш» спектаклінің оқиғасы «Империя» деп аталатын мейрамханада өтеді. Мейрамхана иесі, кәсіпкер Айдарды (Р.Сенкебаев) туған күнімен құттықтап келген бұрынғы ғалым әріптестері Сұлтанбек (Ж.Толғанбай) Тойболды (Д.Ақмолда), Нұрсұлу (Г.Жакупова) ақ тілектерін ағыта жөнеледі. Спектакльдің алғашқы сахнасынан бастап-ақ режиссер А.Кәкішева Айдар мен оның әйелі Ұлжалғас (Н.Бексұлтанова) екеуінің арасында ешқандай да сыйластықтың жоқтығын аңғартып өтеді. Қонақтардың алдында тату-тәтті көрінуге тырысқан ерлі-зайыптылардың жасанды әдептіліктерін Р.Сенкебаев пен Н.Бексұлтанова жақсы тапқан. Бірін-бірі қас пен қабақтан ұғысқан актерлер өз кейіпкерлерінің бір көңіл күйден екіншісіне ауысуын шеберлікпен бере алды. Екі актердің ойыны әдемі актерлік дуэтке айналған.
Мұндай шығармалардың театр репертуарына келіп қосылуы, көрермен қауымды бір сәт ойлануға, өз іс-әрекеттеріне жауап беруге бастайтыны сөзсіз.
Фестиваль кезінде негізінен актерлердің орындаушылық шеберлігі басты назарда болды. Былтырғы жылмен салыстырғанда, едәуір ілгерілеушіліктің бар екенін жоққа шығармаймыз. Өткен жылы актерлердің сахнада сөйлеу мәнеріне қатысты қазылар алқасы тарапынан бірнеше ескертулер жасалған болатын. Биыл сахна тілін дамытуға олардың әжептеуір күш жұмсағандарын байқадық.
Театр – көрермендердің көз алдында өтетін өнер түрі. Содан болар, фестивальдік спектакльдердің барлығында да актерлер көп қобалжыды. Бұл спектакльдердің ырғақ-екпінінің дұрыс сақталмай, уақытын ұзартуға ұрындырды. Паузалар өте көп. Динамика жетіспей жатты. Режиссерлердің есіне сала кететін бір жәйт, театрға жаңадан келіп қосылған жас актерлердің көбі актерлік ансамбльге кіріге алмай жатты. Кейіпкердің өсу эволюциясы, рөлдің диалектикалық дамуы кейбір орындаушылардың ойынында тым солғын болды. Психофизикалық әрекетті қатар алып жүру жағы да жетіспей жатыр. Біздіңше, спектакль тұтастығының толық сақталуына әлі де болса актерлердің барлығы жұдырықтай жұмыла түсулері қажет.
Бұрынғы фестивальдерде тек актерлердің ғана еңбегі марапатталып келсе, биыл ерінбей-жалықпай жұмыс істейтін режиссерлердің де еңбектері ескерілді. Спектакльдердің барлығынан да режиссерлік ізденістердің сілемі байқалатыны қуантады.
Сөз соңында, Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының бүгінгі бағыт-бағдарының айқындығын, фестиваль мазмұнының жыл өткен сайын тереңдеп, актерлерді жаңа белестерге бастап келе жатқанын баса айтқымыз келеді. Театрдың өз ішіндегі шығармашылық бәсеке орындаушылардың шабытына қанат бітіріп, жаңа ізденістерге жетелейтіні белгілі. Ендеше, тарихы терең театрдың көреремендерге берері әлі де мол екені даусыз.
Бақыт Нұрпейіс,
Өнертану докторы, профессор.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының
«Кино,ТВ және өнертану» факультетінің деканы.
Фестиваль қорытындысы бойынша «Тұсаукесер» жүлдесі «Тендерге түскен келіншек» қойылымындағы Сергей рөлі үшін Жанат Тынбаевқа, «Үміт» жүлдесі «Жаужүрек» қойылымындағы Цирк директоры рөлі үшін Бауыржан Маңжігітовке, «Есте қалар кейіпкер» жүлдесі «Қилы заман» қойылымындағы Рахымбай рөлі үшін Жалғас Толғанбайға, «Есте қалар кейіпкер» жүлдесі «Қыз мұңы» қойылымындағы Генерал рөлі үшін Ерлан Біләлға, «Ұлттық болмысты нанымды бейнелеген» жүлдесі «Қилы заман» қойылымындағы Қара жаулықты ана рөлі үшін Күнсұлу Шаяхметоваға, «Кейіпкерге сүйіспеншілік» жүлдесі «Тендерге түскен келіншек» қойылымындағы Сағила рөлі үшін Дәрия Жүсіпке, «Заманмен үндес кейіпкер» жүлдесі «Қыз мұңы» қойылымындағы Ғазиз рөлі үшін Азамат Сұрапбаевқа, «Сахналық үйлесім – актерлік дуэт» жүлдесі «Империядағы кеш» қойылымындағы Айдар Сейітқалиұлы рөлі үшін Руслан Сенкебаевқа, «Сахналық үйлесім – актерлік дуэт» жүлдесі «Империядағы кеш» қойылымындағы Ұлжалғас рөлі үшін Нұржан Бексұлтановаға, «Сахналық үйлесім – актерлік дуэт» жүлдесі «Жаужүрек» қойылымындағы Троицкий рөлі үшін Дулыға Ақмолдаға, «Сахналық үйлесім – актерлік дуэт» жүлдесі «Жаужүрек» қойылымындағы Екатерина рөлі үшін Назгүл Қарабалинаға, «Сахналық дәстүр сабақтастығы» жүлдесі «Қилы заман» қойылымындығы Жәмеңке рөлі үшін Бекжан Тұрысқа, «Уақытпен үндес көркем қойылым» жүлдесі «Империядағы кеш» қойылымының режиссері Алма Кәкішеваға, «Уақытпен үндес көркем қойылым» жүлдесі «Тендерге түскен келіншек» қойылымының режиссері Оразхан Кенебайға, «Ұлттық рухты көркем қойылым» жүлдесі «Қилы заман» қойылымының режиссері Әубәкір Рахимовқа, «Эпикалық көркем қойылым» жүлдесі «Жаужүрек» қойылымының режиссері Есмұхан Обаевқа берілді. Сондай-ақ, театрдың бір жылдық жұмысын насихаттағаны үшін «Театр және ақпарат» арнайы жүлдесімен «Заң» газетінің тілшісі Шолпангүл Қараева, «Айқын» газетінің тілшісі Қаншайым Бағдаулетова, «Литер» газетінің тілшісі Мира Мұстафина, «Астана» телеарнасының тілшісі Ришат Асқарбекұлы, «КТК» телеарнасының тілшісі Гүлмира Әбіқай сынды журналистер марапатталды.