СМИ о нас

Ақша мен ардың таласы

Әлсіз бен күшті. Шындық пен жалған. Кездесу мен қоштасу. Осының бәрі бір қойылымның ішінде болып жатқан қайшылық. Алайда негізгі түйіні – ақиқат, әділдік үшін күрес.
Әсел: Сіз сотталғансыз ба?
Әртіс: Менің әкем түрмеде отыр. Бөгде адамның дүние мүлкін ұрлағаны үшін. Егер, трактор екі жыл бойы айдалада жатса, ол қайдағы ұрлық? Ол оны өз қолымен үйге алып келді, ешкімнен тыққан жоқ. Міне, сол кезде иесі табыла қалды! Әкемді ұрлықшы деп кінәлады! …Анам болмағанда ол қанішерді өз қолыммен қылқындырып, өлтірер едім.
Әсел: Шыдам­ды­лық­қа үйрену керек. Құдай бәрін көріп тұр. Ол өзі бәрін ретке келтіреді. Егер адам шынымен қанішер болса, бүгін бе, ертең бе, әйтеуір жазасын тартады. Тек күте білу керек.
Әртіс: Әкем түрмеде жатыр, ол жер емделетін профилакторий емес! Ол неге жазықсыздан-жазықсыз отыруы керек?! Ал неге күтуім керек? Қанішерлер миллиондап қылғытып жатыр, онымен ешкімнің ісі жоқ!
Әсел: Сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да әкеңіз заңды бұзды. Заңға қарсы шығу қылмыс, қылмысқа қылмыс жамалмау керек.
Әртіс:Мен заңға қарсы шығуға шақырып тұрған жоқпын. Мен заңның әділ болғанын қалаймын. Заң бәріне бірдей. Ал түрмелерде қаншама ізгі, таза адамдар отыр. Мен оны көрдім. Ал мұның себебі не? Себебі көбін алдап соққан, аяқтан шалған! Сатқындық жасаған! Міне, солар әділетсіздіктің құрбаны. Шортандар – еркіндікте, шабақтар – қамауда.
Әсел: Құдай олардың да жазасын береді. Бүгін болмаса ертең.
Әртіс: «Біздің барлығымыз қылмыстың тура болмаса да, жанама сыбайласымыз». Мұны маған ақ шашты профессор айтып еді. Меніңше, өте дұрыс айтқан. Журналис­тер лауазымы өте жоғары шенеуніктен: «Пара бердіңіз бе?»,– деп сұрапты. Сонда ол: «Бір емес бірнеше рет бердім. Қайта-қайта бердім. Әйтпесе осындай «адам» болып қалыптаспас едім ғой»,– деп жауап беріпті. Таң қалмасқа шара жоқ! Ол өзін нағыз адаммын деп тұр. Және өзі соған шексіз сенеді! Жоқ, ол адам емес, шенеунік болып қалыптасты! Ол бизнесмен! Кәсіпкер! Мың­ғырған бай! Бірақ ол адам емес! Ол адам ретінде өлді!
Бұл – күні кеше ғана М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында болған, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген «Қаза мен жаза» қойылымының қысқаша үзіндісі. Асанәлі Әшімовтің режиссурасымен сахналанған криминалдық драманың түпнұсқа авторы – И.Вовнянко. Қазақ тіліне аударған О.Қыйқымов.
Айтпақшы, қойылымның алғашқы көрінісі оқиғаның шарықтау шегінен бастау алады. Бұл әдіс соңғы жылдары кино әлемінде жиі қолданыста болса, театр сахнасында алғаш рет орындалып отыр. Көрерменнің қызығушылығын арттырып, экран алдына ұйытатын бұл тәсіл осылайша театр сахнасына да жетті. Алайда қойылым түпнұсқасының авторы И.Вовнянконың киносценарист екенін ескерсек, бұлай болуы заңды құбылыс еді. Қалай дегенмен де, криминалды драма театрға өзгеше леп алып келді.

Замира ПІРНАЗАРОВА

“Жас қазақ” газеті