БАҚ біз туралы

«Медея» – еркіндік пен тоғышарлық қақтығысы

Көне драматургияның атасы Еврипидтің кең құлашты эпикалық жанрдағы пьесасының М.Әуезов театрының Кіші залында қойылғаны бастапқыда түсініксіздеу болып көрінгенімен, режиссер Алена Қабдешованың осы залға лайықтау сыры бірте-бірте ашылғандай болды.
Себебі, махаббатқа құл болған Медеяның мұңы мен қайғысын әр көрермен тап жанында тұрып сезінуі тиіс. Сахнаның қаракөлеңке бұрышынан сұңғақ бойлы Дәрия Жүсіптің сүюден азап шегіп, құр сүлдері қалып, сүйретілген сұлбасы көрінгенде, режиссердің өз Медеясын қапысыз танып, таңдап алғаны үшін іштей алғашқы рақметімізді айтып үлгердік. Медея қасіретті. 
Декорациядағы (декорация дейтіндей емес, сахнада екі дәу қара тас пен галлографиялық бейнекөріністен басқа түк те жоқ) ақкөбік теңіздің толассыз толқындары жарқабақты аямай ұрып жатқаны секілді, жүрегі бір сәтке тыншымай, қызғаныштан не істерін білмей аласұрып, қайғы шеккен Медея бұл. Ертелі-кеш қара тасты қос қолдап ұра-ұра тырнағына дейін мүжіліп кеткен бейбақ әйел тастап кеткен күйеуі әлі де өзіне оралар деген үмітте. Жүрегіндегі жалынды толқып жатқан теңіздің суы ғана өшіре алатындай. Ясонды ессіз сүйіп еді. Сүйгені үшін ата-анасынан, бауырынан, бүкіл дүниеден безініп, тек соның құшағына келіп құлап еді. Басқа біреуге айырбастап, тастап кеткенін енді қалай кешіре алады? Бойындағы ашуы теңіз сияқты буырқанған Медеяның махаббаты қызғанышқа айналған сайын қорқынышты болып барады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіп шеберлігінің бір қыры осы жерде танылады – құмарлығы қызғанышқа, мейірімі ызаға, күйігі кекке ұласып, жүйкесі мен жұлынының әр талшығына дейін сүйгенін жек көріп кеткені сонша, іштегі долы ашудан екі қолына дамыл көрмей, дірілдейтін болған. Бір сәтке тыным көрмей дірілдейтін қолдары – жан ашуының көрінісі. Сөйтсе де, махаббаты үшін жолындағысының бәрін жайпап, неден де болса тайынбайтын, неге де болса дайын күрескер әйелдің отты да қайсар бейнесі бар. Әйел емес, жауынгер ме дерсің. Жалпы, Дәрия осындай қаһарман кейіпкерлерді ойнағанда, өте сәтті көріне­тінін атап өтуіміз керек. Мұндай образға бір-ақ нәрсе тән – махаббат-майданда қалай да жеңіске жетеді, бірақ ешқашан опасыздыққа мойынсұнбайды. Алайда осылай деп ой түйейін десең, Ясонның төбесі көрінгеннен ол өзгеріп сала береді – нәзік, жусаннан да аласа кішіпейіл, балапанның мамығынан да жұмсақ әрі үркек. Дүлей ашуының беті қайтып, Ясонның құшағында дәл қазір еріп кететіндей. Біресе шарықтатып, біресе құлдилатып, бірде көл-көсір кең болып, бірде тарылып, көңіл күйдің бүкіл спектрімен, жүрек кардиограммасына ұқсас жоғары-төмен кескін салып ойнау – ілуде біреу болмаса, барлық актрисаның қолынан келетін шеберлік емес. Дәрияның ойынынан осының бәрінің басын қосқан мол энергетиканың қуатты қауқарын байқадық. Бір жарым сағаттық спектакльдің құрылымы – Медея мен Ясонның диалогынан тұрады. Төрт артист ойнайтын қойылымды моноспектакль десек те, қателесе қоймаймыз. Пьеса түпнұсқадан көп қысқарған, артық линия жоқ, жинақы қойылған. «Оқиға» басты рөлдегі ак­трисаның трагедиялық монологы түрінде «өрбиді». 
Ясон Медеямен қоштасуға келді, бұрынғы ерлі-зайыптылар ақырғы рет әңгімелесіп тұр. Ясон екінші рет үйленіп, қалыңдығымен қауышар сәттің алдында, ал Медеяның күйеуін жібергісі жоқ, өзге әйелмен бөліспек ниетте емес. Өйткені Медеяны махаббат соқыр жасаған, жарық әлемнен ғашығынан өзге ешкімді, ешнәрсені көрмейді. Еврипидтің ежелгі поэзиясы ақын Қайрат Жұмағалиевтің ақ өлең түрінде төгілген аудармасымен қабылдауға ауыр емес. Керісінше, поэтикалық сарын кедергісіз сіңіруге қолайлы болғанымен қоймай, спектакльдің пішінімен, яғни сахналану формасымен әдемі үйлесімін тауып, режиссер мұратын айқындай түседі. 
Сахнаға табаны тиген кез келген артистің армандайтын Ясон бейнесін уысына түсірген бақытты актердің аты-жөні – Қайрат Нәбиолла. Театрдың жас актері Ясон образы үшін барын беруге тырысты. Сұлу, айлакер, өткір Медеяны Қайраттың Ясоны қайратымен, мысымен, тегеурінімен толықтырып тұруы керек еді. Бірақ сұлу бола тұра, сүйе тұра тиран-тажалға ұқсап кеткен, әйел бейнесіндегі әзірейілге қарсы тұратын тегеурін, қаһар жетпей тұрғандай сезілді. Жас актердің ойыны уақытпен бірге ширай түсетініне сенеміз. Медеяның үстем сезіміне тапталып қалған, бұдан былайғы жерде оны көргісі де келмейтін, сондықтан да тазалықты аңсаған жүрегі екінші рет аңғал қызды сүйгізсе де, Ясон жеме-жемге келгенде, бәрібір алғашқы әйелінің алдында дәрменсіз. Сұлу жүзінің, отты махаб­батының алдындағы әлсіздігі сатқын­дығының себебін айтып түсіндіруге мәжбүрлейді. Тіпті бұл пақыр Медеяны тастап кеткен күні өзіне ажал үкімін шығарып қойғанын да білмейді. Соңғы рет қоштасуға келіп тұрған Ясон мен Медеяның арасындағы әңгіме – нәтижесіз бос әңгіме. Күйеуі көзіне шөп салған әйел мен әйелін басқа біреумен айырбастап кеткен еркек екеуі екі тілде сөйлейді, түсіністік деп аталатын рақымды біржола тәрк еткен. Бұл аз болғандай, Коринф патшасы Креон Ясон үшін туған бауырын өлтіріп, Кол­хидадан қашып келген Медеяның қысқа мерзім ішінде табанын жалтыратып, елден кетуін талап етеді. Мұны енді Ясон да қолдап тұр, өйткені ол Креонның қызына үйленбек. Бірақ Медея Колхидаға да кете алмайды, Коринфте де қала алмайды, себебі оны онда да, мұнда да қатал жаза күтіп тұр. Тек өзі ғана емес, балалары да тобырдың талауына түсіп, жауыздардың бұйрығына құрбан болмақ. Алды жар, арты құз Медея балаларымен қайда барып күнелтпек?
Бала демекші ... Қайда барса да, басы тек өлімге байланған Медея балаларын жендеттердің қолына бергенше, өз қолымен өлтіруді жөн санайды. Спектакльдің ең ауыр тұсы да осы – Медеяның құлыншақ­тарын құшақтап отырып, қылдай мойнын қос қолымен сығымдай түсіп, қылғын­дырып өлтіруі. Зал демін ішіне алып тынып қалған. Махаббаты үшін алуан түрлі айламен талай жауыздықты жасап үйренген Медея шімірікпестен балаларының өмірін өз қолымен қиып, теңізге тастап жіберді. Көзі қанға толған Медеяның ендігі жерде өзін де, Ясонды да аямайтыны белгілі еді. Ессіз сүйген Медеяны махаббаттан да, қызғаныштан да, тапталған намыстан да тек қара қанжар ғана құтқармақ...
Бірақ бауырын, балаларын, сүйгені Ясонды, Креонды, оның қызын қанға бөктірген Медеяның ешнәрсемен ақтауға келмейтін жауыз әрекеті жеккөрушілік емес, кеудеде әлдебір аяныш тудыратынын аңдадық па? Еврипид тіріліп келіп түсіндіріп бермесе, мұншама зұлымдықты қорғаштау, сорғалаған сұмдықты ұғынуға тырысу сау адамның ақылына сыймайтын дүние емес пе? Медея оқиғасынан хабардар есі дұрыс адам ешқашан дүние есігін жаңа ашқан қызының есімін Медея деп қоймайды. Медеяның тағдырын ешкімге тілемейді. Солай бола тұра, өмірінде бір рет болса да ғашықтық пен махаббат сезімін басынан өткізетін әр әйелдің жүрегінде бір Медея жасырулы тұрады. Спектакльдегі Ясонның Медеяға жасаған сатқындығы біз ойлағандай махаббатқа жасалған сат­қындық емес, ол ең алдымен, әйелдің «меніне», махаббаттан басқаны тәрк етіп, өз махаббатын бәрінен биік қойған нәпсісіне, тек өзіне ғана тиесілі болуы керек деген шектен шыққан өзімшілдігіне берілген соққы деп түсінгеніміз абзал сияқты. Бұл – «Медея және Ясон» деп аталатын екі әлемнің қақтығысы, еркіндік пен тоғышарлықтың мәңгі бітіспейтін соғысы. Қызғаныштың қызыл итіне таланып, топшыдан қағар тоғышарлар тұрғанда, еркіндікке ұмтылу ессіздік болып қала бермек... «Медея» бізге осыны айтты.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

"Айқын" газеті