Мухтар Ауезов

Театр музейіне 52 жыл

Бүгін театр музейіне, Қара шаңырақтың ең қымбат құтханасына 52 жыл толды! 500 ге жуық жәдігермен өз жұмысын бастаған музейде бүгінде 200 мыңнан астам жәдігер бар.


Қазақстанның тұңғыш театрында мұндай тарих қоймасының ашылуы көрерменді де , өнер адамдарын да қуантты. Қазіргі күні музей қоры күн сайын толықтырылып отыр. Қорда 30 жылдардан бастап осы күнге дейінгі қойылымдардың фотосуреттері, афишалары, бағдарламалары, өмірден озған театр әртістерінің өмірбаяны, жеке материалдары, қолжазбалары, алған сыйлықтары сақталған. Сонымен қатар мұражай қорында үлкен портреттер жинағы, 30 жылдардан бастап келе жаткан көптеген спектакльдерде киілген сахналық костюмдер сақтаулы. Пьесалар жинақталып, қайта қалпына келтіріліп, тізімі көбейтіліп те жатыр. Қазіргі кезде жүріп жатқан қойылымдарды бейнетаспаға түсіру мүмкіндігі де назарда. Музей қорын студенттер, ақпарат қызметкерлері, театртанушылар пайдаланылуына да жағдай жасалған.

Театр музейінің қорынан жинақталған көрмелер Астана, Қостанай, Талдықорған сияқты ірі қалаларда көрсетіліп,көрермендердің көңілінен шығып келеді. Мұрағат негізінде театр тарихына арналған альбом-кітап та жарық көргенін атап өтуге болады.

Қазақтың мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры мұражайының алға қойған жоспарлары өте көп. Кіші де болса, тарихы бай театр музейі қазақ өнерінің ірі тұлғаларының, қазақ мәдениетінің тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін атсалыса береді. ⠀

Бүгінгі айтулы күнге орай, театрымыздың "МУЗЕЙ" бөлімiнің басшысы, "Мәдениет саласының үздігі" Наргиз Тамабекқызын және бөлім қызметкерлерін құттықтаймыз! Театрдың мол мұрасын көрерменге таныстырып қана қоймай, оны жылдан жылға сақтап, кеңейтіп, дәріптеп жүрген мұражай қызметкерлерінің еңбегі орасан. Әрбір құжат пен экспонаттарды зат деп емес, тарих деп қабылдайтын Наргиз Тамабекқызы  бастаған ұжымның еңбегіне табыс тілейміз. Еліміздегі театрлардың ең бай қоры бар музейдің барлық жұмысын үйлестіріп, театрдың тамыры терең тарихының әр кезеңін халыққа жеткізіп, еңбек етіп жатқан бұл мамандар құрметке лайық. ⠀

⠀⠀

Шын жүректен Сіздерді құттықтаймыз!

⠀⠀

Ізгі тілекпен, Әуезов театры ұжымы

Музей