Media about us

Сәбит Оразбаев жөнінде бір үзік сыр

Өзіміз үлгі тұтқан өнерлі, өрісті ағамыз, ҚР халық артисі, Мемлекеттік сыйлық иегері, «бөлек бейне» маман иесі жайлы жазу да бір парыз. Театр сахнасынан қазақы үнді ән иесін, өмір болмысын көрем десең, Сәкеңді көр. Жоғары оқу орнында сабақ бермесе де, әр ойнаған рөлімен ой салып, өнеге көрсететін бағамды актерлар болады. Ондай таланттар қашанда ой-санаңнан өшпейтін үлгі иесі ұстаздық. Құдірет күш иесінен туар шебер талант еркін күш пен өнер де солардан. Сәбит ағаның он саусағынан туған шеберлігімен қоса, қоңыр үн домбырашылығынан басқа, жазған «Өмір естелік» қос кітабы да өнер үшін өлмес мұра. Жасырары жоқ, өнердегі көп қазақ қайраткерлері артына мұра қалдырмай өтті. Кейбірінің жазғаны ішкен-жеген, одан қалса, ата-бабасын жырлаған, не өнерге, не елге керегі жоқ шежіредей. Сәбит ағамыздың осы естеліктері «Өмірдің өзі – театр» «Тазарғың келсе театрға бар» кітаптары болашақ мұраға таптырмас шежіредей. Дүние байлық жазған кітаптан.
Сонау 70-жылдардың басында Мұқағали сөзіне ең алғаш ән қосып, алғаш ән тудырған да осы Сәбит ағамыз. Кейінгілердің ән тудырып, өнерге келуіне жол ашқан да осы «Тоқта, ботам, атаң келеді артыңда» кейіннен, кейінгі келген әндер мен жырлар. Жарықсыз жалғыз көне фотоаппарат «Сменамен» бастап, кейінгі тәуірлеу «Федпен» бар Әуезов театрының фото тарихын сурет өнерімен түгендеген Сәбит ағамыздың осы еңбегінің өзі бүгінгі өнер үшін таптырмас қазба қазынадай. Кейбір суреттері мың кітапқа бергісіз екенін білсек, нағыз асыл дүние осында. Өнер ме – өнер. Тек жинақтап, альбомдап, келер ұрпақ үшін үкіметтің өзі бас боп қайта шығарса нағыз қазына осында. Өткен архив үшін ең асыл қазына да осы суреттер.
Одан басқа жыраулықпен қоса, көне мақам үн, ел дастандарын орындауының өзі бір сала тарих. Әдемі әзіл, қызықты қалжыңы ел іші ұжымда талайлардың жыл бойы қызықтап айтып жүрер азығы да болды. Мұндайда әзіл білместер мен сөз ұқпастар күлкіге ұшырап, тыңдап куә болғандары қызыққа батып жататын. Осының бәрі біз айтпасақ та, ел айтып, жұрт білетін әңгімелер. Біреудің жасанды жағайынпаздығымен қолдан жасалған қолпашын, әсіресе әсіремақтау қызыл сөздерін тыңдамастан, тұрып кететін мінезі де бір тазалық. Мұндай мінезбен дос табу да қиын. Кейбір жандардай өз кәсіби мамандығын режиссерлыққа болмаса деректірлікке айырбастап, мансап іздеп, бақ көздеп, тақ та қуған емес. Мамандыққа деген ұлы құрметте қалай туса – солай қалды. Ағамыз басқа өнер адамдарына карағанда кім болам десе де, қолынан келер еді. Бармады, болмады, керек те етпеді мансапты. Бұл да өнерге деген құрмет пен тазалық.
Өнер қарызға алып, қайта қайыратын болмаса базар жағалап, алыс-беріске салып саудалайтын зат емес. Ана сүті құдайдан қонбаған өнер өнер емес. Ертеректе ел ішінде «әу» деп ән салып, он саусақтың ұшы бес бармақтың басында іс қылып, өнер көрсеткеннің бәрі өнерлі атанды, көзге түсті. Содан болар, ертеден қалған бір таптаурынды сөз бар: «Өнерде бар әркімнің бір таласы». Мұндай ұғым бүгінгі кәсіби өнері өскен әлемдік ұғымның кәсіби талабына мүлдем кереғар келмейтін түсінік. Бүгінгі талап басқа: «Өнерде тек өнерлінің ғана бар таласы». Оған жауапты: жан-жақты жетілген, жоғары білімі тәжірибеде қалыптасқан, кәсіби өнер иесі «профессонализм». Өнер құны құндылығы өз табиғи байлығымен бағалы. Өнер бағамы қашанда таланттың таза өз еңбегінен басталады.
Жалпы, Сәбит ағамыздың өнерге келген кезеңі – 1954-64 жылдар аралығында әлем бойынша театр өнерінің ұлы теоретигі К.Станиславскийдің «жүйесі» талқыға түсіп таланып, ары тарт та, бері тарттың даулы дауылды кезінен басталады. Осы кезеңде Кеңес өкіметінде Н.Хрущев билікке келіп, Одақ көлемінде алдыңғы Сталиннің темірдей билігінен соң «жылымық» орнап, «тартыссыз тақырып» идеясы күш алып, көптеген ұлттық құндылықтарға, әсіресе кешегі «халық жаулары» атанған Сәкен, Ілияс, Бейімбеттерге есік ашылғандай сәт еді. Әлихан Бөкейхан бастаған көсемдерге есік жабық болса да, көп жыл өтпей-ақ, қатаң тәртіп қайта орнады, әсіресе идеология саласында. Дегенмен өнер өсіп, әдебиет дәуірі бір дәуірлеген заман сол кезең. Соцреализм болса да, ұтқанымыз көп. Бүгінде сол жақсылықтың көбінен қарап отырып айырылғандаймыз.
Қалай десек те, өткен ғасырдың 60-70 жылдары өнердің ерекше дүрілдеген кезі. Жаз басталса болды, Әуезов театры боп бір айдай гастрольдетесің. Ол кезде өнер адамдарын бар қазақтың елі ауыл-ауыл боп күтіп, қырық жылдай аңсап күткен құдасы келгендей күндіз-түні мал сойып, дастархан жайып қарсы алып жатқаны. Ішкен-жегенін, одан қалса, қайда қалғанын, кіммен боп, қайда түнеп, не істеп, не қойғанын білмей жүрген әртистердің бір қызықты заманы еді. Әр топты бригада боп бастап, бір жақтан Сәбира апам «Досымның үйленуімен» шықса, екінші жақтан Шолпан апам «Қозы Көрпешпен» жаз аралатып, туған елдері Сыр бойымен Қызылорда, енді бірі Қарағандыдан оралып, небір қызықты әңгімелердің жақсы-жаманын боздатқан шақ қайдан естен кетсін. Көбіне әңгіме арқауы Сәбит ағамыздың әзіл-қалжыңына іліккендердің күлкісі. Күлкіге ұшыраған кейіпкерлері үлкен-кішіге бірдей орнын тауып, өз әдемі жарастығын табуы да бір мейрам.
Сәбит ағамызға қатысты бір ерекше жайды айтсақ, бұл сонау 1974 жылдың күзі. Ол кез өнердің гүлдеп, заманның жарқырап тұрған шағы. Әсіресе өнер мен әдебиет. Әзекең (Мәмбетов) қарсы алдымыздан шықса кері қашып, үлкен сыйлап, өнер адамдарын құдайдай көрген заман. Сол жылы Мемлекеттік сыйлыққа Әбдіжәмил Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы ұсынылып, оған Мәскеуден арнайы көруге екі адам келді. Бірі ұзын бойлы орыс жігіті, екіншісі орта бойлы толықтау келіншек. Шынын айтсақ, екеуі де бізге «Одақ сыйлығын» шешетіндей дәрежеде боп көрінбеді. Өңдері жас.
Ертеңінде-ақ Әзекең таңның атысынан түннің бір уағына дейін дайындықты бастасын. Біз ол кезде сахнадағы көпшілікке «массовка» боп өзіміз шығып, сахнаны өзіміз құрып, одан бірде мұз, бірде үймен дала жасап, соның бәрін бастан-аяқ үш сағат көлемінде атқарып, жастықтың жалынында мәз боп жүрген керемет кезіміз. Сахнадағы басшымыз осы Әуезов театрына бар ғұмырын берген аға машинист Аруп (ұйғыр) ағамыз болса, жарық беретін осы Аруптың әйелі Тася (орыс). Сахна бұйымдарын жасайтын ағамыз Мұқат. Қалған елдің басын қосып, бір шыбықпен айдайтын үлкен аға Қарас Ахметович. Ол кезде тәртіптің кереметтігі сондай – осы ағамыздан Әзекеңнен бастап, сыйлап, қорқып тұрушы едік. Тәртіптің тазалығы бірінші кезекте.
Бір апта дайындаған «Қан мен терді» қан-теріміз шығып жүріп көрсеттік. Ертеңінде комиссияның отырысымен жиылыс өтті. Сол кезде келген қонақтарға аздап шай беріліп, солардың ары-бері жүріп-тұруына көмекші болып, Құдайберген екеуміз ұлттық киімде киініп, атқарушы қызметке сайландық. Бұ да жақсыларды жақыннан көріп араласып, сөз тыңдағанға жақсы болды. Мәскеуден келген әлгі екеуі сондайлық тіс жарып ештеңе айтпай аттанды. Дегенмен ішіміз сезеді, ұнаған сияқты. Сонымен, олар кетті, өзіміз қалдық. Көп ұзамай Одақ бойынша СССР-дың Мемлекеттік сыйлығы Әзекеңе (Мәмбетов), Ыдекең (Ноғайбаев), Асекең (Әшімов), Фарида тәтеміз (Шарипова) және суретші Кривошейнге бұйырды. Осы суретші неме атағын алған соң, ертеңінде Ресейіне кетіп тынды. Сары иттің басына сары майды қанша құйсаң да, осылай болады дегендері болды. Жалпы, Қазақ елінен үй, атақ алып қашқандарды айта берсең, сонау патша заманынан бері келе жатқан ежелгі үрдіс. Мұндайда Қазақстан қай жағынан болса да, Мәскеу үшін ұшып-қонатын ортақ аэродром, майлы қазына. Ең бір жанға батқаны – осы суретшінің дәл осы қойылымға сіңірген еңбегінің жоқтығы. Идея иесі – құрал-жабдық цехында жай қызметте жүрген, бес саусағы шебер, бұрынғы актер Мұқат Жолтаев. Бұл жерде де сол ескі солақай саясаттың ойыны болды. Қайткенде де бір орыс алмаса, сөйлемесе, есе кететін ескі коммунистік принцип. Бағаланбаған еңбек пен тасада қалған талантқа ғана жауап жоқ.
Осы арада айтпағымыз мына жағдай. Көрермен үшін «Қан мен тер» қойылымындағы ең бір есте қалып, әсер еткен бейне – Сүйеу қарт образы. Образ деген ұғымның өзі – өнердің бар саласына ортақ жан-жақты сұрыпталған, өз бойындағы әдемілік пен сұлулықты біріктіретін, ел есіне ерекше әсер ететін өнердің ең қымбат асыл жиынтығы. Ол музыка мен суретте, биде, мүсінде, мейлі сахнадағы рөл түрінде болсын, «образ» ұғымы табиғаттан тазарған асыл жауһардай ерекше асыл зат. Міне, осы қойылымда бірден-бір ерекше нақты образ – осы Сүйеу қарт бейнесі. Ыдекең, Асекең, Фахаңдар ойнаған рөлдер де өз биіктігінде. Қойылымның ең басты асыл көзін тапқан Әзекеңнің ерекше еңбегі екені де ақиқат. Жалпы, Әзекеңнің бәйге алған көп еңбегі «Ана–Жер-ана», «Қан мен тері» өзі қызыққаннан (Мұхамеджанов, Сүлейменов) сахналық нұсқасын жаздырып, өзі қойған авторлық қойылымдардың бастауы. Әзекең осы нұсқада ұтты және бізді де осы жолға үйретті. Өзің нұсқалап, өзің жаз, өзің қой, сонда өз дүниең өзіңе бағалы дегеннен болар, біздің де режиссура, драматургия жолына түскеніміз осыдан. Жалпы, Әзекеңнің актер танып, адам бағалай білуі ерекше. Ерсең ергенің, ермесең қалғаның. Ұққанға тәртібі таза, талабы қатал болды.
Бізді таңғалдырғаны – осы Мемлекеттік сыйлыққа Сәбит ағамыздың ілінбегені. Сол кездегі көрермен мен елдің үміті: егер Мемлекеттік сыйлық тисе, шаппай алар бәйге осы Сүйеу қарт образы болар деген ой еді. Өнерге жаңадан келгеннен бе, ол ойдың ар жағына біз де бойлай алмадық. Бұл өнер шымылдығының алды – өнер, арты басқа екенін кейін өскенде барып білу де бір өнер болды. Өнер мен өмір шындығының қабыспайтыны және бар. Бұл өмір. Өнер жолы басқа. Тастақты тас қия бұралаңы көп, жықпылы басымдау, ойпаңды ұры жерлері көп келетін өнер жолының біз ұқпас жұмбағы және бар. О заманның бір ерекшелігі – «образ» боп туған кейбір кейіпкерлердің иесін өнер үлгісі ретінде ел алдында ерекшелеп, арнайы атақ болмаса үй беретін. Ал осы жолы іс басқадай шешілді. Өкініштісі, өнерден туған өкініштің өкініші болды. Дегенмен ішінде жүріп көріп өскеннен бе, көрерменге де, өнерге де біртүрлі болғандай.
Бүгінде «образ» деген ұғым жалпы өнер атаулыдан мүлдем кетті, құрыды десек те болады. Образды қойып, сахнада сөз айтып, сөз құдіретін бағамдап айта алмаудың өзі сөз болмай қалды. Сөз – театр, сөз – өнер, сөз – әлем, сөз – өмір. Сөзді қалай жіліктесең де, құдірет күш иесі екенін де мүлдем ұмыттық. Жалпы, өнер атаулыдан қадір кетіп, азғындықтың жолына түскен, көргенсіз «шоумен» ұрпақ билікке келген соң, айтар сөз, берер баға да жоқ. Әлемді тексіз қаралар жалмап, тозғандар билеген кер заманның кері кетпе кесірлері билеген сұм заман. Кейінгі ұрпақтың кінәсі ауылда өсіп, қисса-дастан естіп, елтімегенінен де болар. Ал Сәбит ағамыздың заманы ауыл түтіні басылмаған, кешегі ауылдағы үлкен қариялардың жыр айтып, дәстүр сақтап, сөзге құлдық ұрған нағыз қазақы заман еді.
Сол кезде өз бағасын көрерменнен алса да, үкіметтен алмаған Сүйеу қарт бейнесі, ел аңсап, өнер арман қылған ежелгі қазақтың сыбағасы солай қалды. Әр сөзі мен әдет-қылығы келтірген мінезі, сол өзіміз бала кезден көріп өссек те, онша мән бермеген, көңілде өзгермеген қазақтың өз шалы Сүйеу қарт. Өнерге тиесілі бағалы, бақытты бейне образ болса, осындай-ақ болар.
Сынайтынымыз көп, сыйынарымыз жоқ бүгінгі өнерде алдыңғы бағамды сыйлы, өнерлі өнегедегі «бөлек бейне» ағалардың ардақтысы да осы Сәбит ағамыз. Орны бөлек, айтары мол халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Оразбаев. Қанша жерден өнерге өкпе айтсақ та, қашанда алдымызда аға, артымызда іні жүрер өнер өлкесінен асқан сұлулық жоқ. Көркем өнердің көрікті ойы, айтар сөзі қашанда қасиетті қара өлең, киелі орта, қарашаңырақ, театр иесі өзіңізсіз. Өмір бойы тапжылмай бір ұяда, бір жерде еткен еңбектің ері де өзіңізсіз. Ел аман, жұрт тыныш болса, бұл ниет те орындалар. Бұл артыңыздан ерген есті інілеріңіз бен көрерменнің айтар сәлемі мен берер баға, шынайы алғысы.

https://zhasalash.kz/ruhaniyat/sabit-orazbaev-zhoninde-bir-uzik-syr-14401.html