СМИ о нас

Шыны тағдыр шытырманы

              Атақты драматург, «Американың Чеховы» атанған Тиннеси Уильямстың 1944 жылы жазылған «Шыны хайуанат» пьесасы қазақтың бас сахнасында қойылды.
              Бүгінге дейін бұл өмірбаяндық шығарма бірталай шетелдік сахналарда ойналды, тіпті кинонұсқасы да экрандалған. Біздің сахнаға әкелудің де өз мақсаты бар. Ашық сахнада көрермен алдында бір кездегі бай, ал қазір әбден кедейленіп, қарапайым ғана күн кешетін Уингфилдтер отбасы көрінеді. Тіршілігі мен арманы үйлеспеген Аманда ұлы Том мен қызы Лаура өмірден өз орнын тапса деп жанталасады. Аманданың ақшасы таусылғанымен, арманы қалған. Ендеше, ақшаның жоқтығы отбасының абыройына еш нұқсан келтірмек емес. Сондықтан да еңсесі түскен ұлы мен кемтарлығынан өзін бәрінен кем сезінетін қызы Лаураны түсінуге құлықсыз. Отбасылық ұрыс-керісте үнемі өзін кінәлі сезінетін Томның еске алуы арқылы өрбитін қойылымда анасы Аманда – Дәрия Жүсіп әрқашан үстем, өткен өмірінен бір сәтке ажыратпайтын сынын да, сырын да бұзбаған тәкәппар мінезі рольді шынында да трагикомедияға айналдыра алған. Өткенге орала беретіні өзінің бүгінгі өмірінің шындығынан, өзінен қашқандығы. Том да солай. Томның өзі де дилеммада – ақынжанды жігітке не үйінен кету керек, не ескі дүкенде аяқкиімді қорапқа салатын жұмысын жалғастыра беру керек. Ол байлықты сүйетін, бақытқа қол жеткізген, өмірде жолы болған жалғыз досы Джим О Коннарды үйіне қонаққа шақырған сәт бәрін де өзгертеді. Үркек, мектепте жүріп ғашық болса да сезімін білдірмей кеткен Лаураның онымен қайта кездесуі қыздың көзқарасын басқа арнаға бұрды – ол енді батыл, өзіне сенімді, мүлде басқа адам. Сахнадан төрт актер ғана көрінеді, төртеуі – төрт түрлі мінездің иесі. Төртеуінің де тағдыры шыны секілді нәзік, болмашы соққыдан сынғалы тұр, сынған да. Бәрі де басындағы қиындықтар мен күйзеліс арқылы өз өмірінің құпиясын танығысы келеді.
Спектакль өз ішіне қорықпай үңіле алатын, тіпті өз өмірін осы тағдырлармен салыстыра қараудан сескенбейтін ойлы көрерменге арналған. Мәңгілік құндылықтарды қаузайтын спектакльдегі төрт кейіпкер әр көрерменмен жеке-жеке сырласқандай күй кештіреді. Қойылымның режиссері Алена Қабдешова Уильямстың өмірбаяндық негізде жазылған психологиялық драмасының өзге сахнада қойылған басқа нұсқаларымен саналы түрде таныспағандығын айтады. Танысса, негізгі мақсат пен бағдардан бұрып алып кететіні түсінікті. Өз Амандасы, өз Лаурасы кейіптелмей, ескі соқпақтағы керуенге ілесіп кетер еді.                 Сол себепті үлкен сахнадағы алғашқы жұмысын өзінше ізденіспен жасауға ұмтылған. Еуропалық бекзат әйелді барынша шынайы көрсетуге тырысқан бас кейіпкер Дәрия Жүсіптің пікірінше, «Шыны хайуанаттың» жазылғанына жетпіс жылдан асса да бүгінгі күнмен, дәл осы кезеңдегі проблемалармен үндес. Бір отбасының басындағы әлеуметтік мәселе, жұмыссыздық, даңғойлық, өмірден өзін таба алмау сол кездегі өзектілігін әлі де жоғалтпаған. Ендеше, көрермен спектакльден өзін-өзі оп-оңай тауып ала алады. «Өткен өміріңді, бұрынғы байлығыңды қанша армандап, айтқаныңмен, ол оралмайды. Бір рет сындырып алмау керек еді, сынған соң ол қайта құралмайды. Құралса да ол бұрынғыдай бола алмайды». Актрисаның бұл айтқанын қойылым аяқталып, шығуға бет алған көрермен де толықтырғандай болды. Өзін Нұрлан Қызырұлы деп таныстырған Қаскелеңдік көрермен: «Мен бұл спектакльден адамның ой- қиялы, арманы мен өмірдің шындығы еш үйлеспей, тағдыры шыны секілді тас-талқан боп қираған адамдардың типті бейнелерін көрдім. Жер бетінде қанша адам болса, сонша түрлі мінез, сонша тағдыр бар ғой. Сондықтан төртеу ғана емес, жиырмасын, елуін де көрсетуге болар еді, пьеса болғандықтан автордың сахна мүмкіндігіне сай соның бәрін төртеудің бойына ғана жинақтаған. Шыныны абайлап ұстамасақ, сындырып аламыз. Сол секілді адамға құрметпен, махаббатпен қарамасақ, Аманданың, Лаураның, Томның тағдыры сияқты күл талқан болмақ». Қарапайым көрермен осылай деді. Драманың шындығын таныған. Бұл – спектакль жетістігі.

                                                                                               Айгүл Халықова