Еңбек жолын туған өлкесі Қарқаралы халық театрында бастаған Хабиба Қарақбайқызы 1935 жылдан бастап М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет етті. Алғашқы ролі Ж.Шаниннің өзі жазып, өзі қойған «Арқалық батыр» тарихи драмасындағы Қаракөзден басталған актриса, әр кезеңдерде М.Әуезовтің «Абайындағы» Қанікей, Ұлжан, «Қарақыпшақ Қобыландыдағы» Күнікей, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуындағы» Мақпал, Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісіндегі» Қырмызы, Б.Майлиннің «Майданындағы» Мамық, Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуіндегі» Айғаным, Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланындағы» Айнаш образдарын сомдады. Актрисалығымен ғана емес, қазақтың әйгілі әншісі Жүсіпбек Елебековтің жары ретінде танымал Хабиба апа қазақтың ән өнеріне де өлшеусіз үлес қосты. Ол кісінің Жүсіпбек Елебеков туралы жазған «Үні кетпес құлақтан», «Ән-Аманат», «Қайран, Жүсекем!» атты кітаптары көзіқарақты қауымнан әділ бағасын алған құнды дүниелер екені даусыз. Ал өзінің өнер жолы, пайым-парасаты, ғибратты ғұмыры «Хабиба Елебекова» атты кітапта айқын көрініс тапты.
Театрмен ғана емес, ғасырмен бірге жасасқан осынау ғазиз жанның бұл өмірдегі көрген-білгені, көкейге түйгені ұланғайыр. «Быламық жейін деген асым ба еді, жүз келейін деген жасым ба еді» деген екен баяғыда бір қария. Бірақ Хабиба апаның айтары басқа. Ол – тұтас бір тарихтың тірі куәсі, үлкен мәдениеттің көшін бастаған ұлы тұлғалардың соңғы тұяғы, кешегі мен бүгінгінің арасын жалғап тұрған алтын арқау.
Санасы сергек, жады ояу Хабиба апа мұны терең сезінеді. Бір әңгімесінде: «Мен сол ұлы тұлғалардың аманатын кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін де тірі жүрген болармын» деп өзі ағынан жарылғандай, көкейіндегі сырды ол қашанда көпшілікке жеткізуге құштар. Хабиба апамен болған әңгіменің бір парасы да ол кісінің өмірі, өнері, замандастары жайлы өрбіді.
«ТАРИХИ НӘРСЕЛЕРДІ ҰМЫТПАЙМЫН»
Өнерді сүйсең, жаныңмен еңбек етсең, өнерге жететін ештеңе жоқ, – дейді Хабиба апа. – Мен театрды сондай сағынам. «Шіркін-ай, сахнада ойнар ма едім» деп ойлаймын осы күні. Қызық, жас күнімде көп нәрсені түсінбеген сияқтымын. Елдің бәрі «Адам жас күнінде керемет ақылды, парасатты болады. Қартайғанда соның бәрі кетеді» дейді. Құдайдың құдіреті, менде соның бәрі керісінше. Жас кезімде түсінбеген нәрсені қазір түсінген сияқтымын. Менің жасымда елдің бәрі есінен айырылады, алжиды. Мен алжыған жоқпын, бірақ ұмытып қаламын, кейде баламның атын да есіме түсіре алмай қалам. Ал бірақ тарихи нәрсеге келгенде ұмытпаймын. Міне, құдайдың құдіретін қараңыз. «Аяғымнан жүре алмай жүрмін» десем, Болат Атабаев «Ой, құдай-ай, аяқты да сөз қыласыз ба? Лақтырып жіберу керек аяқты. Басың аман болса, болды ғой» дейтін. Он екі мүшенің бәрі керек қой. Көзім нашар, құлағым нашар естиді. Қазір ойлаймын: Шіркін-ай, аяғым жүрсе, көзім көрсе, менен бақытты адам жоқ, сол күні өлсем, арманым жоқ» деп. Бірақ тәуба деймін, адам жақсылыққа тоймайды, жақсы болған үстіне бола берсе дейді. Мен келгенде осы Алматыда ылғи жәйпиген-жәйпиген жаман үйлер болатын. Қазір қарасаң, зәулім-зәулім үйлер! Құдай-ау, осылай болады деп кім ойлаған? Қарап тұрып, сол үйлердің бәрін өзім соққандай қуанамын.
1952 жылы аяғымнан баса алмай, Есентукиге бардым. Қалибек Қуанышбаевтың қызы Мәскеуде оқып жатқан. Мен газды сол кезде бірінші рет көрдім. Келіп актрисаларға: «Құдай-ау, газ деген болады екен, жанына барып, сіріңке жақсаң, от жанады. Үстіне шәйнек қойсаң, беті-қолыңды жуғанша шәйің қайнап, дайын боп тұрады, қолың күйе болмайды» деп әңгіме айтқанымда актрисалар: «Ойбай-ай, ол өмірді біз қайдан көреміз, көрмейміз ғой» дейтін. Ал қазір ше? Бәрі үйдің ішінде ғой. Моншаға бару үшін қаншалықты кезекке тұрушы едік. Адам жақсылыққа тоймайды ғой. Ондай жақсылықтар жетіп жатыр. Құдайға шүкір, тәуба деу керек.
Күләш, Құрманбек, Шаралардың бәрімен де бірге болдық. Менің мүмкін, атағым шамалы шығар. Бұл атақ дегеннің өзі де әртүрлі жағдайда алына береді. Әртіс деген халық өзі бейшара сияқты. Роль берсе, ойнайды, болмаса отыра береді. Атақ алып берсе, алып берді, алып бермесе, қала береді. Біреуге қарап отырады. Әртүрлі жағдайлар бар. Бәлкім, мен сол жағдайларды білмеген шығармын. Еңбек сіңірген әртіс деген ғана атағым бар. Менің білімім түкке тұрмайды, шынымды айтсам, төртінші кластық білімім де жоқ. Сөйтіп жүрсем де кітап жазам. Құдайдың берген зеректігі, ұғымталдығы болар…
«ҚАЗІР – ӘРКІМ ӨЗІ ҮШІН ӨМІР СҮРІП ЖАТҚАН ЗАМАН…»
Қазір әрбір ауылда клуб бар ғой. Біз алғаш келгенде Алматының өзінде клуб жоқ болатын. Ел ішінен өнерлі адамды жинаудың өзі оңайға түскен жоқ. Мысалы, Ахмет Жұбановтың ең алғашқы оркестрді қалай дайындағанын мен жақсы білемін. Бір қабатты бір жаман үй болатын. Елден теріп алып келген біраз күйшілерді сол жерде дайындады. Дирижерге қарау, тыңдау дегенді білмейді. Бәрі бет-бетімен кетіп қала береді, кетіп қала береді. Мәдениетті, жақсы киінуді үйренсін деп, Ахмет галстугын байлап, костюм-шалбар киіп, сықиып келеді, «мыналар да солай болсын, көрсін» деп. Сосын әбден шаршаған кезде галстугының қайда қалғанын білмейді, костюмі де қалады, оны да білмейді. Майкамен тұрып дирижерлік еткен күндері болған. Мен өзім барып көріп жүрдім. Коридорда керосинка жанып тұрады, соған шай қойып, үзілісте шай ішетін. Келесі бір кішкентай бөлмеде нота сабағы, пианино сабағы жүреді. Жүсекеңдер соны үйреніп жатады. Алғашқы кезде бәрі қиын болды, ештеңе оңай келген жоқ. Соғыс уақытында, мысалы, Жүсекең жыл он екі айдың екі айында да үйде болған емес. Үнемі ел арасында жүрді. Концерт беріп, халықтың көңілін көтеріп, соғыстан қажыған, титықтаған жұртқа демеу болуға тырысты. Сол уақытта екі балам бірінен соң бірі қайтыс болып, өлім халінде қиналып отырғанымда Иса марқұм келіп көңіл айтты. Менде оның жазып кеткен үш ауыз өлеңі бар. Сонда Иса ел аралап жүріп, жалғыз өзі концерт береді. Исаның бір ұл, бір қызы детдомда болды. Әйелі қайтыс болып кеткен, басқа әйел алмаған. Қызы Мәкен, шын аты – Махуза, Мәскеуден оқып бітіріп келіп, біздің театрда актриса болды. Сол Мәкен айтатын: «Біз сонда аяғымызға шәркей сұғып, болмаса бірдеңені орап алып, жалаңаяқ жүретінбіз. Ал әкем тапқан ақшасының бәрін майданға жіберетін» дейді. Көрдіңіз бе, бұлар өзі үшін өмір сүрмеген, халық үшін еңбек еткен адамдар. Мұндай нәрселер біздің замандастарымыздың арасында өте көп болған. Қазір қарап тұрсаң, әркім өзі үшін ғана күн көріп жатқан, екінші біреудің не болып, не қойып жатқанын ойламайтын заман келді ғой.
Көңіл айтып тұрып Иса: «Қарағым, Жүсіпбекке сәлем айт, ертең мен де ел аралап кетем» деді. Есікке барды да, қайта айналып келіп, «қағаз, қарындаш берші» деді. Бердім. Отырған да жоқ, түрегеп тұрған бойы бірдеңені жазып жатты, жазып жатты. Сосын «Мынаны Жүсіпбекке бер» деп тастап кетті. Сондағы өлеңі:
«Жүсеш-ау, адам бар ма өлмейтұғын,
Қайғының жаны бар ма жеңбейтұғын.
Ақылдаспай туғызып және өлтіріп,
Жүрекке шоқ тастайды сөнбейтұғын.
Тумасаң, көрер ме едің мұның бәрін,
Жалғыз Еркін деме сен жанның нәрін,
Өліп-өліп, өлімнің сарқыттары,
Талайдың күлкі қылған қайғы-зарын.
Жанды ауыртар, жүрегің алып ұшар,
Қолқаң менен кеудеңді бірдей құшар.
Еріп кетіп еріксіз ессіз ойға,
Өзіңді өзің қайғыға қылма душар. Ағаң Иса», – деп қол қойып жазып тастап кетті.
Иса керемет ақын болған. Ол уақытта бір-бір акті ойын қояды. Екінші актісін Иса бастайды. «Осы жайында айтыңызшы» деп тақырып берсе, болды, ағылып кетеді, бүкіл бір актіні жалғыз өзі алады. Міне, ақындық деген қандай! Мұхтар Әуезовтің «Исасы бар театрдың арманы жоқ» деп айтқан сөзі есімде.
Иса, Әміре, Елубай, Серке, Қапан, Қалибек, Құрманбек, міне, театрды қозғалтпай ұстап отырған осы жетеуі болған. Ара-арасында келіп кетіп жатқан әртістер болған, режиссер – Жұмат Шанин. Бұлардай еңбек еткен ешкім жоқ. «Осы сегіз адам, сосын үш әнші – Жүсіпбек, Манарбек, Ғарифолла, екі күйші – Дина, Әбікен Хасенов, екі қобызшы – Дәулет Мықтыбаев, Жаппас Қаламбаев, міне, осы 15 адамның еңбегі ерен. Мұндай еңбекті аяқасты қалдыруға болмайды. Бұларды білетін адамның өзі санаулы қазір. Олар кетіп қалса, бұлар мүлде аяқасты қалады. Сондықтан бұларға арнап музей салғызыңыз. Онсыз болмайды» деп, мен Н.Назарбаевқа хат жазғам. Жауап келмеді. Екінші рет тағы жаздым. Оған да жауап болған жоқ.
«ӘНШІ ЕМЕСПІН, БІРАҚ ӘНДІ ЖАҚСЫ ТҮСІНЕМІН»
Мәселе – дауыстың күштілігінде емес. Күшті дауыс есекте де бар. Дауысым бар екен деп, елдің бәрі әншімін деп айтуға болмайды. Түйені де үйретіп билетіп қояды ғой. Сол сияқты, адамды да үйретіп, еріксіз әнші қылып шығаруға болады. Ал нағыз әнші Алланың жазуымен анадан солай әнші боп туады деп білемін. Мен әнші емеспін, бірақ әнді жақсы түсінемін. Ең мықты әнші деген Жүсіпбегім «дұрыс айттым ба?» деп менімен ақылдасып отыратын. Абай: «Сұлулық ол – дененің берген сыйлығы, бет сұлулығын елдің бәрі таниды, ал сұлу сөз бен әдемі ән – жан сыйы. Жан сыйын елдің бәрі тани бермейді» дейді.
Манарбек, Жүсіпбек, Құрманбек сияқты басқа да бірқатар адамдар «қазақ өнерін қайтсек жеткіземіз, қайтсек көркейтеміз» деп тынбай еңбек етті, ізденді. Олар өз бастарын ойлаған адамдар емес болатын. Әйтпесе неше түрлі заман болды. Әнді ойламақ түгіл, «өзіміз қалай аман қаламыз» деп, ел басымен қайғы болып кеткен ашаршылық кезінде де сол Манарбектер кешегі Біржанның, Естайдың, Ғазиздің әндерін қалай халыққа жеткіземіз деп, соның жолында тер төкті. Бұлар болмаса, кешегі халық композиторларының әндерінің барлығын қазіргі жастар қайдан алар еді? Бұларды ұмытуға болмайды.
«ҚИЫН ЗАМАНДА ДА ӨНЕР МЕН ӘДЕБИЕТ ӨСКЕН БОЛАТЫН»
Мен, қазақ қасіретінің бәрін дерлік көрдім. Ашаршылықта шөберелес інім бір әулеттегі 33 жаннан жалғыз өзі қалса, мен өзім де екі әулеттегі он жеті жаннан жалғыз қалдым. 1932 жылғы аштық, 1937 жылғы репрессия. Бір ауыз сөз үшін талай арыстарымыз абақтыға жабылды. Арыдағы ол қасіретті айтпағанда, бертін келе Семей полигонының өзі қазаққа қаншама қасірет әкелді! Абай мен Шәкәрімнің кіндік қаны тамған қасиетті жерді баса-көктеп келіп, улы жарылыстар жасады. Еркектердің сақал-шаштары жидіп түсіп қалды. Еркек болмай қалғанын сезген жас жігіттер өзіне-өзі қол жұмсап, буынып өліп жатты. Жас нәрестелердің көпшілігі көз тоқтатып қарауға болмайтын қорқынышты халде туылды. Соның бәрін көріп отырсақ та, бір ауыз сөз айтуға шамамыз жоқ болды. Бұл адамшылықтың бәрін аяқасты етіп, бүтін халықты мәңгүрттік халмен теңегенмен бірдей еді. «Ғасыр қасіреті» деген еңбегімде мен осының бәрін қозғадым. Қазақтың басынан өткен қуғын-сүргін, соғыс қасіреті, жоқшылық, әйелдердің ауыр еңбекке араласқаны, кешегі полигон зардабы, Желтоқсан жайы айтылды. Бірақ сондай қиыншылық заманның өзінде де өнер мен әдебиеттің өскенін тілге тиек еттім. Халық өзі ашқұрсақ болып жүрсе де сол заманда театрға үзбей келетін еді. Студенттер өзіне берілген 600 грамм нанын сатып, соның ақшасына театрға келгенін мен өз көзіммен көрдім. Халық театрға аруақты үйдей қараушы еді ол уақытта. Ел-жұрттың өздеріне деген осындай ықыласы өнерпаздарды қатты көтеріп кетті. Керемет спектакльдер, ойындар болып жатты. Жаңағы еңбегімде осының бәрін айта келіп, соңында: «Тағы да арманым бар. Енді осы баршылықты, байлықты жеке адамдар емес, бүкіл халық көрсе екен, еліміздің иығы өзге елдерден биік тұрса екен деймін. Құдайдан тілек тілеймін. «Е,Жаратқан Ием, қазақ халқының көрмеген қорлығы жоқ еді ғой. Құран Кәрімнің шәрих сүресінің 6-аятында: «Әрбір ауыртпалықтың бір жеңілдігі болады» демеп пе еді?! Алла тағала, сол жеңілдікті бере гөр халқыма» деймін…
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ
“Жас Алаш” газеті