Рая ЕСКЕНДІР
Қазақ өнерінің қарашаңырағында жас өнер иелері М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясын ықшамдап сахналады. Өрімдей жастар 2014–2018 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының Театр өнері факультетін бітірген.
Аңызға айналған Асанәлі Әшімұлының шеберханасында тәлім-тәрбие алған жастардың келешегінен үміт күтуге болатынына осы қойылым дәлел бола алады. Ал көрерменге жол тартқан «Қарагөздің» жөні бір басқа. Кезінде қазақ өнерінің хас шеберлері сомдаған «Қарагөзге» екінің бірі бара бермейді.
Атақты Әшімовтің шәкірттерінің дипломдық жұмыс ретінде «Қарагөзді» сәтті қорғап шығуы, олардың шынайы талант иелері екендігін танытқан еді. Енді міне, әбден иі қанған туындыны көрермендер де тамашалап, қазақ өнерінің жаңа буынмен толыққанына көз жеткізді. Ғашықтық дертіне душар болған Сырым мен Қарагөз арқылы өрбіген оқиға желісі түрлі егіз стихиялардың сәтті қабысуы арқылы нанымды бейнеленген.
Ескілік әдет-ғұрыптың құрбаны болған жастар бір-біріне қол жеткізе алмаған күйде арманда кетті. Жас актер Нарша бейнесін шынайы сомдады. Бір әулеттің әжесін сомдаған жас актрисаның өзін ұстауы, өктем сөйлеп, ғашықтарға рұқсат бермеуі, бәрі-бәрі өткен дәуірді көз алдымызға әкелгендей болды. Сырым мен Қарагөз сөз байласып, қашқалы тұрған сәтте Нарша бастаған жігіттердің сау етіп келген сәті де оқиғаның шиеленіскен тұсы болды. Қашанда ғашықтарға тілекші болып отыратын көрермендер Сырым мен Қарагөзді қолдап отырса, аяулы сұлудың аянышты халіне жүрегі сыздап, Тәңірден тек амандығын тілеп отырған Наршаның да жан-дүниесіне түсіністікпен қарағандай боласыз.
Бұл, әрине, жас актерлердің шынайы өнері, өздеріне тапсырылған рөлді сомдай біліп, образды ашып көрсете білгендігінен болса керек. Жас өнер иелері Асанәлі Әшімовтен алған тағылымдарымен тәнті етсе, режиссер Талғат Кубековтің де шеберлігін айтпай кетуге болмайды. Ең бастысы, жас актерлердің көзінде от бар екендігі.
Ендігі мақсат – сол отты өшірмей, кешегі Елағаңдар мен Серағаңдар салған сара жолды, Шолпан, Фарида, Зәмзәгүлдердің дара дарынын әрі қарай жалғастыру осы жас өнер иелеріне аманат.
Сахнаға шыққан Асанәлі Әшімов әрбір шәкіртінің қолын алып, құшағына қысты. Оларға сәттілік, ізденіс тіледі.
– Өнер адамына үздіксіз ізденіс керек. Кітапты көп оқу керек. Қазір жастар кітап оқымайды деп жатамыз, ал өнер адамы болу үшін көп оқу керек.
Биылғы жылы 40 бала «Театр өнеріне» оқуға түсті деген сахна саңлағы болашақ өнер иелерін «1-курстықтарды» сахнаға шығарып, сәттілік тіледі.
Қойылымнан кейін өнер шеберлері сөз алып, жас актерлерге ақ жол тіледі. Асанәлі Әшімовтің шәкірттері келесі күні қала жұртшылығына «Арыстандар патшалығы» атты музыкалық драма мен «Соңғы қоңырау» атты поэтикалық драмасын ұсынды.
Жас театр дүниеге келді
М.Әуезовтің «Қарагөзін» Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің класын бітірген Қазақтың көркемөнер академиясының театр бөлімінің жас таланттары – жас актерлер сахналады. Көз алдымызға баяғы Зәмзәгүл, Фарида аналарымыздың өрнектеген Қарагөзі жап-жас болып шыға келді. Жас талант Мақпалдың орындауындағы дертке шалдыққан Қарагөз Зәмзәгүлдің шыққан шыңына жетуге еңбектеп бара жатқандай көрінді.
Әрине, ол үшін көп еңбек, қайрат керек. Бірақ олардың талпынысы бізді сендірді. Нарша мен Сырым, әже бейнесіндегі жастардың сомдаған рөлдері көрермен көңілінен шыққандай.
Қазақ театрында алғашқы рет жастардан құралған жас труппаның пайда болуы алғаш рет болып отырған жаңалық. Режиссері, баптаушысы, тәлімгері аңызға айналған актер Асанәлі – Асекең Алатаудың ең биік шыңы десек, жас жеткіншектер сол шыңға өрмелеп бара жатқан альпинистер іспетті. Сол шың – ең үлкен меже. Лайым сол межеге жетіңдер, жас актерлер!
Бірақ жеттім деп тоқтап қалу жетпегеннің белгісі (А.Әшімов) бұл әрбір актердің алдындағы мақсаты болуға тиіс.
Міне, енді А.Әшімов атындағы жаңа жастар театры дүниеге келді. Жас театрдың қазірдің өзінде дайындалған 9 спектаклі бар екен. Жас театрға ақ жол, ұзақ ғұмыр тілейміз!
Курсты толық бітірген 37 жас актерге биылғы бірінші курсқа қабылданған 40 талапкер қосылып отыр. Асекеңнен сабақ алып, үйреніп қалыңдар.
Өскенбай ҚҰЛАТАЙҰЛЫ.