«Ай мен Айшаның» ақ таңы

Жақында ғана ҚР Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Ай мен Айша» қойылымы қабырғасы қайысқан қазақтың қайғылы кезеңін суреттеген жауһар дүние. Айға мұңын шаққан Айшаның  алыстан қол бұлғаған үкілі үміті бар - саналы ұрпақ құстай еркін самғаса  елдің еңсесі тіктелер, жоғалтқанын қайтарар, құндылығын қастерлеп, асыл мұратты бабалардың ізін басар деген.2015 жылы тұсауы кесілген, әлі де  Ұлттық театр сахнасынан түспеген қойылым режиссері Тұңғышбай әл-Тарази, сахналық үлгісін жасаған Еркін Жуасбектер күллі қазақ әйелдерінің аяулы образына айналған Айшаның батыл болмысын күрескерлік рухы арқылы ашуға бел байлаған. «Ай мен Айша» романы бала Барысханның көзімен жазылса, қойылымда да оқиғалар арасын жалғаған Барысхан-Шерханның естеліктері оқылуы жүрек тебірентерлік тапқыр шешім. Классик жазушы Шерхан Мұртазаның тұтас шығармашылығын алсаңыз, бұғаудағы басын арашалай алмай ақырған арыстардың, солақай саясаттың құрбаны болған құндылықтарды жоқтау секілді, ішіңіз қасқырша ұлиды. Сондықтан да «Ай мен Айшаның» сахналануынан көрермен қашан да қасіретке толы картинаны күтері сөзсіз. Алайда, «Ай мен Айшаның» сахналық үлгісі бөлек, қайғыра отырып көңіл кеңістігін ашар көріністерге елеңдейсіз, қападар бола отырып алғаусыз таза қазақ қалпына, аңғал болмысына сүйсінесіз. Айшаның болмысын тереңірек қозғап, қойылымның драматургиялық дамуын ширықтыра түсу үшін жазушының «Мылтықсыз майдан» атты шығармасынан да оқиға мен кейіпкерлерді біріктіргенін байқаймыз.