«Біздің әрқайсымыз - тарихтың кішкене бөлшегіміз» немесе «Ай мен Айша» спектаклінің феномені туралы

Өнердің әр саласының өз даму заңдылығы бар. «Алдымен туған Сөз еді, сол Сөз – Құдай болатын...» (А.Сүлейменов аудармасы), қисынынан келгенде, бүгінгі театр мен кино өнері өз дербестіктерін қорғап, осы Сөзден, яғни көркем сөз – әдебиеттен қанша аулақтағысы келсе де, қандай да шоқтығы биік спектакль не көркем фильмнің түп негізінде көркем сөз жататынын мойындамасқа болмайды. Бүгінгі таңда әсіресе әлем өнерінде әдеби шығармалар негізінде түсірілген фильмдер мен қойылған спектакльдер миллиондаған көрерменнің көңілінен шығып, әлемдік көркем өнерге олжа салып отыр. Мұндай жақсы үрдістен қазақ өнері де кенде емес. Біз азды-көпті пікір білдірсек, биыл Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған спектакль – М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының «Ай мен Айша» спектаклі – осы үрдістің көркем бір бейнесі. «Ай мен Айша» дегенде, әрине, бірден көрнекті суреткер, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза есімі ауызға оралады. Тағылымды да сырт көзге даңғыл көрінгенімен, кедергілері де аз болмаған, кей тұстардағы тағдыр жолы тайғақ болды; сонау 1980–1989 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетіне Бас редактор болып тұрған кезінде, арасында осы жолдардың авторы да бар, бір топ жастың, мүмкін, рухани толысуға бет алуына, кеңірек категориялармен ойлай білуге, ұлтжандылыққа, ұран-даңғазасыз-ақ елсүйгіштікке тәрбиелеген үлкен мектебі еске түседі. Шер-ағаның кітаптарын, оның ішінде «Мылтықсыз майдан» повесін, кейініректе «Ай мен Айша» роман-дилогиясын бас алмай оқып шыққанбыз. «Ай мен Айшаның» жөні бөлек – тәуелсіз қазақ әдебиетінің классикасы. Классиканың сахналық нұсқасын жасаудың әртүрлі әдісі бар. Әсіресе соңғы кезеңде ұлттық классикамызды сахналауда жастар арасында жаңалықтың жөні осы екен деп, шығарма жайына қалып, инсценировка авторы немесе режиссер өз идеяларын «қызықтайтын», заманауи деген көркемдік ізденістерінің кейде шектен тыс оғаштыққа ұрынатын жағдайлары да кездесіп қалады. Ал «Ай мен Айша» қойылымы туралы сөз өзгеше.