«Ай мен Айша». Үлкен империямен күрескен кішкентай адамдар
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының «Ай мен Айша» қойылымы биыл Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылыпты. Театр өнеріне Мемлкеттік сыйлық соңғы рет қай жылы берілгені есімізде жоқ. Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі бірегей сыйлыққа ие болған спектакль жоқ болуы да мүмкін. Демек, биыл айтулы сыйлықты театр майталмандарының ерен еңбегіне берген дұрыс деп ойлаймын. Өнердің барлық саласы өз уақытында еленіп, тиісті бағасын алуы керек. «Ай мен Айша» – соңғы жылдары сахналанған ең үздік драмалардың бірі десек болады.
Қазақтың айтулы перзенті Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» өмірнамалық романын білмейтін оқырман кемде кем. Ондағы Айша, Барысхан секілді кейіпкерлердің өміріне үңіліп, ерліктеріне тәнті болмаған, қайсарлықтарына қуанбаған оқырман аз шығар. 1937-38 жылдардағы қызылдардың репрессиясын, аштық пен соғысты арқау еткен шығарма – әдебиетіміздегі үздік туындылардың бірі. Әуезов театры жазушының «Ай мен Айша» мен «Мылтықсыз майдан» повесін өзек етіп, эпикалық қойылымды көрерменге ұсынған болатын. 2015 жылы сахналанған қойылымға автордың өзі қатысып, «өзінің ғана емес, зобалаң жылдарды көзімен көрген миллиондаған адамның тағдырын арқау еткен» қойылымға алғысын білдірген болатын. Сол қойылымның өңделген нұсқасы театрда қайтадан жаңғырып, көрерменнің көзайымына айналып үлгерді.