М. Әуезов театры сахналаған Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» спектакліне шолу

Қазақ өнерінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театры ғасырға жуық тарихында қазақ және әлемдік классикадан бастап бүгінгі заманауи тақырыптарға дейін қамтып, әр кезеңнің дәстүрлі актерлік, режиссерлік мектебін қалыптастырған іргелі өнер ордасы. Театр ұжымы белгілі жазушы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы мен «Мылтықсыз майдан» повесі желісімен жазылған «Ай мен Айша» (пьеса авторы: Е. Жуасбек) спектаклімен Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Осы қойылымды сахналаған режиссер, актерлік шығармашылық құрам жайлы түйген ойымызды қағазға түсірдік. М. Әуезов театры қашан да дара тұлғаларға кенде емес. Талантына табындырған да тамсандырған небір өнер саңлақтары, ұлттық театрымыздың дамуына мол үлес қосты. Ал, осы театрдың жүрегін соқтырып, тамырына ыстық қан жүгіртетін – режиссер десек қателеспейміз. Өзінің талантымен, шеберлігімен елге танылған санаулы суреткерлердің бірі белгілі актер, режиссер, ұлағатты ұстаз – Тұңғышбай Жаманқұлов.