Ұлттық театр репертуарындағы “Ай мен Айша” додада

Ұлттық театр репертуарындағы “Ай мен Айша” спектаклі ҚР Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған іріктеудің алғашқы кезеңінен өтті, - деп хабарлайды Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының баспасөз бөлімі. Жақында ғана ҚР Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Ай мен Айша» қойылымы қабырғасы қайысқан қазақтың қайғылы кезеңін суреттеген жауһар мұра. Қойылымға арқау болған шығарма «Ай мен Айша» романы Шерхан Мұртазаның өз өмірінен сыр шертеді. Романның желісіне арқау болған тақырып ашыршылық жайлаған зұлмат жылдарда дүниеге келіп, қазақ зиялылары репрессияға ұшыраған жылдарда әкесінен айырылып, одан кейін Ұлы Отан соғысының тауқыметін бастан өткеріп қанша қиыншылық көрсе де, еңсесі түсіп езілмей, ағынға қарсы жүзе білген Барысхан деген баланың өмірі және сол балаға өшпестей үміт сыйлап, өмірлік шам-шырағы, қайсар қаһарманы болған анасы Айша жайында баяндалған.