«Ай мен Айша» спектаклі: Керзаманның кесірі

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театры – ғасырға тарта тарихы бар өнер ордасы, қасиетті қарашаңырақ. Айтылмыш театрдың репертуарында қоғам назарын аударған барлық тақырып қаузалды десем артық емес. Көпшілік көкейінде жүрген саяси, тарихи, діни, лирикалық, әлеуметтік мәселелер сахнада көрсетіліп, жұрттың талқысына түскені айқын. Сондай көркем шығарманың бірі – 2015 жылы тұңғыш рет сахналанған «Ай мен Айша» спектаклі. Қойылым жазушы Ш. Мұртазаның «Ай мен Айша» романы мен «Мылтықсыз майдан» повесі негізінде елге мәлім драматург Еркін Жуасбек инсценировкасын әзірлеп, сахнаға лайықтады. Жоғарыдағы шығармалар – ХХ ғасырдың ең қасіретті, ауыр кезеңін арқау еткен дүниелер. Мұндағы сойқан жылдар, майдандағы бүкіл ауыртпалық, ауылдағы адамдардың ахуалы, «халық жауы» атанып, қуғын-сүргінге ұшыраған отбасының жайсыз жағдайы Айша арқылы суреттеледі. Алапат соғыс, аштық, репрессия, халықтың басынан өткен қиындықтар тұсында Айша өмір үшін, өз отбасы, балаларының болашағы үшін күреседі.