Ұлттық мәртебеге мүдделі театрлар ұлтқа жақын ба?
Әр кезең өз авторын туғызады. Өміршең классиканың көрерменге берері де, үйретері де көп. Алайда өз дәуіріне үн қатқан, өз уақытының жүгін көтерген заманауи драматургтердің шығармалары театр сахнасында әрдайым кешегі кезең туындыларымен бірдей деңгейде көрініс таба бермейді. Бүгінгі драматургтер қоғам тарапынан «Шекспир мен Чехов сияқты жаза алмайсыңдар» деген өткір сынды жиі естиді. «Жазған пьесам сахнада қойылмайды» деп немесе қойылған күнде де, «іштен шыққан шұбар жылан», көз майын тауысып, жан жүрегімен жазған пьесасының режиссерлердің «пышағына» ілініп, аяусыз туралып, жұтаң тартып шығатынына наразы драматург өзінше өкпелі. «Олардың жазған пьесалары жарамсыз. Сюжеті солғын, идеясы әлжуаз, кейіпкер характерлеріне дейін ұқсас, қарабайыр, тартымсыз» деп режиссер шарасыздық танытады. Драматург пен театрдың, драматург пен режиссердің арасындағы байланыстың белгілі бір жүйеге түспеуі – бүгінгі қазақ театрының шешімін күткен өзекті мәселелерінің бірі. «Драматург – режиссер – көрермен» тізбегінде жұмыс істейтін театрлар өз репертуарын жасайтын автор-драматургпен шығармашылық байланысын қамтамасыз ететін заманға сай оңтайлы тетіктерін таба алған жоқ.