Сын мен пікірді шатастырмайық!

Әдетте біз қойылым кезінде актерлердің шеберлігіне ерекше мән береміз де, сахнаның ар жағындағы мамандардың еңбегі ескерусіз қалады. Ал шындығында, спектакльдің сәтті шығуы қоюшы-суретшіге де байланысты. Сценограф қойылымның басынан аяғына дейін режиссердің халыққа жеткізгісі келген ойын дәл тауып, көрерменге жеткізе білуі керек.

Біз Алматыдағы киелі қарашаңырақ – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының қоюшы-суретшісі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Мұрат Сапаровқа жолығып, отандық сценографияның қыр-сыры жайында әңгімелеп беруін өтіндік.

Jas qazaq: Мұрат Исмайылұлы, ең алдымен, өзіңізді оқырмандарымызға таныстырып алсақ. Осы мамандықты таңдауға не түрткі болды? М.Сапаров: Мен қазіргі Түркістан облысының тумасымын. Көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Әкем – журналист. Біраз жыл аудандық «Достық» газетінің бас редакторы болды. Анам – мұғалім. Кішкентайымнан өнерге жақын болдым. Көркемөнер, спорт үйірмелеріне үзбей қатысатынмын. Бала кезімде боксер болуды да армандағам. Ал өнерге шындап мойын бұруыма ықпал еткен әкем Исмайыл Сапаров, ол кісі менің боксер болам дегенімді естіп, «Боксер болу оңай емес, ертең түрлі жарақат алып, атақты Мұхаммед Әли секілді паркинсон ауруына шалдықсаң қайтесің. Одан да Алматыға бар, суретті жақсы салатын өнерің бар емес пе», – деп мені үлкен қалаға жіберді. Әкем өмірден ерте кетті. Отбасында көп ағайындымыз. Аға-әпкелерім мен іні-қарындастарым бар. Әрқайсысының өз жолы бар. Сөйтіп 1990-1995 жылы республикалық О.Таңсықбаев атындағы көркемсурет училищесінің «Сценография» бөлімін, 1995-2000 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Сценография, театр-кино және телевизияның қоюшы-суретшісі» бөлімін бітірдім. Оқу бітіргеннен кейін екі жылдай неміс театрында жұмыс істеп, 2002 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрына қоюшы-суретші болып орналастым. Міне, содан бері 20 жыл өтіпті. Театрдың қазанында қайнап, осы салада қызмет етіп келемін.

Jas qazaq: Қазіргі заманауи қойылымдарда басынан аяғына дейін LED экран сияқты техникалық мүмкіндіктердің қолданысқа енгенін көріп жүрміз. Сахна суреткері ретінде айтыңызшы, заман ағымына сай техникалық мүмкіндіктерді қолдану қаншалықты тиімді? Жалпы сценограф болудың қызығы мен қиындығы неде? М.Сапаров: Әрине, қазір тек театр ғана емес, барлық салада жаһандану үрдісі жүріп жатыр. Біз де заманға сай техникалық мүмкіндіктерді пайдаланамыз. LED экранды пайдалану – бастан аяқ соның фонында актерлерді ойнатып қою емес. Экранның шағын ғана бөлігі арқылы көп нәрсені көрсетуге болады. Сценографияның мақсаты – көркемдік шешімді табу. Сахнадағы әрекет пен фондағы әрекет бір-бірімен қабысып жатуы тиіс. Өздеріңізге мәлім, біздің театрдың тарихы тереңде жатыр. Биыл 97-ші маусым, әне-міне дегенше, 100-ші маусымға да жетіп қаламыз. Театр ғимаратын жәдігер ретінде сақтауымыз керек. Шындығын айтқанда, біздің сахнадағы техникалық құрылғылардың көбі ескірді. Оларды басқаруға электр энергиясы көп кетеді. Тіпті басшылықтың өзі электр жарығына көп шығын жұмсалатынын айтады. Себебі ондағы механизмдерді қозғалтуға көп энергия керек. Байқасаңыздар, сахна айналады, (плунжерлер) сахнадағы алаң жоғары көтеріледі, төмен түседі. Бір қарағанда, оңай көрінуі мүмкін. Бірақ осының барлығы көп шығынды қажет етеді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Германиядан мамандар келіп, сахнаның техникалық жүйесін ауыстыруға қанша қаржы қажет екенін есептеп берген. Қазір бір ғана ноутбуктың көмегімен сахнаны басқаруға болады. Алдағы уақытта бұл мәселе де шешіледі деген ойдамын. Қоюшы-суретшіге жүктелетін міндет зор. Ол қойылымдағы барлық іске жауап береді. Үнемі режиссермен ақылдасып, актерлердің мүмкіндігіне сай ортақ шешімге келуі тиіс. Оның үстіне, біздегі сценография Еуропа, Ресейдегідей жалпыға ұғынықты сала емес. Көрермен қауым біздің жұмысымызды түсіне бермейді. Әр цехтың өз міндеті бар. Әрқайсысының жауапты адамы бар. Біз спектакльдегі әрбір кейіпкердің киім-кешегіне дейін мән береміз. Бір қойылымға шамамен 100 адам қатысады десек, екі құрам өнер көрсететін болса, 200 адамға киім тігіледі. Оның ар жағында қаншама еңбек жатыр. Әр қойылымның реквизиттері дайындалады. Оны қалай, қай уақытта пайдалану жағы да жан-жақты зерделенеді. Сондықтан бұл саланың өзіндік ерекшелігі бар. Сонысымен қызықтырады, шабыттандырады.

Jas qazaq: Пандемия кезінде өнер ордасының есігі жабық болды. Дегенмен театрдың жұмысы тоқтаған жоқ қой? М.Сапаров: Әрине, пандемия кезеңі бізге көп нәрсені ұқтырды. Өнер адамдарына шығармашылық тұрғыдан қиын болғанымен, оның да шешімі табылды. Театр жұмысын онлайн режимде жүргізді, әлеуметтік желіде көрермендермен тікелей байланыста болдық. Күнделікті актер болсын, шығармашылық құрам болсын, барлығымыз бірлесе жұмыс істедік. Әйтеуір, бұл кезеңнен де өттік. Пандемиядан кейін өнерге шөлдеген халық театрға ағылды. Қазір сұранысқа ие қойылымдар бар. Халықтың театрға көптеп келуі де көңілге қуаныш сыйлайды. Шабыттандырады.

Jas qazaq: Қазір Әшірбек ағамыздай, театр туралы сын жазатындар жоқ сияқты. Әлде мен қателесіп отырмын ба? Мәселен, театр сахнасының декорациясына қатысты сын айтыла ма? Өзіңіз сынды қалай қабылдайсыз? М.Сапаров: Қазір кәсіби сын бар деп айта алмаймын. Мен Әшірбек ағаймен бірге жұмыс істедім. Ол кісі менің жұмысыма қатысты қатты-қатты айтатын. Тіпті көңіліме, жүрегіме жақын қабылдаған кездерім болды. Сол кезде ұстазым Есенгелді Тұяқов: «Мұрат, әлі талай сын айтылады, бәріне дайын болуың керек», – деп демеп отыратын. Кейінірек менің бір спектакльдегі сценографияма қатысты Әшірбек ағай жоғары баға берді. Мүмкіндігімнің одан да зор екенін айтып, марқайтып тастады. Сол күннен бастап шабыттанып, сынға басқаша қарайтын болдым. Ал қазір ше? Сценографиядан бірде-бір хабары жоқ адам сын жазады. Мен оны сыни пікір емес, жәй ғана жеке адамның пікірі дер едім. Біз кейінгі кезде кәсіби сын мен пікірді шатастырып алдық. Қазір блогерсымақтар қойылымды бір-ақ рет көріп, өзінің пікірін әлеуметтік желіде жариялап жүр. Оны бүкіл ел оқиды. Ондағы қате пікірді оқыған жұрттың театрға келуге деген ықыласы төмендеп кетеді. Егер ол сын кәсіби тұрғыдан жазылған болса, келісер едім. Біз ондай пікірлерге өз ойымызды қоссақ, ақталғандай боламыз. Сондықтан «ит үреді, керуен көшеді» дейміз де қоямыз. Мен бұл жерде сахнаның декорациясына айтылған сынды айтып отырмын. Сценография – мамандық. Оның өзінің заңдылықтары бар. Өзінің ережелері бар. Егер осы сала туралы кәсіби білімің болса, сына. Ойың кәсіби тұрғыдан жаз. Меніңше, бізге сыни пікір жазатындарды сүзгіден өткізетін кеңес керек. Әлгіндей беталды жазатындарды жауапкершілікке де тарту керек деп ойлаймын. Әркім өз пікірін, қыжылы мен базынасын жаза беретін болса, біз дамымаймыз. Ал сын айттым екен деп қисыны келсін-келмесін пікір жазып жүргендерді өз басым «хайп қуғандар» дер едім.

Jas qazaq: Бізде сценография мамандығы бірнеше жоғары оқу орнында оқытылады. Жыл сайын сценограф мамандар қолына диплом алып жатыр. Театрға жас мамандар келіп жатыр ма? Олар осындай киелі шаңырақта тұрақты жұмыс істегісі келе ме? М.Сапаров: Бізге өндірістік тәжірибеден өтуге студенттер келеді. Ең алдымен, жұмыспен танысады. Әрине, бір-екі аптада олар ештеңе үйренбейді. Дегенмен бізге келген жас маманға мамандықтың қыр-сырын барынша түсіндіруге тырысамыз. Бірақ тұрақты жұмыс істеуге жастар келмейді. Өйткені театрдың айлығын білесіздер. Театрға деген сүйіспеншілік бірден оянбайды. Менің де бәрін тастап кетіп қалғым келген кездер болған. Бірақ өнерге деген сүйіспеншіліктің арқасында осы орында тұрақтап қалдым. Әрине, бір ғана айлықпен күн көру мүмкін емес. Сондықтан да театрдан тыс жеке жобамен де жұмыс істеймін. Бізге келген жастарға білгенімді үйретіп, шәкірт тәрбиелегім-ақ келеді. Оған тәжірибем де жетеді. Осыған қатысты ұсыныстар да түсіп жатыр. Бірақ оған арнайы магистрлік білім керек екен. Сценограф мамандығы бізде бар. Жастар білім алып жатыр. Бірақ диплом алғаннан кейін театрға келіп, жұмыс істегісі келетін маманды көрген емеспін. Өйткені таңның атысынан күннің батысына дейін театрдан шықпай, аз ғана ақшаға олар жұмыс істегілері келмейді. Мені театрда ұстап тұрған – өнерге деген құштарлық. Әр адам өз жұмысын сүюі керек. Сценография да өнер. Біздер, қоюшы-суретшілер көбінесе назардан тыс қалып жатамыз. Негізі бізге шығармашылық байланыс керек. Біз бір-бірімізбен тәжірибе алмасып отыруымыз қажет. Бүгінде Суретшілер одағындағы мамандар бірігіп, түрлі шара ұйымдастырып жүрміз. Мысалы, шетелдерде қалай? Ондағы театрлар ешқандай мемлекеттік органдарға бағынбайды. Олар өзін-өзі асырайды. Атақты актерлері арқылы, сұранысқа ие спектакльдері арқылы көрерменмен жұмыс істейді. Ал бізде мемлекеттен қолдау болмаса бәрібір қиын. Сценографтардың көрмесі осыдан он бір жыл бұрын Қарағанды қаласында ұйымдастырылыпты. Біз биыл М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық театрында өтіп жатқан Орталық Азия елдерінің халықаралық фестивалі аясында ұсынысымызды білдіріп жүріп, республика көлемінде сценографтардың көрмесін ұйымдастырдық. Онда да қатысушылар эскиз макеттерін өз театрларының қаржысына жеткізді. Біз еліміздегі барлық театрларға ұсыныс хат жібердік. Бірақ мүмкіндіктеріне қарай бірнеше театр ғана қатысты. Өнерге құштар жас сценограф, режиссер мамандар бар. Бірақ олар елімізде тұрақтамай, шетелге кетіп қалады. Білімін шетелде жетілдіріп, сол жақта қалып жатқандар да бар.

Jas qazaq: Жақында «Қарагөз» спектаклінен кейін жастардың шығарманы мүлдем түсінбегенін байқадым. Бір-бірінен «не айтты, немен бітті» деп сұрап жатты. Сондай-ақ сахнадан алыс орындарда актерлердің дауысы естілмеді. Сіздіңше, жастардың театрға деген құштарлығын қалай арттыруға болады? М.Сапаров: Театрға әр түрлі көрермен келеді. Бірі шығарманы оқыған, түпнұсқадан хабары бар көрермендер. Бірі қазір сіз айтып отырған қойылымға бірінші рет келген адамдар. Актерлердің дауысының естілмегені – театрдағы акустикадан. Ал жастарға келсек, қазір олар театрға көп келмейді. Мен балаларыма театрға келіңдер десем, «Әке, ол жерде бәрі ескі ғой», – деп жауап береді. Олар өздері қызықтырған шығарманы, әлемдік классиканы қолындағы смартфоннан-ақ көре алады. Кезінде радио шыққан кезде, театр өледі деген. Одан кейін телевизия шыққанда, театр өледі деген. Театр ешқашан өлмейді. Өйткені бұл – жанды өнер. Біз академиялық театр болғаннан кейін көрерменге ой салу, ұлттық тәрбие беру құралымыз. Өзіміздің тілімізді, ділімізді дәріптейміз.

Jas qazaq: Осы жерде мынандай сауал туындайды. Көрерменді театрға тарту мақсатында қазіргі қоғамдағы мәселелерді ашық қозғайтын қойылымдарды неге қоймасқа. Әлде театрдың бағыты басқа ма? М.Сапаров: Менің жеке пікірім – біз академиялық театрмыз. Сіз айтып отырғандай, «экспериментальды» қойылымдар бар. Мысалы, былтыр «Туған күн», «Қайдасың, мама» сынды моноспектакльдер қойылды. Оны актрисалардың өздері ұсынып, қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтерді. Бірақ біздің ұлттық деген мәртебемізге қарай, ондай қойылымдарды көп қоя алмаймыз. Оған арналған жастар театры сынды арнайы өнер ордалары бар. Ал біз классик жазушыларымыздың шығармалары арқылы көрерменге ой тастауымыз керек. Бірақ бізде комедия, мюзикл жанры аз. Мысалы, «Сыған серенадасы» мюзиклі сұранысқа ие. Әсіресе, облыстарға гастрольдік сапармен барғанда, көрермен сұрауы бойынша бұл мюзикл екі рет қойылады. Бір жағынан, Шәмшінің әндеріне шөлдеген халық жылы қарсы алады. Біз фольклорге өте бай халықпыз. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, бізге өз комедиямызды жасауымыз керек. Рас, «Отыз ұлың болғанша», «Алдаркөсе тірі екен», «Бес бойдаққа бір той» сынды комедия жанрындағы спектакльдер бар. Дегенмен жаңа комедия керек. Біз халқымыздың бай өнерін дәріптеуіміз керек. Одан бөлек, драматургия саласына жаңа есімдердің пайда болуына жол ашқанымыз жөн. Біз театрымызды дамыту үшін жастарға жол беруіміз керек. Қазір көзқарасы қалыптасқан, креативті жастар бар. Өз ойын бүкпесіз айта алатын жастар да бар. Сондықтан жаңарамыз десек, ең алдымен, жастарға мүмкіндік берейік.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Мақпал Ноғайбаева


https://jasqazaq.kz/syn-men-pikirdi-shatastyrmajykh/


Өзге жаңалықтар