М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында «Қара шаңырақ – 2022» театр фестивалі басталды. КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдығына арналған фестивальдің мақсаты – жаңа қойылымдардың шығармашылық сапасын анықтап, оның ішінде актерлердің жұмысын бағалау, шығармашылық құрамға серпін беріп, көрермен мен театр арасындағы байланысты нығайту.
«Қара шаңырақ» фестивалінің басталуына орай баспасөз мәжілісі әрі А.Мұқанның «Қ.Жетпісбаев», С.Асқаровтың «Б.Жанғалиева», К.Малтабарованың «Ә.Мәмбетов» кітаптарының таныстырылымы өтті. «КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Ә.Мәмбетовтің туғанына – 90 жыл» атты көрме ұйымдастырылды.
Бұл еңбектер жөнінде М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек былай дейді: «Әзірбайжан Мәмбетов туралы кітап театрдың іргесінде жазылған деп айтуға болады. Өйткені ол кітаптағы бүкіл спектакль ең алдымен, Әуезов театрының сахнасында қойылған. Қадыр Жетпісбаев, Қадыр ағаның үйіндегі жеңгеміз «он жеті жыл шығармашылығын Әуезов театрында жасады» деп айтып отыр. Шын мәнінде, ол кісі сахналаған Оралхан Бөкейдің «Құлыным менің», сол 70-жылдардағы авангард, жаңа спектакльдер болды. Жалпы театрдың тарихы талантты тұлғалардың арқасында жасалады. Бақыт Жанғалиева қартайғанша сахнадан түспеді. Өмірден өткенінше спектакльде ойнады. Театрдың тарихи спектакльдеріне қатысты. Ол кісі орындаған Баян, «Ант» қойылымындағы Бәтима ханым театрдың тарихында алтын әріппен жазылған құнды еңбектер».
Алғашқы қойылым – Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер. Ақбала» трагедиясымен ашылды. «Қан мен тер. Ақбала» спектаклі 1974 жылы режиссер Әзірбайжан Мәмбетов қойған «Қан мен тер» спектаклінің ремейкі болып есептеледі. Дегенмен, аты аңызға айналған роман-трилогияның бүгінгі сахналық нұсқасы бұрынғысынан өзге: бұл жерде адамзаттық құндылықтарға, кейіпкерлердің жеке қарым-қатынасына баса назар аударылған. Ақбала, Еламан, Тәңірберген арасындағы махаббат үштігі және адам азып, қоғамның қабырғасы сетінегенде табиғаттың тылсымнан үн қататыны жайында ой толғайды. Тәңірбергеннің озбырлығына қасық қаның қарайып, жек көресің. Сүйеу қарттың дәрменсіздігі жаныңа батқанымен, іштей тілеулессің. Ақбаланың жылаған нәрестенің дауысына ұмтылуы қуантса, енді бірде Еламанға жасаған сатқындығын кешіре алмайсың. Еламанның белінен опырылған бесікті қайта бүтіндеуге тырысуы жүрегіңді езіп жібереді. Актердің әр сәтті қалт жібермей, бойынан өткізе алуы, көрерменін сендіруі – актерлік шеберлік болса керек. Бұл тұрғыда Тәңірберген мен Сүйеу қартты, Ақбаланы ерекше атар едім.
Фестиваль аясында Қ.Бегмановтың «Менің Мұстафам!..», Д.Исабековтің «Мақшар түнгі махаббат», Р.Отарбаевтың «Қытайдан жеткен сәлемдеме», Б.Шоудың «Сүйікті менің періштем», А.Батырқызының «Бейтаныс таныстар» және Ж.Бауыржанқызының «Қайдасың, мама?!» қойылымдары ұсынылып, ұлы жазушы М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы нүктесін қояды.
Бағдагүл Балаубаева
https://anatili.kazgazeta.kz/news/61286