Жақсының көзі

Бір дәуірдің биігінен бой көрсетіп, өнер дейтін өрелі жолда табанды еңбек ету деген сөз, екінің бірінің қолынан келе бермейтін келелі қасиет дегенді білдіреді. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының айтулы актрисасы – Ғайникамал Мұқанқызы Байқошқарованың өмірі мен шығармашылық жолы  біз тілге тиек еткелі отырған тегеурінді әңгімеміздің әу бастағы әліппесі ғана. 1943 жылы сегізінші ақпанда бұрынғы Шығыс Қазақстан облысы (қазіргі Абай облысы) Семей қаласы, Мақаншы ауылында дүниеге келген Ғайникамал,  әжесі – Меңкебану Өлмесекқызының тәрбиесінде өседі. Кішкенесінен өмірге бейім, өнерге өжет, өрмінез қыз боп қалыптасып, қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдың мақтанышына айналады. Ғайникамалдың әжесі – Меңкебану Өлмесекқызы шешен, он саусағынан өнер тамған өрелі өнер  иесі болған, ол ауылдағы кыз-келіншектердің көпшілігі Меңкебану әжейдің маңайынан үйіріліп шықпаушы еді дейді көз көргендер. 

Атағы әйгілі алты алашты шарпыған, қарадан шығып хан болған Құнанбай әулетінің  ұрпақтары да, бұл шаңырақтың ошағына жылынғанының  өзі жеке әңгіме... Абыз Абай атамыздан тараған  асыл перзенттер – Ақылбай, Тұрағұл, Мағауия сынды өз заманының заңғар алыптары Меңкебану әжейдің қолынан дәм татып, ықыласына бөленгені күні бүгінге дейін Семейдегі көпшілік арасында әлі күнге аңыз боп айтылады. Алыс, жақынына бірдей ағайынның қадірлісі болып, қамқор анасына айналған ардақты жанға құрмет толастамайтыны даусыз.

Ғайникамал Байқошқарованың әкесі Мұқан Байқошқарұлы мен анасы   Гүлфарида Мұсатайқызының өмірі де өнегелі. Тұла бойы тұңғышы Ғайникамал қанша жерден ерке, біртоға қыз боп бой жеткенімен, адалдықпен, әділдікті алыс арман сапарындағы сенімді серігіне айналдырып, серпіле алға жылжып отыру арқылы алдыңғы аға буын алыптар тобының айшықты арғымағына айналды. Жарты ғасырдан аса театр сахнасындағы салмақты рөлдері арқылы, салиқалы көрерменнің санасына сәуле түсіріп, тұшымды ойға, тұғырлы биікке жетеледі. 1969 жылы алғаш рет театр табалдырығын аттаған күннен бас-тап Ғайникамал М.Хасеновтың (режиссері – В.Пұсырманов) «Қаралы сұлуындағы» – Меруерт, Е.Уахитовтың (режиссері – В.Пұсырманов) «Құдаларындағы» – Дилором,  С.Мұқановтың (режиссері – Е.Обаев) «Ботагөзіндегі» – Лиза, М.Булгаковтың «Жендеттеріндегі» Маделена мен «Өттің, дүниедегі» Фатима болып күн кешіп, өнер әлеміндегі өзгеге ұқсамайтын рөлдерімен  жалпы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әуелден өнер деп соққан өршіл жүрегін өгейсіте жүріп, алғашында Ғайникамал Мұқанқызы Байқошқарова 1961 жылы  Алматы Медицина институына  оқуға түседі. Кейінірек КСРО халық артисі – Сабира Майқановамен, КСРО халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері – Фарида Шәріпованың баулуымен ол Медицина институтының үшінші курсынан оқуын аяқсыз қалдырып, 1965 жылы консерваторияның актерлер дайындайтын бөліміне, КСРО халық артисі – Хадиша Бөкееваның курсына қайтадан студент боп қабылданады. Талабы күшті табанды қыз мақсатына жетіп, Х.Бөкееваның класынан бес жыл білім алып, Құман Тас-танбеков, Әшірбек Сығай секілді сайдың тасындай іріктелген курстастарымен бірге жоғары оқу орынын үздік тәмамдап, театр дейтін тынысы кең әлемге бірден бет бұрады. Ондағы ұлылардың өнерінен үйреніп, кісілік қасиеттерінен кадір іздеп, көлденең тосқауылдардың тұқыртуынан тасалануы арқылы, үрей мен үміт арасындағы үздіксіз жалғасын тауып жататын жарамсыз қылық пен жағымпаз мінезден өз бойын аулақ салады. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білген жұдырықтай қыз, жұмбағы қиын әлемге жұтылып кетпей, жұрты сүйінген жұғымды актриса биігіне көтеріледі. Осы орайда белгілі әдебиет сыншысы, ғалым Мұхамеджан Қаратаев: «Абай – Әйгерімде» Салтанат образы осынау парасатты қыздың Абайға деген сыйы да сыпайы көзқарасын, жылы сезімі мен өзінің оңды адамгершілігін танытты. Салтанат – Ғ.Байқошқарова ойыны парасатты сана-сезімін жеткізу ерекшелігімен анықталды» десе, театртанушы, аудармашы, өнертану ғылымының докторы Бағыбек Құндақбаев: «Әпке» спектакіліндегі Гауһар рөліндегі жас актриса Ғ.Байқошқарованың ойыны мазмұнды. Бір-екі сөзге орындаушы өзінің үнсіз әрекетін жалғастырып, Гауһардың аса қарапайымдығы мен парасатын нанымды суреттейді», – дейді.

Ғайникамал Байқошқарованың театр сахнасынан тыс, қазақ кино өндірісіндегі қолтаңбасы да бар. Көптеген кино мен сериалдардағы образдары Ғайникамал Мұқанқызының қазақ кино өндірісіне олжа салған өміршең туындылар екенін айғақтайды.

Жақсылық МҰРАТБЕК,

жазушы-драматург

 

https://anatili.kazgazeta.kz/news/61345


Өзге жаңалықтар