Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында «Жан әке» қойылымының премьерасы өтті. Француздың көрнекті жазушы-драматургы Флориан Зеллердің шығармасын қазаққа етене жақын тәржімалап, көрерменге ұсынған Қазақстанның халық артисі Тілектес Мейрамов.
Бас кейіпкерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов сомдады. Өмірдің қызық-қиындығын бірге өткерген аяулы жары Әппақ бақилық болғалы мүсәпір күйге түскен қарияның халі аянышты.
Ақсақалдың есте сақтау қабілеті кеміп, жады тозып, ұмытып қалатыны болмаса, рухы мықты, сағы сынбаған. Оның қосағынан айрылғаннан кейінгі тағы бір қайғысы – шетелдікке тұрмысқа шығып кеткен кенже қызын уайымдап, іштен тынуы. Жасы келіп, күш-қуаты азайып, кіріптар күйге түскен әкені үлкен қызы Айжан ғана түсінгендей болады. Бірақ жеме-жемге келгенде ол да жеке өмірін ойлайды. Өз есебі түгел, жылпос сүйіктісінің сөзіне еріп, ақыр аяғында әкесін қарттар үйіне өткізеді. Мейірімге, қамқорлыққа зәру әкесі қыздарының тағдырын, ұлттық ұстыннан ажырай бастаған ұрпақтың тағдырына алаңдайды.Тамырынан үзілуге шақ қалған қоғамдағы оспадарсыз іс-әрекеттердің жиынтығына алаңдап, жаны күйзеледі.
Психологиялық тұрғыдан қойылған күрделі қойылымда шын өмір мен бас кейіпкердің қиялындағы тартыстың аражігін ажырату оңай емес. Интригалар жеткілікті. Әртүрлі жағдайда ойналатын диалогтарда қарама-қайшы көзқарас барған сайын шиеленісе түседі. Сау адамды жынды қылатын тұстары да бар. Шырмалған жіпті тарқату үшін оның бір ұшын іздеп табуыңыз керек, онсыз түйдектелген күйінде қалатыны белгілі. Ақсақалдың басындағы шытырман оқиға осы түйдектелген жіп тәріздес. Үлкен қызы Айжан (Майра Абсадықова) мен оның жігіті Қабыл (Бауыржан Манжігітов) екеуінің жауырды жаба тоқуы сырт көз көрерменнің өзін қажытып, ойға қалдырады. Қабылдың ақсақалға психологиялық қысым жасап, оңашада қолын қаттырақ батыруы, қылқындыруы, түртіп, нұқып, итеріп жіберуі, ал сүйіктісі Айжанды көрген бойда екіжүзділікке салынып «папалай» қалуы қандай жағымсыз еді. Сол арқылы біздің қоғамдағы қордаланған ащы шындықты дәл суреттегендей әсер береді.
Жалпы қай кейіпкерді алсаңыз да, оның бойынан қоғамның ащы запыранын көресіз. Мәселен, ақсақалды күтуші кемпірдің (Гүлшат Тұтова) әр сөзі сай-сүйегіңді сырқыратады. Өзінің жарының қайтқанына жеті жыл өткен күтуші кемпір «Балаларыма қазақи тәрбие бердім. Қызметі, үй-жайлары бар. ...Ешкімге кіріптар болмайын деп жатақханама кеттім. Өлгенше балаларымның тілеуін тілеп өлемін, сендердің әкелерің де сондай, тілеулеріңді тілеп отырады» деп, ұмытшақтығының салдарынан кемпірді қақбас, ұры деп кінәлаған ақсақалды күтуге одан әрі шыдай алмайтынын айтып, «пенсияма нәпақа болсын, сүйегіме салатын екі-үш киім алайын деп едім, ол да бұйырмады» деп егіледі. Бір жағынан «жалғыздық деген жаман, бірге серуенге шыққанда екеумізге жұрт қызығып қарайтын еді» деген сөзінен қимастық сезім де аңғарылады. Екінші жағынан, балаң, ұл-келінің жақсы болса, күтуші кемпірдің жаны жалғызсырамас еді-ау дейсің. Кімге не дерсің?! Өмірдің заңы сондай. «Адамның басы – Алланың добы» деп бекер айтылмаса керек. Тек әне бір әнде айтылатындай, «Барыңды бағала!» дегің келеді.
Спектакльдің қоюшы-режиссері – Асыл Құдайбергенов, қоюшы-суретшісі – Қуат Түстікбаев, режиссердің ассистенті – Болат Әбділманов, композиторлар Кентау Назарбек, Қайрат Құматайұлы, режиссердің көмекшісі – Алена Қабдешова екенін айта кеткен жөн.
Қысқасы, қойылым тобының жұмысын жоғары бағалауға болады. «Жан әке» адам баласына ой салатын туынды.
Бағдагүл БАЛАУБАЕВА
https://anatili.kazgazeta.kz/news/61402