«ЖАН ӘКЕ»: ҚАЗАҒЫМ, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?..

Жаңа жылдың жетінші күні марқұм Қалихан Ысқақ ағамыздың дуалы аузымен «Әкемтеатр» деп аталып кеткен, сол атауы жанға жылы тиетін еліміздің бас театры Мұхтар Әуезов атындағы ұлт­тық академиялық қазақ драма театрында «Жан әке» («Қазағым, қайда барасың?») деп аталатын спектакльдің премьерасы болды. Француз драматургы Флориан Зеллердің пьесасын Қазақстанның халық артисі Тілектес Мейрам орыс тілінен аударған екен, сол мәтіннің негізінде қазақша нұсқасын жасап шыққан әрі басты рөлді сомдаған – Болат Әбділман, режиссері – Асыл Құдайберген.

Қойылым туралы алғаш естігенде, әрі таңданып, әрі күмәнданып қалдық, таңданғанымыз – біз оның кинонұсқасын көргенбіз, психологиялық драма, Батыс әлемінің дамыған елдеріне тән оқиға біздің топырақты жерсіне қояр ма екен, сол баяғы айтыла-айтыла жауыр болған тақырып – қартайған әкесін қарт­тар үйіне өткізе салған қатыгез бала туралы кезекті гөй-гөйдің бірі болып шығады ғой деп топшыладық. Фильм­ді көрген, әңгіменің не жайында екенін білетін оқырманның көпшілігі солай ойласа керек. Мәселе мынада – шығарманың түпнұсқасында қарт­тар үйіне өткізілетін қария­ның трагедиясы баласының қатыгездігінен немесе қоғамның әділетсіздігінен туындап жатқан жоқ: Батыс елдері қоғамдық мүддені жеке бастың эгоизміне – индивидуализмге баяғыда бағындырып қойған, олардың өмірлік бағдары сол, ондағы қоғамдық қарым-қатынас заң арқылы рет­теледі, әділ ме бұл, жоқ па – ол жағына ешкім, соның ішінде жазушы да, драматург те, режиссер де, актер де бас қатырып жатпайды, басты құндылық – жеке адам, соның жайлы да шат-шадыман өмір сүруі, соның эгосы. Қарияның қасіреті – қартайып қалғаны ғана, қызы да қимайды оны, бірақ амал жоқ – алжыды ол, әлдеқашан жол апатынан қайтыс болған кіші қызы мен марқұм әйелін қайда жүр деп сұрай береді, ұмытшақтығы тіптен сұмдық, тұтас жылдар жадынан жоғалып кеткен. Сондықтан ол неге пәлен бөлмелі пәтерде тұруға тиіс, өзіне, қазіргі жағдайына лайықты мекенжайда тұрсын – қарт­тар үйіне барсын! Уақыт бәрін ұрлайды екен – дәуренің өтіп, қадірің кетіп, біртіндеп ешкімге керегің болмай қалады, қаласаң да сол, қаламасаң да сол, өмірдің заңы – осы: бағынасың оған, бағынбай қайда барасың деген пәлсапа. Қашып құтыла алмайсың одан, сәл-пәл жеңілдетуге де болмайды, қазақша айтқанда, «өлдің, Мамай, қор болдың». Трагедия ма? Әрине. Бірақ бұл трагедияның қоғамдық-әлеумет­тік-адами-мәдени-рухани астары біздегіден мүлдем басқаша!


Иә, бұл қойылым да сол баяғы тақырыпты қозғайды – қартайып, жалғыз қызының қолына қарап қалған, біртіндеп алжи бастаған, қатыгез күйеу баласы оңашада қол көтеріп, «неге тезірек өлмейсің, ей!» – деп мытып-мытып жібергені шамына тиетін, сонда да қызына шағымдануды ар санайтын, демек адам кейпінен әлі де айырыла қоймаған шал ақыры қарт­тар үйінен бір-ақ шығады. Түпнұсқадан еш айырмасы жоқ сияқты. Бірақ… Бірақ айырмасы бар, болғанда қандай! Мәселе біздің өзімізде – кім едік біз? Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған, «әкең жынды болса, байлап бақ» дейтін халық емес пе едік. Ал қазір кімбіз? Айтса – сөз өтпейтін, атса – оқ өтпейтін құбыжық, жансыз мақұлық, ештеңеден ұялмайтын, ештеңеге арланбайтын, «итің жаман» десе адырайып шыға келетін намысқойлық қасиетіміз жүз жыл бұрын көшкен жұртымызда қалып, бұл күндері «қызым арабқа тиді, қалыңмалына он миллион теңге берді» немесе «негрге тиді, өлі-тірісін естіртуге екі жүз банан әкелді», тіптен «қытайдағы құдаларым соғымға үйітілген елу егеуқұйрық жіберіпті» деп мақтанатын саппас болып шығыппыз. Өтірік пе? Өтірік десең айнаға қара!
Таңданғанымыз осы болатын, ал күмәнданғанымыз, Болат Әбділман – көрерменге кеңінен танымал, театрда талай тұлғаны сомдаған, экранда пәлен бейнеде көрініп үлгерген танымал актер. Оның амплуасы – оң жамбасына келетін рөлдері: халқымыздың дара тұлғалары, данагөй абыздары, ақындар, батырлар, бір сөзбен айтқанда, жағымды кейіпкерлер. Мына Флориан Зеллердің шалын олардың қатарына қоса алмайсың. Болат – талант­ты актер, қарапайым шалды да өйтіп-бүйтіп ойнап шығар-ау, бірақ көрерменді сендіре ала ма? Қалыптасып қалған образдан өзі қалай шығады, көрермендер қалай қабылдайды? Ол өзін Абайдың рөлін сомдап жүрген қазіргі актерлердің арасындағы біріншісімін, яғни ең лайықтысы менмін деп есептейді, бұл пікірін көпшілік те қостауға тиіс. Өйткені ол ең алдымен Абайдың рөлі арқылы танылды, әлі де сол рөлде ойнап жүр, теледидардан жиі көрінеді, көрерменнің көкейінде сол бейнесі сақталып қалған. Абай қайда, Флориан Зеллердің алжыған шалы қайда?
Күдігіміз қойылым басталған сәт­те-ақ сейіліп кет­ті. Болат­тың рөлді қаншалықты меңгергені алғашқы қимылдары мен сөздерінен-ақ білініп тұрды. Жалпы, бұл нағыз актерлердің бәріне тән қасиет. Зал толы көрермен тым-тырыс, бар ынтасы сахнаға ауған, бұл да қазір сирек кездеседі. Ал сахнада қартайып, алжи бастаған шал «сағатымды ұрлады» деп күтуші кемпірге жала жауып жатыр, сосын өзі өлгендердің қатарына қосып қойған кіші қызын еске алады, біресе қасындағы қызына ұмытшақ болып кетіпсің, дәрігерге көрін деп ақыл айтады, енді бірде жаңадан келген күтуші қызға «бұрын әнші» болғанмын деп мақтанады. Тіптен ән салып, билеп береді. Бірақ ол әнші де, биші де емес, қарапайым мектептің мұғалімі болыпты. Осыны білгенде алжыған шалдың да еркектік сезімі жоғалмапты-ау деп таңырқайсың, көкірегің жылып сала береді. Ол да пенде, сұлу қыздың алдында неге жақсы қырынан көрінбеске! Бәрі шын, бәрі рас, бәрі шынайы. Шалды аяйсың, «адам қартайғанда бір бала» деген рас-ау деген ой келеді. Айтпақшы, осы сөзді сахнада қызы да айтады, ешқандай қатыгез емес ол, әкесіне шынымен жаны ашиды, қарт­тар үйіне жіберуді ойламайды, оны шығарып жүрген күйеу баласы мен күтуші қыз Лола сияқты. Ақыры екеулеп жүріп қызын да көндіргенге ұқсайды, түптеп келгенде шалымыз сол жақтан бір-ақ шығады.
Ал сонда Батыс елдерінен біздің айырмашылығымыз қандай? Айырмашылық сол – біз «у ішсең руыңмен» дейтін халықпыз! Қойылымның орта тұсында шалдың күйеу баласы «қазір обал-сауаптың заманы емес» дейді. Осы сөзді естігенде төбе құйқама дейін шымырлап кет­ті. Рас па бұл?! Шынымен солай ма?! Біздің халқымыз обал-сауаптан безінген бе сонда?.. Міне, айырмашылық тап осы жерден басталады – сахнада болып жатқан оқиғалар жеке адамдардың емес, тұтас қоғамның басынан өтіп жатқанын ұғынасың. Автордың түпкі ойы да, басты мақсаты да сол – «қазақ, қайда барасың?» деген мәңгілік сұрақты тап осылай қоймақ болған. Осы ой, осы мақсат қалай көрініс тапты? Бұл сұрақтың жауабын сахнадан іздеген дұрыс. Ал біздің ұққанымыз – қазіргі қазақ қоғамы осы шалдың кебін киіп тұрғаны ғана. Ерніміз кемсеңдеп, халқымыздың құндылықтары, оларды көздің қарашығындай сақтау керектігі туралы көз жасымызды көлдетіп, жыламсырап тұрып айта береміз. Кім тыңдап жатыр бізді? Алжыған шалдың аузына ондай ұлағат­ты сөзді кім салып жүр? Күйеу бала сияқты мүт­тәйімдер бұл сөзімізді шыбын шаққан құрлы көрмейді! Байғұс шал сахнада осыны айтып тұрғанда ет-жүрегің езіліп кете жаздайды, өйткені бұл ақырып тұрып айтатын, саңқылдап талап ететін сөздер! Қалай айтасың, ақыратындай қуат қалды ма бізде, даусымыздың өзі сыбырлап қана шығады, саңқылдап сөйлеуді ұмытқалы қашан. Шынымен осындай жағдайға жеткеніміз бе? Расымен сондай болып шықтық па? Әлде нақты өмірде олай емес пе? Зер салып қараңызшы. Асықпай, мұқият қараңыз. Лола қыз кім? Ол әрі күтуші, әрі дәрігер екен. Ауру дендеген қоғамды сауықтырушы әрі емдеу­ші. Сауықтырғаны сол – шалды соның ақылымен қарт­тар үйіне өткізеді. Пәтерін сатып, түскен ақшаның бір бөлігін соған береді. Ондай дәрігерге біздің сауыққанымыз керек пе өзі? Иә, керек дегенді аузы барып кім айта алады? Ал қызы ше? Әкесіне жаны ашығанымен қолдан келер қайраны жоқ, күйеуі мен дәрігердің айтқанына көніп, әкесін қарт­тар үйіне өткізе салады. Бәрібір татар дәмі таусылуға таяу, соңғы бейнетін сондағылар көрсін деп ойлаған шығар.


Міне, қазіргі қоғамның бейнесі. Сіз бен біз өмір сүріп жатқан қоғам. Шындық осы. Ащы да емес, тұщы да емес, кәдуілгі өмірдің шындығы. Дәуреніміз өт­ті, бүкіл құндылықтарымызбен қоса қарт­тар үйінен бір-ақ шықтық, одан әрі қайда баратынымыз тағы белгілі. Алдағы өмір, жаңа қоғам қандай болмақ? Алжыған шал керек пе оған? Әй, қайдам…
Қойылымның режиссері Асыл Құдайберген – өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңына таман Алматы мемлекет­тік театр өнері институтын (қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы) тәмамдаған арнайы білімді маман. 90-шы жылдардың басында Мәскеудегі Театр режиссерлерінің жоғары курсында оқып, әлемге әйгілі Вахтангов атындағы және Мәскеу көркем академиялық театрында (МХАТ) тәжірибеден өткен. Оның 2015 жылы Жамбыл облыстық драма театрында қойған «Отеллосы» театртанушылар мен әріптестері тарапынан жоғары бағаланды.
«Жан әкедегі» режиссердің шеберлігіне тәнті болмауға амалың жоқ – екі сағатқа жуық уақыт жүретін спектакльді бір деммен көріп шығасың. Өте жинақы, бір ауыз артық сөз, артық қимыл болса, кәнеки! Декорация мен музыкадан да селкеулік байқалмайды. Қойылым өте шымыр, жұп-жұмыр, бәрі де өз-өзінен жүріп жатқан секілді. Қойылымның қалай аяқталғанын білмей қаласың. Талғамның биіктігі, талаптың жоғары болуы әрдайым осындай нәтиже берсе керек. Іштей риза болып, «іске сәт, Асыл!» – дедік. Спектакльді қабылдап аларда театрдың директоры Еркін Жуасбек пен көркемдік кеңестің төрағасы Асанәлі ағамыз да жаңа қойылымның сәт­ті боларына сенім білдіріп, ақ жол тілепті.
Шалдың қызы Айжанның бейнесін сомдаған Майра Әбдісадықова, күйеу жігіт Қабылдың рөлінде ойнаған Бауыржан Мәнжігітов, Лоланың рөліндегі Айша Ағымбай, Ибагүл кемпірдің рөліндегі Гүлшат Тұтова секілді актерлер де жоғары деңгейде өнер көрсет­ті.


Қойылымның суретшісі Қуат Түстік­баевтың шеберлігін де атап өткен жөн – сахнадан бірде-бір артық деталь, көзге ұратындай ештеңе көре алмайсың. Декорация ықшам жасалған, бәрі өз орнында, спектакльді тұтас қабылдауға ғана қызмет етіп тұр. Композиторлар Кентау Назарбек пен Қайрат Құматайұлының жұмысы жайында да осыны айтар едік. Қойылым басталғаннан кейін біраз уақыт бойы таза қазақы әуен ойналып тұрады да кейінірек даңғазаға толы заманауи музыкаға ойысады. Біреулер мұнысы несі деп түсінбей қалуы мүмкін. Ал егер осы қойылымды қоғамның беткі қабатын сыпырып тастап, ішкі болмысын жарып көрсеткен туынды деп қарасаңыз, халқымыздың сан ғасырлар бойы тірнектеп жинап, кейінгіге жеткізсем деп көзінің қарашығындай сақтап келген асылының бұл күнде құнсызданып бара жатқанының нышаны екенін түсінесіз.
Спектакль хэппи-эндпен аяқталады, сынап-мінеу үшін таптырмайтын шешім. Өйткені біздің еліміздегі көзбен көріп, құлақпен еститін өнер саласында қазір қазақтың емес, Батыс елдерінің дүниетанымы басым болып тұр, солардың көркемдік қағидалары үстемдік етеді. Ал біз оны басқаша қабылдадық – ат­танға ойбай қосып, мінеки, құздың жиегіне келдік, құрып-бітудің аз-ақ алдында тұрмыз деп қаншама байбалам салғанымызбен, болашақтан үміт үзе қойған жоқпыз. Кім біледі, ертең-ақ бәрі дұрысталып кетер. Балаларымыз қартайған ата-анасын қарт­тар үйіне емес, шипажайға апарып емдетіп, оңалтып қайтар. Қазақты қазақ қылып тұрған мәңгілік мұрат­тарымыз сол күйі мызғымай сақтала берер, осынау бес күн тірлікте ұстанған қағидаларымыз ізгілік пен мейірімнен ғана бастау алар. Сондықтан болашаққа күдікпен емес, үмітпен қарайық, ағайын!

Нұрлан ҚАМИ,
жазушы, драматург

https://qazaqadebieti.kz/35692/zhan-ke-aza-ym-ajda-barasy


Өзге жаңалықтар