Адамзат ізгілікке ұмтылмаса, ақырзаман басталады

Әйгілі Шыңғыс Айтматовтың «Кассандра таңбасы» романы өз уақытында әдебиетке дүбірлеп келгені, жаңа шығарманың жарыққа шыға сала «Жан пида», «Ғасырдан да ұзақ түн» шығармаларымен қатар атала бастағаны есімізде. Әлемнің өресі биік оқырманы адамзат алдында тұрған экология және рухани апатқа қарсы азаматтық-жазушылық парызбен үн қосқан өзгеше интеллектуалдық-философиялық шығарма екенін танып, өзектілігіне мән берсе, енді бірі діни-мифологиялық маңызына соққы беріп, фантастикалық-мистикалық сарыны төңірегіндегі сыни пікірін жарыса жариялап жатты. Бұл шығармашылығын жеңіл дүниемен шиырламайтын кемел Ш.Айтматовтың «ұлттық» деген деңгейден биіктеп, әлемдік ізгілікті, жалпыадамзаттық құндылықты қаузап жүрген толысқан шағы-тын.

Біз студент болып жүрген жылдары­ әде­биетке азды-көпті қатысы бар ақын-жазу­шылар, жай ғана жаңа кітапты қада­ғалап оқып жүретін көзіқарақты оқыр­манның бәрі отырған жерде осы романды талқылап жататын. Құдай­дың­ махаббатын қабылдамаған ежелгі грек­ мифологиясының ханшайымы Кас­­сан­драны қырғыз жазушысы қайта тірілтіп, қарғысқа ұшыраған сұлу­дың­ аты тоқсаныншы жылдардағы әде­би ортаның тамсанып айтатын ең сән­ді сөзіне айналды. Жақында М.Әуезов­ атындағы Ұлттық драма театр­ даңқы мен дақпырты қатар жүр­ген­ сол «Кассандра таңбасын» репертуары­на­ енгізіп, премьерасын жарнамалай­ бас­та­ған­да, «сахнаға лайықталып жазылмаған күр­делі дүниеден қандай пьеса тууы мүм­кін» деген сұрақ күмән туғызып, әп-сәтте әуестік билеп алғаны рас.

Өзі өмір сүріп отырған ортаға жана­шыр­­лығы жоқ адам қатыгездігінің ас­қын­­­­ғаны сонша, табиғатпен жалғанған та­мы­рын өз қолымен қиып, өзі отырған бұтақ­ты кесіп, енді өзін-өзі талқандауға көш­ті. «Технологияның дамуы жер бетін­дегі адамды қайда бастап барады?­ Шектеу, тыйым болмаса, адамды азғын­дық­қа әкелмей ме? Даму арқылы біз өзі­мізді жойып жібермейміз бе?» деген сауалға алаңдамайтын адам жоқ. М.Әуезов театрының жас режиссері Әридаш Оспанбаева «футуристік трагедия» жанрындағы жаңа спектаклінде осы сұраққа жауап іздейді. Футуролог Роберт Борк, оның әйелі Джесси, космостық монах Филофей, президенттіктен үміткер Оливер Ордак және тұтқындағы әйел Руна, спектакльге жан беретін осы бес кейіпкер болғанымен, көпшілік сахнасы ауқымды және олардың көтеретін жүгі де жеңіл емес. Роман мен пьеса аралығында айырмашылық көп, диалогтері күр­де­лі романды дәлме-дәл қотарса, Айт­ма­товтың сөздері сахнаға сыймайтын­ еді. Тақырыптың өміршеңдігіне қызық­қан­ режиссерлер көп болған, бірақ қою­­ға жүрегі дауаламаған, ал осы қат­­пары қалың романның желісін сақ­тай­ отырып, сахнаға лайықтап ықшам нұс­қа­сын­ ұсынған белгілі жазушы-драматург Мадина Омарова.

Сайлаушылардың көп дауысына ие болу үшін сайлауалды кампаниясында уәдені үйіп-төгіп жүрген Оливер Ордак «Кассандра-шарананың» проблемасын өз мансабына пайдаланғысы келеді. Ордакты кейіптеген Қ.Демеуовтің сөзінен сужұқпастық, әрекетінен алаяқтық білінеді. Адам денесі іспетті киім киген адамдар асығып-аптығып, қарғып, құлап, ерсілі-қарсылы жүрді де, кенет көрермендер тізбегін құрап, телевизияның ток-шоуынан табыла кетті. Тақырып күйіп тұр – жасанды түсік, жасанды интеллект, жасанды адам жасау мәселесі. Аяғы ауыр әйелдің маңдайына айрықша таңба түссе, бұл  – құрсаққа біткен баланың өмірге келгісі келмейтінінің белгісі. Кассандра таңбасы. Филофей Жерге үндеу жария­лайды: «Мен жатырда жатқан шарана өзі пайда болғаннан кейінгі алғашқы апталарда-ақ алдағы өмірде өзін не күтіп тұрғанын алдын ала түйсініп, болашақ тағдырына деген көзқарасын білдіре алады деген тоқтамға келдім. Егер өзі өмірге келуді қаламаса, шарана бұл көзқарасын ерекше белгі беру арқылы білдіреді. Бұл белгі болашақ нәрестесін құрсағында көтеріп жүрген әйелдің маңдайындағы титімдей таңба ретінде көрініс береді. Бұл белгіні мен Кассандра таңбасы деп, ал қарсылық белгісін берген шарананы Кассандра-шарана деп атадым». Ал олардың бас тартуының себебі, Жер планетасында ақырзаманның белгілері пайда бола бастады. Соғыс, зұлымдық, аштық, ашкөздік, әділетсіздік шараналардың үрейін туғызып жатыр, сондықтан мұндай ортада олардың өмір сүргілері келмейді. Бұдан шығудың жалғыз жолы бар – түсік жасату. Ал одан да сорақысы, адамды қолдан жасап алу. Генетик ғалым Роберт Борк – Елжан Тұрыс Кассандра таңбасымен туылған нәрестелердің жер бетін зорлықшылар мен қиянат жасайтындардан құтқара алатынына күмәнмен қарайды. Е.Тұрыс мәдениеті биік, зиялық қоғамның ғылым мен ұятты бір ұғым деп білетін адал, ойшыл, елгезек мінезді ғалымын бейнеледі. Құнының қаншалық қымбатқа түсетініне қарамай ғаламды сақтап қалу адамзат баласына парыз-аманат екенін әркімге барып жанұшыра түсіндіргісі келеді.

Спектакльдегі есте қалатын рөл­де­р­дің бірі – Руна бейнесі. Есту қабі­леті зақымданған адамның ым-иша­ра­мен сөйлейтін қабілетін сенімді жет­кізді. Рунаның тілі ғана емес, жаны­ зақымдалған, сырт көзге нәзік көрін­генімен, ішкі жан дүниесінің қуаты тегеурінді. Рунаны махаббатпен бейнелеген Айша Ағымбай актриса ғана емес, балетпен кәсіби түрде айналысқан мықты биші екенін пуантеге тұрып, яғни сахнада ұзақ уақыт башпайының ұшымен жүріп, періште іспетті жанұшыра адамдарды оятқысы, құтқарғысы келетін жанашыр ниетін байқатты. Адамзат өздерінің өмір сүру салтын қайта електен өткізіп, ізгілік, мейірім сияқты жаңа сапаға көтерілуі керек. Бірақ әлем Рунаның ыммен түсіндіргісі келетін дыбыссыз жанайқайын естімейді. Жауыздық, жеккөрушілік пен зорлықтың берік шеңберін бұзып шығу мүмкін емес...

Романда Айтматов ежелгі мифоло­гия­ға көбірек жүгінсе, спектакльде де қасиетті Інжіл кітабына өте көп сим­во­ликалық «сілтемелер» жасалады. Уақыт пен кеңістік арасындағы шекара бұзылып, ежелгі пайғамбарлық дәуір мен бүгінгі ХХІ ғасыр қасіреті мидай араласып, барлық дәуірге ортақ күнә, кінә, сатқындық, құрбандық алдыға шығады. Кездескен кезде Иуда Исаны сүйді. Досын тиынға сатып тұрған Иуда: «Мен кімді сүйсем, сол Иса» деп ескертеді жанындағыларға. Жендеттер Исаны тұтқындап, мойнына тұзақ салып, айырағашқа асты. Ақырзаман орнайтын кезде жерге Тажал түсіп, Иса екінші рет туылады дейтін белгілі тәмсілмен тәпсірлесек, Руна – Иса, Филофей – Тажал, Ордак – Ібіліс. Бұл – ұзын-сонар оқиға желісін кейіпкер бойына жинақтаған режиссердің сәтті шешімі. Өркениеттің екі-ақ жолы болады – бірі биікке бастайды, өркендетеді немесе тұңғиыққа апарып тіреп, жер бетінде жан баласын қалдырмай қиямет-қайыммен ұшырастырады. Шамасы, режиссердің жеткізгісі келген ойы осы.

Ғалым Борк пен Филофей зерттеулерін сарап­тамадан өткізеді. Романның соңын­да­ Филофейдің қауіпсіздік органында қыз­­мет ететіні, жасанды ұрпақ өсі­ру­­мен айналысқаны белгілі бола­ды.­ Бала­лар үйінде тәрбиеленген Фило­фей­­ үшін мұндай тірлікпен, яғни Х ұрпақ жасаумен айналысу жат емес. Жасы­­рын зертханада Х ұрпақ, тексіз ұрпақ­­ты өмірге әкелу оның бойына моральдық жағынан да, діни тұрғыдан да жат болмағандықтан, қауіпсіздік орган­­ының тапсырмасын орындап, осы жоба­ға басшылық жасайды. Тұтқын әйел Рунаның құрсағына Х ұрпақтың ұры­ғын орналастырып, тексіз ұрпақты туғы­зып алып, тұтас әскер дайындамақ. Осы­лайша, әйелдің, отбасының, әулеттің қада­ға­лауынан тыс, «айтқанға көніп, айда­ғанға жүретін», басқаруға оңай, тамы­ры, тегі жоқ халықты дүниеге әкелмек.

Спектакльдің ең әсерлі сәті – сүйкімді бала­лардың қолына аппақ шар ұстап шыққаны. Өмірге келмеген баланы түсік тастатып, жарық дүниеден айыру Жаратушының әмірінсіз жүріп жатыр. Сахнада сансыз шар жарылды. Әр шар – бір шарана. Шар жарылған сайын көрерменнің жүрегі бірге жарылғандай аһ ұрды.

«Мен, Кассандра-шарана, бұл дүниеге келгім келмейді. Мен Кассандра-шарана, жарық дүниеге келуден бас тартамын». Көмекейге кептелген ащы жас көзден сырғыды. Шардың бәрі жарылды. Үміт сәулесі қалмады. Зұлымдықты айыптаған ізгілік туралы қойылымды сахналап отырып, қаталдыққа барған режиссерге ренішіміз де болмай қойған жоқ...

«Қырғыз жазушысының әлемдік әде­биетті толықтырып кеткен туын­ды­­сының жазылғанына отыз жылға жуық­тады, бірақ шығармада қозғалған проб­лема бүгінде он, тіпті жүз есе үдеп­ кетпесе, кеміген жоқ. Сол кезеңде пайда болған ЭКО деген атпен белгілі­ жылтыраған құты ішінде бала ұрық­тан­ды­ру, жат жатырдан ұрпақ өндіріп алатын­ суррогаттық тәсіл бүгінде жасан­ды­ интеллектіні жетілдіру, адамды зертхана­да қолдан жасап алу мүмкін­ді­гіне дейін жетіп, Айтматов өмір сүр­ген уақыттан әлдеқайда асып кетті. Әзір­ге бұл мәселе моральдық-ізгілік тұр­ғы­сынан қолдау таба алмағандықтан ғана­ адамзатқа тоқтау салып тұрғаны бел­гі­лі.­ Адам табиғатына жасалып жатқан зор­лық­ ғаламның зауалына алып келеді. Айт­матовтың басты дабылы сахна арқы­лы­ жеткізілді деп ойлаймын. Егер адам аман­-есен өмір сүргісі келсе, егер ол өрке­ниеттің ұшар шыңына шыққысы кел­се, онда алдымен адам өзіндегі жаман­дықты жеңуге тиіс», дейді драматург­ Мадина Омар.

Қылдың үсті, қылыштың жүзінде тұр­ған адамзат тағдырына кім араша тұра алады? Жер беті, оны мекендеген адамзат ұрпағына қандай қорқыныш, қауіп туғанын келешекті болжаған кемеңгердей айна-қатесіз дәлелмен күйіп-пісіп ескерткен Ш.Айтматов ойын көркем тәсілмен тереңдетіп, Ұлттық театрдың деңгейіне лайық интел­­лектуал спектакль ұсынуға талпыныс­ жасаған режиссер ізденісі құрмет туғызады. Адамзатты қатерге бастап бара жатқан ғалам­дық апатты тоқтатуға шақыра оты­рып, «сен не істесең де, өзіңе қай­та­ды, ешнәрсе ізсіз кетпейді және бәрі­нің­ де жауабы болады!» деген ойды жа­лаң баяндап қоймай, кейіпкерлердің әре­­кеті мен мінезі арқылы жүйелеп ши­рата білді. Сахна аспан үстіндегі ғалам кеңістігімен байланыстыра кейіптеліп, қоршаған орта, дүниенің Айтматовша тануға тұнып тұрғаны –  сахна­ суретшісі Қ.Түстікбаевтың еңбегі. Ком­позитор Ә.Омарованың музыкасы­ да спектакльдің көркемдік сапа­сын жоғары көтеріп тұрғанын атап­ өткен ләзім. Шынында да, талантты­ шы­ғар­ма­шылық шоғыр ұсынған «Кассандра таң­басы» фантастикалық сипаты басым бол­ға­нымен, бұл – нағыз бүгінгі өмірдің драмасы.

Адамзат ізгілікке ұмтылмаса, ақырзаман басталады (egemen.kz)


Өзге жаңалықтар