Махаббаттың мұнарасы – «Еңлік-Кебек»

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы сахналанды. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл қойылым бұрынғыдан бөлек, өзіндік мазмұн мен ерекшелікке толы болды. 
Қойылымның қоюшы-режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков махаббат дастанының өзіне тән ерекшелігіне тоқталды. 

«Заман өзгерген сайын талап да өзгереді. Бүгінгі көрермен бұрынғыдан мүлде бөлек.Сондықтан режиссер ретінде өз топшылауымдағы «Еңлік-Кебекті» қойып шықтым. Мұхтар Әуезовтің бұл пьесасының үш түрлі нұсқасы бар. Кейіпкер Абыз пьессаның бас жағында ғана болады. «Абыз деген аты, ел-жұртқа айтатын ақылы бар, екеуі өмірден кетер сәтінде келмейді, Әуезов неге Абызды кіргізбеген?» деген ойға қаласың. Түпнұсқасын оқығанда бас жағында... 
Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтіп күн көрер?! 
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтіп күн көрер!? – деген мәтінмен ғана қалған. 
Біз Шәкірім Құдайбердіұлын да оқыдық. Бұл нұсқа бойынша Абыз кейде бақсы ретінде көрініп, оны көріпкелдігі бар адам деп жазған. Біз Абызды осы тұрғыдан алып, бақсы, балгер де ретінде жиынтық образын жасадық.
Жалпы алғанда, қойылымның бүгінгі заманға сай айырмашы­лығы бар. Біріншіден, Абыз бейнесінің жаңаша бейнеленуі болса, екіншіден, пьесса бұрынғыдай жағымды, жағымсыз кейіпкер деп бөлінбейді. Тек әділдік, адалдық үшін күрес жүреді. Мысалы, жазылу нұсқасы бойынша Кеңгірбай, Еспенбет, Есен батыр – бәрі де жағымсыз кейіпкер. Ал біздің қойылымда әркім өз ситуациясын ойнайды. Басты мақсат – Еңлік пен Кебектің бір-біріне деген адал махаббаты. Бір түйткіл ғана бар: Еңлік атастырылып қойылған. Бізде дала заңы өте қатал, бірақ әділетті. Дала заңын бұздың ба, оның үкімі де қиын. Мысалы, Еңлік пен Кебек ата-баба салтын аттады, өлімге тап болды. Ал мұның бәрі басқаға сабақ болуы керек.Себебі әркім өз білгенін істеп, жан-жаққа тарта берсе, үлкеннің сөзі, дала заңы қалай орындалмақ? Мен осы жағына көбірек мән бердім. Ақыры ата жолын аттағандар жазасын алды да. Бірақ олар ескерусіз қалған жоқ. Халық махаббаттың символы, жастарға үлгі ретінде махаббат мұнарасын салды, – дейді режиссер Ә.Оразбеков.
Еңлік пен Кебектің мәңгілік мекеніне кеткен жерінде нәресте биікке, аспанға көтеріледі. Бұл –  суретшінің тың идеясы. Негізі қойылымның көрерменнің жүрегінен орын алуы суретшінің еңбегіне, сахнаның безендірілуіне тікелей байланысты, бір-бірімен сабақтасып жатыр. Бұл тұрғыда Атыраудың, Махамбет театрынан арнайы шақырылған, қоюшы-суретші Тимур Коесов былай дейді: 
«Театрдың ішкі кухнясы, актерлердің физиономиясында ерекшеліктер болады, сондықтан жалпы спектакльдің формасын табуға тырыстым. Негізінен режиссердің қойған тапсырмасын алып шықтым деп ойлаймын.Қойылымда Қараменде деген кейіпкер бар, пьеса бойынша ол 65 жастағы Тобықты руының бұрынғы батыры деп суреттеледі. Мен сол бойынша костюмнің эскизін жасадым. Бірақ қойылымда ол үлкен ақсақал, бірақ рөлдегі актердің физиономиясы мен менің істеген костюм-эскизім бір-бірімен сәйкес келмей қалды. Бұл негізі театрдың ішкі кухнясын білмегендіктен әрі тәжірибенің жетіспегендігінен ғой. Театрда актерлердің бәрін жүз пайыз танитын болсам, ондай кемшілік болмас еді.  Әр кемшілік ол бізге тәжірибе, келесіде қайталамауға, ондай олқылық жібермеуге тырысамыз. Жер бетінде халық тұрғаннан кейін спектакль салт-дәстүрмен, халықпен бірге өмір сүреді. Сондықтан спектакльдің өміршең болуы халықпен тікелей байланысты» деген пікір білдірді. 
Айта кетерлігі, спектакльдің музыкасын жазған композитор Қайрат Тоқымбетов те Астанадан, Қалибек Қуанышбаев театрынан арнайы шақыртумен келген. 
Еңлік пен Кебек. Қос ғашықтың махаббаты. Екеуі де қойылымда шебер өнер көрсетті. 
– Еңлік – менің жауапкершілігі мол, жаныма жақын, алғашқы ауқымды рөлім. Маған сенім артып, осы рөлді бергендіктен, бар жанымды салып, уақытымның көп бөлігін Еңлікті ойлаумен өткіздім.Тіпті баламды тербетіп отырып, «мен Еңлік болсам не істер едім?» деп те ойландым. Үш ай Еңлікті зерттеумен болдым. Оның ішкі жан дүниесі қандай болғанын, екі рудың бетке ұстарлары, Кебек пен Есен бір-бірін өлтіруге дейін баратындай қандай қылық, қандай мінез болғанын, бойындағы ерекше қасиеттерін бойымнан өткізіп, Еңлік үшін жылап, күліп, жек көріп, тіпті сүйіп те үлгердім. Әрине, премьера күні толқу болды, уайым болды. Бірақ барынша уайымды басып, үш айлық еңбекті ақтап шығуға тырыстым. Мен негізі өзіме сынмен қарайтын жанмын. Сол себепті де «премьера өтті, болды» деп қолды бір сілтемей, Еңлік образының әлі де ашылмаған тұстарын ашып, маған артылған сенімді ақтағым келеді. Сондықтан бұл тек бастамасы ғана деп білемін, – дейді Еңлікті сомдаған Захира Рақымжан. 
Қойылымда Абыз (Б.Тұрыс), Еңлік (З.Рахымжан), Кебек (Ә.Базарбай), Есен (Н.Қуанышбайұлы), Жапал (А.Құрақ), Кеңгірбай (С.Мерекеұлы), Еспембет (Б.Әбділманов), Көбей (Е.Билалов), Қараменде (М.Нұрасилов) және тағы басқа актерлердің әрқайсысы өз кейіпкерінің бейнесін бере білді. 
Қазақ кәсіби театрының шымылдығын алғаш ашқан бұл туын­ды аталған театрда бірнеше рет қойылған. Жаңа қойылым оқиғасының негізгі желісі де Еңлік пен Кебектің махаббаты аясында өрбиді. От сезім екі жасты бақытқа емес, қасіретке бастайды. Өйткені ұлттық құндылықтарға, ха­лықтың бүгіні мен болашағы үшін күре жол – дала заңына кереғар. Сонда жалқы пен жал­пы­ның ұлттық үйлесімі қайтсе табылады?.. Оны кө­рерменнің еншісіне қалдырдық.

Бағдагүл Балаубаева

https://anatili.kazgazeta.kz/news/61734


Өзге жаңалықтар