Қайырлы күн, ардақты қаламгерлер, құрметті әдебиет жанашырлары! Бүгінгі менің баяндамамның негізгі тақырыбы – ұлттық драматургиямыздың өткен жылғы жетістеріне шолу және қазіргі таңдағы Қазақстанда 60-қа жуық театрдың репертуарында драматургтердің алатын орны жайлы болмақ.
Театр – қашан да ақ пен қараның, жақсы мен жаманның мәңгілік тартысының ордасы. Қазір республикалық театрларымызда заманауи тақырыптар замандас бейнесін, бүгінгінің қаһармандарын, әлеуметтік мәселелерді сахнаға шығару жағы драматургияның шартына айналып отыр.
Ауыз толтырып айтар жетістік бар
Өткен жылы сахналанған авторларға қысқаша тоқталып кету керек. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Ә.Нұрпейсовтің (сахналық нұсқасының авторы: М. Омарова) «Қан мен тер. Ақбала», Д.Исабековтің «Мақшар түнгі махаббат», Р.Отарбаевтың (сахналық нұсқасының авторы: М.Жақсылық) «Қытайдан жеткен сәлемдеме», Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында О.Малышеваның «Дилфизо мен Донада», Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық қазақ театрында Халифа Алтай мен Хасен Оралтайдың «Алтайдан ауған ел», Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында Б.Айдарбековтың «Құрық», С.Қасымбектің «Атжалман ғасыр», Х.Бөкеева атындағы Орал қаласының қазақ драма театрында М.Омарованың «Айтылмаған сыр», Астана жастар театрында Ж.Әлікеннің «Күйеу бала», Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық театрында «Қызыл гүлдер», Астана қалалық музыкалық театрында «Үнсіздік», Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық академиялық қазақ музыкалық драма театрында Ахмет Ақмоншақтың «Бейтаныс таныстар» пьесалары қойылды.
Сондай-ақ Сәтбаев қаласының «Жастар театрында» Ә.Рахаттың «Туған күніңізбен, анашым», Астана жастар театрында «Иллюзия» (триптих), Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған театрында «Сен және Мен» қойымдары сахналанды.
Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Сыншылар жүлдесі» премьералары бойынша ең көп қойылған классик драматургтер Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтермен қатар Рахымжан Отарбаев, Дулат Исабеков, Қасымхан Бегманов ағаларымызға бұйырды.
Талдау табысқа жетелейді
Мамыр айында Ғ.Мүсірепов театрының ұйымдастыруымен «Режиссер. Драматург. Старт» талдауы өтті. «StarTDrama» театр зертханасына Фархад Молдағали және RDS үйлестірушісі Ғ.Мүсірепов театрының Халықаралық қатынастар бөлімінің менеджері Ольга Малышева жетекшілік етті. Зертхананың осы жылғы жетекшісі ресейлік режиссер, МХАТ мектеп-студиясының профессоры, «Современник» театрының көркемдік жетекшісі Виктор Рыжаков. Драматургия бойынша «Drama.kz» фестивалінің жетекшісі, «Любимовка» фестивалінің арт-директоры Олжас Жанайдаров кураторлық етті.
Қазақстандық авторлар Айнұр Кәрімнің, Нұрайна Сәтпаеваның, Әлішер Айтуардың, Тоқтарәлі Таңжарықтың, Қолғанат Мұраттың, Альмира Исмаилованың, Ольга Малышованың пьесалары бойынша спектакльдердің эскиздері талдауға ұсынылды.
Күзде Олжас Жанайдаровтың идеясымен 2017 жылы Алматы қаласында бастау алған отандық «Drama.kz – 2022» жаңа драматургия фестивалі өтті. Фестиваль аясында драматургтерге арнайы шеберлік дәрістерін өткізіп, пьесаларды іріктеп, оқылымдар өткізілді. Зертхана кураторы Олжас Жанайдаровтың айтуы бойынша, орта есеппен фестивальге жылына 50-70 шақты пьеса келіп түскен. Олардың басым бөлігі – орыс тілінде. Ал қазақ тілінде жазылған пьесалар саны жағынан аз. Бар-жоғы 20 шақты пьеса фестиваль қоржынына келіп түскен.
Ынталандыру көп болса…
Биыл Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт Министрлігі қаламгерлерге және баспагерлерге жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсету, қазақ әдебиетінің тұғырын нықтап, өз биігіне қайта көтерілуіне ықпал ету, қаламгерлердің еңбегін насихаттау мақсатында «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын жариялады. Онда драматургия саласы бойынша белгілі режиссер, драматург Талғат Теменовтың «Мыңмен жалғыз…» пьесасы бас жүлде алды. Республикалық «Dala dauysy» байқауында «Үздік драматургиялық туынды» номинациясын драмалық театрларға арналған тарихи немесе заманауи тақырыптағы пьеса «Зор Білгамеш һәм Қорқыт Ата» шығармасы үшін Асылбек Ыхсанов, балалар мен жасөспірімдер аудиториясына арналған пьеса «Қашқын» шығармасы үшін Қуаныш Жиенбай жеңіп алды.
Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы балалар әдебиетінің үздік туындыларының «Айтұмар» республикалық байқауын өткізді. Драматургия бойынша І орынды Назерке Құмарғалиева алды. Ал Ақтөбе облыстық Тахауи Ахтанов атындағы драма театры балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық драматургтер байқауын өткізді. Бұл байқау бойынша жас драматургтер Ш.Маман, А.Әбдіқасымов, М.Алғожаева, Н.Асылбеков жеңімпаз атанды.
Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Т.Жаманқұлов басқарып отырған Қазақстан театр қайраткерлері одағының драматургтерге жасап отырған жағдайын да атап өтпеске болмайды. Өткен жылы Ресей театр одағының Достастық, Балтық және Грузия елдерінің жастар театр форумына Қазақстан театр қайраткерлері одағының атынан драматургия саласы бойынша көптеген жас драматургтер қатысып, тәжірибе жинап қайтқаны баспасөз беттерінде жарияланды.
Былтырғы халықаралық театр форумына Қазақстан драматургтердің атынан Қ.Мұрат, Ә.Рахат қатысып, «Саунд драма» жанрының негізін қалаған әйгілі реформатор режиссер Д.Панковтан шеберлік сабағын алып қайтты.
Сонымен бірге, театр қайраткерлер одағының жыл сайын тапсырылатын «Еңлік гүл» сыйлығы да драматургтерге үлкен қолдау болып отыр. «Халықаралық театр сыншылары бірлестігі» ұйымдастыратын қазақстандық театрлардың рейтингісінде де ұлттық сахна өнерінің өркендеуіне үлес қосып келе жатқан таланттарға «Сыншылар жүлдесі» берілді. Оның ішінде «Жылдың үздік драматургі» деген номинация өткен жылы алғаш рет табысталды.
Жылдың басты жаңалығы есебінде «Әбіш әлемі» ІІ халықаралық театр фестивалін, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург Дулат Исабековтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Исабеков әлемі» ІІ халықаралық театр фестивалін, Рахымжан Отарбаев драматургиясына арналған IV республикалық театр фестиваль-форумын, Жабал Ерғалиевтің 70 жылдығына арналған аймақтық театр фестивалін атап өтуге болады.
Драматургиямыз әлемді бағындырса
Қазақ драматургиясы сахнасында ғана емес, шетел сахналарында да қойылды. Атап айтсақ, Грузия мемлекетінде Мачабели атындағы Цхинвали кәсіби мемлекеттік драма театрында Д.Исабаековтің «Актриса», Түркияның Эрзурум театрында «Өкпек жолаушы», Мельбурн театрында «Бөрте» қойылымы және Қ.Мұраттың «Пони» пьесасы Әзербайжан Республикасында сахналанды.
Республикалық театрларда шығармалары сахналанып, драмалық бәйгелерде жүлдегер атанып, көзге түскен, қалыптаса бастаған драматургтердің жас буыны өсіп келеді. Атап айтар болсақ, Ш.Маман, Н.Әбділ, М.Қыдырбай, М.Алғожаева, Ж.Бауыржанқызы, Ж.Құттыбаев, Н.Асылбеков, А.Қырғызбай сияқты жастар өзіндік жаңалығымен, стилімен көңіл қуантады.
Жанрға қолдау қажет
Уақыт өтіп, ұрпақ ауысқан сайын драматургияның қордаланған мәселелері де күрделеніп, күн тәртібіне шығып отыр. Жазушылар одағына айтар ұсынысымыз: бірінші кезекте театрда сахналанған авторларға тиесілі қаламақы қазақ авторлар қоғамында суға сіңгендей жоғалып жатыр. Авторлардың құқығын қорғауға тисті ұйым авторлардың өздерін жем қылуда.
Жазушылар одағы драматургтердің құқығын қорғап, мәселені қоғамдық деңгейде көтеріп, шешу тетіктерін тапса дұрыс болар еді. Сондай-ақ жастарды шет елдерде тәжірибе алмасып, білімін жетілдіретін арнайы курстарға жіберуге мұрындық болып, Алматы мен Астанадағы жетекші театрлармен шығармашылық байланысты арттырып, тығыз жұмыс істеудің тетігін қарастырса деген тілек бар.
Қолғанат МҰРАТ,
драматург
ДРАМАТУРГИЯ – ӨМІР ШЫНДЫҒЫ, ОҒАН ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ | Қазақ Әдебиеті - QazaqAdebieti