«ЕҢЛІК-КЕБЕК» ЖАҢА НҰСҚАДА САХНАЛАНДЫ

Сәуір айының 14,19-ы күндері М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында «Еңлік-Кебек» трагедиясының премьерасы өтті. Қоюшы- режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков. Ал екі жастың рөлін Әділет Базарбай мен Захира Рахымжан сомдады. Ел ішінде құрметті, сәуегей кейіптегі Абыздың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс алып шықты. Сондай-ақ, актерлік құрамда Болат Әбділманов, Нұрғиса Қуанышбайұлы, Алмат Құрақ, Саят Мерекеұлы, Ерлан Біләл, Мұрат Нұрәсілов, Омар Қиқымов пен Мұхтар Қапалбаев бой көрсетті. «Еңлік-Кебек» пьесасы – бүгінге дейін жеткен Мұхтар Әуезов туындыларының ішіндегі жауһары.

Шығарма 1922 жазылып, 1943 жылы жаңа нұсқада жарық көрген. Деректерге жүгінсек, автор бұл шығарманы 21 жасында жазған. Қазір «Еңлік- Кебек» туындысының бірнеше нұсқасы бар. Алғашқысы – көзі тірісінде Абайдың оқиғаны шәкірттеріне айтып беріп, поэма жазуға ұсынуының арқасында дүниеге келген Шәкәрім Құдайбердіұлының нұсқасы. Поэма 1912 жылы Семейдегі «Жәрдем» баспасынан жеке кітап болып жарық көрген. Екіншісі нұсқасы – Мағауия Абайұлы жазған «Еңлік-Кебек» дастаны. Тарихи деректерге сүйенсек, пьеса осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын (106 жыл) алғаш рет Абай ауылында киіз үй сахнасында қойылған. Қойылымның қоюшы-режиссері де, суфлері де Мұхтар Әуезов болған. Қазақ кәсіби театрының шымылдығын ашқан туынды осы уақытқа дейін де қарашаңырақта бірнеше рет қойылған. Жаңа қойылым оқиғаларының негізгі желісі Еңлік пен Кебектің махаббаты аясында өрбиді. Екі жастың арасындағы сезім бақытқа емес, қасіретке бастайды. Себебі ұлттық құндылықтарға, халық бүгіні мен келешегі үшін күре жол – Дала заңына кереғар. Режиссер осы күнге дейін сахналанған қойылымдардан басты ерекшеліктерін, премье- раға дейінгі шығармашылық ұжымның еңбегі, актерлік құрамды жасақтау туралы әңгімелеп берді.

 

Әлімбек ОРАЗБЕКОВ, қоюшы-режиссер:

БІЗДЕ ЖАҒЫМДЫ-ЖАҒЫМСЫЗ  КЕЙІПКЕР ДЕГЕН ЖОҚ

– Өкінішке қарай, мен бұрын қойылған қойылымдарды көрген жоқпын. Тек естідім, оқыдым. Кезінде майталман режиссеріміз Жанат Қажиев ағамыз қойған екен. Одан кейін Қызылорда облыстық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, режиссері Хұсейін Әмір Темір ағамыз қойған. Заман өзгеріп жатыр ғой. Қояр талабы, сұрауы басқа. Сондықтан ол міндетті түрде өзгеруге тиіс. Бұл хронологиялық, музей не архивтік қойылым емес. Бүгінгі заманға сұрақ беретін, кей кезде көрермен жауап алатындай қойылым шығаруымыз керек. Осыны пайдалана отырып, айтар ойымызды айқындаймыз. Менен кейін қойған адам да, бәлкім, қойылымды өзгертер. Себебі ол – өмір заңы. Бір қалпында қалмайды. Қойылымда оқиғаны дамыту кезінде көп өзгеріс бар. Бұрын сахналанған қойылымдарда билерді екі жасты өлтірді деп жағымсыз кейіпкер ретінде көрсетеді. Ал бұл нұсқада жағымсыз кейіпкер жоқ. Біздің бағытымызда ол жағымды, бұл жағымсыз кейіпкер деп бөлу жоқ. Әркім өз жұмысын атқарады. Мұхтар ағаның кезінде жастарда еркіндік болмады. Кімге аталса, сол адамға тиіп кете берді. Әрине, сол кезде де бұл тақырып өзекті мәселе болды. Бүгінгі заманда қыздарымыз шалға да, шетелге де тиіп жатыр. Ешқандай кедергі жоқ. Барлық еркіндікті беріп қойды. Бірақ еркіндік өте кері әсерін тигізіп жатыр. Қойылымда ақсақалдар қайғырып, екі жастың махаббатын қорғай отырып, соңында «Дала заңын», яғни ата-баба жолын аттауға болмайды деп шешім қабылдайды. Аттадың ба, соңы қатерге алып келеді. Екеуін де өлтіріп, мазар салып, басқаларға сабақ болсын дейді. Қойылымның ерекше тұсы осында деп ойлаймын. Мысалы, Кеңгірбай, Еспембет, Есен сынды кейіпкерлерді жағымды қырынан көрсетуге тырыстық. Олар жағдайға байланысты қызмет етті.  Бұл пьесаның бүгінге дейін жеткен бірнеше нұсқасы бар. Әр нұсқадан қажетті тұстарын алдық. Басқа жақтан жаңалық алған жоқпыз. Осы материалдардың өзі бізге жеткілікті болды. Еңлікті де, Кебекті де жастар сомдайды. Басты рөлдегі актерлер жайлы осы уақыт дейін көп біле қоймадым. Жұмысқа кіріскенде жақынырақ таныдым. Ойын, ішкі жандүниесінің тереңдігін, қабілетін байқадым. Екінші өзгеріс – абыздың трактовкасы мүлдем бөлек. Қазіргі заман талабына лайықтамасаңыз, архивте дәстүрлі қойылым болып артта қалуы мүмкін. Абыз – айтқан сөзін өткізетін ақсақал кейпінде баяндалады. Біз оны заман талабына сай өзгерттік. Ол бірде бақсы, бірде періште, бірде абыздың рөлін сомдап, кейде оқиғаның ішіне кіріп кетеді. Классикалық шығарма болғандықтан, осы жолы дайындыққа екі жарым айдан астам уақыт кетті.

 

Әділет БАЗАРБАЙ, актер:

КЕБЕК ТЕ ӨЛГЕНШЕ КҮРЕСТІ...

 

– Үлкен сенім артылды. Ол сенімді ақтау деген қобалжу бар. Театрымыз ең алғаш «Еңлік-Кебек» қойылымымен ашылған. Басты рөл бұйырып тұрған сәтте өзіңді бақытты сезінесің. Бәйгеге шабатын аттар болады ғой, біз де солай қойылымға қолдан келгенше дайындалып, іс жүзінде дәлелдеуге тырыстық. Мұхтар Әуезовтің туындысын режиссеріміз қысқартып, инсценировка жасады. Мәтіні көп емес. Өте аз десе де болады. Сценарийді тез-ақ жаттап алдық. Бірақ Әуезовтің тілін түсіну, оның мағынасын ұғыну ұзақ уақытты алды десек болады. Басты кейіпкер мен менің болмысымдағы кереғар тұстарға қарағанда ұқсастығы көп болды. Бірде Абыз Кебекке «Жауың бар ма?», - деп сұрақ қояды. Кебек: «Өз көңілімді барласам, маған дүниенің бәрі бос, жауым жоқ», – дейді. «Мен тасты да, ағашты да сүйем, жалпы әлемнің бәрін сүйем. Бір ерекше сүйетінім бар. Соны таппай жүрмін», – дейді. Осы тұстары сценарийде қысқартылған. Бірақ біз жадымызда сақтап жүреміз. Сахнаға шыққан кезде өзімізбен алып жүруге тырысамыз. Кейіпкермен ұқсастығым – өз көңіліңді барлау шығар. Өйткені, адам баласын Жаратушы бірдей етіп жаратты. Мен өзімді жаман, жақсы адаммын деп айта алмаймын. Менің бойымда барлық қасиет бар. Ол ашулану, қызғаншақтық, жақсы көру, мақтану. Мен оны бойымнан алыс тастай алмаймын, өкінішке қарай. Тек онымен өлгенше күресе аламын. Бәлкім Кебек те өлгенше сонысымен күресті...

Көрерменге лық толы болған театр залынан есімі елге белгілі Асанәлі Әшімов, Роза Рымбаева сынды өнер жұлдыздарын кезіктірдік. Қойылым аяқталған соң халық актерлік құрамға ыстық ықыласын білдіріп, гүл шоқ- тарын табыстады. Театр ұжымына шығармашылық табыс тілейміз!

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

https://ulan.kazgazeta.kz/news/34916


Өзге жаңалықтар