Алатаудан жеткен асыл өнер

Алматыдағы Мұхтар Әуезов атын­дағы Қазақ ұлттық драма театрын халық бұрыннан бері «әкемтеатр» атап кеткен. Себебі бұл театр – қазақ өнерінің қара шаңырағы. Небір өнер майталмандары осы театрда еңбек жолын бастады.

Ғасырға жуық уақыт ішінде қара шаңы­рақ өз тұғырынан бір сәтке де түскен емес. Бүгінде ордалы өнер орда­сында қазақ өнерінің кіл мықтылары қызмет етіп жүр. Сол әкемтеатр осы аптада Астанаға гастрольдік сапармен келді. Жұмыс күні болса да, әр қойылым сайын залда ине шаншар орын болмады. Бұл көрерменнің Алатаудан жеткен асыл өнерге деген ықыласы емес пе? 

Былтыр театр ғасырлық тарихы мен қазақ өнеріндегі үлесі үшін ұлттық статусқа ие бол­ды. 3 жылдан кейін жүз жылдық мерей­тойын атап өтеді. Осыған орай театр ұжымы елордаға гастрольдік сапарын бастап кетті. 

–  Гастрольдік сапарымызда кейін шыққан жаңа спектакльдерді көрермен назарына ұсы­намыз. Біз Астанаға келіп жатсақ, Қ.Қуа­­ныш­­баев театры Алматыда өнер көрсетіп жатыр. Мұндай өнер алмасудың болғаны дұрыс. Өнер халықтікі. Ал халықтың алдында есеп беру – біздің міндетіміз. Бұрын гастроль кең ауқымда болып, еліміздің түкпір-түкпірін аралайтынбыз. Сондай да кездер болды. Қазір заман талабы осындай. Кішігірім апталық өткізіп жатырмыз. Гастроліміз мұнымен тоқ­тап қалмайды. Шығыс пен батыстағы аймақ­тық театрлар жыл сайын М.Әуезов театрына келіп, өз өнерлерін көрсетіп тұрады. Еліміздегі, шетелдегі театр өнерінің ағысын осындай гастрольдік сапарлар арқылы ғана біліп отыра аламыз. М.Әуезов театры – қара шаңырақ. 1926 жылы Қызылордада ашылды. Қаллеки, Күләш, Құрманбек сияқты ұлы әртістеріміз қызметтерін осы театрдан баста­ған. 1936 жылы осы шаңырақтан түлеп ұшқан әртістер опера театрын ашты. Сондықтан қазіргі өнер ордаларының барлығы М.Әуезов театрынан шыққан деп айтсақ қателеспейміз. Аға театр болғандықтан, біздің де жауапкер­шілігіміз үлкен, – дейді М.Әуезов атындағы Қазақ ұлт­тық драма театрының көркемдік жетекшісі, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімов. 

Өнер ұжымы театр репертуарындағы шоқтығы биік спектакльдерін Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында қала тұрғындары мен қонақтарына тарту етуде. Театр ұлы жазушының атын алып жүргеннен кейін қай аймаққа гастрольмен барса да, сахна шымылдығын сол кісінің шығармасымен ашу дәстүрге айналған. Бірінші күн Мұхтар Әуе­зов­тің «Қарагөз» спектаклімен басталды. Екін­ші күні көрермендерге «Менің сүйікті періштем» комедиясы ұсынылды. Бұл – көрер­меннің ыстық ықыласына бөленген, клас­сикалық үлгідегі Бернард Шоудың әлемдік жауһар драматургиясын әдемі жеткізген туынды. Үшінші күні көрерменнің сұранысына ие болған «Қара» драмасы көрсетілді. Бұл – Абайдың 175 жылдығы қарсаңында қойылған ұлы ақынның қара сөздеріне негізделген спектакль. Театрдың үлкен-кішісі, барлық буын өкілі қатысқан ерекше қойылым. 

–  Бұл мерейтой қарсаңындағы М.Әуезов театрының мемлекеттік деңгейдегі алғашқы іссапары. Кез келген әртіс үшін халықтың ықыласынан артық қошемет жоқ. Елорда төрінде көрсетілген «Қарагөз» спектаклін халық ерекше ықыласпен қабылдады. Бүгінде елімізде 65 театр бар. Оның 55 театры мемле­кет­тік. 1926 жылы М.Әуезов театрының мерей­тойына орай, қазақ ұлттық драма теа­трын­да ғылыми-рестав­рация­лық жұмыстар жүргізіледі. Қазір жоба­лық-сметалық құжат­тама әзірленіп жатыр. Ол шілде айында аяқталады. Бұл жұмыстардың барлығы ми­нистрдің бақылауында, – дейді Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Алиев. 

Ал бүгін А.Володиннің «Қоштасқым кел­мейді» драмасы қойылады. Қойылым қазіргі заманның өзекті мәселелерін арқау етеді. Жас­тар арасындағы көкейкесті мәселелер, отбасын құрудағы түйткілдер сөз етіледі. Бесінші күні  Бертольт Брехтің «Пері қатын» драмасын ұсынады. Бұл әлемдік классиканың қазақ театрына келуінің ерекше көрінісі. Басты рөлде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Данагүл Темірсұлтанова ойнайды. Мұны бы­лай­ша айтқанда, Бертольт Брех мектебінің қаза­қи түрленуі деп айтуға болады. Алтыншы күні Астана көрермендеріне «Қан мен тер. Ақ­бала» трагедиясы ұсынылады. Бұл – соңғы жылдары көрерменнің ғана емес, театр сын­шы­ларының ерекше талқысына түскен қойы­лым. Көпшілік КСРО-ның Мемлекеттік сый­лы­ғын алған «Қан мен тер» трилогиясымен екеуін шатастырып жатады. Бұл жас режис­сураның, бүгінгі театрдың заманауи тәсілдерін пайдаланып, сахналанған спектакль. Соңғы күні, яғни 7 мамырда Жеңіс күнінің қарсаңына Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» драмасы сахналанады. 

–  Қазіргі заманның сипаты кешегіні ұмы­тып, тезірек ертеңгі күнге алаңдап өмір сүру. Артқа шегініс жасасақ, бүкіл әлемнің пандемия құрсауынан шыққанын білеміз. Шыны керек, ол кезде театрлар үшін фестиваль өткізу, гас­трольге шығу мүмкін болмады. Соған байла­ныс­ты Астанаға М.Әуезов театрының келме­геніне 5-6 жыл өтіпті. Осы аралықта сахна­лан­ған, көрерменнің көкейінде жүрген жаңа спек­такльдерді әкеліп, астаналық зиялы қауымға көрсетпекпіз. Бұл шешімімізді Мәдениет және спорт министрлігі қолдап, қаржылай қолдау көрсетті. 70-ке жуық театр қызметкері келді. Оның 40-қа жуығы – актер. Сах­на­лық декорацияны 2 көлікпен жеткіздік. Қазірдің өзінде спектакльдеріміздің билеттері толығымен өтіп кетті. Халық «Қоштасқым келмейді» спектаклін екінші рет сұрап жатыр. Мұның барлығы – көрерменнің театр өнеріне деген пейілінің белгісі, – дейді М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек. 

Оның айтуынша, қазір көрерменнің театрға деген ықыласы артқан. Әсіресе, мектеп оқушылары мен студенттер театрға жиі келеді. Театр өнері жастардың қалыптасуына тікелей әсер етеді. 

– М.Әуезов театры Астана қаласына 7 спек­такльмен келдік. Кезінде институт бітір­ген кезде Қарагөзді ойнап едім. Осы жолы Мүр­жанды ойнадым. Уақыттың өткенін, шы­нымды айтсам, өзім де байқамай қалып­пын. Театр деген бөлек әлем. Театрда жұмыс істей­тін әртістер көрерменнің қошеметімен өседі. Спектакль монтаждалмай, өзінің болмысымен, өзінің қалпында көрерменмен қауышады. Ұлттық театр болғандықтан, біздің шетелге гас­трольге ұялмай алып шығатындай қойы­лым­дарымыз да бар, – дейді Данагүл Темір­сұлтанова. 

Ал қыркүйек айында театр күрделі жөн­деуге жабылады. Егер бәрі жоспарға сай болса, театр ұжымы республика бойынша тур жа­сауды ойлап отыр. 

– Екі жылда еліміздің барлық өңірін ара­лап шығамыз. Сондай-ақ екі жылда шетелдің 6 қаласына баруды ойлап отырмыз. Өз ғимара­тымызда жұмыс істемегендіктен, уақытша гастрольдік театр болайық деп тұрмыз. Алма­тыдағы әріптес театрларымызға да осындай жөн­деу жұмыстары жүргізілген кезде біз өз ғимаратымызды бергенбіз. Енді М.Әуезов театрына жөндеу жасалған тұста біз сол теа­трлардың ғимаратында өнер көрсете тұрамыз, – дейді Еркін Жуасбек. 

Айта кету керек, әкемтеатрдың Астанадағы гастрольдік сапары 7 мамырға дейін жалғасады. 

Көктем ҚАРҚЫН

Алатаудан жеткен асыл өнер (aikyn.kz)


Өзге жаңалықтар