ҰЛТТЫҚ ТЕАТРДА - ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ
Халқымыз қуаныш пен шаттыққа, ақ бата мен молшылыққа толы бұл күнде мәре-сәре болып, Жаңа Жыл - Әз Наурыз мерекесін алыс-жақыннан жиылып, қуана бірге қарсы алып келеді. Қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, бір-бірімен жүздескеніне риза болып, қол алысып, төс қағысады. Хал сұрасып, амандық тілеседі.
Қарашаңырақ - М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры осы шуақты мереке қарсаңында қазақ интеллигенциясын, әдебиеті мен мәдениетінің саңлақтарын, сахна корифейлерінің басын қосты. Бұл жолғы мереке аясында кездесудің салтанат-сәнімен қоса, мәні де ерекше.
Соңғы екі жылда тек біздің елімізде емес, әлемде орын алған індеттің салдарынан мереке тойлауды былай қойғанда, себепсіз көрісу қиынға соққаны бәріне белгілі. Қиын күндердің артта қалып, бейбіт аспан астында амандық пен саулықта бас қосқаннан артық бақыт жоқ. Осы орайда, бір қазанда қайнап жүрген өнер майталмандары ұлттық театр себепші болған жиында төл мереке аясында бір-біріне игі тілектерін жолдап, жылы лебіздерін білдірді.
Театр артистері келген қонақтарды өнерлерімен, көркем ән мен сазымен тәнті етіп, мерекелік әсем көңіл-күй сыйлады.