Көрнекті актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғайникамал Байқошқарова дегенде – Өнерді шын мәнісінде қуанышына, өмірінің мәніне балаған және оны еш есеп-қисапсыз қызмет етуімен нұрландырған талантты да зиялы Болмыс шығады. Оқырмандар назарына көрнекті актрисамен 80 жасқа толу мерейтойы қарсаңында болған сұхбатымыздың ықшамдалған нұсқасын ұсынамыз.
Өнерді, сахнаны жаныммен қаладым
– Бала кездің асқақ арманы адамды қашанда биікке жетелейді. Өнер жолында өткен жарты ғасырға көз салып, көңіл тоқтатқанда жаныңызды не толқытады?
– Медициналық институттағы оқуымды тастап, Консерваторияның театр факультетіне түскен кезімнен бері елу сегіз жыл өтіпті. Бұл аз уақыт емес. Әрине, адам, қатардағы пенде ретінде алғанда жан толқытатын жайттар көп қой. Ал сонау бала кезімнен армандап, кейде қиындықтарға тап болсам да өнерден өз ұғымымдағы бақытымды тапқанымды ойласам, толқып кетемін. Өткен өмір, өнер жолыма көз салсам, көп нәрсе айқындала, санада жаңғыра түседі.
Бала кезімнен білімге, әсемдікке құштар болып өстім. Әкем Мұқан өскен-өнген бай да үлкен әулеттен ғайыптан тайып көзі тірі қалған жалғыз ұл екен. Сонау қиын-қыстау заманда тағдыр жолымен Әулиеатадан (қазіргі Тараз) Семей жеріне қоныс аударыпты. Мен Мақаншыда дүниеге келіппін. Әкем Мұқан өз заманының білімді заңгері еді. Заманына сай білімге ұмтылып, әскери қызметтерде болды. Әкеміздің жұмыс бабымен біздің үй Аягөзге ауысып, Таңсық ауылында өсіп-есейдім. Анам Гүлфарида ұлы Абай әулетімен аралас-құралас болған шаңырақтың қызы, өнерлі, мінезді жан еді.
Сегізінші класты бітірген соң, 1959 жылы әжем Меңкебану мені Алматыға алып келді. «Мен сені Мұхтар ағаға айтайын, тапсырайын» деді. Мұхтар дегені – Мұхтар Әуезов. Бұлайша сеніммен айтуының себебі – нағашы атам Мұсатай ұлы жазушымен үзеңгілес дос болыпты. Әжем Меңкебану кезінде гармонь тартып, ән шырқап, жүрген ортасын думанға айналдыратын көрікті жан болыпты. Абайдың ұлдары Ақылбай, Тұрағұл, Мағауиялармен араласқан. Абай атамыздың ұрпақтары үйлерінде не жақсылық болса, міндетті түрде арнайы пәуескемен ауылдарына алдыртып, қадірлі қонақ етеді екен.
Он саусағынан өнер тамған шебер, аса ісмер, өз заманының сәнгері болған әжеме Абай ұрпақтары сәнді киім тіккізеді екен. Атам заманының көзі ашық азаматы болған. Олардың Семейдегі шаңырағы сол кезеңнің атаулы үйлерінің бірі екен, онда небір жақсы мен жайсаң түседі екен. Сол жақсы мен жайсаңның бірі Мұхтар Әуезов болыпты.
Әжем Мұхтарға немересін, яғни мені көзбе-көз таныстырып, тапсырмақ болып Алматыға жолға шықтық. Ол кезде қазіргідей сәт сайын сөйлесуге болатын телефон деген жоқ, Алматыға түсісімен көрсетілген мекен жай бойынша Мұхтар ағаның үйіне келдік. Өкініштісі – Әуезовтер үйінде жоқ екен. «Они уехали в Крым, папа болеет», деді ұлы жазушы үйінің есігін ашқан ер бала. Шамасы, Мұхтар ағаның ауыра бастаған кезі болуы керек.
– Кейінірек болса да М.Әуезовке жолықтыңыздар ма?
– Жоқ. Әжем мені орналастырды да, Семейге қайтып кетті. Мен ол кезде жаспын, ұялшақтығым тағы бар, Мұхтар ағаның үйіне қайта барып жолығу, әжем туралы айту дегенді білмеймін. Өкінішке қарай, арада екі жыл өтер-өтпесте Мұхтар аға дүние салды.
– Оқуға түсу тарихыңыз туралы айтсаңыз.
– Ата-ана қалауымен 1962 жылы Алматыдағы медициналық институтқа оқуға түстім, бірақ бұл оқуға көңілім онша тартпай, Құрманғазы атындағы Консерваторияның театр бөліміне КСРО халық артисі Хадиша Бөкееваның шеберханасына түстім. Бұл 1965 жыл еді. Мен, Әшірбек Сығай, Әшірәлі Кенжеев, Құман Тастанбеков, Рахилям Машурова, Ерсайын Дүйсенбинов, Мұратжан Мұхажанов және Қарлығаш Қабижанова Хадиша апайдың алғашқы түлектері болып, 1969 жылы бітіріп шықтық.
– Сахналық жолыңыз қазір Ғ.Мүсірепов есімімен аталатын Республикалық балалар мен жасөспірімдер театрында басталыпты.
– Ол кезде халық аузында ТЮЗ аталып кеткен, бүгінде Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры еліміздегі үлкен өнер ордаларының бірі ғой. Ол сахнада мен көп қамқорлық көрдім. Театрдың сол кездегі директоры Гүлжихан Ғалиева болатын, қайратты, іскер кісі еді. Бас режиссер Есмұхан Обаев, қоюшы-режиссер Виктор Пұсырманов, әдебиет бөлімінің меңгерушісі Мұхаметқали Хасенов болатын. Бәрі менен үміт күтті, тәрбиеледі. Мен ол театрға келгенде аға буынның төрт көзі түгел еді. Б.Қалтаев, Қ.Жәкібаев, М.Құланбаев, М.Бақтыгереев, Ш.Зұлқаш ағаларым, Ә.Өмірзақова, С.Саттарова, К.Мұратәлиева апаларымның ойындарын көрдім. Байділда, Мәкіл, Мұхтар ағалар шетінен дарын, асқан шеберлер, дауыстары керемет. Ол театрда бірнеше басты роль орындадым, сондай үлкен мектептен өткеніме бақыттымын.
Арман театрыма
келгенде...
– М.Әуезов театрында 1974 жылдан өнер көрсетіп келесіз. Мұндағы алғашқы роліңіз есіңізде ме?
– М.Әуезов театрындағы әріптестер, үлкен-кішісі бәрі жақсы қарсы алды. Жұмысты «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың» көпшілік сахнасынан бастадым. Бірде Баянның әпкесі Таңсық ролінде шығамын, бірде Баянның құрбы қыздарының бірімін. Мұның мен үшін символдық мәні болды. Өйткені біз «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының аясында өскен ұрпақпыз. Аягөздің Таңсық ауылында өсіп-есейдім. Ал қара шаңырақ театрда сахнаға алғаш рет бала кезімнен жаныма жақын Қозы мен Баян туралы спектакльге шығуымды жақсыға жорыдым. Және осы сахнаға алғаш рет шыққанда жүрегім жарылардай қуандым. Жұмысқа қуана келемін. Көпшілік сахналарының бәрінде шықтым. «Майра» спектаклінде сыған қыз болдым, Төлеубек сыған жігіт, екеуміздің сол спектакльден суретіміз бар. «Таңғы жаңғырық» спектаклінде жастар көпшілік сахнасында қасқыр болып шығамыз. Спектакльде бастан-аяқ тері киіммен жатамыз, терінің иісі бар, қолқаны қабады. Үйге келе сала қайта-қайта жуынамыз. Р.Сейтметов қойған «Өкінішті өмір» (В.Дельмар, аударған Қ.Мұхамеджанов) спектаклінде Сәбира апа мен Ыдырыс аға ойнайды. Қыздары ролінде Зәмзәгүл Шәріпова. Біз көпшілік сахнасында. Әйелдер жағы тегіс кешке киетін сәнді ұзын қара көйлекте – бәріміз бридж (карта) ойнаймыз. Осының бәрі маған қызық, қуаныш.
Алғашқы үлкен ролім «Айман-Шолпандағы» Шолпан. Айман ролінде – Бақыт Жанғалиева. Әлібекті Құман Тастанбеков, Арыстанды Уайс Сұлтанғазин орындады. Осы спектакльмен гастрольге де шықтық. Менің Шолпаным Айманға кереғар. Еліктей еркін де ерке, шапшаң да жинақы Шолпан. Содан сәл кейінірек «Айман-Шолпанды» Әзекең, Ә.Мәмбетов қойды. Меніңше, көрнекті режиссер спектаклін шоу сипатты етіп сахналағысы келген сияқты.
– Жалпы М.Әуезов кейіпкерлері қай актердің де кәсіби деңгейінің өлшемі бола алады. Сіз классикалық рольдерден ұлы суреткердің «Қарагөз» трагедиясында Қарагөзді, кейіннен «Абай» трагедиясында Қаныкей мен Тектіні орындадыңыз.
– Классикалық рольдер дегенде, әрине, еске бірден Қарагөз түседі. Қайран, Қарагөз! Мен де жас кезімнен армандаған. Қарагөздің әр демін, әр сөзін жан-жүрегіммен сезінетінмін. Спектакльді жатқа білетінмін және Қарагөздің бүкіл өмірбаянын, тағдырын, махаббатын өзімше интерпретациялаудан жалықпайтынмын. Қарагөз аса күрделі бейне. Махаббат азабын тарта тұра – ол бақытсыз емес, бақытты. Махаббат – керемет сезім. Тазалық бар. Шынайы махаббат құшағына бөленген отбасылардың шаңырағына бақ та, бақыт та, дәулет те қонады. Қарагөзді көрген әрбір бойжеткен соны сезінсе дедім, сондай махаббатты армандап, бақыт құшағында тербелсе екен деген үмітім болды. Қойылым Сырым – Қарагөз – Нарша үштағанына құрылған ғой. Қарагөз екі оттың ортасында.
Мен Қарагөзбен тыныс алдым, әрбір сөзімен, сезімімен өмір сүрдім десем болады. Шын арман орындалады деген рас екен. Араға жылдар салып, арманым орындалып, Қарагөз болдым. Көркемдік кеңеске тапсырғанда. Апаларымның барлығы роліме ырза болды, тіпті маған бұл рольдің ертерек берілмегеніне өкінді. Әзекең: «Қарагөзді Ғайникамалға уақытылы бермегенім өте өкінішті...» депті Әубәкірге.
– Сіз әлемдік классикалық драматургиядан М.Булгаковтың Мадлена Бежарын, Мольердің мадам де Сотанвилін, Г.Ибсен, Г.Лорка, Ф.Кафка кейіпкерлерін сомдадыңыз. Осы сахнадағы үлкенді-кішілі жүзден аса роль орындаған еңбегіңіз қалың көрерменнің көз алдында.
– Берілген рольдерді үлкен-кіші демей, үлкен жауапкершілікпен, білім-білігімді, жүрегімді салып, сахна серіктестеріммен үйлесімде орындадым, әлі де солаймын. Рольдерім кез-кезеңімен жақсы бағасын алды. Театр қойылымдарының көпшілік сахналарына қатарластарымның, тіпті менен кейінгі буынның арасында ең көп қатысқан актриса екенімді айтсам артық болмас.
Рухани өмір кешуден асқан бақыт жоқ сияқты. Сахна мен экранда қаншама адамның тағдырын кештім, жан дүниеммен беріле ойнадым. Кейіпкерлерім арқылы адамдардың жүрегіне ізгілік себуге ұмтылдым. Қаншама ғажайып таланттармен әріптес болдым, бізден үлкен буыннан, аяулы аға-апаларымның мектебінен өттім, тәлім алдым, кәсіби шыңдалдым.
– Сіздің үлкен ұстазыңыз Хадиша Бөкеева. Лайықты шәкірт бола білу де өнер. Сіз дара актрисаның соңғы күндеріне дейін қасынан табылдыңыз...
– Ол буын деген ғажайып плеяда ғой. Бәрімен жақсы сыйлас болдым. Ал Хадиша, Хабиба апайлармен сіңлі дос, сырлас болдым. Көп әңгімелерін тыңдадым. Ленинград мектебінің түлегі Хадиша апама жиі барамын, әңгімелесеміз. Бір жолы қазақ өнерінің аңызы, ұлы Шәкен Айманов, Шәкен аға туралы, «Асауға – тұсаудағы» Катарина мен Петручио жұлдызды рольдері туралы сұрадым. Сонда Хадиша апа «Біз ойнаған жоқпыз, бір өмір сүрдік, – деді ерекше бір жылы дауыспен. – Сондықтан да аңыз болып қалдық. Осы бір жылы үнде сағыныш, сүйіспеншілік, ерекше қадірлеу – бәр-бәрі бар еді. Шынында аңыз десе аңыз. «Асауға – тұсаудың» мыңыншы қойылымында ішке кіре алмай қалған халық театрдың есігін сындырып кете жаздағанына да куәміз.
– Сіз Шәкен Аймановты да көрдіңіз. Өзіңіз Балалар мен жасөспірімдер театрында болғанда «Жас Абайды» қойғанын айттыңыз.
– «Асауға – тұсауды» тым кейініректе көру бақытына ие болдық қой. Екеуі шынында да ғажайып партнер еді. Шәкен аға шыққанда сахна толып кететін, ерекше бір әсерге бөленесіз, ерекше бір аура пайда болады. Балықшы ауы ма, әлденені сүйреткен Петручио – Айманов жалғанды жалпағынан басып келе жатқандай. Залда овация. Әрбір эпизодта шек-сілеңді қатырады. Шәкен ағаның әзіл-қалжыңы керемет еді. Осы сипаттар Асекең, Асанәлі Әшімовте бар. Шәкен аға өмірде де солай өткен сияқты. Ойындағы кейіпкерлерді ойнады, ойындағы фильмдерді үлгергенінше қойды.
Шәкен ағаның жанында тұрғанда періште сияқты қалықтайтындайсың. Бүкіл жан дүниесі, сөзі, үні де ерекше. Адамға деген көңілі, қарым-қатынасынан бақыт қанатында боласың, басқа бір өлшемдерде тұрған сияқтысың.
«Жендеттердің» жарығы
– Нұрмұхан Жантөринмен «Жендеттер» спектаклінде сахна серіктес болдыңыз. Мадлена Бежарды ойнадыңыз. Спектакль режиссері В.Мажурин туралы бірер сөз.
– О, ол бір ғажайып, жарық, жарқын кездер ғой! «Жендеттерді» Семей облыстық Ф.Достоевский атындағы театрдың бас режиссері Виктор Сергеевич Мажурин қойды. Әдетте пьесаны оқисың, талдайсың, ізденесің. Бұл спектакльге дайындық кезінде режиссер Мажурин материалды терең білетіні сондай – бізге «мынаны былай жаса» демеді, өзінің шығармашылық ахуалымен бәрімізге бағыт беріп отырды. Актерге сіңіп кететін режиссерлер болады, Мажурин де сол санаттан ғой деймін. Нұрмұхан аға екеуі бір-бірін тез түсінетін. Материал, ондағы тартыс – өнер адамының тағдыры, өнер мен биліктің тартысы бәрімізге жақын. Сахна әдемі, кейде салтанатты, екі жақтан баспалдақ, ойынға бәрі жайлы, ыңғайлы.
Мольердің ғашығы, актриса Мадлена Бежарды ойнадым. Күрделі тағдыр, күрделі роль. Спектакльдің атмосферасы, кейіпкерлердің хал-ахуалы соншалықты шынайы, барлығымыз да ерекше бір шабытпен ойнадық. Мажурин актердің хал-ахуалын керемет сезетін режиссер еді. Кейіпкердің хал-ахуалын сезінуге, атмосфераға көмектесетін.
Нұрмұхан аға қалай жұмыс жасайтын еді, Арманданы ойнаған Рахилямды қызындай еркелететін. Арманданы Рахилям да, Шайза да (Ахметова) өте жақсы ойнады. Аға барлығымызға жақсы көзқараста болды, мен де ағаның қамқорлығын, жылы көзқарасын сезіндім. Көңілінен шықпай қаламын ба деп уайымдайтынмын.
Сахнада Мольер-Жантөрин патша. Ғажайып актер ғой! Мадлена Мольердей ұлы адамға опасыздық жасайды. Неге? Тіпті менің ақылыма сыймайды. Жауабы өте қиын сауал. Мадленаның жан арпалысын жеткізуге тырысатынмын. Неге олай болды? Ол өзі Мольерді өлердей сүйеді ғой. Олардың қарым-қатынастары өте күрделі. Менің Мадленам Мольерге опасыздығы үшін өмір бойы жан азабын тартады. Балалары өле береді. Қызы бұрынғы күйеуіне тұрмысқа шықпақшы. Миға сыймайтын жайт, масқара! Мадленам жындануға шақ қалады, ешкімге айта алмайды. Кейіпкерім Құдайдан кешірім сұрамақ болып сүлдерін сүйретіп шіркеуге, Париж архиепископы Шарронға келеді ғой, сеніп бар шын-сырын айтады. Мольердің «Тартюфін» кешіре алмаған Шаррон оны «Құдайсыз» деп жариялайды. Мольерді қудалау басталады. Мольерді ұстамақ болады ғой. Ол қойған, ойнаған спеактакльді жабады. Мольер түнде қашады. Оның ұлылығын бәріміз сезінеміз. Бірақ Мольерді ешкім қорғай алмайды. Патшаға ұнамады – бітті! Шығармашылық адамы күтпеген тұстан соққы алуы мүмкін.... Бұл өзі атамзаманнан келе жатқан жағдай ғой. Нұрмұхан аға кейіпкерінің жан дүниесін, рухын қалай жеткізеді! «Жендеттерде» Мадленадай рольді орындап, Жантөриндей ұлымен партнер болу – мен үшін актерлік үлкен бақыт болды. Өзге де мықты партнерлар – арман дерсіз.
Қандай пьеса! Қандай тағдырлар, тартыстар! Асекең, Асқар Сүлейменов жасаған аудармасы қандай! Біздің барлығымызда дайындық кезінде, кейін спектакльдерде де сахнаға деген, осы материалға, Жантөрин сомдаған Мольер мырза бейнесіне деген сүйіспеншілік болды. Жаман ойнау мүмкін емес-ті. «Жендеттерді» Мәскеуде көрсеткенімізде режиссер Мажурин «Ғайникамал, мен сенің Мадленаңа сенемін» деді. Төбем көкке жетті, тіпті маған бұдан артық мақтау, марапаттың керегі жоқ еді.
Қасиетті әкей Шарронды Райымбек ойнайтын. Сонау биікте тұрады, дауысы сызданып шығады, айттым – бітті кесімді дауыс. Сондай сезімтал актер, әр сөздің бағасын біледі. Епископ десең епископ. Соншалықты салқынқанды, қатал, сырт көзге өте сабырлы. Қысқасы, классикалық бейне. Режиссер Мажурин: «міне, нағыз Шаррон. Жарайсыз, Сейтметов» деп ырза болатын. Райымбекті осы рольде көргенде мен: «егер театрда «Анна Каренина» қойылса, Райымбек, сөз жоқ, Каренинді ойнар еді» деп ойлайтынмын. «Анна Каренинаға» актерлеріміз сайма-сай еді. Ыдырыс аға, Әнуар Молдабековтер бар кез ғой ол... Қандай партнерлер! Арман дерсіз! Бірақ режиссерлер тапшы болды.
«Корольді оның айналасы ойнайды». Мольер-Жантөриннің айналасы да осал емес-ті. Шаррон-Сейтметовпен қатар, Людовик ХIY ролін Тұңғышбай Жаманқұлов, жалғызкөзді маркизді Құман Тастанбеков, Муарронды Төлеубек Аралбай, Бутонды Құдайберген Сұлтанбаев қандай ойнады!
– Актерлігі мықты болған Р.Сейтметов кейін Мәскеуде екі жыл оқып келіп, режиссерлікке ауысыпты. М.Әуезов театрында М.Шахановтың «Сенім патшалығын», Г.Лорканың «Қасіретті қатындар» («Бернарда Альбаның үйі»), С.Ахмадтың «Күйеу», «Келіндер көтерілісі», тағы басқа бірталай спектакль қойыпты. Біразында сіз де роль ойнадыңыз.
– Иә. «Қасіретті қатындарда» Райымбек маған Магдаленаны берді. Сәтті қойылған спектакль еді. Бәріміз қара көйлек кигенбіз. Кейіпкерлердің ешқайсысы да күйеуге тимеген. Бернарда Альба Сәбира апай. Әр спектакльдің өз аурасы болды. Атауы айтып тұр ғой. Сол кезде бәріміздің басымыз бос, тап бізге жазылғандай. Спектакль бойынша кейіпкерлер бірін бірі аңдиды. Шайза (Ахметова) ең кіші қызын ойнайды. Пепе есімді жігітпен жасырынып кездесулерге кетеді, қыздардың бәрі оны аңдиды. Магдаленаны Раушан Әуезбаева апаймен кезектесіп ойнадық. Шолпан апай мен Бақыт (Жанғалиева) бір рольде, Хабиба апай мен Хадиша апай бір рольде. Сәбира апай Мәнуара Абдуллина апаймен бір рольде. Бірақ, көбіне өзі ойнайтын. Театрда енді ондай сәттер болып тұрды... Райымбек қойған «Келіндер көтерілісінде» Башорат пен Бостонды, Пиранделлоның «Өгей қызында» Актрисаны ойнадым.
– Режиссерлер Қадыр Жетпісбаев пен Жақып Омаров спектакльдеріне де қатыстыңыз.
– Қадыр Жетпісбаевтың М.Кәрім бойынша қойған «Қара жаяуында» бас кейіпкері Мәдинаны ойнадым, Махмұт – Оразхан Кенебаев. Қадыр актерлерге кейіпкер мінезі, ахуалына байланысты міндетті нақты қоя білетін. Режиссердің айтқанын жасауға ұмтыласың. Бірақ бұл рольді сонша айқын шығармадым білем. Өзімше, жұмсақ ойнадым. Айқынырақ, прагматик етіп ойнауым керек еді, өйткені ол есеп-қисабы мықты әйел. Кейін ойлайсың ғой, Бірақ қойылым көп жүрмеді, репертуардан түсіп қалды.
Жақып Омаровтың біздің театрда қойған «Абай-Әйгерімінде» Салтанат ролінде шықтым. Жақып адамгершілігі күшті, текті, өте мәдениетті, адамның көңілін қалдырмайтын азамат еді. Қатты сөйлеп, ешкімге ұрыспаған, ешкімнің көңілін қалдырмаған да шығар. Репетиция жасағанда күліп қарсы алады, бәрін түсіндіреді. Біз бірнәрсе айтсақ, мәз болып күледі. Өмірде де сондай адам болуы керек. Бәрі көзі мен сөзінде тұрады. Ол да өзінің профессиясына ғашық, актерлерді жақсы көретін. Өз ойларын айтады, еркіндік береді, содан кейін ойланасың. Спектакльде Абай – Әшірәлі, Әйгерім – Торғын, өмірде де, өнерде де әдемі жұп. Салтанат көзі ашық қыз, жалпы деңгей жағынан Абайға бір табан жақын. Олардың жан дүниесі үндес. Ештеңе айтпаса да адамды сыйлайсың, әлдебір түсіністік пайда болады, мұндайда көп сөйлеп те керегі жоқ. Салтанат Абайдың үлкен сыйласы, сондай бір қымбат қарым-қатынастарды жеткізуге ұмтылдым.
– Кезінде академик-ғалым М.Қаратаев Салтанатыңызды, көрнекті театртанушы Б.Құндақбаев «Әпкедегі» Гаухарыңызды жоғары бағалапты..
– Үлкен мамандардан жоғары баға алу, әрине, ғанибет. «Рольдің үлкен-кішісі жоқ, кішкентай актер бар» дегенді Станиславский айтыпты. Исабековің «Әпкесін» ол кезде театрымыздың бас режиссері Бәйтен Омаров сахналады. Гауһар Нәзираның дос-құрбысы. Өзі Нәзираның ағасын қатты ұнатады. Мен жан дүниесі бай, ұяң кейіпкерімнің сезімін көзқарасыммен, пластикаммен, нәзік қарым-қатынасыммен білдіргім келеді. Ұнататынымды жасыра алмай қаламын. Көп балалы сол әулетке деген сондай бір жылы сезімімді де үнсіз жеткіземін.
– Режиссер Б.Омаров туралы айтыңызшы.
– Бәйтен аға өте мәдениетті, риясы мықты жан еді. Ондай режиссер енді бола ма, жоқ па, білмеймін. Адамды үлкен ілтипатпен тыңдайтын. Актерлердің пікірлерін бағалайтын, кез келген жағдайда пікір талқылауға дайын болатын. Жүрегі мына әлемнің өзі сияқты ауқымы үлкен, өте мейірімді жан. Ол ешкімнің көңілін қалдырып қатты сөз айтпаған болар. Бір жағдай есімде. Уфада ма әлде Қазанда ма гастрольде болғанымызда Бәйтен аға маған «Ақбала роліне дайындал» деді. Театр спектакльдерінің бәрін жатқа білетін мен Ақбаланы өз ойымда қайта-қайта ойнап, рольге дайындала бастадым. Алайда енді репетиция аламын дегенімде, Ақбаланы әріптесім Жұмагүл Мейрамова да дайындап жүргені және рольге шығатыны белгілі болды. Сол сәтте режиссердің маған кешірім сұрағандай қарағаны әлі көз алдымда. Көңіл-күйім түсті, бірақ, сездірмедім. Бәйтен аға «Әпкенің» алдында «Майра», «Таңғы жаңғырық» сияқты мықты қойылымдар қойды. Өкінішке қарай, театрда бірер жыл ғана болды. Сол бірер жылда оның жан жылуын бәріміз сезіндік.
Мәмбетов феномені. Мұраттастары мен шәкірттері
– Қазақ сахна өнері, режиссурасында, қара шаңырақ театрда Ә.Мәмбетовтің орны ерек. Сіз Мәмбетов кезеңінің бел ортасында болған өнер иесісіз. Сіздіңше, Мәмбетовті Мәмбетов етіп тұрған қасиеттер қандай? Оның жұмыс стилі, спектакль дайындау ерекшеліктері ше?
– Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов шын мәнісінде қазақ сахна өнеріндегі құбылыс. Ұлы маэстро. Ұлы қоюшы-режиссер. Өте таза, адал адам. Оның спектакліне қатысу ғана емес, репетицияларында болудың өзі үлкен действо, нағыз рахат. Мен репетицияларды жақсы көремін. Әр репетиция, әсіресе Әзекеңнің репетициялары туралы қойын дәптерлеріме көп жазғанмын да. Қатты ақтарылып ешкіммен сөйлеспейтін болған соң шығар, ой-пікірлерімді қағазға жазып қоятын әдетім бар еді. Отбасылық жағдаймен көшіп-қонып жүргенде, өкінішке қарай, ол дәптерлерді жоғалтып алдым.
Әзекең театрға, репетицияға құдды бір мешітке келгендей, ғұсыл жуынып тап-таза болып, тап-таза жүрекпен келетіндей көрінетін. Жеңіл, жұмсақ киім киеді. Ешқашан сіресіп, костюм кимейтін. Ақ кофтасы, трубкасы бар. Шамасы, еркін болғанды жақсы көреді. Залға үлкен бір сүйіспеншілікпен келіп отырады. Жаймашуақ, қашанда жып-жинақы. Содан действо басталады. Актерлер келіп сахнаға шыға бастайды. Репетицияда шексіз кеңістік өз-өзінен тола бастайды. Әзекең сахнаға шығады ғой – сонда өсе, тұлғалана түседі, құдды бір арқасы бар сияқты. Сондай мазмұнды.
Жаңа қойылым дайындауға кіріскен алғашқы күн – мерекелі, сондай бір салтанатты күн. Ол сахнамен тыныстайды, сахнадағы елдің бәрін жақсы көреді. Сезінуімше, актерлердің әрқайсысына үлкен бір ықыласпен, барлап қарайды, сенен үлкен бір дүние күтетін сияқты.. Кейде «поближе, поближе» дегенде бүткіл кейіпкерлерді ойша көріп тұратын сияқты. Егер оның толқынына түсіп, көңілінен шығар бірдеңе тапсаң, «жарайсың» деп қуанады.
Әзекең алып тұлға, ал, кейде өмірлік қитұрқыларда сондай қорғансыз сияқты көрінетін. Ешкіммен салыстыра алмайсыз, оның қажеті де жоқ. Ол өз спектакльдерінің перспективасын көре білді, ондағы өмірді біздерден бұрын кешіп шығады. Ал актер ролін сезіне алмай жатса, бір айтады, екі айтады, сонда роль ұштығын ұстауың керек. Ал ойындағыдай шықпаса, музыкамен көркемдеп, фейерверк жасап жіберетін. Бұл бір керемет еді.
Спектакльдеріне Ғазиза Жұбанова музыка жазғанда оркестрдің әрбір үнін естиді. Ол бүткіл спектакльді оркестр сияқты көретін, оркестр сияқты еститін. Үнемі олай көру-есту біздерге қиын да болған шығар. Бірақ ұлы режиссер – шоқ жұлдыздар Молдабеков, Ноғайбаев, Шәріпова, Әшімов, Оразбаевпен жұмыс жасағанда, бір-бірін терең түсініп, бірге қалықтайтын. Жұлдызды рольдер жұлдызды серіктестерің, мұраттастарың барда болады. Әзекеңнің «Ана – Жер-анасы», «Қозы Көрпеш-Баян сұлуы», «Қобыландысы» «Қан мен тері», «Сүйікті менің ағатайымы» осындай серіктесік, мұраттастықтан туған дүниелер ғой.
Есімде, Әзекең, Ә.Мәмбетов туралы бір хабар ма әлде деректі фильм бе түсірілген кезде (режиссері Бағлан есімді жігіт еді, фамилиясын ұмытыппын) Асекең, көрнекті жазушы-драматург Асқар Сүлейменов «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қан мен тер», «Ана – Жер-ана» спектакльдерін «Мәмбетовтің шедеврлері» деп атаған.
Ол бір алтын дәуір еді. Қ.Қуанышбаев – Қарабай, С.Қожамқұлов – Қоңқай, Шәкен мен Хадиша Петручио мен Катарина, Бикен – Еңлік, Жер-ана, Шолпан – Ақтоқты, Сәбира апай – Толғанай, Фарида – Толғанай, Қарлыға, Ақбала, тағысын тағы. Аға буынның төрт көзі түгел. Әзекең сол буынның тәлім-тәрбиесін бойына сіңірді, көп тағлымын алды.
Әзекең сахнаға құдды бір ғарыш сияқты қарайтын. Дайындық басталғанда ерекше көңіл-күйге түсетін. Мәмбетов – қоюшы-режиссер дейміз ғой. «Сүйікті менің ағатайымның» (А.Чехов) дайындығы алтыншы қабатта басталды. Орындықтар қойылған. Мен Әзекеңнен рұқсат сұрап, дайындықтарына үнемі келіп қатысатын, тыңдайтын едім. Режиссер актерлермен бірге пьеса оқиғалары өтетін уақытты, қоғамды, кейіпкерлер арасындағы бүткіл қарым-қатынастарды, әр сөздің астарын талдайтын, талқылайтын. Әр бейнені ұзақ дайындады. Әр актердің қолында ролінің партитурасы болды. Бұл бір шілтер тоқығандай жұмыс еді. Мысалы, Н.Войницкая роліндегі Хадиша апайдың жүріп-тұрысы, көзқарасы, тіпті мойнын қалай бұратынына дейін сондай бір нәзік шілтер тоқығандай анықтала-талданды. Ал сахна ақ үстел мен орындықтармен «жасанғанда» орыс тұрмыс-тіршілігі танылатын. Көрнекті режиссер кейіпкерлердің костюм киісі, жүріс-тұрысы бәрі өз деңгейіне сай болуын талап етті. Кішкентай детальға дейін талқыланды. Ұзақ дайындалып, осының бәрін бойларына сіңірген актерлер де бар жан-тәнімен дайындалды. Мұндай репетициялардан өту, сондай рольдер ойнау арман ғой!..
– Ә.Мәмбетов қоюшы-режиссер ғана емес, Көркемдік жетекші де екенін сезіндіңіздер ме?
– Сезінгенде қандай! Қоюшы-режиссер деген негізінен өз спектаклін ойлаңқырайды ғой. Ал Әзекең бүкіл театр қамын ойлайтын. Біздер тіпті театрға жақындағанда Мәмбетовтің рухын сезінетінбіз. Бойыңды бірден жинап аласың. «Мәмбетов театры» деп бекер айтпаған ғой. Әзекең қатаң тәртіп талап ететін. Таңертең би. Бірінші өзі келетін. Біз орын-орнымызға тұра қаламыз. Репетициялар алдындағы тренаж. Би біткен соң жуынып-шайынып, киім ауыстырып, сахнаға жүгіретінбіз. Сағат екіге дейін негізгі кейіпкерлер де, көпшілік сахнасындағылар да бірдей дайындықта. Әзекең көпшілік сахнасыдағылардың да белсенді болуын қатты қадағалайтын. Кім қалай тұр бәрін көретін. Мәмбетовтің «Көктөбедегі кездесуінде» Алмагүлдің ролін орындадым. Бірінші құрамда Шолпан апай Жандарбекова, мен екінші құрамда. Шолпан апай мейірімді жан еді, еш таршылық жасаған жоқ, керісінше, репетициялар беріп тұрды.
Қара шаңырақта қазақ өнерінің элитасы қызмет етті
– Спектакльдегі басқа сахна серіктестеріңіз де осал емес қой.
– Иә, ондай партнерлермен ойнағанда – жаным рахаттанады. Бір жолы Ғазиза апай (Жұбанова) айтты. «Ғайникамал, сенің Алмагүлің Шыңғыс ағаға ұнады» деді. Ойын өрнегім пьеса авторына ұнағанына көңілім көтерілді.
Жалпы мен осы күнге дейін сахнаға шығарда қатты толқимын. «Көктөбедегі кездесу» болатын күні Мәмбет – Әнуар Молдабеов үнемі сахна сыртында дайындалып тұрады. Сосын мен келемін, қатты толқимын. Сонда «Ғайникамал, қорықпа, қатырып, сөзіңді айтып шық, қалғанын өзім ойнаймын» дейді Әнуар. Роль бойынша екеуі бір-бірін жақсы көреді. Бірақ бір-біріне ешқашан айтқан емес, дәм-тұзы қосылмағанмен, екеуі бір біріне жақсылық тілейді. Сосын «Алмуша» деп Досберген – Ыдырыс аға шығады. Сырбазданып Иосиф Татаевич – Асанәлі, сосын мысқылдап Сәбит шығады. Оның кейіпкері сұйықтау бір журналист.
Әнуар екеуміздің мизансценамызды Әзекең құрған. Екеуден екеу отырғанымызда жарқ етіп шам жағылады. Иосиф Татаевич кімдер отырғанын біліп келеді. Екеуміз ұсталып қалғандай қарап қаламыз. Бірақ бізде еш қорқыныш жоқ, өйткені арамызда ештеңе жоқ қой. Тек таза сезім.
Ш.Айтматовтың «Ақ кемесі» бойынша Әзекең қойған спектакльде Гүлжамалдың ролін орындадым. Қойылымды Әзекеңнің туған әпкесі, белгілі актриса Аққағаз Мәмбетова апай көріпті. «Сен спектакльдің ырғағына дәл түсесің. Ритмді керемет сезінесің. Сахнада ойнамайсың, өмір сүресің» деп мақтады. Роль әрқалай шығады ғой. Сол күні ерекше шықса керек. Сахна серіктестеріммен қашанда жақсы, сыйластық қарым-қатынаста болдым, әлі де солай. Адамдар бір-бірімен жарасымды, гармониялы қарым-қатынаста бола білуі – мәдениет. Театр сондай жағдайда болды, өйткені қара шаңырақта қазақ өнерінің элитасы қызмет етті.
– Ардақты аға буыннан аз қалған әріптестеріңіз, көрнекті актер, режиссерлер Асанәлі Әшімовтің, көрнекті режиссер Есмұхан Обаевтың өзіңіз қатысқан спектакльдері туралы бірер сөз.
– Бұлар – ауқымдары кең, ұлттық космосы қуатты тұлғалар ғой. Асанәлі өз табиғатынан мықты актер болса, режиссер ретінде де супершығармашыл адам. Ж.Аймауытовтың «Ақбілегін» қазақ сахнасында алғашқы болып қойған режиссер. Онда мен Ақбілектің жеңгесі Ұрқия ролін орындадым. Ол романда қылықты да сымбатты, алды кең, инабатты, қолы ашық, шалқайғанды иіп, жатты жақыны ететін жайсаң әйел. Қайынсіңлісі Ақбілек үшін жанын беруге бар. Кейіпкерімнің осы болмысын ашуға ұмтылдым. Тағдыр талқысына түскен Ақбілектің ақтың офицерінен жүкті болып қалғанын білгенде, қалай жанұшырады, өзі аяқ астынан «жүкті» болып, қайынсіңлісін азап пен мазақтан құтқарады ғой, кейін Ақбілектің перзентін өзіне береді. Мақтан болмасын, сол спектакльді көргенде қадірлі аға әріптесім, сахна шебері Нүкетай Мышбаева: «қазақта қанша жеңге көріп жүріп Ғайникамалдай жеңге көрмедім» деп еді.
Асанәлі спектакльді образдарда көреді. Шамасы, спектакльдің квитэссенциясы не екеніне анализ жасайтын болуы керек. Ол түсіндіре бастағанда, кейіпкерлерді айтқанда, образдар анықтала-айқындала түседі, қажетін бірден көкейге тоқисың. Актерлік қиялды өте құптайды. Ешуақытта қатты ескерту айтпайды. Кейде роль шықпай жатса да шыдамды. Актерлерді тез түсінеді, үнемі қолдайды. Асағаңның театрдағы кейінгі бір қойылымы – жас режиссер С.Асқаровпен бірігіп сахналаған «Қаза мен жазада» куәгер Ж.Дәулетқалиеваның ролін орындаймын. Жұмабике – екінші пландағы болғанымен, маңызды кейіпкер – массаның, тобырлық сананың өкілі. Асағаң, театрдың Көркемдік жетекшісі ретінде де актер қауымына берері мол. Асаға, Сәбит ағалар қазақ театрының Алтын сапасы ғой.
Есаға, Есмұхан Обаев спектакльдерінде жас кезімде өнер жолымды бастаған театр, қазіргі Ғ.Мүсірепов театрында біраз қатыстым. 1970–1971 жылдары С.Мұқановтың «Ботагөзінде» Лизаны, Б.Майлиннің «Шұғасында» Күлзипаны ойнадым. Ол пьесадағы негізгі идеяны көркем зерделей білетін, актерге нақты міндет жүктейтін режиссер. Репетициялары өте мәдениетті – сондай бір жайлы шығармашыл атмосферада өтетін. Дайындықтар кезінде кейде өзі сахнаға шығып көрсеткенде де ондыққа дәл тиетін. Онда театрға жаңа барған кезім ғой. Спектакльдерді тапсырғанда талқылауларда («Қаралы сұлу», «Махаббат мұңының» талқылаулары есімде жақсы қалыпты) айтқан пікірлері дәл де нақты болатын.
Кейін Семей театрында жиырма шақты жыл бас режиссер, директор, одан беріде Республика Мәдениет министрі орынбасары лауазымды қызметінде болып, үлкен тәжірибе жинақтаған Есмұхан 2001 жылы қара шаңыраққа директор-көркемдік жетекші болып келді. Театрға үлкен еңбек сіңірді. Мен, өкінішке қарай, екі қойылымына ғана қатыстым, онда да эпизодтық роль орындадым: «Парада» (Н.Гоголь.»Ревизор») унтер-офицерша, ал, ең кейінгі қойылымдарының бірі «Анна Каренинада» (Л.Толстой) күтуші. Эпизодтық роль болсын мейлі, үлкен жауапкершілікпен қараймын. Мысалы, «Анна Каренинадағы» күтуші әйел. Ол Карениндердің ұлының күтушісі. Бір ғана сахнада шығады. Сонда бүкіл болмысын көрсетуі керек. Сол рольде бұл кейіпкерге тігілген сахналық костюм көңілімнен шықпады. Тым қарабайырлау екен. Карениндер перзенттерін қарабайыр әйелге сеніп тапсырмайтыны белгілі. Сонда логикаға салғанда ол күтуші әйел қандай болуы керек? Меніңше, ол – мейірімді, көзі ашық, тәрбиелі жан, кішкентай Сережаны өте жақсы көреді. Кейіпкерімнің костюміне өзгеріс жасадым, өз танымымша ойнап шықтым, көрермен көңілінен шыққан сияқты. Обаевтай режиссердің М.Әуезов театрындағы спектакльдерінде неге басқа да рольдер бұйырмағанын түсінбедім... Таланты ауқымды, үлкен суреткер ғой, оның спектакльдерінде ойнамағаным, әрине, өкінішті.
– Актерлік, бір есептен, тәуелді мамандық. Режиссердің талғам-таңдауы, рольді қалай көруі, сонымен қатар актердің таланты мен тартымдылығына қоса ұшқырлығы, коммуникациясы да елеулі роль атқаратын сияқты. Адами қарым-қатынастар, тағы да басқа факторлар дегендей...
– Оның рас. Театр – жан қалауым, рухи өмірім болған соң кей кездері қандай психологиялық стрестерден (мұндай ахуалға түспедім, жолым тақтайдай тегіс болды деген актер, орысша қисындағанда өзіне де, өзгеге де лукавит) өтсең де қайта түлейсің. Атақты Ә.Мәмбетовтен бастап, небір марғасқа режиссерлермен мұраттас болып, ұлттық театрдың іргетасын қалаған алыптар С.Қожамқұлов, Қ.Бадыровтар, солардан кейінгі буын Х.Бөкеева, С.Майқанова, Ш.Жандарбекова, Б.Римова, Ф.Шәріпова, жүз жасаған Х.Елебекова, сондай-ақ З.Шәріпова сынды хас шеберлерге шәкірт болып алғыс-баталарын алдым. Ұжыммен бірге гастрольдік сапарлармен республиканың алуан түкпіріндегі үлкен-кіші қалаларын, алыс ауыл-аудандарды аралап, халық алғысына бөлендім. Алматының жазын көрместен ширек ғасыр ат үстінен түспеген кездер болды. Бақ пен бап қатар шабатын өнер бәйгесінде даңқ-даңғаза қумай, замандаспен бәсекелеспей, ұлы ұстаздар тәлімін жадымда тұтып, қандай қиын кезде де сахнаны басқа ештеңеге айырбастамай, өнерді халыққа етене жақындатуға күш салған еңбекторының өзімін. Мен мұны еш пафоссыз-ақ байыппен, бірақ жаным толқып айта аламын.
Лайықты әріптес те серіктес болғанымды өзіме зор мәртебе тұтамын. Бейбіт те берекелі елде өмір кешіп, қара шаңырақта өнер көрсететінімді мақтан етемін.
– Психологиялық стресс дедіңіз, режиссерлермен, актер әріптестеріңізбен арада рольге байланысты, өзге де қарым-қатынастарда түсінбеушілік жағдайларды айтасыз ба?
– Театрда қызмет ететіндер – бір отбасының мүшелері сияқты десе болады. Отбасы болған соң, онда қуаныш-реніш, келісім-кереғарлықтар кездесуі заңдылық. Бірақ түптеп келгенде өнер жеңеді. Бұл мен армандаған театр ғой, сондықтан да көңілде кірбің түссе, тез шайылып кетеді. Сонау жас кезімде театрға жетер-жетпестен ғимараттың іргетасына қолымды қойып, сипайтынмын, күні бүгінге дейін солай. Мен бүкіл махаббатымды театрға берген жанмын. Театр есігін ашқанда, сахнаға шыққанда бойымды қуаныш билейді. Көпшілік сахналарының өзіне гримді тиісінше салып, барынша дайындалатынмын. Труппа меңгерушісі, марқұм Қарас Ахметұлы гримімізді тексеріп шығатын.
Рольдерімді ешуақытта эпизод деп, көпшілік сахнасы деп бөлмейтінмін, әлі де солаймын. Мен үшін бәрі роль, сахнаға шыққаннан кейін бәрі де салмақты болуы керек. Режиссерлер қандай роль ұсынады – ынты-шынтыммен кірісемін, образды шығарғанша жаным тыным таппайды. Классикалық туындыларда, айталық, М.Әуезовтің режиссер Ә.Мәмбетов сахналаған «Абайындағы» Қаныкейі мен Болат Атабаевтың «Қарагөзіндегі» Тектіні сомдадым. Басты роль болмаса да құнары, философиясы қандай рольдер!
– Болат Атабаев қойылымында Текті мүлдем басқаша трактовкада болды ғой. Режиссердің өзге қойылымдарына да қатыстыңыз.
– Текті Наршаның анасы. Керемет байсалды адам. Аристократ әулет қой. Әлеуметтік жағынан да Қарагөздің шыққан жерінен биік тұр. «Қарагөзге істемеген еміміз жоқ, емші біткеннің бәріне көрсеттік» дейді. Қарагөздің есіл-дерті – Сырым, Наршаныкі – Қарагөз. Ұлына жаны ашитын Текті бұл қойылымда – баласы үшін намыстанып, ашу-ызаға булығатын, ауыспалы мағынасында жынданатын әйел. Болат өз табиғатында сыншыл режиссер, кейіпкерлерін күтпеген жерден ашады. Әрине, өмірде көп жайсыз жағдайлар болып жатады және адам бойында қарама-қайшылықтар жеткілікті.
Болат адамгершілігі мол, адамға жаны ашығыш азамат еді. Конформист емес. Ұнамайтын нәрсесі болса, пікірін ашық білдіретін. Режиссер ретінде де кейіпкерлерінің, демек, қоғамның бүкіл кемшіліктерін ашуға ұмтылады. Болаттың спектакльдерінде «Қос мұңлықта» (Б.Римова) Самал, «Шыңғысханда» (Иран-Ғайып) Есуй, «Кебенек киген аруларда» (А.Тасымбеков, Қ.Ысқақ) Тұтқын әйел, «Жан қимақта» (Қ.Ысқақ) Қапиза, «Шағалада» (А.Чехов) эпизодтық Полина Андреевна рольдерін орындадым. Жалпы өте ізденгіш, шығармашылық әлеуеті мол режиссер Б.Атабаевпен жұмыс істеу қашанда қызғылықты болды.
Табиғатыма кері рольдерді көп орындадым
– Актерлік өмірбаяныңызға қарағанда режиссер Әубәкір Рахимовтің қойылымдарында көп ойнапсыз.
– О-о, Әубәкірдің жөні бөлек қой. Алдымен актерлікті бітірген, сосын режиссерлікке Мәскеуде оқыған. Қара шаңырақ театрға жас кезінен келген. үлкен мектеп көрген. Оның адамгершілік мектебін айтсаңызшы! Әубәкір Рахимов – менің режиссерім десем болады, маған көп роль берді, өте ырзамын. Көптеген спектакльдерінде рахаттанып ойнадым. Материалдар қарсыластығы деген бар ғой, Әубәкір актерлермен солай да жұмыс жасайтыны бар. Мысалы, маған кері характерлі рольдер беретін. Сондай рольдерімнің бірі – «Ақымақ болған басым-ай!» комедиясындағы Сотанвиль ханым. Мольер комедиясын А.Сүлейменов түпнұсқадан асыра аударса, Әубәкір фейерверк етіп сахналаған. Костюмдері көркем, биі бар. Сахнада көп жыл жүрді. Сотанвиль өте аяр, өктем әйел. Күйеуі қауқылдап жүрген бір адам, әйеліне еш қарсы келмейді. Оны Саят Мерекеұлы орындады, жақсы тандем болдық. Саят сондай үлкен актер, табиғи, өте жақсы партнер. Мені өмірде де қатты сыйлайды.
Мадам Сотанвиль – нағыз аяр әйел дедім ғой, табиғатыма қайшы кейіпкер. Мен армандаған, арманым болып, бесікте бөлеулі жатқан рольдерім бар ғой, ал, Әубәкір табиғатыма қайшы осы рольді бергенде, осы менде мінез жоқ-ау, деп ойладым, қиналдым. Бірақ өз-өзіммен арпалысып, рольді қалайда шығаруға ұмтылдым. Кейіпкердің характерін сезінгенде, бойдағы қорқыныш кетті. Бұл қойылымның да жазылып алынбағаны өкінішті.
Режиссер Рахимов актерге міндетін нақтылап, өз танымын айтады да, еркіндік береді, сонда роль кеңістігі ашылады. Ал, ойын өрнегіңді қоштаса, тіпті шабыттанып кетесің. Қойылымыда мен өліп-талып қызымды қорғаймын. Күйеуі Сотанвиль мырза аристократ, әйтпесе, өзі плебей әйел ғой. Күйеу балам Данденді менсінбеймін, Қызым Анжелика да бет бақтырмайды, кез келген жағдайда судан таза, сүттен ақ болып шығады. Анжелика – Данагүл Темірсұлтанова, оң жамбасына келген, өте жақсы шығарған ролі. Спектакльді рахаттана ойнайтынбыз. Би де билейміз, ән де айтамыз.
Әубәкірдің Б.Майлин бойынша «Сабатаж-ж!» қойылымында Меруерттің ролін ойнадым. Сиырымды аламыз дей ме, мен зарлап бермеймін деп қарсыласамын, кейимін, жалпы ол жайсыз өмірге ренішті кейіпкер ғой. Мен Меруертті қазақ әйелінің отбасында, қоғамда көретін қиянат, зорлық-зомбылығына қарсылықтың көрінісіндей етіп орындауға ұмтылдым. Е.Домбаевтың «Желіккен жеңгейлерінде» Әнияны да, Майшаны да ойнадым.
Е.Аманшаевтың «Үзілген бесік жырында» баласы мен келіні бөлек шығып, төрт бөлмелі үйде жалғыз қалған кемпірді ойнадым. Пәтерге адам жібереді, олар да ерте кетеді, кеш келеді. Сонда жалғыздық зарын тартқан сорлы кемпір тарақандармен сөйлесіп отырады. Кейін Болат Атабаев біздің театрға қызметке келгенде айтты: «Аллажар» фильміндегі Ана роліңіз, содан кейін «Үзілген бесік жырындағы» Ана – тарақандармен сөйлесіп отырған өлмелі кемпір есімде қатты қалыпты» деді.
А.Сүлейменовтің «Штат қысқартуындағы» Рита да қызғылықты кейіпкер. Сөзі аз, трагедиясы ішінде. Оның айтарын, ойын көзбен және пластикалық қимыл-қозғалыстармен жеткізуге ұмтылдым.
Н.Әбутәлиевтің «Өттің, дүниесін...» де Әубәкір қойды. Фарида апай ауырып қалды. Әубәкірге айтып Фатиманың сөзін жазып алдым. «Елу жылдығыма ойнайын» дедім. Көп дайындалып барып шықтым сахнаға. Көзі ашық, парасатты, жан-жақты әйел. Жәңгір ханды өте сыйлайды. Талай тұста көмекшісі, ақылшысы болады. «Қара қазақ балаларына мектеп сал» дейді ғой. Сол үшін айтысады. Жаныма жақын роль болды. Спектакльде мен Айбаршаның ролін де орындадым. Жәңгір ханға қарсы шығатын Айбарша халықтың өкілі, ол халықтың сөзін, ой-мұңын жеткізеді.
Сүйіп орындайтын рольдерімің бірі – «Отыз ұлың болғанша...» мұңлы комедиясындағы Сәлима. Спектакльдегі партнерлерім қандай! Сәбит аға, Нүкетай апа, Салиха, Шамшагүл, Саят, Рашида, Гүлнар... Бұл рольді кезінде Зәмзәгүл апай (Шәріпова) орындаған. Мен кейіпкерімнің тағдырын өзімше ойнаймын. Күйеуі ұста, мықты ағаш шебері. Ауылында небір әдемі ағаш үйлер салған, сонда шығармашыл адам болып тұр ғой. Алайда ішкілікке үйір, қандай еңбек етсе де өтеуі бірер стақан арақ. Ол бір сондай кезең болған ғой. Өз-өзімен жүргені сондай, өмір бойы бірге тұрған әйелінің бетінде мең бар екенін дүние кешерінің алдында, ауырып жатқанда ғана көреді... Кейіпкерім Сәлима бақытты-бақытсыз болса да шаңырағын бұзбаған, өте шыдамды әйел. Күйеуіне шаң жуытпайды. Кейін «сонда бетімдегі меңімді байқап, қолымен аялап сипап еді, қайырымды еді байғұс» деп елжірей еске алатыны бар ғой. Сонда өзі мейірімге зәру болса да күйеуін түсінген, аяған мықты адам болып тұр ғой.
Әубәкір иманы берік, өте мәдениетті, терең білімді режиссер. Онымен жұмыс істеу өте жайлы, пікірлесе, ақылдаса аласың, ойыңды тыңдап, өз пікірін айтады. Актерлік ұсыныстарды сыйымды болса қабылдайды, бірақ өз позициясын мықтап ұстайды.
– Сіздің шығармашылығыңызда қазақ режиссурасы жаңа толқынының көшбастары болған Қайрат Сүгірбековтің орны ерекше. Сіз Қайрат спектакльдерінің барлығына дерлік қатыстыңыз.
– Қайрат, айналайын сол, жаның жәннатта болсын, күрделі деген спектакльдерінің бәрінде маған роль берді. Мен де үлкен ықыласпен ойнадым. Қайрат рольді міндетті түрде талқылайтын, мен де өз ойларымды айтамын. Мысалы, Ф.Кафканың «Құбылысын» қойғанда Грегор Замзаның шешесінің ролін ойнадым. Ермек Аманша аударып, сахналық нұсқасын жасаған бұл қойылымда өте қуатты психологизм бар. Адамның жан дүниесі қандай құбылыстарға түседі, әр сөз, әр эпизодты егжей-тегжейлі талдадық. Ол әр бейнеге тоқталып, өз танымын айтады, түсіндіреді. Айтқанын мүлтіксіз орындаймыз, ешкім қарсы келмейді. Өзіміз де оқып, үйден дайындалып келеміз. Бәріміздің тілегіміз – спектакль жақсы шықса екен дейміз.
Адам психологиясын, оның қалай бір клеткалы жаратылысқа – амебаға, айналатынын Кафка сияқты бере алған ешкім жоқ шығар. Мұны терең сезіну, актер ретінде бастан өткеру керек. Грегор Замза – Дулыға Ақмолда, жас кезі ғой, ролін сондай жақсы орындап шықты. Жалпы осы қойылымда барлық актерлер бір үйдің баласындай, күш-қажырымызды аямай жұмыс жасадық. Өйткені бұрын мұндай дүние ойнап көрмегенбіз. Іштей көтерер бір жүгің болмаса, өзіңнің жағдайыңды түсінбесең – қиын ғой. Әркім өзі туралы айтатын. Спектакль атмосферасында бәріміз тіпті бір адамдай тыныс алдық. Дулыға жәндік сияқты жер бауырлай жылжығанда тынысымыз тоқтап қалғандай болатын. Қайрат, меніңше, адам психологиясының тұңғиығына үңілгісі келген режиссер. Ойын сезіммен де, пластикамен де жеткізгісі келетін. Сонда адам денесі, қимыл-қозғалысы ішкі жан дүниесінің айнасы болып тұр ғой. «Құбылыс» спектаклі де – жан мен тәнде өзара гармония, үйлесім жоқтығының айнасы.
– Үйлесім-жарасым жоқ жерде береке де, бақытты өмір де болуы қиын. Және адамның түпсанасына әсер ететін бұл ахуал жеке адамның ғана емес, қоғамның да трагедиясы ғой. Бұл – Қайраттың спектакльдеріндегі бір өзек идея да сияқты. М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Ж.Аймауытовтың «Ғашықтық дерті», Г.Ибсеннің «Қуыршақ үй» қойылымдарын еске алайық. Сіз соңғы екі қойылымда роль ойнадыңыз.
– Иә. «Қуыршақ үйде» Фру Линнені, «Ғашықтық дертінде» Шекерді ойнадым. Қайрат қай спектакліне де күні-түні дайындалып келетін. Актерлер дайындалып келгенде қатты қуанатын. Қайрат өте нәзік, сезімтал, эмоционалды жан еді. «Қуыршақ үй» өте мықты спектакль болды. Басты Нора ролінде талантты актриса Қымбат Тілеуова. Драманы бөлік-бөліктермен тәптіштей талдадық. Кейіпкердің бүткіл қарым-қатынастарын талдаймыз, ол басқа кейіпкерлермен қанша уақыт көріспеді, ол екі арада не болды – бәр-барын. Фру Линненің баласы болмағаны, жоқшылықта тұрғаны, тағы басқа, қысқасы, бүкіл өмірбаянын түзіп шығамыз. Қайрат тіпті сахнаның температурасына дейін еске салатын. Спектакльде эмоционалды тұстар көп болды ғой. Норада бәрі бар, ал, менің кейіпкерімде үй де, күй де жоқ, жағдайымды айтып ағыл-тегіл жылап тұрамын ғой, Қайрат ырза болушы еді.
Жалпы ол әр спектакліне жанын салатын, ондағы әр бейнеге жеке-жеке келіп, талдайтын. Меніңше, ол психологиялық дүниелерді жақсы көрді, сондықтан да жоғарыда айқанымдай, актерлермен бірге кейіпкерлердің жан дүние қозғалыстарын жақсы зерттейтін. Мен де үйден қатты дайындалып келемін, ақылдасамыз. Содан болуы керек бір жолы маған: «Ғайникамал апай, вы знаете почему я всегда вас занимаю в своих спектаклях?» деді. Мен абдырап қалдым, артынша өзі: «потому что вы интеллектуальная актриса» деді. Мақтан демессің, Қайрат тура осылай деді. Мен ыңғайсызданып қалдым, бірақ, іштей қатты қуандым.
«Ғашықтық дертіндегі» Күнікейдің анасы Шекер де табиғатыма мүлдем қарсы кейіпкер. Бір қарағанға зерек, пысық ол Құлтуманың әйелі аталғанымен керегін алу үшін бәріне баратын адам. Тіпті туған қызын да аямайды. Бір есептен, сол кездегі қазақ қоғамының да жемісі Шекер бейнесін режиссермен бірге барынша талдадық. Қарама-қайшылығы мол, қызғылықты бейне болып шықты.
– «Табиғатыма мүлдем қарсы кейіпкер, өмірлік ұстанымыма келмейді» деп ойнап жүрген рольдерінен бас тартатындар да болады. Сізге мұндай ой келген жоқ па?
– Бұл өзі өте нәзік нәрсе, сондықтан да әр актер-актриса қалай шешеді, өзінің еркі. Ал өз ұстанымым басқаша, сондықтан да әрқилы, әр планды кейіпкерлер ойнағанды дұрыс көремін. Мәселе кейіпкеріңнің көрерменге берер тағлымында болса керек. Айталық, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Есектасты рахаттана ойнаймын. Шағын ғана роль, жеңгетай ғой, бір бойында бәрі бар. Немесе Ә.Тарзидің «Ақын. Періште. Махаббатында» Беймаза әйел ролі. Бұл екі спектакльді де Әубәкір сахналаған. Табиғатыма қарсы кейіпкер деп Алма Кәкішева сахналаған «Көшкін» (Т.Жуженоғлы) спектакліндегі Кіндік шешені де айта аламын.
– Бұлардың бәрі де сәтті шыққан рольдеріңіз ғой. Сіз Алманың «Көшкіннен» де басқа спектакльдеріне қатыстыңыз.
– Алма режиссураға кейінірек келді ғой. Алмамен жұмыс істеу қашанда қызық. «Көшкін» оның біздің театрдағы алғашқы режиссерлік жұмысы. «Көшкінде», одан кейін «Алмас қылышта», «Көмбе нанның дәмінде» рольдер ойнадым. Ол мамандығына берілген шын режиссер
– «Көшкіннің» премьерасын көрген көрнекті театртанушы Бағыбек Құндақбаев: «Қойылымның режиссері А.Кәкішева драматургияның тынысын жақсы таниды. Әрбір қимыл-қозғалысқа, сөзге мән беріп астарын ашады. Және шарттылықты дұрыс қолданған» деп пікір айтқан еді. Сіздіңше, режиссер Кәкішева актермен жұмыста неге баса мән береді?
– Бағыбек ағай режиссер жұмысына жоғары және әділ баға беріпті. Алма шынында да драматургиялық материалдың дәнін ала біледі, материалмен жақсы жұмыс жасайды, қойылымдарына мұқият дайындалады. Режиссер ретінде сахнаны, кейіпкерлерді жақсы сезінеді, тіпті оларды көре біледі, сөз саптау ерекшеліктеріне дейін ести біледі. Осындай бір ерекше қабілеті бар. «Көшкінде» Кіндік шешенің мазмұнын, содан да туындайтын мінез-құлқын, қалай жүретінін, қалай сөйлейтінін, нені көздейтінін – бәр-бәрін режиссермен бірге іздесіп, бейнені жүлгелеп шықтық. Осының бәріне жан бітіру, әрине, актердің жұмысы.
Жалпы «Көшкін» маған ауыр да түсті. Өйткені ол кезде анам ауырып жатты, ініммен бірге тұратын еді. Анаммен премьера өткеннен кейін ғана үнемі бірге болдым. Көп ұзамай дүние салды.
Анамның асыл қасиеттерін рольдеріммен жеткіздім
– Ана кім-кімге де қымбат, жөні бөлек қой. Дегенмен де сіздің өмір-өнер жолыңызда анаңыздың ықпалы, қамқорлығы, еңбегі ерекше болыпты.
– Анам Гүлфарида тірегім, үлкен досым, ақылшым еді. Омарымды әлпештеп тәрбиеледі, өнердегі жеңістерімде де еңбегі өлшеусіз. Қайратты, жаны да, өзі де сұлу аяулы анамнан айырылғанда арқа сүйер асқар тауым құлағандай қатты қайғырдым, қиналдым.
Жалпы менің өмір жолым оңай болды дей алмаймын, бірақ, қиындықтың бәрін сахнамен, рольдеріммен жеңдім. Рольдеріме дайындалып, сахнаға шыға жүріп тұрмыстық күйкіліктен алшақтаймын. Өмірімде ақтарылып ешкіммен сөйлескен жан емеспін. Армандарымды рольдеріммен айттым, қуаныш-бақытым, қайғы-мұңыммен рольдерім арқылы бөлістім. Анам дүние салғалы оның асыл қасиеттерін рольдеріммен жеткізуге ұмтылатынымды байқаймын.
– Сіз киноэкранда, телеэкранда Аналар бейнесінен галерея жасадыңыз. Қазақ көрермені шетелдік сериалдардан жалығып, өз киносын, өзінің, бүгінгі қоғамның бейнесін көруге ынталы болып отырған кезде түсірілген, қалың көрерменнің көңілінен шыққан жүз сериялы «Қара шаңырақ» телехикаясындағы Гауһар ана роліңіздің жөні бөлек. Қазақтың әйелі, отанасы осындай деуге болатын жинақтық бейне деңгейіне көтердіңіз.
– «Қара шаңырақ» қарапайым қазақ отбасының бүгінгі өмірін көрсете отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін туынды. Гауһар ана өзіме қымбат, оны қалың көрермен де сүйіп, қабылдады. 2014 жылы телесериалдар рейтингінде осы ролім үшін «Жыл актрисасы» атандым.
«Қара шаңырақтың» бірнеше режиссері болды. Солардың ішінде Айдын Сахаман деген талантты жас режиссермен жұмыс жасадым. Жас та болса парасатты, актерлермен жұмыс жасау мәдениеті жоғары азамат. Түсіру алаңында да түсіністік орнады. Әр эпизод талқыланды. Гауһар әулеттің жағдайын, абыройын ойлайтын ана, сыпайы, орнықты етіп ойнайын деп ойладым. Анамның асыл қасиеттерін, әкеммен, балалары біздермен қарым-қатынасын ойдан өткізе бастадым. Жалпы қазақ әйелінің, анасының типтік жасампаз бейнесін жасағым келді. Актерлік тәжірибем, өмірлік тәжірибем бар, алайда қиын эпизодтар да болды. Сценарий бойынша отағасым қайтыс болады, сонда жылауым керек. Үйде әбден дайындалдым. Кітаптардан жоқтау жырлар қарадым.
Түсірілім басталды, отағасымды үйден шығарып алып барады. Отағасым ролінде Саят Мерекеұлы, театрда өте жақсы партнерім. Көңіл қимаған адам ғой. Ондайда көп нәрсе еске түседі, әкем-анам... Камера алдында жыладым, жоқтау айттым. Кейін қыздар: «Шынымен де күйеуіңізден айырылғандай жыладыңыз» деді. Көңіл-күй ахуалы дөп түсетін кездер болады, менде де солай болды ғой деймін. Сериалдың шығармашылық тобы жақсы болды, түсірілім мәдениеті де, шетінен талантты жастар.
Өнер жолымда жиырмадан аса көркем фильмге, көптеген телесериалға түсіппін. Алғашқысы – «Бұлақ». Шәріп аға Бейсенбаев қандай режиссер еді! Онда көп балалы келіншектің ролін орындадым. Серік Жармұхамедовтің «Сәрсенбінің сәтінде» фильмінде ауыл әйелімін. Күйеуімнің ролінде Мейірман Нұрекеев. Мейірман мықты, жаны таза, артық сөзі жоқ жігіт еді. Жақсы серіктес болдық. Керемет актер, сондай жарқын. Оны қарапайымдылығы, адамгершілігі үшін жақсы көретінмін. Әзілі қандай. Ол да мен өте сыйлайтын. Қанымбек Қасымбековтің «Қызыл отау» фильмінде де Ана ролінде эпизодқа түстім. Қиын кезең. Ақ пен қызылдар соғысы. Шығармашылық құрам жақсы болды.
Аналар роліне көшуім – Қалдыбай Әбеновтің Желтоқсан туралы мықты фильмі «Аллажардан» басталды ғой деймін. Онда мен Қайрат Рысқұлбековтің анасы Дәметкеннің ролін орындадым. Бұл рольге актриса таңдағанда режиссер: «Ғайникамалдың көзінен мұң көрдім, сол мұңы үшін осы рольге алдым» депті. Одан беріде де көптеген фильмге түстім. Б.Шәріптің «Шолпанның күнәсінде» Көріпкел кемпірді ойнадым. Тағы бір атап айтатыным – жас режиссер Асқар-Мұхит Нарымбетовтің «Қара шаңырақ» көркем фильмінде Ана ролін орындадым.
– Үлкен экранда жас режиссер Асқар-Мұхит Нарымбетов түсірген «Қара шаңырақ» көркем фильмінде сомдаған кейпкеріңіз де рухы мықты, қара шаңырақты құлатпай ұстап отырған Ана. Әдебиеттегі Ұлпан, Айшалардың бүгінгі жалғасы сияқты... Өте тағлымды трактовка.
– Ол ролімде де жинақтық бейне жасағым келді. Көп жақсы пікір естідім. Демек, еңбегімнің босқа кетпегені ғой. Актердің арманы таусыла ма. Қазақтың қыздары, әйелдері, Аналарының образын қанша ойнасаң да түгесілмейді ғой. Бірталай жасқа келдім. Ендігі жерде денсаулығым сыр бермей, бала-шағам аман болып, немерелерім жақсы азамат болып өсуін тілеймін. Бұйырса театрда, кинода әлі де жаңа рольдер орындасам деймін.
– Армандарыңыз орындала берсін. Зерек көңіл, қызғылықты сұхбатыңыз үшін көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Әлия БӨПЕЖАНОВА
https://anatili.kazgazeta.kz/news/61788