Еркін Жуасбек. Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Еркін Тілеуқұлұлы Жуасбекпен сұхбат.

- Құрметті Еркін Тілеуқұлұлы, биылғы мамыр айының 1-7 жұлдызы аралығында жоспарланған  Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының, Астана қаласындағы гострольдік сапарының ең басты   мақсатына тоқталып өтсеңіз?

- Көрерменді іздеу, көрерменге ұмтылу театр өнерінің ең басты мақсаттарының бірі. Қазіргі таңда Астанамыз үлкен қалаға айналды. Шоқтығы биік зиялыларымен ой-өресі терең жастары қалыптасқан әртүрлі деңгейдегі  театрлары бар ерекше орта боп көркейді деп баға беруге әбден  болады. Оның үстіне Астана жұртшылығы қазіргі таңдағы сахна өнерінің ерекшелігін бағалай алатын, сахна өнеріндегі жақсы үрдістер мен кемшіліктерді парықтай білетін рухани үлкен кеңістікке ұласты. Сондықтан Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министірлігінің қолдауымен осы алдымыздағы мамар айының 1-7 аралығында, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Астана қаласының көзқарақты көрермені үшін жеті бірдей спектакьлдерді көрсетсек деп жоспарлап отырмыз. Айта кетуіміз керек, дәл осы тұста біз спектакльдерімізді көрсететін Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ муызыкалық драма театры, Алматы қаласында гострольдік іс-сапармен келіп біздің сахнада өз өнерлерін паш етеді. Екі жақты шығармашылық келісімге құрылған осы жолғы үлкен деңгейдегі іс-шараның негізгі мақсаты, қалың театр жұртшылығын рухани бір серпілтіп тастау болып отырғандықтан, қазір екі жақтада да үлкен деңгейдегі дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Астана халқына ең алдымен есептік іс-сапар ретінде театрымыздың соңғы жылдары сахналанған туындыларды алып барсақ деп отырмыз. Өйткені бұған дейінгі үлкен фистивальдермен, іс-шараларда М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры ешқашан қалыс қалып көрген жоқ болатын. Біздің репертуарымыздағы спектакльдеріміздің көбісі негізінен, Астаналық театр сүйер көрерменнің назарынан тыс қалып көрмегендіктен, ұдайы сұраныс пен ұсыныс үстінде келеді. Сондықтан осы жолғы мәдени апталыққа ұласқан  ауқымды  іс-шара, көп дүниелердің қайта жаңғырып, жалпыласуына үлкен септігін тигізеді деген ойдамын.

- Жалпы еліміз ішіндегі осындай үлкен деңгейдегі іс-шара, қазақ театр өнерінің өсіп-өркендеуіне қай деңгейде ықпал етеді деп ойлайсыз?

- Сөз жоқ гостроль деген жүйе бұл ертеден қалыптасқан, былайша айтқанда театр өнерінің өсіп-өркендеуі үшін режиссерлық, актерлік сценографиялық шешімдердің  шыныға түсіуіне өте үлкен пайдасын тигізіп келеді. Әсіресе іс-сапар жағдайындағы спектакльдерді көрсетуде жас актерлармен шығармашылық құрамның шыңдалып, шыныға түсуі үшін өте үлкен мүмкіндіктер жасалып отыр. Сондықтан қай қалада, қай ортада болмасын спектакльдерді сапалы көрсету үшін талпынған таза  жүрекпен, табанды еңбектің  талап етілетіндігі барша жұртқа айдан анық. 

Біздің театрымыз Аллаға шүкір жыл сайынғы өзінің келелі дәстүрі бойынша, Республикамыздағы бірді, екілі қалаларына гострольдік іс-сапарын жалғастырып келе жатыр. Соңғы осы екі, үш жылда біз солтүстікте - Көкшетау, Петропавл қалалрында не болмаса Семейде, Атырауда, былтыр соңғы гастроліміз Шымкент пен Тараз қалаларында табыспен жалғасын тауып жатты. Актерларымыздың шабыттанумен, қанаттануының өзінен көрермендеріміздің ыстық ықыластарының риясыз екенін бірден тануға  болады.

- Біздің қарашаңырақтың қазіргі бет алысынан қандай нәтиже күтуге болады?

- Өздеріңіз білесіздер прездентіміз – Қасым - Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы Жарлығы бойыншы театрымыз «Ұлттық театр» деген мәртебеге ие болды. Бұл ең алдымен театр спектакльдерін жоғарғы және сапалы деңгейде өнер көрсетуге жауапкершілік жүктейді. Театрға келген көрерменнің назарына, сахнаға шығып өнер көрсеткен кез-келген актер шынайы болмысымен, бар күш-қайратын сарқа жұмсап өнер көрсетуі арқылы театр абыройын асқақтатып, рухын биіктетеді. Міне, бұл кез-келген театр ұжымының үлкен арманы десек болады. Осы жағынан келген кезде біздің қазіргі театр репертуарына әлемдік деңгейдегі спектакльдерін қазақ жұртшылығына ұсынуымыз керек деген мақсаттан бастап, қазақ драматургиясының жаңа кезеңін қалыптастыруға дейінгі үлкен аралықта, театр өз жұмысын белсенді түрде жүргізіп жатыр. Тіпті басқаны айтпағанның өзінде осы жолғы шығармашылық іс-сапарымызда, екі бірдей әлемдік деңгейдегі шығармалар жауһарын алып бару, мысалға Бертольт Брехт ұлы неміс драматургі, болмаса Бернард Шоу, ұлы ағылшын драматургі бұған дейін қазақ сахнасында соншалықты көп қойылды деп айта алмаймыз. Міне, осындай үлкен-үлкен әлемдік деңгейдегі  дүниені қазіргі қазақ көрерменіне, жастарына түсіндіріп жатудың өзі, өз басым басы артық шаруа ғой деп ойлаймын. Қазіргі қазақ драматургиясын мысалға осы жолғы гастрольде біз, былтыр  ғана сахнаға шыққан, қазақтың біртуар ұлы сөз зергері классик - Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің «Қарагөз» пьесасымен гастроліміздің шымылдығын ашсақ деп отырмыз. Бұл бұрыннан бұлжымай келе жатқан, жалғасуды қалайтын үрдіс. Сондықтан  ұлы Мұхаңның атындағы театр Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың бір шығармасымен киелі қазақ сахнасының шымылдығының ашылуы, қай шарада да жалғастыруға тұратын құптарлық дүние. 

Театрымыздың жаңа жастарымен, алдыңғы аға буын өкілдерінің әдемі жарасымдылық тапқан спектакілдері арқылы, іс-сапарымыздың ойдағыдай орындалып, көрермен көкжиегін бір серпілтіп тастау, қай-қайсы театр ұжымының болсын, барлығының да ортақ үлкен мақсаты болса керек. Тетарымыздың репертуарындағы қалың қазақ көрерменінің үлкен сұранысына ие болып келе жатқан, айтулы әңгіме қозғалып аншлагпен өтетін «Қоштасқым келмейді» не болмаса хакім Абайдың 175жылдық мерейтойына орай осыдан екі жыл бұрын арнайы сахналанған «Қара» спектаклі, осы жолғы гастроліміздің сәнін келтіреді ғой деп ойлаймыз. Сонымен қатар 9 мамыр Ұлы отан соғысыдағы жеңіс мереке болғандықтан, соған орай 7мамыр күні халық жазушысы – Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» атты қойылымында алып бара жатырмыз. Осы шаралардың барлығы гастроль репертуарының сан алуандығын, спектакль ретіндегі әртүрлі жанырлығын, қазіргі таңдағы Әуезов театрының бүкіл болмысын көрсетуге арналған табанды талпыныс деп түсіну керек қой деп ойлаймын.

- Өткен ғасырдағы өнер қайраткерлерінің өмір жолы, ой өрісімен салыстырғанда, бүгінгі буынның қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар деп ойлайсыз? 

- Бұл енді спорттық жарыс емес қой, бұрынғыдан көрі жылдамырақ  жүгіреді деп айтуымыз кішкене ыңғайсыздау болар. Ең бастысы, қазақ сахна өнері міне жүз жылға таяп қалды ғой, бұл бір үлкен кешенді түрде қалыптасып келе жатқан  айтулы өнерге айналды. Бұл жағынан сонау ең алғашқы сомародк сары алтындардың өнерінен бастап, өткен ғасырдың мысалға шарықтау шегіне жеткен70-80 жылдары арасында қалыптасқан мектеп,  кәсіби деңгейде өрістеу үстінде келе жатыр деп нақты айтуға болады. Қай кезеңнің де қазақ  сахнасында шыққан спектакльдерді саралап отырсаңыз, оның ішінде үлкен деңгейдегі режиссерлік ізденісті, үлкен актерлік шеберлікті байқауға, ауыз толтырып айтуға әбден болады. Алдыңғы буын ағалар қалыптастырған ерен еңбекті, бүгінгі таңда бірегей мектепке айналдырып, оны игерудің мүмкіндігі қазіргі жастарға тұспа-тұс келіп бұйырып отырғанының өзін, біздің театрдың аткерлары да жалпы театр қызметкерлері жақсы түсінеді. Сондықтан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры деген бренті шама келгенше дамытып, өркендетіп отыру, бұл біздің негізгі мақсатымыз. Осы тұрғыдан келген кезде біздің актерлардың дайындығы, бұлардың кәсіби деңгейі, сахнада өмір сүрудің түрлі- түрлі  мектептер қалыптастырған әдіс-тәсілді игеруі бүгінгі күннің мүдесінен шығып келе жатыр деуге әбден болады.

- Театр өнеріне үлкен өзгерістер әкелсем дейтін жастардың болашағынан сіздің күтер үмітіңіз қандай?       

- Біріншіден бүгінгі таңда актер болу бұл, шаршамай, шалдықпай барыңды сарқып жұмыс істеуді қажет ететін, сонымен бірге шыдамдылық пен сабырлықты, сол сияқты өзінің мамандығыңа деген адалдықты аса қатаң түрде алға қоятын ерекше мамандық болғандықтан, қазіргі жастардың өнер оқу орындарынан театр табалдырығын аттағанға дейінгі  аралықта, жас буын актерлардың ыждаһатты дайындалуынан бастап, күрделі зерттеуден, таңдаудан өтіп барып жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болғандары ғана театрға келеді. Жалпы актер бір жақты жұтаң, қарабайыр болатын болса өнер оны өз шеңберінен жағаға  қарай лақтырып тастайды. Бұл салада сегіз қырлы бір сырлы болғанда ғана өз мамандығының алдында, өз ар, ұятыңның алдында толымды жауап бере алады ғой деп ойлаймын. 

Сахна актердің адуынды ашық азаматтық қасиетінен жаралатындықтан, актердің сахнаға шыға алмай қалғанның өзі, біршама уақытын текке кетірген болып есептеледі. Сахна деген қашанда жару тұрғанды, актердің дайын тұрғанын қалайды. Уақыттың бүгінгі ырғағы, көрерменнің бүгінгі талабы сіздің сал бүйрек, жайбарсарлығыңызды ешқашан да кешірмейді. Сондықтан бүгінгі актерлар осыны толыққанды игере алса, актер өз ортасында өзін мойындатқан жақсы актер ретінде қалыптасады ғой деп ойлаймын.

- Жаһандық (пандемиядан) кейін қазіргі қазақ сахна өнерінде, қандай өзгерістер болып жатыр?

- Осы пікірімді оқып отырған кісі мақтанды деп ойлап отырмаса екен деймін. Бұл менің мақтанатындай жеке басымның жетістігі емес. Бірақ қазіргі таңдағы қазақ сахна өнеріне, қазақ қоғамының бет бұрысы, бұл пандемиядан кейін деп айтуға келе ме, келмей ме соншалықты әлі анық емес, дегенмен біз  Құдайға шүкір дейтіндей деңгейге жеттік. Бүгінгі кезеңде, осыдан бір оншақты жыл бұрын театрға студенттерді топ-тобымен әкеледі, солдаттарды әкеледі, көбінесе көрермендердің дені бала-шаға болып кетті дейтіндей ескертпелер айтылатын. Қазір театр билеті, театр ғана емес концерттік, спорттық шаралардың барлығының билеті орталықтандырлыған «Тикетон» деген сайт арқылы сатылады. Бұл жерде ешкімді ұйымдастыру да мүмкін емес, ешкімге сен билет ал деп тықпалауда мүмкін емес, қорытып айтқанда «Тикетоннан» билет алып келу деңгейі қазір 90% жетті. Бұл деген үлкен жетістік бүгінгі сахна өнері үшін. Бұл ең алдымен театр сынды бейнелі, жанды өнерге деген қоғамның жақсы бетбұрысы деп қабылдауымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде спектакльдерімізді біздің халық теледидардан көрсе де, әлеуметтік желіден қараса да бәрібір өзі куә болатын театр сахнасынан тірідей көргеніне жетпейді де бағаланбайды да. Шындығына келгенде, осындай үлкен деңгейдегі өрелі көрсеткіш, бұл өнер майталмандарының, олардың ішінде актер, режиссер, драматург сынды сахна сарбаздарының сапалы еңбектерінің нәтижесі деп есептеуіміз керек....

- Сұхбаттыңыз үшін рахмет!

Жақсылық МҰРАТБЕК,

                            жазушы-драматург

Еркін Жуасбек. Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер (adebiportal.kz)


Өзге жаңалықтар