РУХАНИ ӨМІР КЕШУДЕН АСҚАН БАҚЫТ ЖОҚ (I бөлім)
Әлия Бөпежанова Актриса Ғайникамал Байқошқарова дегенде - Өнерді шын мәнісінде қуанышына, өмірінің мәніне балаған және оны еш есеп-қисапсыз қызмет етуімен нұрландырған талантты да зиялы Болмыс шығады. Оқырмандар назарына көрнекті актрисамен 80 жылдық мерейтойы қарсаңында болған сұхбатымызды ұсынамыз.
Өнерді, сахнаны жаныммен қаладым
- Бала кездің асқақ арманы адамды қашанда биікке жетелейді. Өнер жолында өткен жарты ғасырға көз салып, көңіл тоқтатқанда жаныңызды не толқытады? - Менің медициналық институттағы оқуымды тастап, Консерваторияның театр факультетіне түскен кезімнен бері елу сегіз жыл өтіпті. Бұл аз уақыт емес. Әрине, адам, қатардағы пенде ретінде алғанда жан толқытатын жайттар көп қой. Ал, сонау бала кезімнен армандап, кейде қиындықтарға тап болсам да өнерден өз ұғымымдағы бақытымды тапқанымды ойласам, толқып кетемін. Өткен өмір, өнер жолыма көз салсам, көп нәрсе айқындала, санада жаңғыра түседі. Бала кезімнен білімге, әсемдікке құштар болып өстім. Әкем Мұқан өскен-өнген бай да үлкен әулеттен ғайыптан тайып көзі тірі қалған жалғыз ұл екен. Сонау қиын-қыстау заманда тағдыр жолымен Әулиеатадан (қазіргі Тараз) Семей жеріне қоныс аударыпты. Мен Мақаншыда дүниеге келіппін. Әкем Мұқан өз заманының білімді заңгері еді. Заманына сай білімге ұмтылып, әскери қызметтерде болды. Әкеміздің жұмыс бабымен біздің үй Аягөзге ауысып, Таңсық ауылында өсіп-есейдім. Анам Гүлфарида ұлы Абай әулетімен аралас-құралас болған шаңырақтың қызы, өнерлі, мінезді жан еді. Сегізінші класты бітірген соң, 1959-жылы әжем Меңкебану мені Алматыға алып келді. «Мен сені Мұхтар ағаға айтайын, тапсырайын» деді. Мұхтар дегені - Мұхтар Әуезов. Бұлайша сеніммен айтуының себебі – нағашы атам Мұсатай ұлы жазушымен үзеңгілес дос болыпты. Әжем Меңкебану кезінде гармонь тартып, ән шырқап, жүрген ортасын думанға айналдыратын көрікті жан болыпты. Абайдың ұлдары Ақылбай, Тұрағұл, Мағауиялармен араласқан. Абай атамыздың ұрпақтары үйлерінде не жақсылық болса, міндетті түрде арнайы пәуескемен ауылдарына алдыртып, қадірлі қонақ етеді екен. Он саусағынан өнер тамған шебер, аса ісмер, өз заманының сәнгері болған әжеме Абай ұрпақтары сәнді киім тіккізеді екен. Атам заманының көзі ашық азаматы болған. Олардың Семейдегі шаңырағы сол кезеңнің атаулы үйлерінің бірі екен, онда небір жақсы мен жайсаң түседі екен. Сол жақсы мен жайсаңның бірі Мұхтар Әуезов болыпты. Әжем Мұхтарға немересін, яғни мені көзбе-көз таныстырып, тапсырмақ болып Алматыға жолға шықтық. Ол кезде қазіргідей сәт сайын сөйлесуге болатын телефон деген жоқ, Алматыға түсісімен көрсетілген мекен-жай бойынша Мұхтар ағаның үйіне келдік. Өкініштісі – Әуезовтер үйінде жоқ екен. «Они уехали в Крым, папа болеет», деді ұлы жазушы үйінің есігін ашқан ер бала. Шамасы, Мұхтар ағаның ауыра бастаған кезі болуы керек. - Кейінірек болса да М.Әуезовке жолықтыңыздар ма? - Жоқ. Әжем мені орналастырды да, Семейге қайтып кетті. Мен ол кезде жаспын, ұялшақтығым тағы бар, Мұхтар ағаның үйіне қайта барып жолығу, әжем туралы айту дегенді білмеймін. Өкінішке қарай, арада екі жыл өтер-өтпесте Мұхтар аға дүние салды. - Оқуға түсу тарихыңыз туралы айтсаңыз. - Ата-ана қалауымен 1962 жылы Алматыдағы медициналық институтқа оқуға түстім, бірақ, бұл оқуға көңілім онша тартпай, Құрманғазы атындағы Консерваторияның театр бөліміне КСРО халық артисі Хадиша Бөкееваның шеберханасына түстім. Бұл 1965 жыл еді. Мен, Әшірбек Сығай, Әшірәлі Кенжеев, Құман Тастанбеков, Рахилям Машурова, Ерсайын Дүйсенбинов, Мұратжан Мұхажанов және Қарлығаш Қабижанова Хадиша апайдың алғашқы түлектері болып, 1969 жылы бітіріп шықтық. Хадиша Бөкеевадай шебердің дәрістерін тыңдап, тәрбиесін көрдім. Дипломдық спектакліміз Мольердің «Сараң» комедиясы. Бас кейіпкер Гарпагон бейнесін Әшірәлі Кенжеев, Құман - Клеант, Рахилям – Марианна, Әшірбек - Жак, ал мен – Фразина ролінде шықтым. Спектальді комиссия өте жақсы қабылдады. Диплом беру салтанатында Әзекең, Әзірбайжан Мәмбетов «ұлттық театрымызға талантты толқын келе жатыр!» деп қуана айтса, маған дипломды: «болашақ ұлы актрисаға» деп қолымды алып берген еді. Жұмысыма ырза болғаны шығар. - Сіздің сахналық жолыңыз қазір Ғ.Мүсірепов есімімен аталатын Республикалық балалар мен жасөспірімдер театрында басталыпты. - Ол кезде халық аузында ТЮЗ аталып кеткен, бүгінде Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры еліміздегі үлкен өнер ордаларының бірі ғой. Ол сахнада мен көп қамқорлық көрдім. Театрдың сол кездегі директоры Гүлжихан Ғалиева болатын, қайратты, іскер кісі еді. Бас режиссер Есмұхан Обаев, қоюшы-режиссер Виктор Пұсырманов, әдебиет бөлімінің меңгерушісі Мұхаметқали Хасенов болатын. Бәрі менен үміт күтті, тәрбиеледі. Мен ол театрға келгенде аға буынның төрт көзі түгел еді. Б.Қалтаев, Қ.Жәкібаев, М.Құланбаев, М.Бақтыгереев, Ш.Зұлқаш ағаларым, Ә.Өмірзақова, С.Саттарова, К.Мұратәлиева апаларымның ойындарын көрдім. Байділда, Мәкіл, Мұхтар ағалар шетінен дарын, асқан шеберлер, дауыстары керемет. Ол театрда бірнеше басты роль орындадым, сондай үлкен мектептен өткеніме бақыттымын.
Арман театрыма келгенде...
- М.Әуезов театрында 1974-жылдан өнер көрсетіп келесіз. Мұндағы алғашқы роліңіз есіңізде ме? - М.Әуезов театрындағы әріптестер, үлкен-кішісі бәрі жақсы қарсы алды. Жұмысты «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың» көпшілік сахнасынан бастадым. Бірде Баянның әпкесі Таңсық ролінде шығамын, бірде Баянның құрбы қыздарының бірімін. Мұның мен үшін символдық мәні болды. Өйткені біз «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының аясында өскен ұрпақпыз. Аягөздің Таңсық ауылында өсіп-есейдім. Ал, қара шаңырақ театрда сахнаға алғаш рет бала кезімнен жаныма жақын Қозы мен Баян туралы спектакльде шығуымды жақсыға жорыдым. Және осы сахнаға алғаш рет шыққанда жүрегім жарылардай қуандым. Жұмысқа қуана келемін. Көпшілік сахналарының бәрінде шықтым. «Майра» спектаклінде сыған қыз болдым, Төлеубек сыған жігіт, екеуміздің сол спектакльден суретіміз бар. «Таңғы жаңғырық» спектаклінде жастар көпшілік сахнасында қасқыр болып шығамыз. Спектакльде бастан-аяқ тері киіммен жатамыз, терінің иісі бар, қолқаны қабады. Үйге келе сала қайта-қайта жуынамыз. Р.Сейтметов қойған «Өкінішті өмір» (В.Дельмар, аударған Қ.Мұхамеджанов) спектаклінде Сәбира апа мен Ыдырыс аға ойнайды. Қыздары ролінде Зәмзәгүл апай Шәріпова. Біз көпшілік сахнасында. Әйелдер жағы тегіс кешке киетін сәнді ұзын қара көйлекте – бәріміз бридж (карта) ойнаймыз. Осының бәрі маған қызық, қуаныш. Алғашқы үлкен ролім «Айман-Шолпандағы» Шолпан. Айман ролінде – Бақыт Жанғалиева. Әлібекті Құман Тастанбеков, Арыстанды Уайс Сұлтанғазин орындады. Осы спектакльмен гастрольге де шықтық. Менің Шолпаным Айманға кереғар. Еліктей еркін де ерке, шапшаң да жинақы Шолпан. Содан сәл кейінірек «Айман-Шолпанды» Әзекең, Ә.Мәмбетов қойды. Меніңше, көрнекті режиссер спектаклін шоу сипатты етіп сахналағысы келген сияқты. - Жалпы М.Әуезов кейіпкерлері қай актердің де кәсіби деңгейінің өлшемі бола алады. Сіз классикалық рольдерден ұлы суреткердің «Қарагөз» трагедиясында Қарагөзді, кейіннен «Абай» трагедиясында Қаныкей мен Тектіні орындадыңыз. - Классикалық рольдер дегенде, әрине, еске бірден Қарагөз түседі. Қайран, Қарагөз! Мен де жас кезімнен армандаған. Қарагөздің әр демін, әр сөзін жан-жүрегіммен сезінетінмін. Спектакльді жатқа білетінмін және Қарагөздің бүкіл өмірбаянын, тағдырын, махаббатын өзімше интерпретациялаудан жалықпайтынмын. Қарагөз аса күрделі бейне. Махаббат азабын тарта тұра – ол бақытсыз емес, бақытты. Махаббат – керемет сезім. Тазалық бар. Шынайы махаббат құшағына бөленген отбасылардың шаңырағына бақ та, бақыт та, дәулет те қонады. Қарагөзді көрген әрбір бойжеткен соны сезінсе дедім, сондай махаббатты армандап, бақыт құшағында тербелсе екен деген үмітім болды. Қойылым Сырым – Қарагөз - Нарша үштағанына құрылған ғой. Қарагөз екі оттың ортасында. Мен Қарагөзбен тыныс алдым, әрбір сөзімен, сезімімен өмір сүрдім десем болады. Шын арман орындалады деген рас екен. Араға жылдар салып, арманым орындалып, Қарагөз болдым. Көркемдік кеңеске тапсырғанда. Апаларымның барлығы роліме ырза болды, тіпті маған бұл рольдің ертерек берілмегеніне өкінді. Әзекең: «Қарагөзді Ғайникамалға уақытылы бермегенім өте өкінішті...» депті Әубәкірге. Қарагөз болып шыққанда қатты толқыдым, ал, осындай пікірлерден кейін төбем көкке жетті. Екінші және соңғы рет мерейтойлы кешімде көрермендерге ойнадым. Сонымен тәмам. Өйткені бұл рольдің иелері, басқа актрисалар бар еді. Тағы бір себеп - қанша шебер болсаң да жап-жас қыздың ролін ойнап жүру жараспайтын болған соң одан әрі ойнауға өзім де онша құлық танытпадым. - Сіз әлемдік классикалық драматургиядан М.Булгаковтың Мадлена Бежарын, Мольердің мадам де Сотанвилін, Г.Ибсен, Г.Лорка, Ф. Кафка кейіпкерлерін сомдадыңыз. Осы сахнадағы үлкенді-кішілі жүзден аса роль орындаған еңбегіңіз қалың көрерменнің көз алдында. - Берілген рольдерді үлкен-кіші демей, үлкен жауапкершілікпен, білім-білігімді, ан-жүрегімді салып, сахна серіктестеріммен үйлесімде орындадым, әлі де солаймын. Рольдерім кез-кезеңімен жақсы бағасын алды. Театр қойылымдарының көпшілік сахналарына қатарластарымның, тіпті менен кейінгі буынның арасында ең көп қатысқан актриса екенімді айтсам артық болмас. Рухани өмір кешуден асқан бақыт жоқ сияқты. Сахна мен экранда қаншама адамның тағдырын кештім, жан дүниеммен беріле ойнадым. Кейіпкерлерім арқылы адамдардың жүрегіне ізгілік себуге ұмтылдым. Қаншама ғажайып таланттармен әріптес болдым, бізден үлкен буыннан, аяулы аға-апаларымның мектебінен өттім, тәлім алдым, кәсіби шыңдалдым. - Сіздің үлкен ұстазыңыз Хадиша Бөкеева. Лайықты шәкірт бола білу де өнер. Сіз дара актрисаның соңғы күндеріне дейін қасынан табылдыңыз... - Ол буын деген ғажайып плеяда ғой. Бәрімен жақсы сыйлас болдым. Ал, Хадиша, Хабиба апайлармен сіңлі дос, сырлас болдым. Көп әңгімелерін тыңдадым. Ленинград мектебініп түлегі Хадиша апама жиі барамын, әңгімелесеміз. Бір жолы қазақ өнерінің аңызы, ұлы Шәкен Айманов, Шәкен аға туралы, «Асауға – тұсаудағы» Катарина мен Петручио жұлдызды рольдері туралы сұрадым. Сонда Хадиша апа «Біз ойнаған жоқпыз, бір өмір сүрдік, - деді ерекше бір жылы дауыспен. - Сондықтан да аңыз болып қалдық.» Осы бір жылы үнде сағыныш, сүйіспеншілік, ерекше қадірлеу – бәр-бәрі бар еді. Шынында аңыз десе аңыз. «Асауға - тұсаудың» мыңыншы қойылымында ішке кіре алмай қалған халық театрдың есігін сындырып кете жаздағанын көрдік.
- Сіз Шәкен Аймановты да көрдіңіз. Өзіңіз Балалар мен жасөспірімдер театрында болғанда «Жас Абайды» қойғанын айттыңыз. - «Асауға – тұсауды» тым кейініректе көру бақытына ие болдық қой. Екеуі шынында да ғажайып партнер еді. Шәкен аға шыққанда сахна толып кететін, ерекше бір әсерге бөленесіз, ерекше бір аура пайда болады. Балықшы ауы ма, әлденені сүйреткен Петручио - Айманов жалғанды жалпағынан басып келе жатқандай. Залда овация. Әрбір эпизодта шек-сілеңді қатырады. Шәкен ағаның әзіл-қалжыңы керемет еді. Осы сипаттар Асекең, Асанәлі Әшімовте бар. Шәкен аға өмірде де солай өткен сияқты. Ойындағы кейіпкерлерді ойнады, ойындағы фильмдерді үлгергенінше қойды. Шәкен ағаның жанында тұрғанда періште сияқты қалықтайтындайсың. Бүкіл жан дүниесі, сөзі, үні де ерекше. Адамға деген көңілі, қарым-қатынасынан бақыт қанатында боласың, басқа бір өлшемдерде тұрған сияқтысың.
«Жендеттердің» жарығы
- Нұрмұхан Жантөринмен «Жендеттер» спектаклінде сахна серіктес болдыңыз. Мадлена Бежарды ойнадыңыз. Спектакль режиссері В.Мажурин туралы бірер сөз. - О, ол бір ғажайып, жарық, жарқын кездер ғой! «Жендеттерді» Семей облыстық Ф.Достоевский атындағы театрдың бас режиссері Виктор Сергеевич Мажурин қойды. Әдетте пьесаны оқисың, талдайсың, ізденесің. Бұл спектакльге дайындық кезінде режиссер Мажурин материалды терең білетіні сондай – бізге «мынаны былай жаса» демеді, өзінің шығармашылық ахуалымен бәрімізге бағыт беріп отырды. Актерге сіңіп кететін режиссерлер болады, Мажурин де сол санаттан ғой деймін. Нұрмұхан аға екеуі бір-бірін тез түсінетін. Материал, ондағы тартыс – өнер адамының тағдыры, өнер мен биліктің тартысы бәрімізге жақын. Сахна әдемі, кейде салтанатты, екі жақтан баспалдақ, ойынға бәрі жайлы, ыңғайлы. Мен Мольердің ғашығы, актриса Мадлена Бежарды ойнадым. Күрделі тағдыр, күрделі роль. Спектакльдің атмосферасы, кейіпкерлердің хал-ахуалы соншалықты шынайы, барлығымыз да ерекше бір шабытпен ойнадық. Мажурин актердің хал-ахуалын керемет сезетін режиссер еді. Кейіпкердің хал-ахуалын сезінуге, атмосфераға көмектесетін. Нұрмұхан аға қалай жұмыс жасайтын еді, Арманданы ойнаған Рахилямды қызындай еркелететін. Арманданы Рахилям да, Шайза да (Ахметова) өте жақсы ойнады. Аға барлығымызға жақсы көзқараста болды, мен де ағаның қамқорлығын, жылы көзқарасын сезіндім. Көңілінен шықпай қаламын ба деп уайымдайтынмын.
Сахнада Мольер-Жантөрин патша. Ғажайып актер ғой! Мадлена Мольердей ұлы адамға опасыздық жасайды. Неге? Тіпті менің ақылыма сыймайды. Жауабы өте қиын сауал. Мадленаның жан арпалысын жеткізуге тырысатынмын. Неге олай болды? Ол өзі Мольерді өлердей сүйеді ғой. Олардың қарым-қатынастары өте күрделі. Менің Мадленам Мольерге опасыздығы үшін өмір бойы жан азабын тартады. Балалары өле береді. Қызы бұрынғы күйеуіне тұрмысқа шықпақшы. Миға сыймайтын жайт, масқара! Мадленам жындануға шақ қалады, ешкімге айта алмайды. Кейіпкерім Құдайдан кешірім сұрамақ болып сүлдерін сүйретіп шіркеуге, Париж архиепископы Шарронға келеді ғой, сеніп бар шын-сырын айтады. Мольердің «Тартюфін» кешіре алмаған Шаррон оны «Құдайсыз» деп жариялайды. Мольерді қудалау басталады. Мольерді ұстамақ болады ғой. Ол қойған, ойнаған спеактакльді жабады. Мольер түнде қашады. Оның ұлылығын бәріміз сезінеміз. Бірақ, Мольерді ешкім қорғай алмайды. Патшаға ұнамады – бітті! Шығармашылық адамы күтпеген тұстан соққы алуы мүмкін.... Бұл өзі атамзаманнан келе жатқан жағдай ғой. Нұрмұхан аға кейіпкерінің жан дүниесін, рухын қалай жеткізеді! «Жендеттерде» Мадленадай рольді орындап, Жантөриндей ұлымен партнер болу – мен үшін актерлік үлкен бақыт болды. Өзге де мықты партнерлар – арман дерсіз. Қандай пьеса! Қандай тағдырлар, тартыстар! Асекең, Асқар Сүлейменов жасаған аудармасы қандай! Біздің барлығымызда дайындық кезінде, кейін спектакльдерде де сахнаға деген, осы материалға, Жантөрин сомдаған Мольер мырза бейнесіне деген сүйіспеншілік болды. Жаман ойнау мүмкін емес-ті. «Жендеттерді» Мәскеуде көрсеткенімізде режиссер Мажурин «Ғайникамал, мен сенің Мадленаңа сенемін» деді. Төбем көкке жетті, тіпті маған бұдан артық мақтау, марапаттың керегі жоқ еді. Қасиетті әкей Шарронды Райымбек ойнайтын. Сонау биікте тұрады, дауысы сызданып шығады, айттым – бітті кесімді дауыс. Сондай сезімтал актер, әр сөздің бағасын біледі. Епископ десең епископ. Соншалықты салқынқанды, қатал, сырт көзге өте сабырлы. Қысқасы, классикалық бейне. Режиссер Мажурин: «міне, нағыз Шаррон. Жарайсыз, Сейтметов» деп ырза болатын. Райымбекті осы рольде көргенде мен: «егер театрда «Анна Каренина» қойылса, Райымбек, сөз жоқ, Каренинді ойнар еді» деп ойлатынмын. «Анна Каренинаға» актерлеріміз сайма-сай еді. Ыдырыс аға, Әнуар Молдабековтер бар кез ғой ол... Қандай партнерлер! Арман дерсіз! Бірақ, режиссерлер тапшы болды. «Корольді оның айналасы ойнайды». Мольер-Жантөриннің айналасы да осал емес-ті. Шаррон-Сейтметовпен қатар Людовик ХIY ролін Тұңғышбай Жаманқұлов, жалғызкөзді маркизді Құман Тастанбеков, Муарронды Төлеубек Аралбай, Бутонды Құдайберген Сұлтанбаев қандай ойнады! - Актерлігі мықты болған Р.Сейтметов кейін Мәскеуде екі жыл оқып келіп, режиссерлікке ауысыпты. М.Әуезов театрында М.Шахановтың «Сенім патшалығын», Г.Лорканың «Қасіретті қатындар» («Бернарда Альбаның үйі»), С.Ахмадтың «Күйеу», «Келіндер көтерілісі», тағы басқа бірталай спектакль қойыпты. Біразында сіз де роль ойнадыңыз. - Ия. «Қасіретті қатындарда» Райымбек маған Магдаленаны берді. Сәтті қойылған спектакль еді. Бәріміз қара көйлек кигенбіз. Кейіпкерлердің ешқайсысы да күйеуге тимеген. Бернарда Альба Сәбира апай. Әр спектакльдің өз аурасы болды. Атауы айтып тұр ғой. Сол кезде бәріміздің басымыз бос, тап бізге жазылғандай. Спектакль бойынша кейіпкерлер бірін бірі аңдиды. Шайза (Ахметова) ең кіші қызын ойнайды. Пепе есімді жігітпен жасырынып кездесулерге кетеді, қыздардың бәрі оны аңдиды. Магдаленаны Раушан Әуезбаева апаймен кезектесіп ойнадық. Шолпан апай мен Бақыт (Жанғалиева) бір рольде, Хабиба апай мен Хадиша апай бір рольде. Сәбира апай Мәнуара Абдуллина апаймен бір рольде. Бірақ, көбіне өзі ойнайтын. Театрда енді ондай сәттер болып тұрды... Райымбек қойған «Келіндер көтерілісінде» Башорат пен Бостонды, Пиранделлоның «Өгей қызында» Актрисаны ойнадым. - Режиссерлер Қадыр Жетпісбаев пен Жақып Омаровтың спектакльдеріне де қатыстыңыз. - Қадыр Жетпісбаевтың М.Кәрім бойынша қойған «Қара жаяуында» бас кейіпкері Мәдинаны ойнадым, Махмұт – Оразхан Кенебаев. Қадыр актерлерге кейіпкер мінезі, ахуалына байланысты міндетті нақты қоя білетін. Режиссердің айтқанын жасауға ұмтыласың. Бірақ, бұл рольді сонша айқын шығармадым білем. Өзімше, жұмсақ ойнадым. Айқынырақ, прагматик етіп ойнауым керек еді, өйткені ол есеп-қисабы мықты әйел. Кейін ойлайсың ғой, Бірақ қойылым көп жүрмеді, репертуардан түсіп қалды. Жақып Омаровтың біздің театрда қойған «Абай-Әйгерімінде» Салтанат ролінде шықтым. Жақып адамгершілігі күшті, текті, өте мәдениетті, адамның көңілін қалдырмайтын азамат еді. Қатты сөйлеп, ешкімге ұрыспаған, ешкімнің көңіл қалдырмаған да шығар. Репетиция жасағанда күліп қарсы алады, бәрін түсіндіреді. Біз бірнәрсе айтсақ, мәз болып күледі. Өмірде де сондай адам болуы керек. Бәрі көзі мен сөзінде тұрады. Ол да өзінің профессиясына ғашық, актерлерді жақсы көретін. Өз ойларын айтады, еркіндік береді, содан кейін ойланасың. Спектакльде Абай – Әшірәлі, Әйгерім – Торғын, өмірде де, өнерде де әдемі жұп. Салтанат көзі ашық қыз, жалпы деңгей жағынан Абайға бір табан жақын. Олардың жан дүниесі үндес. Ештеңе айтпаса да адамды сыйлайсың, әлдебір түсіністік пайда болады, мұндайда көп сөйлеп те керегі жоқ. Салтанат Абайдың үлкен сыйласы, сондай бір қымбат қарым-қатынастарды жеткізуге ұмтылдым. - Кезінде академик-ғалым М.Қаратаев Салтанатыңызды, көрнекті театртанушы Б.Құндақбаев «Әпкедегі» Гаухарыңызды жоғары бағалапты. - Үлкен мамандардан жоғары баға алу, әрине, ғанибет. «Рольдің үлкен-кішісі жоқ, кішкентай актер бар» дегенді Станиславский айтыпты. Д.Исабековің «Әпкесін» ол кезде театрымыздың бас режиссері Бәйтен Омаров сахналады. Гауһар Нәзираның дос-құрбысы. Өзі Нәзираның ағасын қатты ұнатады. Мен жан дүниесі бай, ұяң кейіпкерімнің сезімін көзқарасыммен, пластикаммен, нәзік қарым-қатынасыммен білдіргім келеді. Ұнататынымды жасыра алмай қаламын. Осындай бір сәтім Қамажай роліндегі Фарида апай, спектакльге қатысатын Жұмабай аға Медетбаев, Нұрзада Тәшімова төртеуміздің бір сахнамыз түсірілген суретте бейнеленіп қалыпты. Көп балалы сол әулетке деген сондай бір жылы сезімімді де үнсіз жеткіземін. - Режиссер Б.Омаров туралы айтыңызшы. - Бәйтен аға өте мәдениетті, риясы мықты жан еді. Ондай режиссер енді бола ма, жоқ па, білмеймін. Адамды үлкен ілтипатпен тыңдайтын. Актерлердің пікірлерін бағалайтын, кез-келген жағдайда пікір талқылауға дайын болатын. Жүрегі мына әлемнің өзі сияқты ауқымы үлкен, өте мейірімді жан. Ол ешкімнің көңілін қалдырып қатты сөз айтпаған болар. Бір жағдай есімде. Уфада ма әлде Қазанда ма гастрольде болғанымызда Бәйтен аға маған «Ақбала роліне дайындал» деді. Театр спектакльдерінің бәрін жатқа білетін мен Ақбаланы өз ойымда қайта-қайта ойнап, рольге дайындала бастадым. Алайда енді репетиция аламын дегенімде, Ақбаланы әріптесім Жұмагүл Мейрамова да дайындап жүргені және рольге шығатыны белгілі болды. Сол сәтте режиссердің маған кешірім сұрағандай қарағаны әлі көз алдымда. Көңіл-күйім түсті, бірақ, сездірмедім. Бәйтен аға «Әпкенің» алдында «Майра», «Таңғы жаңғырық» сияқты мықты қойылымдар қойды. Өкінішке қарай, театрда бірер жыл ғана болды. Сол бірер жылда оның жан жылуын бәріміз сезіндік.
Мәмбетов феномені. Мұраттастары мен шәкірттері
- Қазақ сахна өнері, режиссурасында, қара шаңырақ театрда Ә.Мәмбетовтің орны ерек. Сіз Мәмбетов кезеңінің бел ортасында болған өнер иесісіз. Сіздіңше, Мәмбетовті Мәмбетов етіп тұрған қасиеттер қандай? Оның жұмыс стилі, спектакль дайындау ерекшеліктері ше? - Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов шын мәнісінде қазақ сахна өнеріндегі құбылыс. Ұлы маэстро. Ұлы қоюшы-режиссер. Өте таза, адал адам. Оның спектакліне қатысу ғана емес, репетицияларында болудың өзі үлкен действо, нағыз рахат. Мен репетицияларды жақсы көремін. Әр репетиция, әсіресе Әзекеңнің репетициялары туралы қойын дәптерлеріме көп жазғанмын да. Қатты ақтарылып ешкіммен сөйлеспейтін болған соң шығар, ой-пікірлерімді қағазға жазып қоятын әдетім бар еді. Отбасылық жағдаймен көшіп-қонып жүргенде, өкінішке қарай, ол дәптерлерді жоғалтып алдым. Әзекең театрға, репетицияға құдды бір мешітке келгендей, ғұсыл жуынып тап-таза болып, тап-таза жүрекпен келетіндей көрінетін. Жеңіл, жұмсақ киім киеді. Ешқашан сіресіп, костюм кимейтін. Ақ кофтасы, трубкасы бар. Шамасы, еркін болғанды жақсы көреді. Залға үлкен бір сүйіспеншілікпен келіп отырады. Жаймашуақ, қашанда жып-жинақы. Содан действо басталады. Актерлер келіп сахнаға шыға бастайды. Репетицияда шексіз кеңістік өз-өзінен тола бастайды. Әзекең сахнаға шығады ғой – сонда өсе, тұлғалана түседі, құдды бір арқасы бар сияқты. Сондай мазмұнды. Жаңа қойылым дайындауға кіріскен алғашқы күн – мерекелі, сондай бір салтанатты күн. Ол сахнамен тыныстайды, сахнадағы елдің бәрін жақсы көреді. Сезінуімше, актерлердің әрқайсысына үлкен бір ықыласпен, барлап қарайды, сенен үлкен бір дүние күтетін сияқты.. Кейде «поближе, поближе» дегенде бүткіл кейіпкерлерді ойша көріп тұратын сияқты. Егер оның толқынына түсіп, көңілінен шығар бірдеңе тапсаң, «жарайсың» деп қуанады. Әзекең алып тұлға, ал, кейде өмірлік қитұрқыларда сондай қорғансыз сияқты көрінетін. Ешкіммен салыстыра алмайсыз, оның қажеті де жоқ. Ол өз спектакльдерінің перспективасын көре білді, ондағы өмірді біздерден бұрын кешіп шығады. Ал, актер ролін сезіне алмай жатса, бір айтады, екі айтады, сонда роль ұштығын ұстауың керек. Ал, ойындағыдай шықпаса, музыкамен көркемдеп, фейерверк жасап жіберетін. Бұл бір керемет еді. Спектакльдеріне Ғазиза апай Жұбанова музыка жазғанда оркестрдің әрбір үнін естиді. Ол бүткіл спектакльді оркестр сияқты көретін, оркестр сияқты еститін. Үнемі олай көру-есту біздерге қиын да болған шығар. Бірақ, ұлы режиссер - шоқ жұлдыздар Молдабеков, Ноғайбаев, Шәріпова, Әшімов, Оразбаевпен жұмыс жасағанда, бір-бірін терең түсініп, бірге қалықтайтын. Жұлдызды рольдер жұлдызды серіктестерің, мұраттастарың барда болады. Әзекеңнің «Ана-Жер-анасы», «Қозы Көрпеш-Баян сұлуы», «Қобыландысы» «Қан мен тері», «Сүйікті менің ағатайымы» осындай серіктесік, мұраттастықтан туған дүниелер ғой. Есімде, Әзекең, Ә.Мәмбетов туралы бір хабар ма әлде деректі фильм бе түсірілген кезде (режиссері Бағлан есімді жігіт еді, фамилиясын ұмытыппын) Асекең, көрнекті жазушы-драматург Асқар Сүлейменов «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қан мен тер», «Ана-Жер-ана» спектакльдерін «Мәмбетовтің шедеврлері» деп атаған. Ол бір алтын дәуір еді. Қ.Қуанышбаев – Қарабай, С.Қожамқұлов – Қоңқай, Шәкен мен Хадиша Петручио мен Катарина, Бикен – Еңлік, Жер-ана, Шолпан – Ақтоқты, Сәбира апай – Толғанай, Фарида – Толғанай, Қарлыға, Ақбала, тағысын тағы. Аға буынның төрт көзі түгел. Әзекең сол буынның тәлім-тәрбиесін бойына сіңірді, көп тағлымын алды. Әзекең сахнаға құдды бір ғарыш сияқты қарайтын. Дайындық басталғанда ерекше көңіл-күйге түсетін. Мәмбетов – қоюшы-режиссер дейміз ғой. «Сүйікті менің ағатайымның» (А.Чехов) дайындығы алтыншы қабатта басталды. Орындықтар қойылған. Мен Әзекеңнен рұқсат сұрап, дайындықтарына үнемі келіп қатысатын, тыңдайтын едім. Режиссер актерлермен бірге пьеса оқиғалары өтетін уақытты, қоғамды, кейіпкерлер арасындағы бүткіл қарым-қатынастарды, әр сөздің астарын талдайтын, талқылайтын. Әр бейнені ұзақ дайындады. Әр актердің қолында ролінің партитурасы болды. Бұл бір шілтер тоқығандай жұмыс еді. Мысалы, Н.Войницкая роліндегі Хадиша апайдың жүріп-тұрысы, көзқарасы, тіпті мойнын қалай бұратынына дейін сондай бір нәзік шілтер тоқығандай анықтала-талданды. Ал, сахна ақ үстел мен орындықтармен «жасанғанда» орыс тұрмыс-тіршілігі танылатын. Көрнекті режиссер кейіпкерлердің костюм киісі, жүріс-тұрысы бәрі өз деңгейіне сай болуын талап етті. Кішкентай детальға дейін талқыланды. Ұзақ дайындалып, осының бәрін бойларына сіңірген актерлер де бар жан-тәнімен дайындалды. Мұндай репетициялардан өту, сондай рольдер ойнау арман ғой!.. - Ә.Мәмбетов қоюшы-режиссер ғана емес, Көркемдік жетекші де екенін сезіндіңіздер ме? - Сезінгенде қандай! Қоюшы-режиссер деген негізінен өз спектаклін ойлаңқырайды ғой. Ал, Әзекең бүкіл театр қамын ойлайтын. Біздер тіпті театрға жақындағанда Мәмбетовтің рухын сезінетінбіз. Бойыңды бірден жинап аласың. «Мәмбетов театры» деп бекер айтпаған ғой. Әзекең қатаң тәртіп талап ететін. Таңертең би. Бірінші өзі келетін. Біз орын-орнымызға тұра қаламыз. Репетициялар алдындағы тренаж. Би біткен соң жуынып-шайынып, киім ауыстырып, сахнаға жүгіретінбіз. Сағат екіге дейін негізгі кейіпкерлер де, көпшілік сахнасындағылар да бірдей дайындықта. Әзекең көпшілік сахнасыдағылардың да белсенді болуын қатты қадағалайтын. Кім қалай тұр бәрін көретін. Мәмбетовтің «Көктөбедегі кездесуінде» Алмагүлдің ролін орындадым. Бірінші құрамда Шолпан апай Жандарбекова, мен екінші құрамда. Шолпан апай мейірімді жан еді, еш таршылық жасаған жоқ, керісінше репетициялар беріп тұрды.
Қара шаңырақта қазақ өнерінің элитасы қызмет етті
- Спектакльдегі басқа сахна серіктестеріңіз де осал емес қой. - Ия, ондай партнерлермен ойнағанда – жаным рахаттанады. Бір жолы Ғазиза апай (Жұбанова) айтты. «Ғайникамал, сенің Алмагүлің Шыңғыс ағаға ұнады» деді. Ойын өрнегім пьеса авторына ұнағанына көңілім көтерілді. Жалпы мен осы күнге дейін сахнаға шығарда қатты толқимын. «Көктөбедегі кездесу» болатын күні Мәмбет - Әнуар Молдабеов үнемі сахна сыртында дайындалып тұрады. Сосын мен келемін, қатты толқимын. Сонда «Ғайникамал, қорықпа, қатырып, сөзіңді айтып шық, қалғанын өзім ойнаймын» дейді Әнуар. Роль бойынша екеуі бір-бірін жақсы көреді. Бірақ, бір-біріне ешқашан айтқан емес, дәм-тұзы қосылмағанмен, екеуі бір біріне жақсылық тілейді. Сосын «Алмуша» деп Досберген - Ыдырыс аға шығады. Сырбазданып Иосиф Татаевич - Асанәлі, сосын мысқылдап Сәбит шығады. Оның кейіпкері сұйықтау бір журналист. Әнуар екеуміздің мизансценамызды Әзекең құрған. Екеуден екеу отырғанымызда жарқ етіп шам жағылады. Иосиф Татаевич кімдер отырғанын біліп келеді. Екеуміз ұсталып қалғандай қарап қаламыз. Бірақ, бізде еш қорқыныш жоқ, өйткені арамызда ештеңе жоқ қой. Тек таза сезім. Ш.Айтматовтың «Ақ кемесі» бойынша Әзекең қойған спектакльде Гүлжамалдың ролін орындадым. Қойылымды Әзекеңнің туған әпкесі, белгілі актриса Аққағаз Мәмбетова апай көріпті. «Сен спектакльдің ырғағына дәл түсесің. Ритмді керемет сезінесің. Сахнада ойнамайсың, өмір сүресің» деп мақтады. Роль әрқалай шығады ғой. Сол күні ерекше шықса керек. Сахна серіктестеріммен қашанда жақсы, сыйластық қарым-қатынаста болдым, әлі де солай. Адамдар бір-бірімен жарасымды, гармониялы қарым-қатынаста бола білуі - мәдениет. Театр сондай жағдайда болды, өйткені қара шаңырақта қазақ өнерінің элитасы қызмет етті.
Ғайникамал Байқошқарова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері (madeniportal.kz)